Философияда дүниетаным мен әдiс бір-бірінен бөлек қарастырылады. Дүниеге көзқарас пен оны зерттеу тұрғылары ажыратып көрсетіледi және осыған сай философияның дүниетанымдық және әдiснамалық қызметтерi, олардың арасындағы байланыстары да айқындалады. Бұл байланыстар зерттеудiң бағытын анықтай отырып әдiснамалық қызметті де атқарады. Осы айтылғандарға көз жеткiзу үшiн философия мен әдiснама мәселесiн қазiргi ғылым тұрғысынан қарастыру қажеттігі пайда болды.

И.В. Блауберг, М.С. Каган, Б.М. Кедров, Э.Г. Юдин сияқты белгілі философтармен қатар Ж. Әбділдин бастаған қазақстандық кәсіби философиялық мектебі де өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап диалектикалық логика мен жаратылыстану ғылымының әдіснамасымен терең айналысты. Олардың тұжырымына сай, диалектика әрі таным теориясы, әрі логикасы, әрі қазіргі ғылымның әдіснамасы деп қарастырылды. Дүниеге философиялық тұрғыдан қарау арқылы ғылым дегенiмiз не, ол қалай дүниеге келген және қалай дамиды, ол қаншалықты сенiмдi, оған не түсiнiктi екендiгi жөнiнде барынша анық ұғым бере алады.

Философ В.С. Степиннің еңбегiнде ғылымның әлеуметтiк қызметi ашып көрсетілген. Автор өз еңбегінде «кез келген идея дүниенің ғылыми бейнесінің қағидасын немесе ғылыми танымның нормативі жаңа идеяларын білдіретін принципі болуы үшін, ең алдымен, философиялық негізделуі тиіс» деп көрсеткен. Сонымен қатар, М.Ж. Жолдасбековтің зерттеуінде бүгінгі замандағы адам қызметінің барлық салаларындағы ғаламдық ақпараттандыру парадигмасына сай философия ғылымында қалыптасқан тәжірибені түгел қарастыруды қажет ететіні айтылған. «Философиялық әдіснама басқа да жаратылыстанымдық ғылым мен танымдық-гуманитарлық пәндердің әдіснамасымен толықтырылуы тиіс, соның ішінде, кибернетика мен синергетика, экология мен космология, интеллект пен информатика ғылымдарының интерграциясын қажет етеді» дейді автор.

Ғылым туралы түсiнiктi күрделi екiжақты логикалық және қоғамдық жүйе ретiнде негiздей отырып, алдымен оның зерттеу объектiсiн дәл анықтау және оның көлемiн, мәнiн, ерекшелiгiн, құрылымын, қызметiн, сол сияқты қарастырылып отырған мәселеге сай – ғылымда «жүйе» ұғымының қалыптасуына мағына берiлетiндiгiн де көрсетудің қажеттігі туындауда. Жалпы таным да, әлеуметтік жүйелерді ғылыми тану да тек танымдық үрдістің өзі үшін емес, олар негізінен адамзат тәжірибесі үшін, табиғи және қоғамдық процестерді саналы түрде ғылыми басқару қажеттігін жүзеге асыру мақсатында жүргізіледі.

Кез келген жүйелерді зерттеуде төмендегі элементтер болуы аса маңызды: – жүйелі ғылыми білімнің негізі болып табылатын объективті түрде бар жүйе (жүйе-объект); – объективті түрде бар жүйеге берілетін теориялық ғылыми жүйе; – теориялық жүйенің объективті түрде бар жүйеге бірте-бірте бағытталуы; – тәжірибе – танымның негізгі пункті және оның ақиқаттығының өлшемі, сонымен қатар, ол жүйе туралы білімдерді қолдану өрісі. Жүйетану туралы зерттеулерді неміс философтары Гегель, Кант, Шеллингтердің жүйені бөліктердің тұтастығы, органикалық бірлігі туралы көзқарастарына байланысты ХIХ ғасырлардан бастау алады дейтін пікірлер бар.

