Жаңа замандағы адамтанушы субъект ретінде таным объектісі – табиғатқа қарсы қойылды. Адамның табиғатты бағындыруы, одан пайда алуы дəріптелді. Пайда – жаңа заман табынатын идол, ғылым мен техника – оның абыздары саналды. XVII ғасыр – буржуазиялық өндіріс тəсілінің қалыптасуының бастапқы кезеңі, Европа мемлекеттерінің өміріндегі қайшылықты, күрделі кезең болды: ерте буржуазиялық революциялар (Нидерланды 1566-1609), Англия (1640-1688) жəне абсолюттік монархиялардың гүлдену (Францияда – «XIV Людовик ғасыры») жəне ғылыми революция жəне Контрреформацияның қорытынды кезеңі.

XVII ғасырда Европада мануфактуралық өнеркəсіп қалыптасып, бұрынғы қолөнер шеберханаларына қарағанда, ірі өндіріс болып, еңбек бөлінісі кооперациясына негізделді. Қол еңбегін жəне жалдамалы еңбекті пайдаланатын шаруашылық жаңа түрлері (мануфактуралар), əйнек, қант, қағаз, шұға, жібек, тоқыма өндірісінде қалыптасып, Нидерланды, Англия, Францияда дамыды. Негізгі энергия көздері су мен жел болса да, ғасыр басынан көмір пайдаланылды. Кітап басуда, ақша шығаруда техникалық жаңалық – винттік пресс қолданылды. Тау-кен өндірісі, əскери техника дамыды. Сағат механизмі, оның негізінде серіппелі, маятниктік сағаттар шықты. Мануфактурамен қатар Европада қор жəне тауар биржалары, банк құрылып, жəрмеңкелер мен базарлардың рөлі артты.

Ауыл шаруашылығы (мұнда еуропалықтардың оннан тоғызы еңбек етті) да нарықтық қатынастарға тартылып, жер сатып алу жəне сату объектісі болды. Отар елдерінің байлығы еуропалық сауда айналымына түсіп, оларды қанаудың орасан зор деңгейі мемлекеттер арасындағы XVII-XVIII ғғ. сауда соғыстарына əсер етті. Əлеуметтік құрылым өзгеріп, жерінен айырылған шаруалардың бір бөлігі қаңғыбас болса, қалғандары арендаторларға; бұрынғы қолөнершілер мануфактуралардың жалдамалы жұмысшыларына айналды. Дворяндардың бір бөлігі буржуазияға айналды. Англияда «қоршау саясаты» деген атаумен жүргізілген шаруалардан жерді тартып алу үдерісі нəтижесінде село буржуазиясы: жаңа дворяндар жəне фермерлер қалыптасты. Буржуазия табы жедел өсіп, экономика мен саясаттағы позицияларын нығайтты. Осылайша капиталистік қатынастар ішкі нарық пен əлемдік саудада берік орнықты. Ғылыми революция адам ақыл-ойының мүмкіндіктерін жəне танымдық бастауларды жаңаша бағалауға негізделді.

Р. Декарттың (1596-1650) «Əдіс туралы толғаулары» адам санасын дүниені танудың басты қаруы етіп жариялады. Ф. Бэкон (1561-1626) білімнің зор күш екенін, ал оның бастау көзі – құдай сөзі емес, тəжірибе, құндылығы – əкелетін пайдасы екендігін негіздеді. Ғылыми танымның маңызды əдістері ретінде тəжірибенің маңызын (Галилей, Бэкон, Ньютон) сияқты ғалымдар, Декарт ұсынған механикалық модель дəлелдеді. А. Левенгуктың (1632-1723) микроскобы тірі организмдер құрылымын зерттеуге мүмкіндік берсе, телескоп арқылы Г. Галилей (1564-1642) мен И. Кеплер (1571-1630) Коперниктің гелиоцентристік ілімін дамытып, планеталар қозғалысының заңдарын ашты.

Галилей Айдағы вулкандар мен кратерлерді, Юпитер серігін көру мүмкіндігіне ие болды. Құс жолы галактикадағы сансыз жұлдыздар шоғыры түрінде көрініс беріп, Дж. Бруноның кеңістіктегі шектеусіз əлемдер туралы пікірінің дұрыстығын дəлелдеді. Осы үшін Галилей «Аспан Колумбы» даңқына ие болып, дүние туралы библиялық түсінікке соққы берді. Галилей, Торичелли, Бойль, Декарт, Паскаль, Лейбниц жəне басқалардың механикасы аристотельдік физикаға негізделген ортағасырлық табиғат туралы түсініктерді жоққа шығарды.

И. Ньютонның (1643-1727) математикалық зерттеулері шыңына жетті. Оптика саласындағы Ньютон жаңалықтары жарықты кері қайтаратын орасан зор телескоп жасауға мүмкіндік берді. Ньютон, Лейбницпен қатар, одан тəуелсіз жағдайда дифференциалдық жəне интегралдық санау жүйесін ашып, физикадағы маңызды заңдарды жасақтады. Ньютонға дейін ғалым Рене Декарт – механика, алгебра, аналитикалық геометрияны дамытты. Физиологиямен айналысып, қан айналудыңмаңызын түсіндірді. Оптика заңдарын тереңмеңгеріп, жарықтың сынуын ашты. Декарт жаратылыстық жəне философия ғылымдарының даналарының бірі болды.

Б. Паскаль (1623-1662) Э. Торичеллидің (1608-1647) болжамына сүйеніп, атмосфералық қысымды ашты. Паскаль, Ферм жəне Гюйгенс зерттеулерінде ықтималдық теориясы жасақталды. Гарвей (1578-1657) қан айналу құпиясын ашып, ондағы жүректің рөлін негіздеді, адам өмірінің пайда болу құпиясын ашуға жақындады. Осы жаңалықтар ғылыми революция жасап, Əлемнің жаңа бейнесі жасалды.

Геоцентристік космос түсінігі жойылып, Жер əлемдегі орнын бекітті. Нəтижесінде, Əлем Құдайдың нұсқауымен емес, механикалық заңдармен басқарылатын материяның эволюциясының нəтижесі ретінде қарастырылды. Осы жетістіктер негізінде қалыптасқан табиғат туралы ғылым сипаты «картезиандық» деп аталды. Бұл шартты атау болды. Өйткені ғылымның идеалы туралы Декарт, Галилей, Гоббс, Бэкон, Спиноза, Ньютон, Лейбниц, т.б. да жазды. Ғылымның картезиандық сипаты математикалық жəне механикалық модельдерге бағытталған жаратылыстық ғылымдардағы жетістіктер негізінде қалыптасып, əлеуметтік өмірді түсіндіруге де қолданылды. Ғылымның бұл идеалы бойынша адам табиғатты ақыл-ой, санасы бойынша тани алады. Таным процесінде сандық, эксперименттік əдістер қолданылады. Жаратылыстық ғылымдардағы жаңалықтар қоғамдық ойға əсер етіп, бұл салада да жаңаша тұжырымдар жасалды. Гуго Гроций (1583-1645 жылдары) – нидерландық тарихшы, қоғам қайраткері, құқық жəне қоғамдық келісім, жаратылыстық теорияларының авторы. «Қоғамдық келісім» теориясы – мемлекет пен адамдар арасындағы келісім арқылы пайда болуы туралы идеалистік ілім.

Нидерланды XVII ғасырда ең дамыған капиталистік мемлекет болды. Испан королінің үстемдігіне қарсы революциялық күрестің жеңісі нəтижесінде тəуелсіздікке қолжетіп, алып буржуазиялық республика құрылды. Нидерландыда билікке келген буржуазия мен дворяндар арасындағы кальвинистік секталардың күресіне қатысқан Гуго Гроций қарсыластарынан жеңіліп, Францияға эмиграцияға кетуге мəжбүр болды. Ғылыми мəселелермен айналысқан Гроций өзінің саяси құқықтық теориясын жасақтады. Оның ілімінің бастаулары: адам табиғаты, адамдардың əлеуметтік сипаты, жаратылыстық құқық пен адам еркімен бекітілген құқықтың айырмашылығы. Жаратылыстық құқықтың негізі адам санасы, ақылы, ол арқылы адам өзге адамдармен байыппен, саналы түрде сөйлесе алады. Гуго Гроций осы негізде жаратылыстық құқықтың: өзгенің құқығына тиіспеу, өзгенің затын алмау, қайтарып беру, одан көрген пайдасын қайтару, уəдеде тұру, міндеті, зиянның ақысын қайтару, жазалау сияқты ережелерін айқындайды.

Қоғамның игілігін Гуго Гроцийдің пікірінше, оның əрбір мүшесі пайдалана алады. Жаратылыстық кезеңде мемлекет те, жекеменшік те болмаған. Кейін адамдар мемлекет құруға келісімжасаған. Мемлекеттің келісім негізінде пайда болғандығы туралы теория билікті «құдай бекітті» деген феодалдық концепцияға соққы болды. Алғашында адамдар мемлекетке құдайдың нұсқауымен емес, өз еркімен жекелеген отбасылардың күш көрсетуге қарсылық көрсете алмауынан біріккен, азаматтық билік осылайша пайда болған.

Гроций мемлекетке «ерікті адамдардың құқық пен ортақ пайда үшін жасаған одағы» деген анықтама береді. Мемлекеттің белгісі – жоғары биліктің болуы, ол діни жəне зайырлы заңдар шығарып, сот ісін, лауазымға тағайындау, салық жинау, соғыс пен бейбітшілік мəселелерін шешу, халықаралық келісімдер жасау қызметтерін негіздейді. Мемлекет құруда халық оның түрін өзі таңдайды, өйткені келісім, жаратылыстық құқық бойынша орындалуы тиіс. Сондықтан Гуго Гроций қандай да болмасын басқару түрін заңды деп есептейді жəне мемлекетке бағыныштыларды оған қарсылық көрсетуге құқысы жоқ деп көрсетті. Бұл жерде оның көзқарастарына Аристотель мен Цицеронның ықпалы байқалып тұр. Мазмұны жағынан қалыпты саяси ілім нидерланды буржуазиясының мүддесін білдіреді. Бірақ радикалдық антифеодалдық көтерілістерді көрген Гуго Гроций соғысты сынап, бейбітшілікті жақтайды. Егер соғыс басталса, келісімге келіп құқық принциптеріне бағынуы қажет.

Мемлекеттер арасындағы келісімнің бұлжымастығы – халықаралық құқықтың басты принципі болып табылады. Гуго Гроций жасақтаған жаратылыстық құқық жəне қоғамдық келісім теориялары халықаралық сипат алды. Гуго Гроцийдан кейін оны ағылшын Томас Гоббс жасақтады. Ол қоғамдық келісім теориясын корольдің абсолюттік билігін ақтау үшін пайдаланды. Жалпы мемлекеттің келісім негізінде құрылғаны туралы түсініктер ежелгі замандарда пайда болған (б.з.д. қытай философы У.Мети, софистер, Сократ, Эпикур, стоиктер, Полибий, т.б.).

Қоғамдық келісім теориясы ХVII-ХVIII ғасырдағы буржуазияның феодализм мен абсолюттік монархияға қарсы күресі барысында буржуазияның саяси билікке құқығын жан-жақты ғылыми түрде идеологиялық негіздегендер қатарында Гуго Гроций, Томас Гоббс, Барух Спиноза, Джон Локк, Жан-Жак Руссо, т.б. бар. Гуго Гроций жекеменшікке жаратылыстық құқықтың мəңгі екендігін бекітіп, адамдардың экономикалық теңсіздігін заңды құбылыс деп қарастырып, құқық пен мемлекет құдайлық емес, жердегі адамдар арасында болатын құбылыс екенін негіздеді.

XVII ғасырдың ортасында Англиядағы буржуазиялық революцияда ағылшын буржуазиясы жаңа дворяндармен бірлесіп, монархияға, ескі дворяндар мен мемлекеттік шіркеуге қарсы күресті. Буржуазияның саяси мүдделері капиталистік мүдделермен жəне сауда мен өнеркəсіптің даму бағыттарымен орайласқан бөлігі ғана бұл революцияның жеңіске жетуін қалады.

Авторлық сілтеме:
Жұмабаева Ж.К. Дүниежүзілік тарих тарихнамасы (ежелгі замандардан ХХ ғ. дейін). І бөлім. ЖОО тарих мамандығы студенттеріне арналған оқулық. / Алматы: 2014. – 408 б.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *