XVIII-XXI ғ. Ресей мәдениеті

Ресей мәдениетінің құрылуы мен дамуының негіздері. X-XІІІ ғасырлардағы Ресей мәдениеті православиемен тығыз байланысты. XVIII ғасырда Ресейде елеулі мәдени жаңарулар жүзеге асты, бұл орыс қоғамының елеулі артықшылығы бар сословиелеріне де қатысты болды. Орыс мәдениетінің дамуына І Петр реформаларының ықпалын қарастыру кезінде ол орыс мәдениетінің органикалық біртұтастығын бұзғанын айта кеткен жөн. Оны жүзеге асыруда кемшіліктер мен асыра сілтеушіліктер болмай қойған жоқ. Сонымен қатар олар іс жүзінде қажет те болды. І Петр кезінде зайырлы білім мен ғылымның жүйесі қалыптасты, оқу орындары ашылды, алғашқы мемлекеттік кітапхананың, Ғылым академиясының негізі қаланды. Петрдің реформалардының ең басты маңызы, олар діни идеологияның әлсіреуіне, зайырлы, ғылыми және ұтымды бастауларды күшейтуге, еуропалық елдермен байланыс орнатуға, батыстық рационализм идеяларының, гуманизм мен Ағартушылықтың енуіне жәрдемдесті. Сондықтан XVIII ғасырдағы Ресей мәдениетінің ерекше қыры — оның зайырлық сипаты. Ресейде, басқа да еуропалық елдердегі сияқты, феодализмнен капитализмге өтпелі кезең Ағартушылық идеологиясын дүниеге келтірді. Ағартушылық абсолютизм кезеңіне император ІІ Екатеринаның билік еткен кезеңі жатады. Еуропалық ағартушылар идеясының негізінде Екатеринада мемлекеттің гүлденуі үшін не істеу керектігі туралы белгілі бір ұғым қалыптасты.

Ағартушылық абсолютизм саясатының басты сипаты, көптеген зерттеушілер көрсеткеніндей, монархтардың өзінің елдерінде саяси қондырманы жетілдіру арқылы әлеуметтік қайшылықтардың деңгейін әлсіретуге деген ұмтылыс болды.

ХІХ ғасырда Ресейдің әлемдік мәдениет үдерісіндегі рөлі өзгерді: егер XVIII ғасырда Батыс Еуропа Ресей императорларының күш салуы арқасында Ресейдің бар екендігін білген болса, ал ХІХ ғасырда Ресей әлемдік тарих пен мәдениетте басты орынды иеленді. Осы ғасырдан бастап Ресей әлемдік тарих пен мәдениеттің барлық оқиғаларына қатысады. Сонымен, Ресей біртіндеп алдыңғы қатарлы еуропралық державаға айнала бастады, оның экономикалық және әскери әлеуеті ең жоғары деңгейде дамыды деген елдерден кем түсе қойған жоқ. Сонымен қатар Еуропаның капиталистік рельске өтуінде мұндай теңдікті крепостнойлық Ресейдің ұзақ уақыт бойы ұстап тұруы қиынға соқты.

ХІХ ғасырдағы Ресейдің экономикалық, саяси дамуына назар аудара отырып, оның батыс елдерінен кейбір артта қалушылығын айта кету керек және ХІХ ғасырдағы мәдениеттің дамуын айқындаған маңызды оқиғалар мен құбылыстарды айқындау қажет: 1812 жылғы Отан соғысы, 1825 жылғы декабристер көтерілісі, 1861 жылғы крепостнойлық құқықты жою. ХІХ ғасырдағы мәдениет дамуының ерекшеліктерін тереңірек түсіну үшін сол кезеңдегі орыстық ойпайымдаудың екі маңызды бағытын — батыстық пен славянофильдікті – қарастырған жөн. Міне, осы ХІХ ғасыр орыс әдебиеті мен музыкасы, театры, сурет өнері қарыштап дамыған ғасыр болды.

XVIII-XIX ғасырларда Ресей өнері еуропалық стильді қабылдай отырып (барокко, рококо, классикалық) жаңарды. Орыс тілі мен өлең құрылысын реформалау В.К.Тредиаковский және М.В.Ломоносов есімдерімен байланысты. В.К.Тредиаковскидің шығармашылығы В.А.Жуковскийдің, А.А.Дельвигтің, Н.И.Гнедичтің поэзиясына әсерін тигізді. XVIII ғасырда әдебиетте классика үстемдік етті (А.П.Сумароков, Д.Фонвизин, А.Д.Кантемир және т.б.). Г.Р.Державин реализмнің принциптеріне сүйенді.

Н.М.Карамзинің шығармашылығы Ресейде XVIII ғасырдың аяғында сентиментализмнің пайда болуымен байланысты. ХІХ ғасырды орыс әдебиетінің «алтын ғасыры» деп атайды. Осы ғасырдың 30-шы жылдары орыс әдебиетінде реализм орнықты, оның қалыптасуына А.С.Грибоедов пен И.А.Крыловтың шығармашылығы әсер етті. Әдебиетте А.С.Пушкиннің, М.Ю.Лермонтовтың, Н.В.Гогольдің, И.С.Тургеновтің, И.А.Гончаровтың, Ф.М.Достоевскийдің, Л.Н.Толстойдың, А.П.Чеховтың есімдері шықты. Орыстың сыни реализміне әлеуметтік проблемаларға аса мән берген өмір құбылыстарын кеңінен қамту тән.

XVIII ғасыр – орыс кескіндеу (живопись) өнерінің, әсіресе портреттік живописьтің гүлдену ғасыры. Портреттік жанрдың негізін салушылар А.М.Матвеев және И.Н.Никитин болып табылады. Сурет өнерінде классика, романтизм және реализм тәрізді әртүрлі стильдердің өзара ықпалы көрініс тапты (Ф.С.Рокотов, Д.Г.Левицкий, В.Бороковиковский, К.Брюллов, А.Иванов, П.Федотов және т.б.).

ХІХ ғасырдың орыс сурет өнеріндегі романтизм өкілдері О.А.Кипренский мен С.Ф.Щедрин болып табылады. «Жылжымалы көркемөнер көрмелерінің серіктестігі» пайда болды (И.Н.Крамской, И.Е.Репин, Н.Левитан және т.б.). В.Серовтың, К.Коровиннің шығармаларында импрессионизмнің мүмкіндігін ашу қолданылды.

Көрнекті суретші-реалистер қатарында И.Н.Крамский, В.М.Васнецов, В.Г.Перов, П.А.Федотов, А.К.Саврасов, И.И.Шишкин есімдерін атауға болады. Орыстың сәулет өнері дамуын жалғастырды (классика, ампир, барокко, модерн), онда батыстың ықпалы неғұрлым күшті сезілді. XVIII ғасырдағы архитектурада орыс классикасының өкілдері И.Е.Старов, Д.Кваренги, В.И.Бажов, М.Ф.Казаков болып табылады. Орыс бароккосы Д.Трезини және В.В.Растрелли шығармашылығында айқын көрініс тапты. XVIII ғасырда Ресейде скульптура қанат жайды. Әр қалаларда театрлар ашылды, онда мәдени өмір бұрынғыдан мәнді бола бастады. ХІХ ғасырдағы орыс театрының гүлденуі А.Н.Островскийдің есімімен байланысты. Жаңа құралдар жасалды және кеңінен таралды. Шіркеу-өлең айту, хор музыкасы дамуын жалғастырды, жаңа музыкалық жанрлар пайда болды. ХІХ ғасырдың бірінші жартысында орыс музыкасы романс болып табылады (А.А.Алябьев, П.П.Булахов, А.Е.Варламов, А.Л.Гурилев, А.Н.Вертинский). «Қуатты үйірме» (М.А.Балакирев, А.П.Бородин, Ц.А.Кюи, М.П.Мусоргский, Н.А. Римский-Корсаков) шығармашылық бірлестігі өзіндік ерекшелігі бар шығармалар жасауға, халық музыкасына сүйенуге мән берді. Музыкалық өнер кеңінен таралды.

ХІХ ғасырдың аяғында және ХХ ғасырдың басы орыс мәдениетінің «күміс ғасыры» атанды, оның ең маңызды құбылыстарының бірі орыс модернизмі болып табылады. Осы кезеңде Ресейде символизм ағымы қалыптасты (Д.С.Мережковский, В.Я.Брюсов, К.Д.Бальмонт, А.А.Блок, А.Белый, В.И.Иванов). Акмеизмнің өкілдері Н.С.Гумилев, О.Э.Мандельштам, А.А.Ахматова болып табылады. Күміс ғасыр поэзиясына М.И.Цветаева, С.А.Есенин, Б.Л.Пастернак есімдері жатады. ХХ ғасырдың бас кезіндегі орыс авангарды күрделі, әртекті және қарама-қайшылықты бағытты ұстанды (В.В.Кандинский, М.З.Шагал, П.Н.Филонова, В.Хлебников және т.б.).

Ресейдің кеңестік кезеңдегі және қазіргі заманғы мәдениеті

Кеңес кезеңінің мәдениеті 70 жылдан астам уақыт бойына созылды. Қазан революциясы өзінің соңғы кездері әртүрлі бағалануына қарамастан ХХ ғасырдың басты оқиғаларының бірі болып табылады, ол Ресей тарихына және әлемдік тарихи үдеріске өзіндік зор ықпал етті. Кеңес кезеңінің мәдениеті көп қырлы және қарама-қайшылықты үдеріс. Кеңес кезеңі мәдениетінің проблемасы, тарих тәрізді, саяси даулардың, идеологиялық пікірталастардың пәні болып қалуда. Бүгінгі таңда оған әділ баға бере қою өте күрделі болып табылады.

Бұл орайда кемінде бағалаудың екі қарама-қарсы көзқарасы бар. Біріншісі: кеңес кезеңінің мәдениеті – тоталитарлық қоғамның өте ықшамдалған, қарапайым деуге болатын мәдениеті. Екіншісі: бұл әлемдік тәжірибеде мәдениет саясатының қарқыны мен нәтижесі жағынан баламасы жоқ, ұлттық мәдениеттердің жоғары деңгейде дамыған, мемлекет пен халықтың бірлігін көрсететін бірегей құбылыс.

Кеңес кезеңінің мәдениетін қоғамдық өмірдің нақты қарамақарсылықтарында, нақты-тарихи, пайымдалған, жөнсіз бағалаулар мен үстірт қорытынды жасаусыз қарастыру керек. 1917 жылы Қазан революциясының жеңісінен кейін асыра сілтеушіліктері мен кемшіліктері бар жаңа мәдениеттің құрылысы басталды. Бір жағынан, КСРО ғылымды дамытуда неғұрлым жоғары табыстарға қол жеткізді (алғашқы спутникті ұшыру, бірінші атом станциясының құрылысы, лазерді ойлап табу және т.б), елде білім берудің тиімді жүйесі құрылды. Соғыстан кейінгі жылдары – бұл кезде математика мен химия, электроника мен астрономия, ракета жасау мен радиофизика, бірінші класты авиация мен атом қаруын жасау қарқынды дамыды. Көптеген кеңес ғалымдарының дүниежүзіне даңқы таралды (Н.Е.Жуковский, С.В.Лебедев, С.А.Чаплыгин, А.Ф.Иоффе, Н.Семенов, Л.Ландау, Г.Басов, А.Прохоров, С.Королев және т.б.).

1957 жылы Жердің жасанды спутнигі ұшырылды және 1961 жылы 12 сәуірде Ю.Гагарин тұңғыш рет ұшты. Екінші жағынан, кеңестік, социалистік мәдениет атеистік, идеологияландырылған, таптық сипат алды. Біртұтас кеңестік мәдениетті құруда КСРО-ның барлық халықтары қатысқандығын атап айтқан жөн. Кеңес кезеңіндегі мәдениет дамуының негізгі сатыларын қарастыру қажет.

Социалистік реализм — сол кезеңнің көркемдік әдісі. Соцреализм әдебиеті мен өнерінің классиктері М.Горький, В.Маяковский, М.Шолохов, С.Эйзенштейн, А.Дейнека болып табылады. Бұл әдіс суреткерлерге ақиқаттың революциялық жаңаруын, «жағымды кейіпкердің» образын сомдауға мүмкіндік берді. Бірақ тәжірибе партиялық тәртіптің шеңберінен шығып кетті, әдебиет пен өнердің тамаша, көрнекті, маңызды шығармалары дүниеге келді (И.Дунаевский, Д.Шостакович, А.Хачатурян, А.Толстой, К.Симонов, К.Паустовский, Р.Гамзатов, А.Гайдар, А.Шилов, О.Бергольц, Б.Полевой, М.Фрадкин, С.Маршак, К.Чуковский, С.Михалков, А.Барто, Л.Кассиль, Ю.Олеша, Е.Евтушенко, А.Вознесенский, Р.Рождественский, Б.Ахмадулина, Ф.Абрамов, В.Астафьев, М.Аникушин, В.Клыков, Ч.Айтматов, В.Шукшин, В.Распутин және т.б.). Соғыстан кейінгі жылдары кино, мен театр дамыды, жаңадан аренаға шыққан режиссерлердің, сценаристердің, актерлердің есімдері танылды (В.Розов, М.Калатозов, Г.Чухрай, С.Бондарчук, А.Тарковский, О.Ефремов, А.Эфрос, Ю.Любимов және т.б.). Авторлық ән жоғары нәтижеге қол жеткізді (В.Высоцкий, Б.Окуджава, А.Галич). Кеңесі өкіметі өзінің өмір сүруінің алғашқы күнінен бастап өзге пікірлі адамдармен күресті. Мәселен, 1922 жылы орыс ғылымы мен өнерінің 200-ден астам көрнекті өкілдері шетелге кетті, оның ішінде Н.Бердяев, П.Сорокин, С.Булгаков бар еді. Олар елге қайта орала алмады, өйткені, сол кездегі РСФСР ҚК-нің 71-бабы бойынша отанына өз бетімен оралатын адамға ең жоғарғы жаза берілетін. Ф.Шаляпин, С.Рахманинов, И.Бунин, К.Коровин де өз Отанынан сырт қалды. Ұлы Отан соғысынан кейін экономика, білім, ғылым, әдебиет дамуымен қатар, қоғамның барлық саласына партиялық және идеологиялық ықпал бұрынғыдан да күшейді. Партия тарих және тілтану, экономика, философия, математика және басқа ғылымдарда бірден-бірі заң шығарушы ретінде әрекет етті, олардың кейбірін буржуазиялық деп айыптағаны да белгілі. Мұндай орынсыз араласу механика, кибернетика, генетика, психологиялық талдау және басқа ғылым салаларын да қамтыды. Партияның шешімдері барлық шаруашылық, мемлекеттік, ғылыми және мәдени-ағартушылық органдар мен қызметкерлер үшін міндетті болды. Басшылықтың әкімшілік-әміршілдік әдістері кеңінен таралды. СОКП-ның ғылым, әдебиет және мәдениет жөніндегі бірқатар қаулыларында белгілі бір басылымдар, шығармалар, сондай-ақ саяси және ұйымдастыруға қатысты көзқарастары үшін мәдениеттің жекелеген қайраткерлері қатаң сынға ұшырады (А.Ахматова, М.Зощенко, С.Прокофьев, Д.Шостакович, М.Булгаков және т.б.). 1974 жылы А.Солженицынды тұтқындады және оған азаматтықтан айыру және елден аластату туралы Жарлықты оқыды. Билік басқаларға қатысты да сондай шараны қолданды, сөйтіп, олар да елден амалсыз кетуге мәжбүр болды. Олардың ішінде И.Бродский, Ж.Медведев, А.Синявский, В.Некрасов, В.Войнович, Лев Копелев, Э.Неизвестный болатын.

Студент аталған тақырыпты оқып-үйрене отырып, Ресей мәдениетінің еуразиялық сипатына, ресейлік мәдениеттің қазіргі заманғы мәдени үдерістегі орнына назар аударуы тиіс.

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

1. Актуальные проблемы культуры ХХ века. — М., 1993.
2. Антология культурологической мысли // С.П. Мамонтов, А.С.Мамонтов – М., 1996.
3. Балакина Т.И. История русской культуры. — М.: 1988.
4. Ғабитов Т. Мәдениеттану. – Алматы, 2001. 5. Ғабитов Т. Мәдениеттану негіздері. – Алматы, 2003.
6. Гумилев Л.П. Ритмы Евразии: эпохи и цивилизации. М., 1993.
7.Мәдени-философиялық энциклопедиялық сөздік // Ғабитов Т., Кұлсариева А. — Алматы, 2004.
8. Ғабитов Т., Мүтәлипов Ж., Кұлсариева А. Мәдениеттану. – Алматы, 2001.
9. Ғабитов Т. Мәдениеттануға кіріспе. – Алматы, 1996.
10. Жирмунский В. М. Фольклор Запада и Востока. Сравнительноисторические очерки. — М., 2006.
11. Ильина Т.В. История искусств. Отечественное искусство. – М. 1994.
12. История всемирной литературы: В 9 т. — М., 1983-1991.
13. История зарубежной литературы ХХ века: 1917-1945. — М., 1984.
14. Кондаков И.В. Культура России. — М., 1999.
15. Культура России IX-XX // под ред. Шульгина Е.В. и др. – М., 1996.
16. Культурология. Краткий тематический словарь. — Ростов Н/Д, 2001.

Басқа да ұқсас мәліметтер

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *