Жан Поль Сартр — жазушы, публицист, философ, француз экзистенциализмінің жетекшісі. Өзінің өмірбаянын ол «Сөздер» («Слова», 1963 ж.) деген шығармасында суреттейді. Бала кезімде, – дейді ол, – ерінен айырылған анамның, атам мен әжемнің қолында өмір сүрдім. Әжем – католик, ал атам – протестант еді. Үстел басында екеуі бірінің дінін бірі мазақтайтын еді. Бірақ бала бәрін тікелей түсінеді ғой: олардың сөзінен мен мынадай тұжырым жасадым: «бұл екі дін де түкке тұрмайды екен». Біздер діни және атеистік экзистенциализм бар деп айттық. Сартр сол атеистік экзистенциализмге жатады. Құдайдың жоқ болғаны, – дейді Сартр, – өкінішті-ақ. Демек, Құдаймен бірге табынатын, жүгінетін ештеңенің болмағаны ғой. Дәстүр осы кезге дейін адамгершіліктің, ар-ұяттың көзін Құдайдан іздеуді әдет етіп алған-ды. Сартр Достоевскийдің аты шулы кейіпкері Иван Карамазовтың сөзін «дұрыс» деп мақұлдайды: Құдай жоқ болса, онда бәріне де жол ашылғаны («все дозволено»); «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа болмайды, адам ұят дегенді ұмытады. Өйткені Құдай – имандылықтың кепілі.

Сартр философияны Париж оқу орындарында оқып, меңгереді, Гавр (1931-1936 ж.ж.) және Париж (1936-1944 ж.ж.) оқу орындарында философиядан сабақ береді. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тұтқынға алынып, бірнеше ай немістердің қолында болады. Фашизмді ол тағылық деп есептейді. Тұтқыннан құтылып шығып, фашистерге қарсы құрылған Қарсылық қозғалысына қатысады. Социализмге оң көзімен қарайды, бірақ бірден социализмге тән басты кемшілікті ашық айтады: социализмге еркіндік жетіспейді. Тарихта орын алған қоғамдық құрылыстардың ішіндегі еркіндікті керек ететін, еркіндік арқылы ғана орныға алатын қоғам – бұл социализм. Ал әзірге ол еркіндікті керек қылмай тұр. Бұл жағдай Сартрды ойлантады, күйзелтеді. Парижде ол «Социализм және еркіндік» деген жасырын топ құрады. Қалған ғұмырында Сартр өз шығармаларынының өзекті тақырыбы ретінде еркіндік мәселесін қарастырумен болды. Сартрдың үш томдық үлкен шығармасы «Еркіндік жолдары» деп аталады. (1945-1949 ж.ж.). «Біздің нақты, өзекті, қазіргі мақсатымыз, – деп жазады Сартр, – адамды азат ету…».

Сартрдың әйелі – жазушы, философ Симана де Бовуар күйеуі жөнінде: «ескілікті, иерархияны, мансапты жаны сүймейтін, ешкімге, ештеңеге бағынғысы келмейтін, ешбір қалыптармен, ережелермен, заңдармен санасқысы келмейтін, құқықтар мен міндеттерді мойындамайтын адам» деп баға береді. Сартр барлық уақытын, күш-жігерін жас шағынан бастап шығармашылыққа жұмсаған. Бірге оқыған студенттердің бірі ол жөнінде «ол өне бойы ойланумен болатын, тек түнде ғана ойламайтын болар» – дейді. Сартрдың өзі де «Сөздерде» ашық жазады: Бір күнде бір жол жазбай отырмау – менің әдетім осы. Көптен бері менің қаруым – қалам болды. Жазушы, ойшыл-дәрменсіз, ол ештеңені өзгерте қоймайды. Оның қолынан келетіні – шығармашылық. Оның ойлары біреу болмаса біреуге ықпал етер. Мәдениет ешкімді де, ештеңені де құтқара алмайды. Бірақ адам мәдениет арқылы өзін көреді, өзіне-өзі сын көзімен қарайды, өзін-өзі өзгертеді.

Сартрдың әдеби, философиялық, публицистикалық мұрасы өте бай. Оның шығармашылығында әдебиет, сын, философия, публицистика өзара байланысты, тұтас дүниені құрайды. Тағы да қайталап айтайық: Сартр шығармашылығының өзекті тақырыбы – адамның өзіндік тіршілігі және еркіндігі. Сартр шығармаларының кейіпкерлері әр түрлі экзистенциалдық жағдайларды бастан кешіп жатады: айналасында болып жатқан оқиғаларды, басқа адамдарды, өзін де түсінбей дал болады; жемежемге тап болып талғам алдында тұрады; өзіне қауіп-қатер төніп тұрғандай сезімде болады, өмірді талақ етіп жатады; ертеден сеніп келген мұраттарынан бас тартады; еркіндікті аңсап, еркіндікке жете алмай, еркіндік жолындағы әрекеттері оны кіріптарлыққа душар етіп жатады, т.б.

Классикалық философия нақты құбылыстарды қарастырып түсіну үшін олардың мәніне, бірақ өзіндегі емес, теориядағы абстрактілі мәніне жүгінетін еді. Таным мәннен құбылыстарға қарай жүретін еді. Адамды қарастырғанда ғылым, мысалы, адамның өзін (заттың өзін) зерттеп әуре болмайды, адам жөніндегі қалыптасқан түсінікке сүйеніп: адам – қоғам туындысы, адам – саяси жануар немесе табиғи құбылыс, адам – ақылды, адам – моральды, адам – діншіл деген жалпы анықтамалар шеңберінде қалып қояды да, нақты адамға жете алмайды.

Ойлаудың осы амалына қарсы Сартр былай деп мәлімдейді: «тіршілік (экзистенция, существование) мәннен бұрын» (существование предшествует сущности). Мән құбылыстан шығады. Бұл идеяның мағынасын Сартр «Экзистенциализм бұл – гуманизм» (1946 ж.) деген еңбегінде былай түсіндіреді: адам туа сала адам бола алмайды, оның мәні – жұмбақ. Адам дүниеге келіп, өсіп жетіледі, тіршілік қамын жасайды, оқиды, ізденеді, еңбек етеді. Сөйтіп, қана ол өзін көрсетеді, өзін-өзі ақтай бастайды. Енді оған анықтама беріп, оның мәнін сипаттауға болады. Адамның кім екені, қандай екені, қандай болатыны тіршілік үстінде анықталады. Тіршілік деген ұғымды Сартр тек утилитарлық мағынада – күнкөріс ретінде түсінбейді. Тіршілік – адамның қуанышы мен реніші, қиындығы мен қызықтары, күресі мен жеңістері, қателіктері, күнәлары көп нақты өмірі. Өмір – күрес, тартыс дейміз. Тіршілік жөнінде – экзистенциалистер тұрғысынанда осылай деуге болады.

Хайдеггердің: «Адамның тіршілігі – оның өзінің мүмкіндігі» – деген белгілі қағидасы бар. Сартр өзінің іргелі «Болмыс және ештеңе» («Бытие и ничто», 1943 ж.) деген шығармасында Хайдеггердің идеясын одан әрі дамытады. Бірақ Хайдеггер оның кейбір тұжырымдарымен келіспейді, «менің ойымды марксистік тұрғыда түсіндірмек болды» деп есептейді. «Адам дегеніміз, – дейді Хайдеггер, – әр алуан мүмкіндік, бірақ ол өзін өзі «жасай алмайды» (Хайдеггер М. Разговор на проселочной дороге… С.152). Сартрдың пікірі басқаша: адам, кім болғысы келсе, сол бола алады. Экзистенциализм, – дейді Сартр, – адамның тағдырын оның өз қолына тапсырады және оның өз тіршілігі үшін жауапкершілікті оның өзіне артып қояды. Адамның кім болары, өмірде қандай орын алары, өзін қалай көрсетері оның өзіне байланысты.

Адамның ерекшелігі – ол өзінің жәндік немесе өсімдік емес екенін біледі және осыған сай әрекет жасайды. Адам тумысында қорқақ не ержүрек болып тумайды. Қорқақтық та, батылдық та – адамның өзінің қалауы. Қорқақтың қорқақ болмауға, батырдың батыр болмауға мүмкіндігі бар. Экзистенциализмнің, соның ішінде Сартрдың қайта-қайта көтеретін тақырыптарының бірі – таңдау (выбор). Бұл – адам өміріндегі, қам-қарекетіндегі шешуші сәт. Таңдауынан адамның кім және қандай адам екендігі көрінеді. Таңдау дегенде Сартр белгілі бір үлгі – қалыпқа (стандартқа) сай жағдайды, орынды, кәсіпті, заттарды таңдау жайлы әңгіме қылмайды. Мысалы, адамның өзінөзі таңдауы – ол қандай адам болуға тиіс: басқалар жөнінде көбірек қам жейтін альтруист пе әлде өз қамын ғана ойлайтын эгоист пе; дін жолына берілген теист пе әлде дін жолынан безген атеист пе?

Сартрдың философиялық туындыларын үш топқа бөлуге болады: Бірінші топқа феноменологиялық ізденістер – «Наброски теории эмоций» (1939 ж.), «Воображение. Феноменологическая психология воображения» (1940 ж.). Бұл жұмыстарда сананың құрылымы талданады және Сартр Гуссерльмен барлық жағдайда да келісе бермейді. Мысалы, ол Гуссерльдің «Менді» таза санаға теңеуін қостамайды. Санада, – дейді ол, «Мен» жоқ, объектілер жөніндегі образдар бар. «Мен» басқаның «Мені» ретінде санадан тыс қалып қояды. Санада үстел жоқ, үстел, айталық, терезенің алдында, кеңістікте. Сана бойына бүкіл дүниені сыйғыза алмайды, сана тек дүниенің танып білуге ашық екендігін көрсетеді.

Сартр шығармаларының екінші тобы онтологиялық және экзистенциалдық тақырыптарды қарастырады. Бұлардың ішінде Сартрдың әйгілі туындысы – «Болмыс және ештеңе» бар. Үшінші топтағы жұмыстардың ішінен «Диалектикалық зердені сынауды» айрықша атап өткен жөн. Мұнда автор экзистенциализм мен марксизмнің арасындағы байланысты қарастырады. «Маркстік тәсіл, – деп жазады Сартр, – прогресшіл, озық болып табылады, өйткені ол терең талдаудың нәтижесі… Біздің тәсіліміздің эвристикалық сипаты басым, ол бізге жаңаны ашып береді». Марксизм де, экзистенциализм де бір объектіні – адамды қарастырады. Бірақ, деп есептейді Сартр, марксизм адамды идеяға сіңіріп жібереді, экзистенциализм болса дараланған, шеттетілген индивидтің тіршілігін жан-жақты қамтығысы келеді, оның өзін шеттеткен, өзіне немқұрайды қарайтын, өзіне жат күштермен күресін суреттейді. Тарихты талдайтын диалектикалық тәсіл іс-қимылдың, құмарлықтың, ынтаның, қалаудың әр алуан түрлерін, еңбекті, қажеттікті, сонымен бірге экономикалық категорияларды – бәрін де қамтуы тиіс. Сартр марксизмді тегістей теріске шығармайды. Қайта оның теориялық құндылығын атап отырады. Марксизмнің күшін және байлығын француз философы оның тарихи процесті тұтас күйде суреттей алғанынан көреді. Марксизмнің дағдарысқа түскені үшін Марксті кінәлауға болмайды, дейді ол, бұған себеп болған нәрсе – оны иемденіп алып, бұрмалаған бюрократтық консерватизм. «Көп жылдар бойы, – деп атап көрсетеді Сартр, – марксистер партияға (ең консервативтік ұйымға) қызмет ете жүріп, тәжірибені, система үшін қолайсыз деректерді ескермеді, дөрекі түрде оларды бұрмалады, зерттелуге тиісті құбылыстарға көңіл бөлмеді. Сөйтіп диалектиканың жанды рухын догмаға, өлі қағидаға айналдырып жіберді. Бірақ, Сартрдың ойынша, марксизм әлі де жас шағында, ол біздің заманымыздың философиясы болып қалып отыр; ол ескірген жоқ: өйткені оны дүниеге алып келген жағдайлар әлі жойылған жоқ». Егер де марксизм күш-қуат беретін, болашаққа бастайтын ілім болып қалғысы келсе, онда ол Сартрдың пікірінше, тірі индивидке, ол өмір сүріп отырған ортаға, яғни адамның тіршілігіне бет бұруы керек. Марксизмнің қазіргі қоғамды сипаттау үшін қолданатын негізгі ұғымдарының бәрі – қанаушылық, жатсыну, фетишизм, заттану, т.б. нақты адам тіршілігіне тікелей қатысты. Марксизм, Сартрдың ойынша, өзінің дамуында тоқырауға тап болды: ол формальды, догматикалық, волюнтаристік және абстрактілі ілімге айналды. Егер де оны осы кемшіліктерінен арылтсақ, ол қайтадан өміршең, жемісті ілімге айналар еді.

«Болмыс және ештеңе» деген еңбегінде Сартр мынадай мәселелерге баса назар аударады: Болмыс дегеніміз не? Сана мен дүниенің арасындағы іргелі болмыстық қатынастар қандай? Бұл қатынастардың жүзеге асуына мүмкіндік беретін сананың (субъективтіліктің) онтологиялық құрылымы қандай? т.б. Бұл шығармада Сартр болмыстың адам өміріне қатысты үш түрлі формаларына талдау жасайды: «өзіндік болмыс» («бытие-всебе»), «өзі үшін өмір сүру» («бытие-для-себя») және «басқа үшін өмір сүру» («бытие-для-другого»).

«Өзіндік болмыс» – заттардың, құбылыстардың өзіне тең жағдайында өмір сүруі; мұнда олар әлі өз шеңберінен шыға қойған жоқ. Әркім басқалармен байланыспай өзімен-өзі өмір сүреді (варится в собственном соку), өзін-өзі танып білмейді. Мұндай болмысты, Хайдеггердің сөзімен, «болмыс – сана» деп атауға болмайды. «Өзі үшін өмір сүру» – мұнда сана өзіндік санаға, «болмыс – санаға» айналып, өзіне өзі келеді. Бұл сана, Сартрдың ойынша, белсенді, пәрменді болып келеді, өз мүмкіндігін жүзеге асыруға атсалысады. Осы арада ойымызға қазақтың орынды нақыл сөзі оралады: «өзім дегенде өгіздей қара күшім бар» деген. Кешегі кеңестік саясаттың, идеологияның көп қателіктерінің бірі адам бойында осы сезімді: «өзімді-өзім қамтамасыз етем», «қоғамға масыл болмаймын» деген сияқты сенімді қалыптастыра алмағаны. «Өзі үшін өмір сүру» жағдайында адам өзін дүниеден бөліп алып, өзінің дүниеге қатынасын ой елегінен өткізеді; дүниеге, қоршаған ортаға байланысты алдына әр алуан мақсат қояды; өз шеңберінде қалып қоймайды, өзгереді, бүгін ол кешегі емес, ертең бүгінгі емес, онда мұндағыдай емес. Осыған орай Сартр «проект» (жоба) деген ұғымды қолданады.

«Басқа үшін өмір сүру» екі түрлі жолмен жүзеге асады: 1) ерікті түрде: ізгілік, достық, мейірбандық, қайырымдылық түрінде басқаның қуанышын да, ренішін де, жетістіктерін де, қиындықтарын да бірге бөлісу арқылы; 2) еріксіз түрде: белгілі бір әлеуметтік, саяси күштердің құралы болу арқылы. Сананың бұл онтологиясы Сартрға еркіндік пен ештеңенің байланысын суреттеуге мүмкіндік береді. Еркіндіксіз өмір сүру ештеңеге барабар. Адам мұндай жағдайда ештеңе де шешпейді, ештеңеге ықпал ете алмайды; ол — бос орын, қуыс кеуде. Онымен ешкім санаспайды. «Болмыс және ештеңе» деген атаудағы ештеңе деген ұғымның мағынасы осы.

1964 жылы Швеция академиясы Сартрға әдебиет саласынан Нобель сыйлығын берді. Сартр жиырма алты миллион франкты құрайтын бұл сыйлықты алудан бас тартады. Ол бұл қадамын былай түсіндіреді: оған берілген бұл сыйлықтың артында саяси мағына жатыр: өне бойы буржуазияға қарсы күресіп келген адамды буржуазия жағына тарту.

1965 жылы күзде Сартр Токио мен Киото деген қалаларда дәрістер оқиды. Дәрістерін «Интеллектуалдарды қорғау мақсатында» деп атайды. Ол шын мәнісіндегі интеллектуалдарды «практикалық білімнің техниктеріне» қарсы қояды. Нағыз интеллектуал – іргелі құндылықтардың (эмансипация, гуманизм, демократия) сақтаушысы, мәдениеттің күзетшісі. Гегельдің бақытсыз сана деп атағаны осындай интеллектуалдардың сипаттамасы. «Әдебиет дегеніміз не?» деген жұмысында Сартр жазады: жазушының мақсаты – қоғамға ұят тауқыметін жұқтыру.

Авторлық сілтеме:
Рысқалиев Т.Х. Философия тарихы: Оқулық. / Т.Х. Рысқалиев, – Алматы: Экономика, 2015. 508 бет.