Сонымен қатар, Л. Берталанфи, М.С. Каганның жүйелік тұрғыдан қарастыру – объектіні бірнеше бөліктерге бөлу арқылы, құрамындағы түрлі байланыстар барын анықтау және танымдық әрекеттердің ортақ принциптері негізінде оларды біріктіре отырып тұтас жүйе құру туралы зерттеулерінің пайда болуына орай ХХ ғасыр ортасында философиялық көзқарастардың дамуынан басталды деп қарастырушылар да бар екені белгілі. Жүйелік танымның қалыптасуы объектінің тұтастық табиғатын ғана терең қарастыруға емес, объектіні жүйелі түрде зерттеу үшін арнайы зерттеу жолдарын құрастыруға байланысты екені көптеген зерттеулерден белгілі болды. Осыған қарап, жүйелік таным зерттеудің әдіснамалық стратегиясына, ғылымішілік рефлексияға байланысты пайда болды деуге толық негіз бар.

Людвиг фон Берталанфидің «жүйетанымның эскизі» деп танылған еңбегі «жүйе» түсінігінің гносеологиялық мәнін жасақтауға және осы негізде зерттеу әдіснамасының түрліше нұсқаларын құрастыруға арналған көптеген зерттеулердің пайда болуына ықпал етті. В.Н. Садовский қазіргі заманғы жүйетанымға негіз болатын, бірбіріне тәуелсіз төрт жұмысты атайды, олар: – А.А. Богдановтың «Жалпы ұйымдастыру ғылымы» туралы еңбегі (1913-1917 жж.); – Людвиг фон Берталанфидің «Жүйелердің жалпы теориясы» еңбегі (1945 ж.); – Норберт Винердің кибернетика туралы (1948 ж.); – Тадеуш Котарбиньскийдің праксеология туралы (ХХ ғасырдың 30-40 жж.) еңбектері.

Күрделі жүйелерді танудың маңызы мен құралдары туралы мәселелер философтар мен жаратылыстанушылардың назар аударуы Аристотель заманынан басталады. Сонымен қатар, Шығыс ойшылдары Әл-Фараби мен Қожа Ахмет Йассауи шығармаларында да әлемді ұшы қиыры жоқ тұтастық, тым күрделі ғалам деп бағалау, «адам – ұлы ғаламның бөлшегі» деген түсінік орын алғаны белгілі. Бірақ тұтас жүйені тану үшін оның компоненттері мен бөліктері, олардың арақатынастары туралы белгілі бір түсініктер болуы қажет болғандықтан оның тереңірек зерттелуі кейін жүзеге асырылды. Гегель тұтас жүйелер мен оның бөліктерін зерттеуде тұтастықты абсолюттендіре қарастырған, өйткені, оның ойынша, тұтастық әлемдік рухтың біртұтас көрінісі болып табылады. Осыған орай, Гегель заттар мен құбылыстардың біртұтастығын ондағы компоненттердің бірлігі, өзара қатынасы ретінде емес, тұтастық туралы түсінікті тану тұрғысынан бағалайды. В. Дильтейдің айтуынша, таным барысында адамдар тұтастықты түсіне отырып, оның бөліктерін білуге мүмкіндік алады, тұтастық байланыстар арқылы адам бөлек әрекеттерді, бейнелерді түсіне алады деп есептейді.

Неміс классикалық философтарының басты жетістігі – ғылыми танымның элементарлық-механикалық сипатын сынға алып, диалектикалық ойлау тәсілін танымның жаңа принципі ретінде ұсынулары болды. Олардың айтуынша, элементарлық принцип те немесе оған қарама-қайшы тұтастық принципі де, сонымен қатар осы дихотомияға сай ойлау амалдары да таным үшін жеткіліксіз болып табылады. Бұл түсінік басқа философтарға қарағанда И. Канттың таным теориясында терең қарастырылды. Ол тұтас жүйелерді танудың жолы «тұтастықтан – бөліктерге қарай» дейді, сөйтіп, «бүгінге дейін орын алып келген кемшіліктер метафизикадағы бөліктерден – тұтастыққа қарай қарастыруға ұмтылудан» деп есептеген. Оның ойынша «философиялық әдістер архитектоникалық түрде, яғни, «бүтіннен бөліктерге қарай» болады». Кант таным болмыстың жай көрінісін ғана білдірмейді деп, оны танымдық процесс түрлерін құрастыратын ойлау әрекетінсіз қарастыру мүмкін еместігін түсіндірді. Бұл тезис күні бүгінге дейін ғылыми танымның ең маңызды әдіснамалық негізі болып табылады.

Авторлық сілтеме:
Педагогикалық жүйетану негіздері. Оқулық. / Ә. Мұханбетжанова, С. Бахишева, А. Кемешова. – Алматы: 2015 ж. – 320 бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *