«Сөз» жеке тұрғанда күш-қуатсыз, қарапайым, ал алдына «жанды», «асыл», «қастерлі» немесе соңына «қадірлі», «маржан», «қасиетті» дегендерді қосып айтып көріңізші, мән-мағынасы күшейіп, жанданып кетеді. Бір сөз бір сөзге демеу, бір сөзді бір сөз жетелейді, бір сөзді бір сөз кестелейді, еркелетеді, айшықтайды. Керісінше алды-артына «жаман», «жалған», «лас» дегендерді қоссаңыз, сөз қадірі кеміп, сүмірейіп қалады. Бір сөз бір сөзге жау, бір сөзді бір сөз жоққа шығарып, кемітеді, келемеж етеді. Кез келген сөздің тагдырын шешетін алдындағы сөз бен соңындағы сөз. Сөздер де адамдар сияқты, сыйласатындары да, сиыспайтындары да бар. Осы айтылгандарды Ғ. Мүсірепов бір сөйлемге сыйдырып «Адамга адам, сөзге сөз жарығын да, көлеңкесін де түсіріп тұрады» дейді. Афоризм дегеніміз, міне, осы!

Афоризм деп — философиялық зердеміздің көкжиегін кеңіте түсетін әрі ұлттық рухани болысымызды тереңірек танып-білуге мүмкіндік беретін энциклопедиялық жинақтардың бірі.

Афоризм — көне грек тілі, «бүтіннің шағын бір бөлшегі», «фрагмент», «қысқаша анықтама» деген ұғымды береді екен. Афоризм — ұшқыр ой ұшқыны, аз сөзге көп мағына сыйдырып, өмірден түйген ой-пікіріңді, тәжірибеңді асырып айтпай, нақтылап, дәл, қысқа жеткізу. Афоризм — авторы бар, мақал-мәтелге жатпайтын жеке жанр.

«Афористиканың өміршеңдігі оның танымдық ерекшеліктеріне байланысты, — дейді Е. Шаймерденұлы. — ол белгілі бір рәміз, символ немесе нышандық белгі тәрізді, әлдебір уақыт желісіне көгенделіп қалмайтын еркіндігімен құнды. Афористика — өткен ұрпақтардың өмір тәжірибесін, мәдени және өркениеттік ой-қазынасын жоғалтып алмай, жаңғыртып, келер ұрпақ кәдесіне жаратуға мүмкіндік беретін бірден-бір тиімді тәсіл, ақыл-ой диалектикасының алтын көпірінің бірі».

Шындығында да Ыбырай Алтынсарин шығармаларында да афоризмге тән кестелеген нақыл сөз, авторлық тұжырым, шағын философиялық ой, тәжірибелік түйін, логикалық қисын, әлеуметтік-саяси, моральдік- эстетикалық көзқарас жиі ұшырасады. Сондықтан да біз ұлы ағартушы шығармаларын тағы да бір сүзіп оқып, афоризмге жатады-ау деген ой-ұшқындарын назарларыңызға ұсынып отырмыз:

Мал — дәулеттің байлығы
Бір жұтасаң жоқ болар.
Оқымыстының байлығы
Күннен -күнге көп болар.


Надандықтың белгісі-
Еш ақылға жарымас.
Жайылып жүрген айуандай,
Ақ-қараны танымас.


Білмегенді білуге
Есті бала тырысқан,
Есер бала ұрысқан.


Ата-анаң қартайса,
Тіреу болар бұл оқу.
Қартайғанда мал тайса,
Сүйеу болар бұл оқу.


Хан болсын, хакім болсын, бұлай болса,
Бір адым мен біреуден кеммін деме.


Адам жоқ сыйласатын амандыкта,
Досың жоқ ат салысар жамандықта.
Ағадан-мейір, ініден қайыр кетті,
Айналып дүние жүзі арамдыққа.


Мектеп — қазақтарға білім берудің басты құралы…
Біздің барлық үмітіміз, қазақ халқының келешегі осы, тек осы мектептер.