Трихофития — Трихофития — Trichophytia — терінің суланып қабынуы нəтижесінде орны шектеулі, жəне беті қабыршақтанып дөңгелек дақтардың пайда болуы немесе жүн қалдықтарының сақталуымен сипатталатын жұқпалы ауру. Қоздырушысы — Trichophyton туыстығына жататын жетілмеген саңырауқұлақтар. Тері мен жүнде əр қылшықтың түбінде оның ұзына бойына дұрыс қатарларымен орналасқан мицелийлер. Саңырауқұлақтың споралары жалғыз клеткалы, сопақша, мицелийлердің ішінде орналасқан түрінде парзиттік өмір сүреді. олардың мөлшері 3-8 мкм.

Төзімділігі. Ауру қоздырушысы сыртқы ортада өте төзімді келеді. Зақымданған жүн талшығында қоздырушысы жылға дейін, көңде 3 айдан 8 айға дейін, топырақта 140 күнге дейін сақталады, қолайлы жағдайда өсіпөнеді.

Індеттік деректер. Трихофитиямен көбінесе ірі қара мал, жылқы, ит, мысық зақымданады. Жабайы жануар, əсіресе кеміргіштер, құстар ауырады. Ауру жылдың барлық мезгілдерінде, əсіресе жануар организмінің қабілеттілігі төмендеген кезеңде күз-қыс маусымында жиі кездеседі.

Ауру қоздырушысының негізгі бастауы — ауырған малдар. Олардан ауру тікелей жанасу, азық, төсеніш, малды күтіп бағушылар арқылы жұғады. Қоздырушының сыртқы ортада өте төзімді болуы, оның қорада, жайылымда, мал жүретін алаңдарда ұзақ сақталып, əр түрлі заттар, əсіресе көң мен топырақ арқылы ауру қайтадан таралуы мүмкін. Аурудың таралуына тышқан тəріздес кемірушілердің маңызды рөлі бар.

Патогенез

Теріге түскен саңырауқұлақтың споралары немесе мицелиі жүннің фолликуласына еніп, тікелей мүйізденіп кеткен торша (кератин) қабатының астындағы эпидермисте өсіп-өнеді. Бұл микроб əр түрлі токсиндер мен кератинді ыдырататын ферменттер бөледі. Саңырауқұлақтардың эндотоксиндері кератиннің толық ыдырамаған өнімдерінің қабыну процесін тудырады, кейіннен олар қабыршақтанып, тезжарылғыш күлдіреулер пайда болады, соның салдарынан зақымданған тері түлейді. Микроб сөл мен қан арқылы тарап, жаңа зақымданулар пайда болады.

Трихофитияның жайылған түрі.
Трихофитияның жайылған түрі.

Өтуі мен белгілері

Аурудың жасырын кезеңі 6-30 күнге созылады. Ірі қара малында қабыршақтанған дақтар ең алдымен бас мен мойнынның, сирегірек тұла бойы мен арқасында, сауыры мен құйрығының терісінде кездеседі. Жылқының бас терісі мен құйрығының түбінде, сирақтарында байқалады. Қой мен ешкіде трихофития сирек кездеседі, дақтар құлақтарының түбінде, маңдай, мұрын, қабақ, желке, аш бүйірі маңында шоғырланады. Шошқада сыдырылып түсе бастаған дақтар басының, арқасы мен төсінің терісінде кездеседі. Дерттің ауыртпалығына байланысты аурудың үстірт, терең (фолликулярлық) жəне өшкен (кəдімгі емес) түрлерін ажыратады. Үстірт түрінде терінің жүні ұйпаланып, шектеулі1-5 см көлемді дөңгелек дақ пайда болады. Біртіндеп дақтар үлкейеді, оның беткі қабаты алғашқыда сыдырылады да, кейіннен асбест тəрізді жұқа қабыршақпен қоршанады, теріде қышыма пайда болады. 1-2 айдан кейін қабыршақ түсіп, терісі түлеген тықыр жерлер қалады. Осыдан кейін жаңадан жүн өсе бастайады. Терең (фолликулярлық) түрінде терінің зақымданған жерінен ірің бөлінеді құрғаған экссудат кепкен қамыр тəрізді қалыңдығы 1 см қабыршақ түзеді.Өшкен түрі жаз айларында сақа жануарларда кездеседі. Ауырған малдың басында, кейде денесінің басқа да жерлерінде жүні түсіп, беткі қабаты сыдырылған дақтар пайда болады, бірақ айқын көрінетін қабыну процесі болмайды. Қабыршақты сыпырып алғанда тегіс, тықыр тері байқалады. Ол жерде 14 күн өткеннен соң жүн өсе бастайды.

Диагнозды аурудың клиникалық белгілеріне жəне індеттік деректерге сүйене отырып қояды. Күмəнді жағдайда микроскопия жасалынады. Ол үшін терінің зақымданған жерінің қырындысын (қабыршақтар, жүн) шыныға немесе Петри аяқшасына салып 10-20 % күйдіргіш натрий ерітіндісін құяды да, оны 20-30 мин термостатқа қояды. Осылай өңделіп, төсеніш шыныға жағылған материалды 50 % сулы глицерин ерітіндісін тамызып бекітеді, жабын шынымен үстін жауып, микроскоптың кіші жəне орта үлкейткіштерімен қарайды. Қажет болған жағдайда арнаулы қоректік ортаға сеуіп, өсін алып, микологиялық зерттеулер жүргізеді.

Емі

Трихофитиямен ауырған жануарды оқшаулап, бөліп алады. Оларды өзіне тəн препараттар қолдана отырып емдейді. Емдік мақсатпен ірі қараға ЛТФ-130, жылқыға – СП-1 вакциналарының дозасын сақтандыру мақсатындағынан 2 есе көп қолданады. Емдік мақсатпен вакцинаны арасына 10-14 күн салып 2 рет, өте асқынған кезде — 3 рет бұлшық ет арасына: ірі қара малының сан етіне, жылқының ортаңғы үшінші мойын тұсына егеді.

Иммунитет. Ауырып жазылған жануарда белсенді иммунитет қалыптасады. Сақтандыру мақсатында бұзауды бір айлық, құлынды үш айлық кезінде егеді. Вакцинаны бұлшық етке бір орынға екі рет арасына 10- 14 күн салып егеді. Бұзауда иммунитет екінші вакцинадан соң 21-30 күннен кейін қалыптасып, 8-10 жылға сақталады, жылқыда — 6 жылға, қоян мен терісі бағалы аңда 3 жылға дейін созылады.

Сақтандыру жəне күресу шаралары

Трихофитияның жалпы сақтандыру шаралары шаруашылық фермаларында ветеринариялықсанитариялық ережелерді сақтау, жануарды құнарлы азықпен қамтамасыздандыру, дезинфекция, дезинсекция жəне дератизация шараларын жиі жүргізіп отырудан құралады. Шаруашылыққа жаңадан əкелінген барлық малдар 30 күн бойы карантинде ұсталуы тиіс. Ауру шыға қалған жағдайда шаруашылық немесе оның бөлімшесі трихофитиядан сау емес деп жарияланады. Жануарларды іріктеп топтастыруға тиым салынады. Ауру малды оқшалап, емдейді. Қалған барлық малдарды вакциналайды жəне олардың арасынан ауруларын анықтау мақсатында, əрбір 5 күн сайын малдарды тексеріп отырады. Қора жəне күтім заттары жəне жұмыс киімі дезинфекцияланады. Ағымды дезинфекция 10 күн сайын 5 % формальдегидтің қоспасымен, 10 % карболды күкірт қышқылымен жəне т.б. тиімді дезинфектантармен жүргізіледі. Шаруашылық соңғы ауырған мал айығып 15 күн өткеннен кейін, қорытынды дезинфекция жүргізілгеннен соң, сау деп есептеледі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *