Әлемдік жүйеде өзге өркениетті халықтар секілді қазақ халқының да алар орны бар. Өйткені, «қазақ» деген этноним соңғы ғасырларда қалыптасқанымен, қазақтардың тарихы үш жарым мыңжылдық уақытқа барып сіңеді. Оның үстіне қазақтардың өзге халықтарды былай қойғанда, өз туыстары – түркі тектес халықтардан өзгешеленетін ерекшеліктері бар. Бұл – құқықтық жүйесі. Егер әдет-ғұрып құқық жүйесі нағыз демократиялық сипатқа ие болып, әділдік, бостандық, адамгершіліктен туындаған принциптерді ұстанбағанда өзінің қоғамдық құрылысын сақтап қалуы екіталай болар еді. Кешегі патшалық және кеңес өкіметі бұрыннан мызғымай, бұлжымай келе жатқан әдет-ғұрып құқық жүйесінің тамырына балта шауып, іріткі салғаны әмбеге аян.

Қазіргі жаһандану процесі, ірі, озық мемлекеттердің экономикалық қолұшын беруді сылтауратып, рухани мәңгүрт етуге ұмтылулары тарих сахнасынан жоқ болмауды ойлауды қажет етеді. Осындай күрделі тұста, әсіресе, бір формациядан екіншісіне өту барысында ата-баба рухани-мәдени мұраларымен сабақтастықты үзбеуді, рухани-мәдени қазыналарды жасаған біртуар данышпан ұлдарының тәжірибесін пайдалануды қажет етеді. Осы тұрғыдан алғанда Қазыбек бидің де алар орны ерекше.

Қазыбек туып-өскен заман өте күрделі, тіпті қазақ халқының тәуелсіздігінен айырылып қалу қаупі туған, жан-жақтан дұшпандар анталаған кезең еді. Соларға қарсы күш ұйымдастырамын деп ол үшін әуелі қоғам ішіндегі алауыздықтарды жоюға, әсіресе, сұлтандардың өз алдына дербес ел боламын деген жікшілдік идеяларына тойтарыс беру үшін, жастайынан әкесі Жәңгір ханның баулуымен саясаткерлік сыннан өткен Тәуке ханға ел ынтымағын сақтау үшін көп күш жұмсауға тура келді. Өз ағасы Апақ (Апақ бәйбішеден туылған, ал Тәуке Жәңгірдің тоқалы – қалмақ әйелінен туылған) хандық таққа отырмадым деп өкпелеп, Үргенішті билеп тұрған нағашы атасына кетіп қалады. Бұл арада біз Апақтан Абылай, одан Әбілмансұр (Абылай деп аты шыққан) туылғанын оқушыларға ескерте кетеміз.

Ыру-дыру болған елдің басын біріктіру Тәукеге оңайға түспеді. Әсіресе, кіші хандар мен рудың басқарушы сұлтандары мұрша бермеді. Сондықтан Тәуке хан алдымен ел ішіне реформалар жүргізіп, өз билігін күшейтуге тырысты. Алдымен қара халықты, оны басқаратын ақсақалдары мен билерін өзіне тартып, мемлекеттік істерге араластырды. Оқта-текте, қажет кезде шақырылатын «халық мәжілісін», «билер кеңесін» тұрақты шақырып, олармен мемлекеттік мәселелерді, саяси жағдайларды кеңесіп шешіп отырды. Сыртқы жаудың шабуылы жиіленуіне байланысты батырларды да қолдап-қуаттап, кеңеске топтастырды. Нәтижеде ел бірлігі қайта түзеле бастады. Сұлтандардың дербестігі кезінде қоғам ішіндегі келеңсіз жағдайлар, барымта, жесір дауы, жер дауы, ұрлық-қарлық күшейе түскен болатын. Оларды реттеп, жазалар тағайындау үшін жаңа заңдар түзуді билерге тапсырды. Тәуке хан ордасында халыққа аты танымал болған Төле би (Ұлы жүз, үйсіннен), Қазыбек би (Орта жүз, арғыннан) және Әйтеке би (Кіші жүз, алшыннан) тынымсыз қызмет етті. Олар ел-елді аралап, ел көсемдері мен ақсақалдарын ел бірлігін ойлауға, дұшпанға қарсы тұруға, тәуелсіздікті сақтауға үгіттеді. Тәуке хан дұшпандар шабуыл жасайды деген тараптарға батырларды әскери қолдарымен көшіп- қондырып, ел тыныштығын сақтауға тырысты. Көп кеңесу мен жиындардан соң Тәуке хан алға қойған мақсатына жетті. Тәукені ел қадірлеп, құрметтейтін болды. Тәукенің жүргізген құқықтық реформаларын халық қуана қабылдады. Сол секілді Тәуке хан Ресей, Қытай секілді ірі мемлекеттерге елшілер аттандырып, достық, сауда-саттық қатынастарын жасауға ұмтылды [1, 15- 16 бб.]. Орта Азия хандықтарымен бауырластық, туыстық тұрғыдан жақындасуға күш салды. Әрбір тайпа-рулардың көші-қонын қайтадан белгілеп беріп, таңба, ұрандарын бекітті. Сөйтіп, бейбітшілік нұры астындағы жағдай орнатты. «Сей золотой век, о котором воспоминает они со вздохами, есть царствование знаменитого хана Тявке (Тәуке), который если верить преданиям, был действительно в своем роде гений, и в Летописях казачьих должен стоять наряду Солономи и Ликургами. Усмирив волновавшихся долго роды и поколения, он не только ввел в них устройство, порядок, но и дал им многие законы» [2, с. 169-170], – деп А.И. Левшин бұл дәуірдің шын көрінісін жазады.

Мұндай бейбітшілік заманға Тәуке хан халықтың мүддесінен шығуды ойлаған билер арқылы жетті. Нәтижеде «Жеті жарғы» аталынып, бұл заң «Қазақ халқының этникалық болмысымен санасу арқылы, шаруашылық-мәдени типін ескеру арқылы және елдің географиялық орналасу ерекшелігіне орай жасалған мемлекеттің саяси-құқықтық заңы болатын.

«Жеті жарғы» арқылы далалық демократия, дәлірек айтсақ, көшпелілер демократиясы өзінің ұзына тарихында шырқау биікке көтерілді» [3, 37-39 бб.]. «Жеті жарғының» мұндай биікке көтерілінуіне Төле, Қазыбек және Әйтеке билер аз үлес қосқан жоқ. Бұлар алдымен халқына арқа сүйеп, олардың мұң- мұқтажын «Жеті жарғыда» бере білді. Әрі елдің бірлігін нығайтуға нормалар қабылдады. Билер кеңесінің ел ішінде беделі арта түсуіне жол ашты. Мемлекеттегі сот билігін қолдарына алып, билер кеңесі заң шығарушы органға айналды. Сөйтіп, билер мемлекеттің идеологына айналып, жалпы мемлекеттік идеологияны барынша насихаттады. Билер шығарған билігі сот прецедентіне айналып, Төле, Қазыбек және Әйтеке билер сот билігінің негізгі принциптерін қалыптастырды.

Ол принциптерді атайтын болсақ олар – елдің тәуелсіздігін сақтау, адам құқықтарының бұзылмауы, билер сотының тәуелсіздігі, айыпкерге де, жәбірленушіге де теңдей құқық берілуі, әркімнің қатысып, ойын ашық айтуы, әділдіктен аттамауы т.б. Жалпы Тәуке хан құрған мемлекеттілік пен билік жүргізу сипаты әскери-демократиялық сипаттағы әділдік пен адамгершілік принципінде нышан алады. Билер жақсы мен жаманды, обал мен сауапты, ақ пен қараны ажырата алған. Билер кеңесінде қабылданған шешімдер ең жоғары күшке ие болып, қазақ жерінің бәрінде қолданысқа түскен.

Билік өнерге қаршадайынан қызыққан Қазыбектің кемелдене түсуіне өскен ортасының, билік өнердің әсерінің болуының нәтижесі деп білеміз. Балаң кезінің өзінде-ақ ел намысын жыртып, елшілікке араласуы, ханның өзі де Қазыбектен жиі жөн сұрауы, қасында жүрген билердің сөзге шеберлігі Қазыбектің би болып, өсіп-жетілуіне көп жәрдемдесті. Қазыбек Қаз дауысты би атанып, Төле және Әйтекедей даңқты билермен тізе қосыса отырып «Жеті жарғы» заңдарын түзіп, жүзеге асырды. Қазыбек әрдайым өздері түзген «Жеті жарғыға» сүйеніп жер дауын, жесір дауын, мал-мүлік дауын, құн дауын шешіп отырған. Әрбір шешкен дауы ешкімді ренжітпей, қайта өзгелерге үлгі болған.

Еліміз тәуелсіздігін алып, егеменді мемлекет болғалы халқымыздың еңсесі көтеріліп, рухани-мәдени тұрғыдан қайта жаңғыра бастады. Зерттеушілеріміз батыл түрде өткенімізді зерттеп, ата-бабамыздың рухани-мәдени мұраларын ұлағаттауға кірісті. Осы зерттеу де сондай үрдістен туып отыр. Оның үстіне мемлекетіміз үнемі өткен тарихымызға мән беріп, оны ұрпақтар бойына сіңіруді мақсат етіп отыр. Оның дәлелі ретінде «Мәдени мұра» деп аталған мемлекеттік бағдарламаны айтсақ та болады.

Қазіргі кезде қазақтың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, тілі, діні, тарихы ең өзекті мәселелерге айналып, бұған мемлекетіміз де ерекше көңіл бөлуде. Өйткені, сан ғасырлар бойы өзінің елдігін жоғалтпаған, әлемдік жұртшылықты таңдандыратын құқық жүйесін жасаған қазақ халқы үлкен дағдарысты басынан өткізіп жатыр. Бұл дағдарыстан тек ата-бабамыздың бізге қасиеттеп мұра етіп қалдырған қазыналары ғана алып шығады. Ол мұраларды қазақ жерінде ауысып отырған үлкенді-кішілі мемлекеттік құрылымдар өздерінің әдет-ғұрып құқық жүйесінде, әділеттік, бостандық еркіндік идеяларын қалыптастырған болатын. Қазақ құқығының қайнар көзі сөйтіп көне дәуірлерден бастау алып, кейін Шыңғыс ханның ақылгөй кеңесшісі Майқы би жүйелеген. Содан болса керек «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би» деген даналық сөз халық жадында сақталған. Одан кейінгі дәуірде қазақ әдет-ғұрып құқығының жүйеленген қайнар көздерін Қасым хан, Есім хан және Тәуке хандар дамытты. Олардан басқа хан жарлықтары, билердің бітім-шешімдері, исламдық шариат заңдары да қазақ құқығының ілгері дамуына игі әсер етті. Сондықтан қазақ құқығындағы жауапкершілік пен жаза түрлері өте көп, әр алуан. Алайда, оларды пайымдап қарасаңыз онда логикалық шешім, адамгершілік, имандылық сипаттар таңдандырады. Мұндай құқықтық жүйе қызмет етіп тұрғанда жантүршігерлік азаптап, қол-аяғын сындыру, түрмелер мен зындандар, үйлеріне құлыптар қажет те болмаған. Бір айта кетерлік жайт, осыншама қасиеттерді бойына сіңірген құқықтық жүйеден түркі тектес халықтардың көпшілігі ажырап қалды немесе оның күшін әлсіретіп алды. Ал қазақ халқы бұл әдет-ғұрып құқық жүйесін күнделікті тұрмыс-тіршілігінде бекітіп, дамыта түсті. Әртүрлі өзгерістер мен төңкерістер қазақ әдет-ғұрып құқық жүйесін өзгерте алмады. Оны біз орыстық құқық жүйесі тарапынан қаншама мәжбүрлеп, айла-тәсілдер жасағанымен, ештеңе шығара алмағанынан көреміз. Сөйтіп, бодандық кездің өзінде де қазақтар өз тұрмыс-салтын, әдет-ғұрпын, мінез-құлқын өзгертпек түгіл, тұрақтылығын сақтап, тұтастығын көрсете алды. ХІХ ғасырдың ортасында жаста болса, шоқтығы биік, терең пайымды Ш. Уәлиханов: «Билер соты 50 жыл бойы орыс саясатының әсеріне қарамастан, бізге дейінгі жүздеген, бәлкім мыңдаған жылдар бұрын қандай болса, сол қалпында қалды» [4, 164 б.], – деп жазды.

ХVІІ ғасырдың аяғы Қазақ хандығын сыннан өткізіп, ауыр саяси- экономикалық жағдайларды басына үйіп-төккен замана болды десек, артық айтпағанымыз. Өйткені осындай ауыр сыннан тек ішкі алауыздық пен тартысты тежеп, сыртқы саяси жағдайларды реттегенде ғана өтуі мүмкін еді. Бұлай ете алмаса ХVІ ғасырдың ортасында дәл осындай ауыр дағдарысқа ұшыраған ноғай ордасы секілді бордай тозып, мемлекеттігінен айырылар еді. Осындай қиын, қазақ халқының тағдыры шешілер сәтте, қазақтарға Тәуке хан болып сайланды. Тәукенің хандық таққа отыруы әлі күнге айқын емес. Оның әкесі Жәңгір хан бүкіл өмірін қазақ жерін жоңғар басқыншыларынан қорғаумен өткізіп, өзі жаумен кезекті бір шайқаста ерлікпен қаза тапқан (1652 ж.), халық оның ерлігін құрметтеп «Салқам Жәңгір» [5, 35 б.] деп атап кеткен. Жәңгір хан туа біткен данышпан, көреген қайраткер және соғыстың әр түрлі айла-тәсілдерін, ұрыстың ерекшеліктерін пайдалана білетін ірі қолбасшы ретінде танылды [6, 8 б.], – деп Жәңгір ханға белгілі заңгер С. Өзбекұлы берген бағаға біздің қосарымыз жоқ. Өйткені, күшті мемлекетке айналған жоңғарлықтар өз әскери күшімен ол кезде қазақтар түгіл Ресей мен Қытай секілді іргелі мемлекеттерге де қауіп төндіріп тұрған болатын.

Жәңгір хан жоңғарлықтардың аса қауіпті екенін терең түсініп, Бұқар хандығымен де, Қытаймен де, Ресеймен де қолынан келгенше тату-тәтті тұруға тырысып елшіліктер арқылы келісімдер жасауға күш салды. Тіпті балалары Абақ пен Тәукені сол елшіліктерге басшы етіп жібереді [7, 259 б.]. Жәңгір хан өзінің (1628-1652) хандық құрған дәуірінде жоңғарлықтармен үш ірі шайқас өткізді: 1635, 1643 және 1652 жылдар ішінде, алғашқы екеуінде қазақтар бет қаратпай, қалмақтарды ығыстырса, ал 1652 жылы қазақтар Жәңгірден айырылады [8, 476 б.]. Біз бұл арада әкесі өлгеннен кейін хандық тақ үлкен ұлы әрі бәйбішеден туылған Абаққа емес, қалмақ әйелінен туылған Тәукеге тигенін, сондықтан Абақ өкпелеп Үргеніштегі хандық етіп тұрған нағашы жұртына кетіп қалғанын, біраз уақыт өткеннен соң Абақтың немересі Абылай (Әбілмансұр) қазаққа хан болғанын жоғарыда ескерткен болатынбыз. Оның себебі мынада: Тәуке 1680 жылы қазаққа хан болған деген дерек тарихымызда қалыптасқан. Сонда Жәңгір 1652 жылы өлсе, Қазақ хандығы 1680 жылға дейін хансыз қалғаны ма? Әкесі Тәукені өте жақсы көріп, кішкентайынан саяси өмірге баулығанын көптеген тарихшыларымыз жазады. Біздіңше, Тәуке 1652 жылдан тақты иеленген. Алайда, ішкі-сыртқы дағдарыстар мен қайшылықтарды жоюмен уақыт өткізіп, тек профессор Н. Өсеров жазғандай, Тәуке 1678 жылы хан болып, үш жүзді уысында ұстаған [9, 11 б.]. Сол үшін көпшілік ғалымдар Тәукені хан деп үш жүзді билеген тұсынан есептейді. Әр жүздің өз ханы болғаны әркімге белгілі. Тәуке де осы мерзімге дейін қазақ жүзінің бірінің ханы болып келгені даусыз.

Тәуке хан берекесі қашқан қазақ хандығын біріктіріп, ішкі және сыртқы саяси дағдарыстарды жойып, Қазақ хандығының мемлекеттігін биік дәрежеге көтеріп, халықаралық деңгейге жеткізуі, оны ірі мемлекеттердің өздеріне мойындату үшін аянбай қызмет етті. Дәлірек айтқанда, Тәуке хан болып үш жүзді билеп, таққа отырған кезінен бастап бірлік болмай, тірлік болмайтынын терең түсінді. Әсіресе, бірліктің шырқын бұзу ел ішіндегі алауыздықтар, оны тудырып-қоздырушылар өз тұқымдары сұлтандар екенін жақсы ұғынды. Қуатты қазақ сұлтандары өздері билеген ұлыстарды жеке дара билеп, дербестенуге бой ұрды. Бұл үш жүз арасындағы байланыстарды тіпті нашарлатып, бір-бірінен оқшаулай бастаған болатын.

Үш жүздің әрқайсысының өз хандары болып, жеке хандық биліктерін жүргізе бастаған еді. Бұл құбылыс күннен-күнге күшейіп, қазақ халқын біріктіріп, ынтымақтарын арттыру орнына, ішкі дағдарыстарды күшейте түсті. Әрине, мұндай жағдайда сыртқы шапқыншылықтан қорғанбақ түгіл, қазақ халқына өз тәуелсіздігінен айырылу қаупі туды. Сол себепті Тәуке ішкі феодалдық алауыздық пен бытыраңқылықты жойып, бір орталыққа бағынған қазақ мемлекетін құруға ұмтылды. Ол үшін ірі-ірі реформалар жасау қажеттілігін сезінді. Сұлтандар басыбайлығын күшейте отырып, қазақтың қара халық өкілдері билер мен батырлардың, феодал шонжарлардың өкілеттігін арттыруға, «билер кеңесінің» рөлін күшейтуге күш салды. Өз ордасында белгілі мерзім ішінде «Хандық кеңесін», «Билер кеңесін» тұрақты түрде өткізіп, мемлекеттіліктің аса маңызды шараларын қарастырды, беделді билерге арқа сүйеп, ақсүйектер мен сұлтандардың рөлін әлсіретуге тырысты. Жүздер мен ұлыстар арасындағы үлкен дау-жанжалдарды билер кеңесінде шешетін етті. Сондықтан да атақты билермен ақылдаса отырып, әдет-ғұрып заңдарын, билер сотының тәжірибесін екшей отырып «Жеті жарғы» деп аталатын ірі заң ескерткішін жинақтады.

