Тері аурулары және гигиенасы

Тері аурулары, олардың сипаттамасы. Тері үнемі ауру тудыратын микроағзалар және басқа қолайсыз сыртқы әсерлерге ұшырап отырады. Барлық тері жұқпаларын үлкен 3 топқа бөлуге болады: бактериялық, патогенді саңырауқұлақтар және паразит жануарлар тудыратын аурулар. Тері жұқпаларының қауіптілігі: қоздырушылар тері арқылы өтіп қан тамырлары мен лимфа тамырларына енуі мүмкін. Қанға өткен жұқпалар жылдам көбейіп, тереңде орналасқан ұлпалар мен мүшелерді, сүйек пен бүлшық еттерді зақымдайды. Сондықтан тері жұқпасы байқалған кезде тез дерматолог дәрігерге қаралу керек.

Терінің кең таралған саңырауқұлақ тудыратын ауруларының бірі — теміреткі (стригущий лишай). Ол теріні, шаш пен тырнақты зақымдайды. Теміреткі пайда болған жерде шаш түсіп қалады. Тері толық тықырланады. Саңырауқұлақты жұқтыру көзіне өсімдіктер, жануарлар, ауру адамдар мен олардың пайдаланған заттары болуы мүмкін. Сондықтан басқа адамның тарағын, жекебас гигиенасы заттарын пайдалануға, киімі мен аяқкиімін киюге болмайды. Малшаруашылығы және үй жануарларын күту кезінде гигиена ережелерін қатаң сақтау керек.

Тағы бір тері ауруы — қышыма қотыр (чесотка). Бұл ауруды өте ұсақ (ұлғайтқыш құралсыз көруге болмайды) қышыма қотыр кенесі тудырады. Кене саусақ арасында, аяқ және қолдың буын бүгілістеріндегі тері астында болуы мүмкін. Ауру белгілері — аталған жерде тоқтаусыз қышу пайда болады. Қышыма қотыр ауру адамнан тұрмыстық заттар, есік тұтқасы, қол алысып амандасқан кезде және т.б. жағдайда жұғатын жұқпалы ауру болып табылады. Қышыма қотырдың алдын алудың бастапқы шарасы — гигиена сақтау, аурудың алғашқы белгілері байқалған кезде дәрігерге қаралу керек.

Ауру қоздырушылары ауада және заттардың бетінде ұзақ уақыт тіршілік етеді. Сондықтан үй-жайды зарарсыздандыратын сұйықтық (мысалы, хлораминді) қолданып, заттардың беткі жағын, есіктің тұтқаларын, еденді ылғал шүберекпен сүрту қажет.

Тері зақымданған кезде кесілген жерді және басқа жараларды антисептикалық заттармен өңдеу керек. Жұқпаның кейбір қоздырушылары ауруды дамытпай, теріде (сілемейлі қабықта, тісте) ұзақ уақыт тіршілік етуі мүмкін. Егер ағза әлсіресе, оның қорғаныш күші төмендейді. Осы кезде қоздырушылар агрессиялық кезге өтіп, ауру дамуы мүмкін. Яғни жекебас гигиенасынан басқа жалпы ағза саулығын сақтау керек. Иммунитеттің әлсіреуіне қандай да бір аурумен ауру, авитаминоз, антибиотиктерді бақылаусыз қабылдау себеп болуы мүмкін.

Иммунитетті жалпы нығайту, дұрыс тамақтану, жекебас гигиенасы ережелерін сақтау — тері жұқпаларының алдын алу шарасы болып табылады.

Безеу бөртпелері — терінің сыртқы (бактериялық), ішкі (зат алмасу, гормондық) себептен зақымдануы. Безеу бөртпелерімен күресудің медициналық емес әдісі — теріні таза ұстау. Тері саңылауы шаң-тозаң бөлшектерімен бекітіліп қалмауы керек, ал май бездерінің түзінділері (секрет) бір күнде 2-3 рет алынып отырса, бактериялық типті безеу бөртпесі дамымайды.

Тері гигиенасы. Тері және оның қосымша түзінділерін (шаш, тырнақ) таза ұстау керек. Терінің лас болуы көптеген ауруларға себеп болуы мүмкін. Сондықтан күн сайын душқа түсіп, дененің ашық бөліктерін: аяқ-қолды, мойынды және т.б. жүйелі түрде жуып отыру керек. Қолды жумай бет терісін ұстауға болмайды. Жекебас гигиенасын сақтамау — көптеген тері жұқпаларына себеп болады. А дәрумені жетіспеген кезде тері құрғап, жарылып кетеді.

Шашты оның түріне қарай күту керек. Шаш майлылығы жоғары болған кезде оны жиі жуу қажет. Аяқ пен қол тырнақтарын уақытында алып отыру керек. Себебі тырнақ астында микроағзалардың едәуір бөлігі жиналады. Тырнақ маңайындағы кез келген жара мен зақымды сутегі тотығымен, йодпен, зеленкамен және т.б. зарарсыздандыру керек.

Тері тазалығы мен саулығына киім мен аяқкиім де әсер етеді. Егер киім мен аяқкиім жасанды теріден, ауа өткізбейтін материалдан жасалса, онда теріге зор зиян келтіреді. Лас тері өз қызметін толық атқара алмайды және тері ауруларына ұшырайды. Сондықтан киім мен аяқкиімге қойылатын басты талап — ауа өткізуі және ылғал сіңіруі қажет.

Басқа да ұқсас мәліметтер

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *