Жылқы оксиурозы, жылқының тоқ ішегінде тоғышарлық ететін Oxyuridae тұқымдасына жататын Oxyuris equi нематода қоздыратын ауру. Ас қорыту жүйесін зақымдайды жəне құйрық түбінің қышымасын тудырады. Оксиурозбен жылқылардан басқа тақтұяқтылар – есектер, қашырлар, зебрлер ауырады. Оксиуроз барлық жерлерде тараған.

Қоздырушысы. Oxyuris equi ішқұрты еркегінің тұрқы 6-15 мм. Ауыз тесігі алты бұрышты, өңешінің арт жағы торсиған болып келеді. Құйрық жағы доғал, оның маңайындағы сыртқы қабығы жарғақша болып бітеді, ол бірнеше бүртіктерімен шегенделіп тұрады. Сыңар жəне ұзынша келген спикуласы бар. Ұрғашысының тұрқы 18 мм оның бас жағы жуан, қысқа, ал құйрық жағы ұзын жəне жіңішке болады.

Қоздырушының биологиясы. Құрт аралық ие қатынассыз өсіп-өнеді. Ұрықтандырғаннан соң іш құрттың еркектері жойылады, ал ұрғашыларында жұмыртқалар түзіледі. Жұмыртқаға толы ұрғашылары жылқының қиымен ілесіп тік ішек арқылы сыртқы ортаға шығады, ал кейбіреулерінің ішектен басы ғана шығады, артқы тесік айналасына жұмыртқаларын салады. Жылқы құйрығының астында ішінде жұмыртқалары бар желім тəрізді кілегейлі қоңыр зат тері қатпарларына жабысып тұрады. Құйрық асты мен артқы тесік маңында жұмыртқалардың ішіндегі балаң құрттың өсіп-өнуіне қолайлы жағдайдың бəрі бар. Атап айтқанда, ылғалдылық пен керекті жылылық, яғни 2-3 күн ішінде жұмыртқаларда балапан құрттар өседі де, олар инвазиялық дəрежеге жетіледі. Артқы тесік төңірегіндегі тері қатпарлары кепкеннен соң, мал құйрығын қозғағанда, ішінде өсіп жетілген балаң құрттары бар жұмыртқалар сыртқы ортаға түсіп, ат қоранаң қабырғасын, оттықтарды, төсінішті, шөпті жəне басқаларды ластайды. Мал оксиуроз ауруына осындай зарарлы жұмыртқалармен ластанған жем-су арқылы шалдығады. Мал ішегінде жұмыртқадан щыққан балапан құрттар 3-4 аптадан кейін ересек құртқа айналады.

Індеттік деректер. Оксиурозбен көбінесе бір жасқа дейінгі төл (құлын, жабағы) жəне кəрі жылқы ауырады. Ылас, ылғалды ат қоралар, құнарсыз азық оксиуроз дертінің таралуына себепкер болады. Бөген Қазақстанның барлық аймақтарында, əсіресе атқорадағы жылқы арасында жиі кездеседі. Көбінесе қазан айынан бастап, келесі мамыр айына дейін жас малдың арасында 40 %-ға дейін оксиуроз кездеседі.

Патогенез. Тоқ ішекте көптеп жиналған оксиуристер ішектің кілегей қабығын зақымдайды, уытын шығарады. Артқы тесік маңындағы қатпарларға шыққан іш құрттың ұрғашылары теріні қышытады. Үнемі қасына бергендіктен, құйрық түбіндегі жүні жəне құйрық қылы түсіп қалады да, құйымшағы қызыл шақа болып тақырланады. Аурудың белгілері. Бөген ауруына шалдыққан жылқының үнемі арт жағымен астау, науаларға, қора қабырғаларына қасынудан жүні жəне құйрық қылдары түсіп қалады. Құйрық түбіндегі жүні үрпиіп, ал құйрығы қысқа болып шолтиып тұрады. Бөген ауруының құрты жұққан жылқы арықтайды, ас қорыту ағзаларының қызметі бұзылады. Диагноз. Гельминтозды анықтауда індеттік деректер мен аурудың клиникалық белгілеріне сүйенеді жəне артқы тесік, құйрық түбінен алынған қырындыны зерттеу арқылы диагнозын дəлелдейді. Емі. Бөген ауруына қарсы мебендазолды — ішке 6-8 мг/кг мөлшерде, тиабензадолды — ішке 100 мг/кг мөлшерде, фенбендазолды — ішке 7,5-10 мг/кг, фебантелді — ішке 6-50 мг/кг, пирантелді — ішке 25 мг/кг, пиперазинді — ішке 100 мг/кг, ивермектинді — ішке 0,2 мг/кг мөлшерінде қолданады. Сақтандыру шаралары. Бөген ауруы кездесетін шаруашылықтарда жылқыны əрбір 1-1,5 айдан соң пиперазинмен дегельминтизациялайды. Аурудың клиникалық белгілері айқын білінген жылқыларды бөлек оқшаулап, оларға ем шараларын қолданады. Сонымен қатар, олардан инвазиялы жұмыртқалар қоршаған ортаға таралып кетпес үшін артқы тесік маңын, құйрық түбін зарарсыздандырғыш ерітінділерге шыланған мақтамен күніне 1 рет сүртіп отыру жақсы нəтиже береді. Əрбір 6 апта сайын дерт шыққан қорадағы жылқының барлығын овоскопия əдісімен (артқы тесік маңынан қырынды алу) зерттеп отыру шарт. Қораның іші мен құрал-аспаптарды жақсылап тазартып, ыстық сумен зарарсыздандырады.

Авторлық сілтеме:
Ахметсадықов Н.Н, Омарбекова У.Ж., Хусаинов Д.М. Ветеринария негіздері (оқу құралы): — Алматы, «Агроуниверситет» баспасы, 2010. –338 бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *