ХХ ғасырдың бас кезіндегі патша өкіметінің құқық қорғау мекемелері тарапынан да, кеңес өкіметінен де қуғын-сүргінді көп көрген Алаш зиялысының бірі Жақып Ақбаевтың тарихи-саяси өмірі мен қоғамдық қызметі А.Байтұрсын, Ә.Бөкейхандармен үндес.

Ақбаев (Ақпаев) Жақып — публицист-ғалым, қазақтың тұңғыш құқықтанушы-заңгері, Алашорда үкіметінің мүшесі, күрескер, қайраткер ретінде өзіндік орны бар. Оның туып-өскен жері Абай ауылымен малы аралас, қойы қоралас жерде болған. Сондықтан да ұлы ақынның өлеңдері оның құлағына жастайынан сіңіп өсті. 1909 жылы Абай жырларының Петербургте кітап болып шығуына қолғабыс жасауы да сондықтан. Осы арада «Жақып шығармаларына тигізген Абай әсері» деген болашақ зерттеушілерге тың тақырып туындайды.

Жақып Ақпаев «Бірер сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы», «Қазақстандағы семья-неке қатынастары» (1907), «Қазақтың шығу тегі туралы» (1927) деген ғылыми зерттеулерін жазды. Ол қазақтың тегін біздің дәуірімізге дейінгі І ғасырда Плиний жазған алазон, азок тайпаларының Никон шежіресіндегі касахтардан бастайды. Орыс тарихшысы Карамзиннің еңбектеріне сүйене отырып, түріктер, берендейлер, черкестер мен қазақтардың туыстық байланысы туралы ой қорытады.

Жақып Ақбаев 1876 жылы бұрынғы Семей облысы, Қарқаралы уезі, Берікқара болысы, №3 ауылының Төңіректас деген жерінде дәулетті отбасында туған. Болашақ ғалым 1886 жылы Қарқаралы қаласындағы қазақ интернатында үш жыл, 1889 жылы Омбы гимназиясында жеті жыл оқып, одан Томск гимназиясына ауысып, оны 1898 жылы бітіріп шығады. Бұдан кейін Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне түсіп, оны 1903 жылы 1-дәрежелі дипломмен бітіріп шығады. Мұндай дипломға Орта Азиядан келген қарапайым қазақ баласының қолы жетуінің өзі үлкен жетістік ретінде бағалануы керек. 1903-1905 жылдары Омбы сот палатасының қызметкері болған. 1905 жылы тамыз-қазан айларында Омбы қалалық 2- учаскесінің судьясы болады. 1905 жылдан бастап патша өкіметінің де, одан кейін орнаған кеңес өкіметінің де үнемі бақылауында болып, бірнеше рет жер аударылады.

Жақып Ақбаев Алашорда қозғалысына белсене қатынасып, Семейде қызметте жүрген кезде Әуезовпен таныс-біліс, пікірлес, аралас-құралас болған. Саяси қызметі үшін мемлекеттік қызметтен шығарылып, адвокаттық жұмыстар атқарады, баспасөзге қоғамдық-саяси және ғылыми тақырыптарда мақала жазады. 1917 жылы 21-26 шілде аралығында Бүкілқазақ І сьезіне делегат болып, Алаш партиясы бағдарламасының жобасын жасауға қатысады, ал сол жылдың 5-13 желтоқсанында өткен Бүкілқазақ ІІ съезінде Алашорда үкіметі құрамының мүшесі болып сайланады.

Алашорда тараған соң, 1918 жылдың наурызынан бастап Қарқаралыдағы қазақ комитетін басқарады. 1919-1927 жылдары Семей губревкомның заң бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істейді, Губерния халық соттарының кеңесінің мүшесі болады (1928). Ж.Ақбаев қазақтың әдет-ғұрып заңдарын, соның ішінде отбасы-неке құқығын зерттеп, баспасөз бетінде публицистикалық материалдар жариялады. Қазақтың әдет-ғұрып, неке-отбасы мәселелері туралы көптеген еңбектер жазды.

ЖОО-да оқып жүргенде ілім-білімнің әр саласын меңгеруге талаптанады. Адамның есте ұстау қабілеті мен фактілерді екшелеудің әдістәсілдерін жете меңгеру үшін Одесса қаласындағы мнемоника профессоры С.Файнштейннен дәріс тыңдауға және Санкт-Петербургтегі Археология институтына оқуға түсуге университет басшыларына өтініш те жазады. Мемлекеттік сынақ комиссиясында «Қазақтардың некелік құқығы» атты тақырыпты қорғауға бекітіп алады. Кейін осы тақырыпты түрмеде отырғанда ары қарай жалғастырып, кеңейтіп, 1907 жылы Орыс географиялық қоғамының Семей бөлімшесінің жазбаларында жариялайды. ЖОО бітірісімен Омбы сот палатасына қызметке тұрады. 1905 жылғы тамызда Омбы қаласындағы 2-учаскенің бітімші соты болады.

1905 жылғы шілде айында Омбы қаласында патша әкімшілік орындарының мәжілісі өтіп, онда Дала өлкесінің генерал-губернаторы Сухотин бас болып қазақ өкілдерін Дума сайлауына қатыстырмау туралы мәселе қозғайды. Міне, осы шешімге қарсылық ретінде Ә.Бөкейхановтың ұйымдастыруымен Қарқаралы уезінің 42 қазақ өкілетті адамдары атынан патшаға 1905 жылы 22 шілдеде Ақбаевтың құрастыруымен жеделхат жіберіледі. 1905 жылы 17 қазандағы патша манифесінен кейін жер-жерде бостандық, теңдік, сөз еркіндігі жөнінде қызу талас, митингілер өтіп, бұл жұмыс жедел жүргізіле бастайды. Іле-шала осындай митингі, шерулер 19 қазанда Омбы қаласында өтіп, оған Ақбаев қызу кірісіп кетеді.

Бірақ ол «Өкіметке тіл тигізгені» үшін қудалауға ұшырап, қызметінен шығарылады. Артынан ол Кереку қаласы, Баянауыл станицасында жиындар өткізіп, патша режимін шенеген сөздер сөйлейді. 1905 жылғы 15-16 қарашада Қарқаралы қаласында өткен үлкен жиында ол тағы да жалынды сөз сөйлейді. Патшаның жергілікті әкімшілігі «мемлекеттік қылмыс істеп, опасыздық жасады» деп 1906 жылғы 11 қаңтарда заңгерді тұтқындап, Семей түрмесіне жөнелтеді. Міне, осы кезден бастап Ақбаев патша және Кеңес өкіметі кездерінде үнемі қуғын-сүргінді, тепкіні көп көріп, абақты-айдаудан көз ашпады деуге болады. Жетісу облысының Қапал уезіне 2 жылға жер аударылады. Қайда жүрсе де ол патша шенеуніктерінің парақорлығын, халыққа жасаған озбырлығын үнемі әшкерелеп отырады. Қарқаралы уезіндегі шаруалар учаскесінің бастығы Цыловтың және де басқалардың парақорлығын әшкерелейді. Қапалда жүргенде де келімсектерден қиянат көрген қазақтардың мүдделерін қорғап, осында айдауда жүрген К.Төгісовпен бірлесіп, сот процесінде әділ шешім шығаруға ықпал жасайды.

Ақбаевтың патша әкімшілігінің жоғары орындарына өзінің жазықсыз жапа шегіп, айдауда жүрген мерзімін қысқартып, не сот үкімін бұзу жөніндегі арыз-шағымдарында (мысалы, сенатор граф Паленге жазылған осы құжатты және Ақбаевқа қатысты басқа да материалдарды алғаш тауып, жариялаған белгілі ақбаевтанушы-ғалым М.Құл-Мұхаммед) өзінің жеке басының мәселелері көрініс тапқандай болып көрінгенімен, шын мәнісінде, ол құжаттарда патша әкімшілігінің озбырлық, зорлық-зомбылық, зымияндық саясаты, шенеуніктердің парақорлығы, жер мәселесінің ушығуы сияқты мәселелер көтерілген.Ақпан төңкерісінен соң 1917 жылғы 27 сәуір мен 7 мамыр аралығында өткен Семей облыстық қазақ съезін өткізуге белсене араласып, оның облыстық комитетінің мүшелігіне де сайланады, сол жылғы 24 қыркүйекте өткен кеңесіне де қатысады.1917 жылғы шілде айында болған Жалпы қазақ құрылтай жиналысында депутаттыққа ұсынылып, ал желтоқсандағы съезде Алашорда үкіметінің мүшелігіне өтеді. Азамат соғысы жылдары Колчак және тағы басқа уақытша өкіметтер оны бірнеше рет абақтыға жауып, ату жазасына да кесіп, артынан ол үкімді бұзып, Ақбаевтың басы шыр айналып, Алашорда үкіметінің мүшесі ретінде елдік, алаш ісіне толыққанды бел шеше араласу мүмкіншілігінен айырылады.

Кеңес өкіметі орнаған соң ол Семей губревкомының заң бөлімінде жұмыс істеп, оның «етене араласуымен губерния бойынша сот-тергеу учаскелері құрылады». Біраз уақыт Семей кеңестік халық сотының мүшесі болады, Қарқаралы уездік халыққа білім беру бөлімінде және Семейде әртүрлі қызметтер атқарады. 1922 жылы Семей оқу бөлімінде қызмет істей жүріп, қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жинау жөніндегі комиссияны басқарады, осыған орай «Қазақтардың әдет, құқы, оның ішінде неке құқы туралы жазбалар» атты еңбегі дүниеге келеді. 1927 жылы қаңтарда географиялық қоғамның Семейде өткен конференциясында баяндама жасайды. 1928 жылы Сырдария округтік адвокаттар алқасының мүшесі қызметін атқарады, бұдан да қудаланып, Жамбыл облысы, Шу ауданындағы Новотроицк селосына келіп, ғылыми шығармашылық жұмыспен айналысады. 1930 жылы Ж.Ақбаев басқа да Алаш қайраткерлері сияқты зобалаңға түсіп, 1932 жылы Ресейдің Воронеж облысына жер аударылады. Ауыр жұмыс, жан төзгісіз азаптан өлім халіне жеткен Жақыпты 1934 жылы елге қайтарғанмен, ол сол жылдың 4 шілдесінде Алматыда қайтыс болады. Жақып Ақбаев бүкіл саналы ғұмырын Алаш алыптарымен қатар жүріп, Алаш партиясын, Алашорда үкіметін, Қазақ автономиясын құруға арнады. Сонымен бірге ұлт мүддесі жолында қолынан қаламынан да тастамай, шығармашылық жұмысты да қатар ұстады.

Авторлық сілтеме:
Зайкенова Р. ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиеті Оқулық. – Алматы: Қыздар университетінің баспасы, 2014. – бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *