З.Т. Мухамедиярова

Сырым Датұлы ел есіміндегі ерекше тұлға болды. Ол батырлығымен де шешендігімен де халқымыз тарихынан мәңгілік орын алған тұлға болып табылады. Ал оның өмірбаяны мен шешендігі халыққа толық танылды ма?

Сырымды О. Игельстром да, олар туралы тарихи шежіре жазған М.П. Вяткин де, сұлтандар мен билер де батыр деп атаған. Сырым ханнан да, патшадан да қорықпаған, қайта өзінің тапқырлығымен, зеректігі арқасында оларды ықтырып отырған. Бұл жағдайлар оның ел арасындағы беделін арттырды. Сырымды батыр атандырған ел намысы, намыс қорлауға көнбейтін сезім.

Сырым ерте оянған халықтың сана-сезім дәрежесінен биіктеу тұрған, хандардың да, патша әкімдерінің де айла-шарғыларын тез түсініп, ақылымен, тездігімен аман-есен құтылып отырған. 1792 жылы Екатерина патшаға қатты-қатты сөздер айтып, әкімдер алдында сақталуға тиісті инабаттылықты, әдептілікті де сақтаудан асып түскен. Тіпті бұдан екі жыл бұрын жазған бір хатында (1790, 11 сентябрь) «Патшаға қарсы көтеріліске дайындалып жатқандығын жасыра алмады.Патшаның Орынбордағы оң қолы Игельстромның алдауына да тізе бүкпеген.Олардың алдында хандықты жою керек деген үзілді-кесілді талап қойған. «Мен елді басқару орнына, билейтін хандарға қарсымын! (Ғ.Мүсірепов)» деген. Олардың орнына «Халық кеңесі» деген басқару жүйесін ұсынған. Сырымның ел басқару әдісі мен ұйымдастырғыш таланты ерекше көрінеді. Қара халықты патша да, сұлтан да, билер де билеп-төстеген.Оларды аяған Сырым әуелі қара қазақтың басын біріктіргісі келді. 1795 жылы «Ешкі қырғын» деген (қазіргі Қаратөбе ауданы, Егіндікөл совхозының қасы) жерде халық кеңесін құрған. Бұл жиынға қара халық арнайы қатыстырылады.Сырым бірде Нұралы ханға: «Жылқының торысы көп пе, төбелі көп пе?» сұрақ қойыпты. Бұл тұспал Нұралының халық мүддесінен аулақ, ат төбеліндей билердің жоғын жоқтаушы екенін дәлелдейді. Халық: «би екеу болса, дау төртеу болады» деп айтпады ма,бастық көбейсе берекет болмайды, «биі көп елді дау аралайды, дауы көп елді жау аралайды» демеп пе еді кезде. Бірде Сырым асығып жүріп, ханды елемей қалған екен, сонда Нұралы хан: «Әй, Сырым, неге сәлемдеспейсің, асып жүрмісің?» депті. Сонда Сырым іле-шала: «Хан ие, асып жүргенім жоқ, қара қазақтың басын қоса алмай, сасып жүрмін!» – депті.

Тарихымызда қара қазақты халық қатарына қосуды арман еткен бірінші қайраткер Сырым Датов десек, артық емес. Халық әдебиетінде Сырымды Кіші Жүздің атақты Малайсары, Мөңке, Алдар, Әйтеке, Саржалақ, Есет, Үкі, Ақсуат, Төле билерінен ақылкеңес сұрайды. Олардан: көпшіл бол, халықтан қол үзбе деген баталар алады. Сырымға: «Досың кім, дұшпаның кім? » – деген сауалдар қойылса керек, сонда ол: «Досым – алаштың азаматы, дұшпаным – жаман туған туысқаным! – десе керек». Сырымды Хиуа, Түркімен хандарымен салғыластырады, хандармен қағысқанда халықты ордаға, көлге теңейді, зордан да зор шығады, ақыры одан сендердің көздерің шығады» деп өктем-өктем сөздер айтқызады. Сырым сөздерінде жұмбақ, тұспал, ишара, пернелеу көп ұшырайды. Сырым сөздері тыңдаушысын ойлантады, толғантады, жылдам жауап беруге, шапшаңдыққа, тапқырлыққа үйретеді. Сырым сөздерінде даналық дәріптеледі. Сырым туралы ел арасынан жинап алынған поэма да бар. Оларды жазып алған адам болмаса, авторы анықталмаған. Бұл шығармаларда Сырым – ел қамқоршысы, даласын қорғаған батыр, хан-сұлтандармен салғыласта шешен, көреген, алдын ала болжағыш кемеңгер азамат болып көрінеді. Жұмыр қожа айтты деген мына бір шумақта Сырымның өмірі туралы мәлімет бар:

Арғы атаң сенің Дат еді,
О да бір тентектің аты еді,
Одан туған Сырым еді,
Төле билермен қырын еді…

Сырым есімі халық алдында жыр болған. Сырым сөздері халық жадында екі ғасыр бойы ұмытылмай сақталып келеді. Ол өз бейнесін өзі жасады. Бұл халық әдебиетінің тамаша дәстүрі еді. Сырым тұтқында жатқанда бір белгілі адам арқылы Игельстром 1786 жылы күзде Ералы сұлтанға: Сырым батырды ешқандай кешіктірмей босатсын, мұны істемесе кінә өзінен,қылмысты адам ретінде заң бойынша мейлінше қатаң жаза қолданылады. Егер кімде-кім Сырым өміріне оқталатын болса, онда ол адамның бүкіл руы, аға-інілері ауыр жаза тартпай қалмайды» – деп, хат жазады. Генерал-губернатордың Сырым өміріне қатаң жауапкершілікпен қарағанынан оның беделін аса жоғары бағалағаны байқалады. Бұл хат «Ескі дәуір хаттары орталық Мемлекеттік архивында», «Россияның қырғыз-қазақтармен қатынастары (к 63,1786 іс, №12,13 деген қорда жатыр,бұлардың бәрі Сырым өмірінің қиыншылықтарынан хабар береді.Орынбор шекара комиссиясы мұрағатында Сырымның 1791 жылы Беріш ру басыларына жазған мынадай хаты бар: «Маған патша тарапынан толып жатқан сыйлықтар берілсе де және одан еліңе тыныштық орнат деген арнаулы жарлық келсе де, мен орыстарға сенбеймін»(Фонф.1791, іс №168) деп берген адал анты да сақталған.

Сырымның сыры кетпеген сырлы сөздері қазақ әдебиетімен ұласты. Сырым батыр тұзды көлде, Қарақамыс деген жерде дүниеге келген. Сырымның шын аты – Сырлыбай. Хиуа ханы Сырымды сынамақ болады. Сырым екі жолдасын ертіп келеді. Келгеннен кейін жүзімнің алуан түрін қойдырады. Хан Сырымға қарап, «Сіздің елде жүзім бар ма?» – деп сұрақ қойыпты. Сонда Сырым: «Жүзімді білгенде қандай, бір жегенде жүзін жейді» – деп уыстап алып аузына салып жіберіпті. Сырым ат жарысқа өзінің Ақмоншақ атты атын қосады. Аты бәйгеден алда келеді. Бұған ашуланған хан Сырымды өлтірудің қамына кіріседі. Хан Сырымға «Күресуге адамыңды шығар, шығара алмасаң, жеңілгенің» – дейді. Зілқара батырға барып: «Күресуге қалайсың?» – деген. Зілқара батыр да: «Жолда келе жатып шөлдегенімде, жол бойында өсіп тұрған бір топ тобылғыны сығып, су шығарып іштік, ал күресу одан жеңіл. Мен әзірмін дейді». Екі жақтың батырларының күресінде Зілқара батыр жеңіске жетеді. Хан Сырымды өлтіруге мыстан кемпірді жібереді. Бір қапылыста мыстан кемпір Сырым мінген аттың үзеңгісіне аяғын сала бергенде, кенет бір алып күш аяғын сырқырата жөнеледі. Бір бәленің болғанын, оның ханнан келгенін өзі де, жолдастары да сезеді. Жолдастары біраз жерге дейін көтеріп жүреді. Сырымға: «Аяғыңды кесейік пе?» – деп жолдастары сұрағанда, Сырым: «Жоқ, аяғымды кестіріп, шолақ аяқ атанғаннан өлгенім артық, менің ырысымның жеткен жері осы болар, тастап кетіңдер», – деп өтініпті.Сөйтіп, өткірлігімен де, тапқырлығымен де ерте көзге түсіп, халықтың сүйікті ұлы болған Сырым батыр Ойыл-Қиыл деген жердің бойында қайтыс болыпты. Қазақта: «Тамның да құлағы бар» деген сөз бар, ол да Сырымнан қалған сөз болса керек. Жолаушылап келе жатқан Сырымды жолдастарымен бөлек үйге түсіреді. Жолдастары әр нәрсені айтып дабырласып жатқан кезде Сырым: «Шуламаңдар, тамның да құлағы бар» – дейді. Ертесіне хан шақырып алып, бұл сөзді неге айтқанын сұрапты. Сонда Сырым тұрып: «Тамның құлағы болмаса, сен менің не айтқанымды қайдан білесің?» – депті. Бірде хан халқын жинап: «Дүниеде өлмейтін зат табыңдар, таппасаңдар бастарыңды аламын» – депті. Біреулері – күн өлмейді, енді біреулері –ай өлмейді, жер өлмейді, асқар тау өлмейді» – депті. Сонда Сырым: осының бәрі өледі,

-Ай мен күннің өлгені,
Иіліп барып батқаны
Қара жердің өлгені,
Алты ай қыс қар астында жатқаны,
Асқар таудың өлгені,
Басынан бұлттың асқаны. Өлмейтін екі нәрсе бар: «Жақсының аты өлмейді, Ғалымның хаты өлмейді» – дейді.Сырымның арғы атасы Шолан болса керек. Шолан батыр болыпты. Жорықта жауға қарсы жалғыз шауып, жеңіске жеткен Шоланды басқалары күндейді. Ауылға барған соң, «Жауды мен шаптым» – дейді Шолан. Шоланның шабуы рас болса, олар Шоланның көзін жоймақшы болып өзара келіседі. Алайда Шоланға әлдері келмейді.Жолда олар шөлге ұшырап, Шолан елсізден шыңырау құдық табады. Мал мен жанды алып келіп, бір тайды сойып терісінен мес жасап, мал мен жанды суару үшін құдықтың ішіне бір адам түсуі керек болады. Ал кім түседі дегенде, «Ойбай, Шоланжан-ау, сен болмасаң кім түседі?» – деп, Шоланды шыңыраудың түбіне қалдырып кетеді. Сонда Шолан: – Ал, жігіттер, мені тастадыңдар ғой, елге сәлем айтыңдар.Мен кеткенде әйелімнің аяғы ауыр қалып еді, егер ұл болса, атын Дат қояр, қыз болса өздері білер, – депті. Сонымен жорықшылар елге келді. Елдің Шолан қайда? –дегеніне: Шолан жау қолынан қаза тапты, қолымыздан қойдық – дейді ұялмастан. –Айтқаны бар ма десе: Әйелімнің аяғы ауыр еді, ұл туса атын Дат қойсын деді, – дейді. Сонымен ұл көрініп атын Дат қояды. Сол Даттың баласы Сырым екен. Сырым туралы аңыздар Батыс Қазақсанда, яғни біздің өңірімізде көп кездеседі. Оларды жинап зерттеу мәселесі бар деп ойлаймыз.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Тілеужанов М. Сырым Датұлы және оның шешендік сөздері. – Орал, 1991. – 46 бет
2. Тарихи тұлғалар. – Алматы, 2016
3. Жеті ғасыр жырлайды. – Алматы, 1992

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *