Жүсіп Баласағұн және әлеуметтік-саяси қатынастар

Жиырма бірінші ғасыр түркі елінің, түркі тілінде сөйлейтін барлық мемлекеттерінің қайта өрлеу, дәуірлеу заманы деп айтуда білгір мамандар. Лайым солай болғай. Көне дәуірде, орта ғасырдың алғашқы кезеңіңде, ХІІІХІV ғасырларда айды аспанға шығарған көшпенді түркілер ұрпағының тарихи сәті туған сияқты, жұлдызы жанған уақыты келгендей. Бүгінде ұзын саны 250 млн. адамнан асып жығылатын, бірін бірі аудармашысыз ұғынатын түркілер кім? Олар әлемдік өркениетке қандай үлес қосты? Келешекте оларды қандай перспектива күтіп тұр? Тарыдай шашыраған түркі халықтарының басын қосатын ұлттық идея бар ма? Жоқ болса оны қалай жасауға болады? Қандай принциптері болуы керек.

Міне, осындай және осы сияқты мәселелер бүгінгі түріктанушы ғалымдарды мазалауы әбден мүмкін.Тарих және онымен шектес гуманитарлық ғылымдардың бүгігі таңда көңіл аударатын проблемасы ол түркі халықтарының әлемдік өркениетке қосқан үлесі. Қазақ тарихындағы VІ–ХІІ ғасырлар арасы түркі дәуірі деп аталады. Бұл дәуірде бабаларымыз Алтай мен Карпат таулары арасын билеп – төстеп осынау бір сайын далада бір орталыққа бағынған өзіндік мемлекеттік және құқықтық жүйесі бар алғашқы көшпенділер империясын жасаған. Қуатты мемлекет – Түркі қағандығы көрші елдермен тығыз байланыста болып, сол кездегі Евразия континентінде талай-талай саяси процестерге қатынасып, кейде өзінің үстемдігін, өктемдігін көрсете білген. Н.Ә. Назарбаев «Түркілер өзге мәдениеттердің жетістігін қабылдаудың ғажайып бірегей қабілетін танытты, оны өздерінің ерекше жағдайларына қарай бейімдеп, шебер пайдалана білді. Ол томаға тұйықтан мүлде бөлек мәдениет болады» – деп жазған [7]. Бүкіл түркі әулемінің бүгінгі мәдениеті, рухани болмысы, дүние танымы, ішкі философиясы, рухы сол ерте заманнан бастау алады.

Алдарыңыздағы шағын мақала әлем өркениетіне теңдессіз үлес қосқан, түркі ағартушылығының шыңы болып есептелетін Жүсіп Баласағұнидің әлеуметтік-саяси көзқарастарын зертеуге арналады. Баяндауымызды бастамас бұрын данышпан бабамыздың өмір сүрген ортасы жөнінде бірер сөз. Қарахан мемлекеті. Жетісуға келген түркі тайпаларын басқарған Сатук Богра хан Абдулкерим 940 жылы жаңа мемлекеттің құрылғандығын жария етті [5, 47 б.]. Ислам дінін мемлекеттік дәрежесіне көтерген ол Арслан Қарахан титулын қабылдады. Ол құрған мемлекет тарихта Қарахан хандығы деп аталды [5, 48 б.].

990 жылы мемлекет құрамына Тараз және Испиджаб қалалары кірді. Х ғасырдың аяғында Қарахан хандығының территориясы батысында Әмудариядан Сырдария өзенінің төменгі ағысына дейін, шығысында Жетісу және Қашқармен шектелді. Мемлекет екі үлкен ұлысқа бөлінді. Жоғарғы мәртебелі Арслан Қарахан мемлекттің шығыс бөлігінің әміршісі болып есептелді. Оның резиденциясы Баласағұн қаласында еді. Хандықтың екінші, батыс бөлігі екінші қаған Богра Қарахан иелігінде еді, оның астанасы Тараз қаласы болды. Елдің екі бөлігі де бірнеше ұсақ ұлыстарға бөлінді. Оларды илек немесе тегін титулы бар қағанның туыстары басқарды [5]. Қарахандар дәуірінде Жетісу жеріндегі тайпалардың шаруашылығы едәуір қарқындады. Көптеген қалалар, елді мекендер салынды, отырықшы шаруашылықтың үлес салмағы артты, қолөнер мен сауда одан әрі дамыды. Елде мүлдем басқа мемлекеттік құрылым қалыптасты. Ислам діні мемлекеттік болып жарияланды. Мәдениет дамыды. Көне түркі әліпбиі араб графикасымен ауыстырылды. Яғни, қараханид дәуірі саяси, экономикалық және мәдени дамудың жаңа бір сатысы болды.

999 жылы Илек Насыр Мәуренахр жеріне жорық жасады. Бірақ, Балых қаласының түбінде ол жеңіліске ұшырады. Қараханид әулиетінде Әли мен Хасан ұрпақтарының арасында елді саяси дағдарысқа ұшыратқан тақ үшін талас басталды. Осыны пайдаланған көшпелі қидан тайпалары 1017 жылы Жетісу жеріне басып кіріп, ешқандай қарсылықсыз Баласағұн қаласына дейін жетті. Сол кездегі қараханидтер ханы Туған басқыншыларға қарсы күрес ұйымдастырып, оларды үш ай бойы қуғындағаннан кейін талқандады. Бірақ бұл жеңіс уақытша еді. Әлжуаз Арслан хан тұсында орталық үкіметтің беделі әбден кетті. Ұлыстар арасындағы қарулы қақтығыс әдеттегі құбылысқа айналды. 1056 жылы Арслан хан өзінің туған інісі Богра ханға қарсы нәтижесіз жорыққа аттанды. Інісінен жеңілген ол саяси билігінен айырылып, Жетісу мен Қашқар жері Тоғрул-Қарахан Юсуфтың қолына өтті. Ол Богра хан Харунмен одақтасып, сол кездегі Мәуренахрдың билеушісі Шемсульмулік Насырға қарсы соғыс бастады. Екі ел арасындағы қақтығыс бітімгершілікпен аяқталып, шығыс және батыс Қарахан мемлекеттерінің арасындағы шекара Сырдария өзені арқылы өтетін болды [21, 51 б.].

Қараханидтер дәуірінің теңдесі жоқ әдеби және тарихи ескерткіші 1015-1016 жылдары Баласағұн қаласында туған дана ойшыл Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастаны. Дастанды ғұлама 54 жасында 18 ай жазып, Қашғарда аяқтаған (1069–1070). Ақынның туған жері соңғы деректерге қарағанда Қазақстанның Талас-Шу өңірі бойындағы Баласағұн қаласы. Жүсіп Баласағұни бұл кітабын Қашғар билеушісі Табғаш Қара Богра ханға сыйлыққа тартып, Хас Хаджип (сарай министрі) атағын алған [5]. Поэма 85 тараудан тұрады. Ақыл-білімге, адамгершілікке шақырады. Адам мүмкіндігінің шексіз екендігі, оның қоршаған дүниені танып-біле алатындығы, таным процесіндегі ғылымның орны туралы айтады. Дүниенің негізі төрт нәрсе: жер, су, ауа, от дейді ол. Бізге дастанның үш қолжазба нұсқасы жетіп отыр [5]. Сол дәуірдің Фараб, Қашғар, Бұхара тәрізді танымал мәдени орталықтарында білім алған Жүсіп Баласағұн – мәдени-тіл жағынан алғанда түрік тілді халықтардың баршасына ортақ болса, географиялық жағынан алғанда қазақ пен қырғыздарға жақын. Сөз жоқ, бұл дастанның дүниеге келуіне, оның жалпы сипатына XI ғасырдың ортасында қалыптасқан осы мемлекеттің толық ыдырауының алдындағы әлеуметтік-саяси факторлар, қоғам тұтастығының бұзылып, дағдар-ысқа ұшырауы әсер етті. Осы факторлар Жүсіп Баласағұнның әлеуметтік-саяси көзқарастарын қалыптастырды.

Дастанның алғашқы нұсқасы ХV-ғасырда Ауған жерінде (Герат) белгілі болса, осы заманда оның үш нұсқасы әлемнің үш елінің қалаларында сақтаулы екені мәлім: біріншісі – Венада (Австрия), екіншісі – Каирдың ұлттық кітапханасында, (Египет), үшіншісі – Наманғанда [5]. Батыс әлемі бұл туындымен ХVIII ғасырдың аяғында танысты. Иосиф фон ХамерПругшталь, Г. Вамбери, А.П. Жоберт, В.В. Радлов тәрізді шығыстанушы – тюркологтар «Құтты білік» дастанын ғылыми айналымға енгізуге зор үлес қосты. Поэманың орыс тіліндегі алғашқы үзінділері С.Е. Маловтың аударуымен Ресей еліне мәлім болды. [22] Өткен ғасырдың 50-60 жылдарында Жүсіп Баласағұни мұрасын терең де жан-жақты зерделеуге және насихаттауға Валитова А.А есімді зерттеуші де ат салысты [15- 18]. Кеңес ақыны Н. Гребневтің еркін ауармасы 1963 жылы Ташкентте, 1971 жылы Москвада жарық көрді [13]. Ал 1983 жылы С.Н. Иванов «Құтты біліктің» толық мәтінін аударып шығарды. Оның аудармасында түпнұсқаның мазмұны, поэтикалық ойы дәл беріліп, түр ерекшелігі сақталған. Соның нәтижесінде аударма туған ұлт әдебиетіндегі баға жетпес құбылысқа айналған» [20]. Баласағұн шығармашылық мұрасын алғаш зерттеушілердің бірі неміс ғалымы Отто Альбертс тұжырымы бойынша Жүсіп Баласағұнның этикалық көз-қарастары мен Ибн-Синнің пікірлері арасында тікелей байланыс бар. Альбертс Аристотель мен Баласағұнның этикалық көзқарастарындағы ортақтықтарды анықтауға тырысты [14, 23]. Жүсіп Баласағұн поэмасын зерделеуші шетелдік ғалымдар қатарына Танджей, А. Бонбачи, Р. Пельо т.б., орыс шығыстанушылары В.В. Бартольд, А.Н. Самайлович, А. Валитова, Ч. Бертельс, И. Бородина, А. Кононовтарды жатқызамыз [8].

«Құтты білік» поэмасын зерделеуге X. Сүйінішалиев, Р. Бердібаев, К. Жарықбаев, А. Дербісалиев сияқты қазақ зерттеушілері де өз үлестерін қосты. Бұл көне мұраны терең де, жан-жақты зерделеуде 1986 ж. Асқар Егеубаевтың қазақ тіліндегі аудармасының орны ерекше. Кейін (1989 ж.) ол Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу біліг» поэмасының қазақ әдебиетінің дамуына идеялық әсері туралы кандидаттық және докторлық диссертация қорғады [19]. Осы поэманың қүндылық әлеміне философиялық тұрғыда ғылыми зерттеу жүргізген – Ж. Әміребаева. Ортағасырлық ұлы ойшылдың поэмасындағы тәлім – тәрбиелік идеялар 2004 жылы жарық көрген «Жүсіп Баласағұн тағылымы» атты монографияда жан-жақты зерттеліп, бұл идеялардың бүгінгі ғылыми педагогикалық және тәрбие тәжірибесінің дамуындағы маңызы ашылған. Монографияда «Құтты біліктің» қазақтың халықтық педагогикасымен сабақтастығына баса назар аударылған [9].

Жүсіп баба шығармаларын зерттеуге Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының бір топ оқытушылары да өз үлестерін қосты. Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Т. Ахметов оның педагогикалық көзқарастары туралы диссертация қорғаса, профессор А.Күзембайұлы және осы жолдардың авторы бірнеше мақалалар мен оқу құралын жазды [1-4, 10, 11]. Жалпы алғанда «Құтты білік» – күрделі жүйелік туынды. Онда: жалпы философиялық, өмірлік-тәжірибелік, саяси, әлеуметтік және эстетикалық сипаттағы проблемалар көтерілген. Ең басты мәселе – адам, оның әлеуметтік ортадағы орны мен рөлі. Жүсіп Баласағұн еңбегіндегі шешімін табуды қажет еткен маңызды мәселе – әділеттілікке негізделген мемлекет және оны басқарудың тетіктері. Қараханид билеушілеріне ел басқару жөнінде берген кеңестерінің негізгі принципі – әділдік, заңдылықты қатал сақтау. Ғұлама бабамыз атап көрсеткен ел қуаттылығының өлшемдері: білікті де білімді, сөзіне берік, ісіне адал бектер, әділ заң, қуатты әскер, білім мен ғылымды меңгерген тұлғала. Қоғамдық қатынастарды ретке келтірудегі негізгі күш – ханға да, қараға да ортақ әділ заңның болуы қажеттігін былайша көрсетеді: Әділ заң құр, қабақтарды жайнатар, Жаман болса, жұрттың сорын қайнатар. Әділ заңмен – ғалам жайнап, ел сүйер! Күш қысқанда – ғалам қайнап ел күйер [5, 173, 221 б.].

Мемлекет ісін басқарудағы маңызды іс – шенеуніктерді ерекше талаппен таңдау, үйрету, салық жүйесін ретке келтіру екеніне аса зор көңіл бөліп: Ізгі кісі, теңіңді біл, табысар, Құлқы жаман — қырсық болып жабысар. Бектер жаман кісімен жұғысса, Атты шулы, пәле тиер ұлысқа. Бек табысса азаматпен көшелі, Ел марқайып, өз беделі өседі [5].

Жүсіп Баласағұн сипаттаған қоғамның иерархиялық әлеуметтік құрылымы бар. Қоғамның әлеуметтік субъектілерінің атқаруға тиісті іс-әрекеті, оларға тән мінез-құлық сипаты, міндеттері мен құқықтары, олардың әлеуметтік мәртебелерімен (статустары) анықталады. Қоғамдағы негізгі топтарды үшке бөледі: біріншісі – байлар. Жүсіп Баласағұн оларды «көзі шелді, халықтың күштілері, белдісі» – деп сипаттайды. Екінші топ – байлардың ісіне қол тигізбейтін қара, орта кісілер, ал үшінші кедей, бейшаралар. Кедейді сүйеп ортаға ауыстыру, ортаны байыту елдің түзеліп, халық ырзығының молайғанының көрінісі екенін баса көрсетеді. Дәлел ретінде мына шумаққа назар аударайық: Орта – байып, орта болса пақырың Бай байыса, түгел сенің асығың…. (Пақыр орта болса – оңғаны кеміңнің, Байыса орта-байығаны еліңнің) [5, 505-506 б.]. Қоғам жіктелуінің бейнесі ретінде ұры-қары, зорлықшыл топтың болатынын және оларға белгілі шаралар қолданылып, басқа топтардан бөлек ұстап, түзету міндеті жүктеледі. Әлеуметтік мәртебесіне сай қоғамда атқаратын рөлі ерекше топ қатарына ғалымдар жатқызылып, оларға айрықша жағдай жасалу қажеттілігі ескертіледі: Тағы бірі – білім қуған ғалымдар, Ғылымменен құт- береке табылған. Қадірле, олар не айтса да ергейсің, Шаршап ұстап, иіліп, бой бергейсің! Тыйма хақын, ас-ауқат бер оларға, Мұңайтпағын, ей бек, қара обалға. Білім беріп, көңілденсін, күйленсін, Білімсіздер одан білім үйренсін. [5, 405,532 б.].

Әлеуметтік топтар арасындағы өзара қарым-қатынас пен әрекеттестіктің жолдарын сипаттай келіп, олардың арасындағы міндеттерді анықтайды. Еңбек бөлінісінің нәтижесінде қалыптасқан әлеуметтік топтар арасындағы өзара тәуелділік, олардың еңбегінің қоғам қажеттілігін өтеудегі маңызы тәрізді мәселелер поэмада жан-жақты қарастырылған. Мысалы: бұқара халықтың ел билеушісі алдындағы және керісінше билеушінің халық алдындағы міндеттері баяндалады. Сонымен қатар шығармада ғалымдар мен шәкірттер, саудагерлер, қолөнершілер, дәрігерлер, егіншілер т.б. әлеуметтіқ топтардың қоғамдағы орны мен рөлі көрсітіледі. Осының негізінде дамыған мемлекетке тән қоғамның өте күрделі әлеуметтік құрылымының көрінісін бейнелейді. Әрине бір мақаланың көлемінде «Құтты білікте» көтерілген билік, биліктік қатынастар, жалпы адамзаттық, халықтық проблемаларды толық талдау мүмкін емес. Осы классикалық еңбекте жырланған адамды бақытқа жеткізу жолдары, адам баласының құтты тұрмысы осы заманғы Қазақстан қоғамы үшін аса мәнді мұра. Әсіресе, Жүсіп Баласағұн сипаттаған: шыншыл, халық үшін тамұққа түсетін, халыққа жақ, көңілі – тоқ, көзі – тоқ, ашкөздіктен бойын аулақ ұстайтын, ойы – терең, тілі – майда, сөзі – шоқ, ізгілік пен ірілік жасайтын, заңға жүгініп, ұятты білетін, елін сүйетін, ер басшының дәл бүгін біздің елімізге қажет екеніне күмән жоқ.

Басқа да ұқсас мәліметтер

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *