Табиғат ресурстарын экономикалық бағалау — бұл олардың құнының ақшаға шағылуы түрінде анықталуы. Кез келген мемлекет немесе кәсіпорын белгілі бір ресурстарды игергенде қандай ақшалай тиімділікке қол жеткізетіндіктерін алдын ала білгісі келеді. Оларды табиғат байлықтарын игерген кезде қандай шығындар болуы мүмкін екендігі, қандай табыс алатындығы қызықтырады. Мұндай бағалау оларды игеруге тұрарлық па екендігін алдын ала анықтауға мүмкіндік береді.

Табиғи ресурстардың құнын ақшамен бағалау үшін олардың натурал мөлшерін (өлшеу бірлігіне сәйкес жалпы қорын) анықтау қажет. Барлық кендер, ағаш сүрегінен басқа биологиялық ресурстар, бағалы тастар салмақ бірлігімен, су, газ және сүректер — көлем бірлігімен, жер ресурстары — аудан бірлігімен өлшенеді.

Ресурстардың кейбір түрлерінің натурал шамасын өлшеу қиын және оларды балмен бағалау қолданылады. Бұлар — топырақтар, рекреациялық ресурстар. Кейде ресурстардың жекелеген түрлерін натурал шамасымен де, балмен де (балл) бағалайды. Мысалы, екі жер телімінің ауданы бірдей. Бірақ олардың біреуінің ақшалай құны ондағы топырақтың құнарлырақ болуына немесе жер бедері әлдеқайда жазық болуына байланысты қымбатырақ болуы мүмкін. Ол жерде қызытыратын қосымша элементтер — суы, орманның әдемі жері болуы немесе ол жолға және ірі қалаға жақын болуы мүмкін. Телімнің осы қосымша сипаттамалары оның балмен құнын арттырады.

Табиғи ресурстардың ақшалай құнын анықтау үшін олардың натурал шамасын сауда-саттыққа қабылданған осы шаманың бір бірлігінің құнына көбейту қажет. Мысалы, орман телімінде сағызқарағай сүрегінің, шамамен, қоры 100 000 м3-пен бағаланады. Нарықта 1 м3 сағызқарағайдың құны 25 200 теңгені құрайды. Сонда сүректің жалпы қоры 2 520 000 000 теңгеге бағаланады. Алайда, ресурстар бұл толықтай қажетті элементтерден құралмайтын табиғат денелері екендігін есте ұстау өте маңызды. Олардың құрамында қажетсіз элементтер де болуы мүмкін. Мысалы, Қостанай облысы Сарыбай кен орнындағы темір кенінің құрамында 33% темір бар, ал қалған көлемін кремнезем, күкірт және фосфор құрайды.

Мұнда 1 т шойын қорыту үшін, кем дегенде, 3 т кен өндіру қажет. Кен орнындағы темір кені қорының құнын анықтау үшін сол кеннің емес, шойынның құны есепке алынады. 2017 жылғы жағдай бойынша 1 т шойын Қазақстанда, шамамен, 200 мың теңгеден сатылды. Қостанай облысының Сарыбай кен орнындағы темір кенінің жалпы қоры 889 млн тоннаны құрайды.

Ресурстарды игеруге жұмсалатын шығын жалпы алғанда техникаға жұмсалатын шығындарды, қосымша материалдарды, инфрақұрылымды, еңбекақыны және басқаларды құрайды. Мысалы, 1 т шойын өндіру үшін 3 т-дан астам кен, 1,1 тонна қорытқы көмір, 20 тонна су, сонымен бірге түрлі мөлшерде басқа да материалдар қажет. Егер де ресурстар аз, ал оны өндіруге жұмсалатын шығын көп болса, онда оларды табиғаттан өндіріп алу іске асырылмайды.

Табиғат ресурстарын экологиялық бағалау — бұл экологиялық іс-шараларға жұмсалатын шығындардың немесе оны игеруге қатысты орын алатын экологиялық шығын сомасының ақшалай қаражат түрінде өрнектелуі.

Табиғат ресурстарын игеруші әрбір кәсіпорын табиғат қорғау мақсатында шикізат пен материалдар сатып алады. Ол табиғат қорғау нысандарын өз шығыны есебінен қаржыландырады және пайдаланады. Мұндай нысандардың жұмыс істеуі үшін тазартқыш ғимараттар, сүзгілер, жинақтауға, қайта өңдеуге, қалдықтарды жоюға арналған жабдықтар сатып алынады және орнатылады. Компаниялар, зауыттар, фабрикалар, фермерлер қоршаған ортаны ластағаны, табиғат ресурстарын пайдаланғаны үшін салық төлейді және төлемдерді жүзеге асырады. Оларға қайта қалпына келтіру жүмыстарына жұмсалатын шығындар (аумақты көгалдандыру, жер қорын, су нысандарын қалпына келтіру) жатады. Экологиялық қауіп туындаған кезде кәсіпорындар экологиялық сараптама жүргізуге жұмсалатын қызмет ақысын төлейді. Олардың әрқайсысы экологиялық сақтандыру қаражатын төлеуге міндетті. Сонымен қатар табиғат қорғау іс-шараларының шеңберінде жұмыс жасайтын қызметкерлердің еңбекақысына жұмсалатын шығындар қарастырылады.

Егер ресурстарды сатудан түсетін табыс осы шығындарды жабатын болса, онда табиғи ресурстардың көзі экономикалық тұрғыдан тиімді. Экономикалық тиімділігімен қатар, әлеуметтік әсері де есепке алынады.

Алматы қаласына жақын маңдағы Қапшағай суқоймасының құрылысын салу барысында бірнеше елді мекен, пайдаланудағы ауқымды жер, минералды су кен орындары, жайылма орман-тоғайлар, жергілікті флора мен фауна өкілдері су астында қалды. Шығындардың бір бөлігі адамдарды басқа жерлерге көшіруге жұмсалды. Алайда суқоймасының арқасында гидроэлектрэнергиясын өндіру, 400 мың га егістік жерді ауыспалы егіске айналдыру, Алматы қаласын сумен қамтамасыз ету мүмкіндіктері пайда болды.

Кейде ресурстарды өндіруден түсетін табыс мөлшері көп және оны игеруге жұмсалған барлық шығынды өтеуі мүмкін. Бірақ табиғатқа келтірілген шығын ресурсты сатудан түсетін пайдадан әлдеқайда артық болуы мүмкін. Мұндай жағдайда оларды табиғат қойнауынан алудан бас тартылады.