Тәуке хан тек қара халық өкілдері – билерге ғана емес, қазақтың батырлары, жыраулары мен шешендеріне, ел көсемдеріне сүйенді. Бұрыннан қолданып келе жатқан ру таңбалары мен ұрандарын сыртқы саяси жағдай себебінен тарыла түскен көші-қонды реттеу үшін қайта анықтап берді. Мұның нәтижелері тез жеміс берді. «Тәуке хан өзінен бұрынғы хандар тұсында ішкі тартыс салдарынан ыдырай бастаған үш жүздің басын бір жерге қосты, жеке-жеке ұлыстарды билеген сұлтандардың даралануына тежеу салып, қазақ хандығының ішкі бірлігін бекемдеуге барлық шараларды қолданып, қазақ хандығын едәуір күшейтті» [10, 261 б.], — деп жазылған қазақтың көне тарихындағы тұжырым жоғарыдағы ойымызды нығайта түседі.

Өйткені, ХVІІ ғасырдың аяғы мен ХVІІІ ғасырдың басы, қазақ халқының, оның мемлекеттігінің баянды болу-болмауына ауыр сын болған кезең еді. Қазақ хандығы, оның жүздері саяси тұрғыда бөлшектене бастаған, саяси берекесіздік пен экономикалық күйзеліс зардабы күшейіп, қоғам ішіндегі шаруашылық байланыстар тіптен әлсіреді, мұны сезе білген жоңғарлықтар шабуылын үсті- үстіне үдете түсіп, сыртқы байланысты, сауда-саттықты күйрете түсті.

Мұндай жағдайды жақсартуға Тәуке хан төмендегі маңызды мәселелерді салиқалы түрде шешу жолымен қол жеткізді.

Біріншіден, ел басқару ісін жақсартуды көздеді: бұрыннан қалыптасып, әбден халықты мезі еткен мемлекетті дәстүрлі басқаруды тәрк етіп, оның орнына халықтың хал-жағдайын жақсы білетін халық өкілдерін мемлекеттік қызметке тартты. Өйткені, көнеден келе жатқан дәстүр – ел басқаруды тек Шыңғыс хан тұқымдары төрелер мен сұлтандар иеленіп келген, яғни бұл дәстүр сұлтандар мен төрелердің ғана маңдайына жазылғандай болып, көбіне олар ақыл мен парасатқа емес, қорқыту мен үстемдік етуге, халықты соған табынуға мәжбүрледі. Тіпті, өздерін ерекше нәсіл санап, өзгелермен некелесу олардың намысын кетіру дегенге дейін апарып соқты. Мұны сезе білген Тәуке хан ақсүйектердің орнына билер мен батырларды хан кеңесіне мүше етті. Нәтижеде «Хан кеңесінде қазақ хандарының ішкі және сыртқы саясатында мемлекеттік мәселелерді шешуде олар, яғни билер маңызды рөл атқарды» [11, 286 б.]. Сөйтіп, мемлекетті басқару жүйесіне «Билер кеңесі» деген атпен жаңа басқару органы енгізілді.

Сонымен «Билер кеңесі» атқарушы билікке ие болды. «Билер кеңесі» шығарған заңдар мен шешімдерді Хан іс жүзіне асырып отырды. Сол секілді Тәуке хан қара халықтың өзіне де көңіл аударып, «Халық кеңесін» шақыруды қолға алды. Бұл жайлы академик С.З. Зиманов: «Тәуке хан үш жүздің өкілдерінен құрған феодалдық кеңес шақырады. Оның тұсында жыл сайын, ал қажет болған жағдайда жылына бірнеше рет айтулылардың бөлігін «Мәслихат» немесе «Кеңес» отырысына шақырады… Көп жағдайда ол ханның билігі мен қызметін шектеу, кеңесте орын тепкен айтулылардың мүдделеріне қайшы келетіндердің кейбіреулерін орындарынан босатуды мақсат етті» [12, 119- 125 бб.] деп, Тәуке өзінің мақсатына қайшы келетін сұлтандардан халық өкілдері қолдап-қуаттауымен шеттетіп отырғанын айтады. Әрине, Тәуке ханның демократиялық сипаттағы басқару жүйелерін енгізгенін бірқатар зерттеушілер мойындайды. Мысалы, Н. Рычков: «Ол ордаларда үкімет көптеген жақтарымен демократиялық сипаттарға ие, кім, қандай руда егделеу болса … соны сайлайды» [13, 229 б.], – деп жазады.

Екіншіден, Тәуке хан сыртқы саяси жағдайлардың кесірінен болған көші- қондарды реттеп, жайылымдық жерлерді қайтадан белгілеп берді. Қазақ қоғамының тұрмыс-тіршілігі төрт түлік малмен, ал мал жермен байланысты өсіп-өнгендіктен, жер негізгі фактор болып, көбіне жерден туған дау- жанжалдар өрбіп отырған еді. Тәуке хан оның алдын алу жағын ойластырып, әрбір руға көшіп-қонатын қыс қыстауын, жаз жайлауын белгілеп беріп, оның бұзылмауын қадағалады. Ендігі жерде көшпелі қазақтар сол белгіленген жерге ғана иелік етіп, сол арада көшіп-қонды. Тәуке жер бөлу саясатында да көрегенділік көрсетіп, жерді ру меншігіне қалдырды, ру ішіндегі көші-қонды сол ру басшыларына табыс етті. Оның үстіне жаугершілік, сыртқы дұшпан қауіптілігін ескере отырып батырлардан ел шетін ала көшіп-қонуды талап етті.

Үшіншіден, ел ішіндегі дау-дамай, алауыздықтарды өрбітетін таластар мен қылмыстарды әділетті шешу үшін «Жеті жарғыны» қабылдады. Әлсіз, қанауға ұшыраған руларды топтастырып, оларды құқықтық жағынан өзгелермен теңестірді [14, 103 б.]. Рас, ақсүйектердің басқарушылық рөлін әлсіреткен Тәуке хан олардың әлеуметтік жағдайларын күшейтіп, олардың өміріне қол сұғушыларға қара халыққа қарағанда жеті есе артық құн және жеңілдіктер қарастырды. Бұл – Тәукенің ақсүйектердің наразылығын шегінен асырмау үшін істеген қадамдарының бірі.

Төртіншіден, елді қорғап, тыныштығын сақтау үшін бар мүмкіндіктерді қарастырып, әскери қабілеттілігін күшейтті. Әрбір қазақ үнемі бес аспап қаруын асынып жүруге бұйырды. Ал, үй жанындағы тұсаулы атын ұрлаушыларға өлім жазасын енгізу жайлы билердің шығарған заңын қолдап санкциялады. Өйткені, атсыз жауынгер сыртқы саяси жағдай қиындығында, тосаттан жау шапқанда қандай күйде болатынын ескерді. Әскери тәртіпті қатаңдатты.

Бесіншіден, Тәуке хан көрші мемлекеттермен тату-тәтті, бейбіт тұруға ұмтылып, үнемі ол елдерге елшілер аттандырды. 1686-1693 жылдар аралығында Ресейге, Қытайға, Орта Азия хандықтарына елшілер жіберді, өзі де олардың елшілерін қабылдаған. Сол секілді қырғыздар мен қарақалпақтарды өз панасына алып, оларға тең, одақтас ретінде қараған.

Сол үшін де халық Тәукені қадірлеп, оны әз-Тәуке деп атаған. Енді Тәуке хан ордасындағы әлеуметтік жағдайларға келсек, қоғам мүшелері бірнеше әлеуметтік топтарға бөлінді. Алдымен қоғам ішіндегі екі топ: ақсүйектер және қарасүйектер деп аталынып, ақсүйектерге төрелер мен қожалар, қарасүйектерге бай, ақсақал, би, бек, қараша, шаруа, бұқара, құл- құтан, жаяшы, күң секілді әлеуметтік топтарға жіктелді. Бұлардың санатына кірмейтін тағы бір әлеуметтік топ төлеңгіттер еді. Төлеңгіттер – негізінен өзге елден ауып келіп, ұзақ уақыт төрелердің қызметшісі ретінде әр түрлі қызметтерді атқарушы (жасауыл, қонақ күтуші, сарбаз, тәртіп сақтаушы, шабарман, т.б.) адамдар. Олар үнемі сұлтандар отбасымен бірге көшіп-қонған. Әр сұлтан қасына ең кемі 50 отбасынан тартып, кейбірінде сұлтан дәрежесіне қарай көбейе түскен.

Ақсүйекке кіретін сұлтандар негізінен Шыңғыс хан әулеттері. Оларды төре деп те атайды. Хан мен сұлтандық тек Шыңғыс тұқымынан болу міндеттелген. Сұлтан иелік етуші, басқарушы, өкілетті адам деген мағынаны береді. Сұлтандардың беделділері әрқашан ұлыстарды басқарған. Хан тек сұлтандар арасынан Шыңғыс ханның тікелей ер әулеттерінен сайланған. Ибн Рузбехан қазақ хандығының әкімшілік-саяси құрылысын сөз еткенде әрбір ұлыс басында сұлтан отыратынын әрі қоластындағы халыққа әскери-саяси билік ете отырып, оларға көші-қон, жайылымдар мен су көздерін белгілеп беру құқығына ие екенін жазған. Сөйтіп, әрбір сұлтан өзіне тиісті қоластындағы адамдары бар саяси және аумақтық маңызға иелік ететін Шыңғыстың тұқымдары болып табылады. Соғыс жағдайында сұлтандар өз ұлысы әскерінің қолбасшысы болады. Жайшылықта өз ұлысын басқарып, алым-салықтар алып отырды. Сұлтандарға қыста «соғым басы», әскеріне азық-түлік, құрал-жабдық, ат міндетті түрде жиналып отырды. Әр түрлі қылмыс дауларда сұлтандарға

жеңілдіктер берілді. Сұлтанды сөзбен балағаттағандарға 9 мал, ұрғандарға 27 мал айып салған. Сұлтандарға алым-салық салынбаған. Қылмысы үшін ешқандай дене жазасына тартылмаған. Тіпті сұлтан істерін би соты қарай алмаған, тек хан қараған. Кездескенде қарасүйек өкілдері атта болса, жерге түсіп, иіліп сұлтандарға сәлем берген, атын атай алмаған, тек әміршім, төрем, тақсыр деп сөзін бастаған. Сұлтандар тек ақ киіз үйге, ақ киіз үстіне отырған. Алдап ақсүйек қыздарына үйленгендер сұлтандарға берілетін ер адам құнын (яғни қарасүйектен 7 есе артық) төлеген.

Сұлтан (төре) әлеуметтік тобына қожалар да енгізілген. Әсіресе, бұл тәртіп Ислам күшейген XIV ғасырдан дәстүрге айналған. Қожаларды Ислам дінінің идеологы ретінде әрі рухани көсем ретінде сұлтандарға берілетін құқықтарға теңестіріп, сондай құқықтарды берген.

Ал, қарасүйек әлеуметтік тобы әр алуан болып, оның жоғарғы топтарын бай-феодалдар, ру ақсақалдары, билер мен батырлар, ірі жыраулар құраған. Қоғамның көпшілік бөлігін қараша халық, шаруа-бұқара құраған. Ал құл-құтан, күң, жалшылар әлеуметтік топтың ең құқықсызы болып табылды. Бірақ, Еуропа, Азия, Америка елдеріндегідей құл мен күңдердің құқықтары мүлдем қазақ қоғамында аяққа тапталмаған. Оларды да адам ретінде қазақ әдет-ғұрып заңдары қорғап, аздап та болсын адамдық құқықтарын (отбасын құру, жеке меншігі болуын, т.б.) сақтады. Тәуке ханның тұсында қарасүйек арасындағы әлеуметтік топтан би мен батыр тобы күшейе түсті. Әсіресе, би әскербасы (өз шеңберінде), әкімшілік, сот және көшпелі қоғам өкілі ретінде басқарушылық билікті өз қолына жинақтады.

Қазақ қоғамын хан басқарды. Ханның негізгі функциясы мен құзырына бүкіл аумақты билеу, жерді бөлу, әскерге қолбасшылық ету, соғыс пен бейбітшілікті жариялау, сыртқы халықаралық қатынас, сот шешімдерінде ең соңғы сөзді айту, заңдарды қабылдау кірді. Жалпы Тәуке хан құрған мемлекеттілік пен билік жүргізу сипаты әскери- демократиялық сипаттағы әділдік пен имандылық принципінде түзілген мазмұндағы игі нышандардан тұрды. Бұл, әрине, Тәуке ханның көрегенділігі мен реформаторлығы қасиеттерінен туындаған нәтижелер еді. Бұл жайлы заңгер С. Өзбекұлы: «Тәуке хан – қазақ елінің біртуар, данышпан қайраткерлерінің бірі. Хандық билік жүргізген аралықта бұрын бытыраңқы жағдайда жүріп қайсыбір мемлекеттерге жем болған, қазақ ұлдарын құлдыққа, қыздарын күңдікке ұшыратқан үш жүздің елбасыларын бір орталықтан басқарылатын мемлекеттің астына топтастыра алды… бір орталықтан басқарылатын мемлекеттің тиімді құқықтық негізі ретінде танылған… «Жеті жарғысы», жаудың қандай да болса шабуылына тойтарыс бере алатын, бір орталықтан басқарылған күшті әскер және халықты әрбір қимыл-әрекеттерге жұмылдыра білетін, саяси билік жүргізе алатын басқару жүйесі еді» [6, 30- 31 бб.]. Әрине бұл басқару жүйесінің басында Тәуке хан және оның билері тұрды.

