Жәндіктерге аллергиялық реакцияның негізгі түрлері: жәндіктер шаққанда терілік реакциялар; жүйелі анафилактикалық реакция; жәндіктер бөлетін заттарға респираторлы аллергиялық реакциялар Бірнеше секунд немесе минуттан соң дамып, бірнеше сағаттарға, күндерге созылатын жедел типті реакцияны және шаққаннан кейін 12 күннен соң дамитын баяу аллергиялық реакцияны ажыратады. Токсикалық әсерлер көп жәндіктер шаққаннан кейін дамиды.

Этиологиясы. Аллергия тудыратын жәндіктер жарғақ қанаттылар. Ара мен сона шаққанда жүйелі ауыр әсер береді. Маса шаққанда айқын аллергия дамымайды, себебі олар у емес жергілікті реакция туғызатын сілекей бездерінің секретін бөледі.

Патогенезі. Жәндіктер шаққанда ерекше әсер IgE және IgG-дің реагиндеріне байланысты болады. Удың құрамындағы негізгі аллергендер А2 фосфолипаза, гиалуронидаза, мелиттин, қышқылды фосфатазаның белсенділігімен жоғары молекулярлы фракциясы және С аллерген. Сонымен қатар, жәндіктер уы мен сілекейінде гистамин, ацетилхолин, кининдер, басқа да биогенді аминдер мен олардың либераторлы, ферменттері бар. Бұл жағдайда аллергиялық емес жоғары сезімталдық жоғары орын алады.

Клиникалық көрінісі. Айқын жергілікті реакция үлкен ісікпен, эритемамен көрінеді (d>10см), 24 сағат сақталады. Сонымен бірге, жедел аллергиялық реакцияның басқа да белгілері дамуы мүмкін: есекжем, ангионевротикалық ісік, беттің қызаруы, лоқсу, құсу, жұтқыншақ, дауыс желбезегінің, көмейдің, трахеяның ісінуі, бронхоспазм нәтижесінде тыныс алудың қиындауы, іште ауырсыну, диарея, артралгияның пайда болуы. Анафилактикалық шок (АШ) – ауыр аллергиялық реакция. Ол дененің кез келген жерін жәндіктер шаққанда дамиды, бірақ бас пен мойыннан шаққанда даму мүмкіндігі жиілейді. Көп жағдайларда АШ белгілері алғашқы он бес минутта дамиды, бірақ кейде баяу дамуы да мүмкін. Анафилактикалық шок клиникалық көрінісі төменде берілген. Бірінші шаққанда реакция неғұрлым ауыр болса, оның қайталауы соғұрлым жоғары. 7-12 күн өткен соң сарысулық ауруға ұқсайтын реакция дамуы мүмкін. Диагноз анамнезге негізделеді. Терілік сынаманы ара және сона уының сығындыларымен жүргізеді. In vitro IgE анықталуы мүмкін.

Емі. Арнамалы емес белгілеріне сәйкес ем тағайындайды. Жергілікті салқын компресс, қышынуға, қабынуға қарсы майлар, ішуге антигистаминді, стероидты емес қабынуға қарсы дәрілер қолданады.

Алдын-алу. Аллергиясы бар адамдарға сақтану ережесі: жазды күндері далаға денені барынша жауып тұратын, ашық түсті киімдер киіп шығу; жәндіктер пайда болғанда күрт қимылдар жасамау; бас киім киіп жүру; орманда, далалық жерде, шалғында тамақ жегенде абай болу; прополис бар препараттарды қолданбау; Ата-аналары жәндік шаққанда дәрігерге дейінгі көмекті көрсете білу керек.

Пайдаланылған әдебиеттер:
Түсіпқалиев Б. Балалар аурулары. Оқулық. Ақтөбе 2011ж 927 бет.