Кеңес дәуірінде Тәуке хан дәуірі туралы тарихшыларымыз тарапынан біршама объективті баға беруге ұмтылыс болғанымен, түбіне жеткізілмеді, әрине оған сол дәуірдегі идеология рұқсат бермеді. Дегенімен де Н.Г. Аполлова, Е. Бекмаханов, В.Я. Басин, А. Сабырханов, т.б. тарихшылар Тәуке заманына қалам ұрып, біраз шындықтардың бетін ашуға тырысты. В.Я. Басин: «Царская колониальная администрация дала все для того, чтобы столкнуть друг с другом казахских владетелей, ослабить каждого из них в отдельности и на их противоречиях прочно утвердиться в степи» [15, с. 39] деп, Ресей ә дегеннен-ақ Қазақстанға арам оймен қарағанын көрсетіп берді. Сөйтіп, Ресей мемлекеті қазақ хандығына жоңғарларды қарсы пайдалана отырып, әлсіретуді алға қойғанын ашып береді [15, 118 б.]. Нәтижеде Ресей саясаты қазақтарды басып алып, қазақ даласы арқылы Қытай мен Үндістанға жол ашуға белін бекем буды. Әскери отрядтарды шығарып, қазақ хандығы шекараларына әскери бекіністер сала бастады. Қазан мен Астрахан хандықтарын жаулап алғаннан кейін Ресей өз саясатын шындап жүзеге асыруға кірісті. Қаһарлы Иваннан басталған құйтырқы саясат І Петр кезінде тіптен күшейді. Енді Қазақстанды отарлау жолында барлық айла-шаралар ойластырылды. Мұны терең түсінген Тәуке хан Ресей елшісі Василий Кобяковты Түркістанда қабылдап, өзінің түрік сұлтанынан бірде-бір кем еместігін, қаласа бір сәтте жүздеген мың әскер шығара алатынын ескертіп, Ресеймен тату-тәтті көрші ретінде тұрып, сауда-саттықты өркендету қажеттігін ұқтырады [15, 105 б.]. Алайда жоңғарлықтар Ресейден дәу мылтықтан (пушка) бастап, әскери қару– жарақтарды Сібір арқылы алып күшейе түсті [7, 270 б.]. 1698 жылы Шу мен Талас өзендері бойына шабуыл жасады.

Қазақ хандығының ең қауіпті дұшпанына айналған жоңғарлықтар 1640 жылы «Дала заңдарын» қабылдаған соң бір орталыққа бағынған, күшті ел санатына қосылды. Әскери тәртібін нығайтып, Ресейден қару-жарақтарды иемденіп алғаннан соң қазақтардың шұрайлы, сулы мал жайылымына көз тігіп, жаулап алу саясатын алға қойды. Еділ бойы мен Жетісуға жанталаса ұмтылды. Нәтижеде XVII ғасырдың ортасынан бастап Батурдың қолына Жетісудың шығыс бөлігі, Ертіс өзенінің жоғары бойы, Балхаш көлі кірді. Батур өлгеннен кейін оның баласы Халдан да жаулап алу саясатын дамыта түсті. Тәуке ханның ұлысына 1681-1684 жылдары ірі жорықтар жүргізіп, Сайрамды талқандайды. Алайда, Тәуке ханның қолбасшылығымен қазақ халқының бірлігі нығая бастағандықтан, қалмақтар шабуылы біразға бәсеңдейді.

1710 жылы қайта құтырған қалмақтарды жуасыту үшін Қарақұмда үш жүздің бас қосқан мәжілісі болып, онда Бөгенбай батырды қолбасшы сайлайды. Сөйтіп осы жылы қазақтар қалмақтарды тас-талқан етіп, олардың жеріне барып, көп тұтқындармен оралады. Ресей болса ауызбірлігі күшейіп, мемлекеттігі нығайған Қазақстанды Сібір ханы Көшім және онымен тығыз достық қарым-қатынаста болған Орта Азия хандықтарына қарсы айдап салу саясатымен елшілер жібереді. Орыс зерттеушісі Павлов: «Күштеп әуелі башқұрттарды, кейін қалмақтарды, ең ақырында қырғыздарды (қазақтарды) тыныштандырдық», – деп Ресей өкіметінің трайболизмдік саясат ұстанғанын ашық жазады. Қазақтар мен қалмақтарды өшіктіріп, арасына от жаққан патшалық өкімет Сібір генерал губернаторы Гагаринге: «Қонтайшыға және оның адамдарына ешқандай зәбірлік етпеңдер» [17, 93 б.] деп, қазақтар Ресейге достық қарым-қатынаста болайық деп қайта-қайта елшілер жіберіп жатқанда айтуы көп нәрсені ашып береді.

Қиын-қыстау күндері Тәуке ханның кәмелетке жеткендер үнемі қару- жарақпен жүруге бұйырғаны сол кездегі сыртқы саясаттың қиындығынан шығарылған әрекет. Сыртқы жағдайдың қиындығы қазақ арасынан көптеген батырларды шығарды. Олар елім деп еңіреген ерлер еді. Жаулармен шайқасуға жыраулар мен ақындар да көп еңбек сіңірді. «Бірлік болмай, тірлік болмас» дегендей, әрбір ру өзара тату-тәтті тұрып, мал-дүние, қоныс үшін қырқыспай, ата-жауға қарсы шығуға көпті шақырды. Бұлардың бәрі де Тәуке құрған мемлекеттің тәуелсіздігін сақтауға зор үлес қосты.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *