Қазақ әдебиеті тарихында ғұмыры қысқа болса да, артына мол мұра қалдырған, «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз, Енді ешкімнің алашты, Қорлығына бермейміз!.. Өлер жерден кеттік біз, Бұл заманға жеттік біз. Жасайды алаш, өлмейміз! Жасасын алаш, жасасын!» – деп жырлаған халқымыздың аяулы перзенттерінің бірі, ақын, жазушы, публицист Сұлтанмахмұт Торайғыров есімі ерекше ілтипаттпен еске алынады. «Алаш» ұранын тұңғыш жазған кім?» – деген сұрақ туындаған жағдайда арнайы мамандар болмаса, кез-келген оқырман біле бермейтін мәселеге тәуелсіздік алғаннан кейін көз жетті. Ол – ұлы Абай дәстүрін жалғастырып, қоғам шындығын, алмағайып кезең қайшылығын көркем тілмен, өзіндік өрнекпен еркін кестелеген қаламгер. Сұлтанмахмұт – Абай дәстүрін жалғастырушы ғана емес, ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетін айрықша қуат-дарынымен жаңа реалистік сапада жаңалаушы ірі тұлға. «Шәкірт ойы» атты өлеңінде: «Қараңғы қазақ көгіне, Өрмелеп шығып, күн болам, Қараңғылықтың кегіне Күн болмағанда кім болам?» – деп толғанған арқалы ақын тек қана өнер-білім іздеді, мәңгілік бостандықты аңсаумен өтті.

Сұлтанмахмұт Торайғыров 1893 жылы Кереку (Павлодар) уезі, Шідерті болысында туған. Бір-екі жас мөлшерінде анасы өліп, әжесінің тәрбиесінде болған. Оның балалық, жастық шағы Павлодар облысының Баянауыл өңірінде өтеді. Тағдыр тауқыметімен кедейлікке ұшыраған Әбубәкірдің шын аты ұмытылып, «Шоқпыт» атанған әкесі аздаған оқығаны бар, әрі айтқанынан қайтпайтын қайсар да қайратты адам болған деседі.

Алайда әкесінің үнемі шоқпыт-шоқпыт киім киіп жүрген, өте кедей шаруа болуы, әрі Алаш қайраткерлерінің бәрінен ерте кетуі ақынның кеңес өкіметі тұсында шығармаларының талдануына жол ашты. Шығармашылық өмір жолы кедейлікті дәріптейтін социалистік реализм әдісімен талданса да, басқа Алаш арыстарына қарағанда ақын туралы мағлұмат мол. Десе де, Сұлтанмахмұт шығармашылығының толық жүйеленбегеніне, тіпті кейбір шығармаларының бағдарламадан мүлде алынып тасталғанына тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана көзіміз жетіп отыр.

Болашақ ақын алты жасында әкесінен оқып, хат таниды. Бұдан кейін де Шоқпыт бірде өзі оқытып, енді бірде ауыл молдаларына беріп, баласының оқуын үзбейді. Болашақ ақын 1902-1903 жылдары – Әлі, 1904-1905 жылдары – Тортай, 1906-1907 жылдары Мұқан деген молдалардан дәріс алады. Сұлтанмахмұт үшін әсіресе Мұқан молданың тәрбиесі ерекше болады. Мұқан молда көп оқыған, әдебиеттен хабары бар, өзі де аздап өлең жазатын адам болады. Оқушыларын үнемі қазақ ауыз әдебетінің, шығыс әдебиетінің үлгілерімен таныстыра отырып, шәкірттерін өлең жазуға баулиды. Өлеңге үйір, шығыстық сюжеттер негізінде жырлар туындатқан Мұқан молда тәлімінің Торайғыровтың ақын ретінде қалыптасуына игі әсері болғанымен, баянауылдық Әбдірахман молданың (1908) қаталдығы, өлең шығарғаны үшін жас қаламгерді жазалауы оның біраз уақытқа дейін меселін қайтарып, қарымды қабілетін көрсетпеуге себеп болады.

1911 жылы Тройцкіден жаңаша оқып келген Нұрғали (бірде Нұралы) молдадан сабақ алады. Оның көмегімен қазақ, татар тілдеріндегі әдеби кітаптармен, газет-журналдармен танысады. Бұдан кейін өлең, әңгіме жазуға шындап ден қоя бастайды. Осы жылдары «Дін», «Сарыбас», «Соқыр сопы», «Кезек қашан келеді», «Оқу» атты бірқатар өлеңдер мен «Зарландым» (1912) деген тұңғыш әңгімесін жазады. 1912-13 жылдары Троицкідегі «Яуышев» медресесінде оқып шығады. Бұл оқуды місе тұтпаған ақын ары қарай орысша оқуға ұмтылады. Осы мақсатпен қаражат жинау үшін Тройцк маңайындағы ауылдарға барып, бала оқытады. «Оқудағы мақсат не?», «Анау-мынау», «Қандай?», «Зарлау» тәрізді өлеңдері осында дүниеге келеді. «Ауырмай есімнен жаңылғаным» (1913) деген атақты әңгімесі – осы кездің туындысы. 1913 жылы Троицкіге қайта оралып, «Айқап» журналына қызметке орналасады. «Қамар сұлу» романы (1914) және «Өлең және айтушылары», «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан», «Қазақ ішінде оқу оқыту жайы қалай?» деген сияқты мақалалары мен бірсыпыра өлеңдері – «Айқап» редакциясында қызмет істеген жылдардың жемісі.

1914 жылы аздап жөтел пайда болғандықтан, жазда туған елі Баянауылға оралады. Ел ішінде мәдени-ағарту жұмысын жүргізетін «Шоң серіктігі» деген ұйым ашпақ болғанымен, ісі жүзеге аспады. Қаражат сұрап ауқатты тұқым Мұса Шорманұлының баласы Сәдуақасқа барады. Бірақ ақынның жолы болмайды, «Бауырлығыңды білдірмей, арқаңның жауырлығын білдірдің» деп өкпелеп: «Шоң-Шорман едік, Бір-бірімізге қорған едік. Шоңның, Торыайғырдың жапырақтары, Бұтағына келіп қонған едік», – деп басталатын екі шумақ өлеңін арнап кетеді. «Шоң, Торыайғыр» деген Сұлтанмахмұттың арғы аталары болып келеді. «Бір адамға» деген өлеңі де осы Сәдуақас Мұсаұлына арналған. Орысша оқу іздеген Сұлтанмахмұт Семейге барғанмен, діттеген оқуына түсе алмай, біраз дағдарысқа ұшырайды. Бірақ бұл кезең оның «Бір адамға», «Туған еліме», «Алтыаяқ», «Ендігі беталыс», «Тұрмысқа», «Сымбатты сұлуға», «Қыз сүю», «Гүләйім», «Өмірімнің уәдесі», «Жан қалқам», «Гүл», «Күңгірт түспей ойға батып, «Жан қалқам», «Жүрек» т.б. әртүрлі тақырыпта көптеген өлең жазуына себеп болады.

1915 жылы Семейде мұғалім іздеп жүрген Өскемен уезінің қазағы Әбдікәрім Ережеп деген кісімен танысып, Қатонқарағайға барып бала оқытады. Сол тұста «Қазақ» газетіне Мамановтар романға бәйге жариялағаннан кейін «Әжібай болыс» немесе «Кім жазықты?» (1915) атты өлеңмен өрнектелген романы дүниеге келеді. Бірақ бұл кезде Сұлтанмахмұт Әбдікәрімнің сұлу қызы Бағилаға ғашық болып, екеуі үйленуге уәде байласқанымен, қыз әкесі бұған қарсы болғандықтан, Бағиланы сол жылы атастырған жеріне ұзатып жібереді. Салт атты, сабау қамшылы кедей жігіт сүйгеніне қосыла алмағаннан кейін бұл жерде тұрақтамай, Тарбағатайдың Зайсан ауданына келіп, Терісай деген жердің болысы Құрбан қажы аулында 1916 жылдың күзіне дейін бір жаз, бір қыс жаңаша үлгімен бала оқытады. «Қазақ» газетіне осы кезде шыққан Құрбан қажы аузынан жазып алған «Жалаңаш баба» атты мақаласы тек 1993 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін ғана қайтадан жарық көрді. Тіпті басқа тұрмақ, Жалаңаш баба сияқты қазақ көріпкелдері туралы айтқысы келмеген кеңес өкіметі еркіндік үшін арыстандай алысқан Алаш арыстарын насихаттайтын еңбектердің көзін жойып отыруы – сол кездің саясатына тән құбылыс болатын.

1916-17 жылдардың қысында Томскіде орысша оқиды. Өмірден көп қағажу көріп қажыған ақын арманына жетіп көңілі көтеріледі. «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуды», «Мұздаған елдің жүрегін жылытуды» армандайды. Осы тұста әлем әдебиетінің классикалық үлгілерімен, саяси кітаптармен танысады. Бірақ «Жұмасына екі ғана обед етем (ет татамын), құр шәй мен нан. Киім алғаным жоқ… Сонда да қайғырмаймын. Бір тиыным қалғанша оқимын. Сонан соң, тұрмыс қандай жүк салса да, көтерем, бірақ көңілім оқуда болмақ» деп жазатыны осы тұс.

1917 жылғы ақпан айындағы төңкерістен кейін Семейге келіп, жаңа құрылған Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің жұмыстарына қатынасады. Алаш арыстарының азаттық жолындағы ерен істерін арқау етіп «Таныстыру» поэмасын, сондай-ақ елу бес тармақ, бес шумақтан тұратын «Алаш ұранын» жазады. Алайда, 1917 жылдың қараша айындағы төңкеріс кезінде өкіметтің большевиктер жағына өтуі жағдайды өзгертіп, Алашорданы таратып жібереді. С.Торайғыров «Әлиханның Семейге келуі» («Сарыарқа» газеті, 1917) деген мақаласында: «Ол – елі үшін құрбандыққа жанын берген, бит, бүрге, қандалаға қанын берген, көрдей сасық ауа, темірлі үйде алаш үшін зарығып бейнет еткен, болса да қалың тұман, қараңғы түн, туатын бақ жұлдызына көзі жеткен, «түймеге жарқылдаған» алданбаған, басқадай бір басы үшін жалданбаған, «қайткенде алаш көркейер» деген ойдан басқа ойды өмірінде малданбаған Әлихан Нұрмұхаметұлы Бөкейхан еді», – деп жазады. Осылайша прозаның өзін ақ өлең үлгісіне салып, тұщымды ойларымен тұраншыл әдебиеттің саясиидеологиялық бағыт-бағдарын нығарлай түсті. Алашорда үкіметі құрылған күндері жазылған:

Алаш туы астында,
Біз – алаштың баласы.
Күніміз туып көгерді,
Сарыарқаның даласы.
Құрт аурудай жайлаған
Құртпаққа бізді ойлаған.
Қанымызға тоймаған,
Қолымызды байлаған,
Ерімізді айдаған,
Елімізді лайлаған,
Жерімізді шимайлаған,
Өшті залым қарасы.
Жасасын алаш, жасасын! –
деп келетін Сұлтанмахмұт ұран өлеңіндегі жетпіс жылдан астам жабық жатқан сол тұстағы рух сілкінісі, тәуелсіздік үні тек темір құрсаудан босағаннан кейін ғана халқымен қайта қауышты.

Сол кездегі дүрмекпен жүріп, ауруын асқындырып алғанын білмей қалған Сұлтанмахмұт Томскіге қайта барып, мықты деген бір профессорға қаралады. Томскі дәрігерлері дерт меңдеп кеткендіктен, оқуға да, жұмысқа да жарамайтындығын айтады, ауылға қайтып, күшті тамақ ішуге кеңес береді. Семейге қайта келгенде қазақ оқығандары оны тобықты ішінде Медеу деген кісіге арнайы бие байлатып, денсаулығын оңалдыруға жібереді. Осы кезде «Неге жасимын», «Жас жүрек» деген өлеңдерін жазады. Бұл ауылды бір қыс қыстағаннан кейін 1918 жылы сәуір айында Семейге келіп, дәрігерге көрінеді. Науқасының оңалмасына көзі жеткеннен кейін туған жері Баянауылға біржола оралады. Онда жаңа өкіметтің қайта жанданған қайта құру науқанына қатынасып, қарапайым халықтың дау-шарларын әділ шешуге араласты. «Адасқан өмір», «Кедей» поэмалары – осы кезде туған дүниелер. Осы тұста өз еліндегі Мәлике деген қызға ғашық болғанмен, тағдыр тауқыметімен үйлене алмайды.

1919 жылдың соңында Сұлтанмахмұт Павлодарға келіп, біраз уақыт кеңес өкіметіне қызмет етеді. Бірақ көп ұзамай бойындағы науқасы қайта меңдеп, төсек тартып жатып қалады. Сол беті қайта тұра алмайды. «Тым болмаса, екі жыл тұрмадым, іштегіні түгел жарыққа шығара алмай, кетіп барамын» деп арман етеді. 1920 жылы, 21 мамырда 27 жастағы Сұлтанмахмұт өкпе ауруынан мәңгілікке көз жұмады.

Жүсіпбек Аймауытұлы 1926 жылы «Еңбекші қазақ» (1926, 19 қараша) газетінде жарияланған «Сұлтанмахмұт Торайғырұлының сөздерін жинау науқанына ат салысыңыздар» деген ашық хатында: «Ақын елінің тілі ғой, адал туған ұлы ғой, бүлк-бүлк еткен жаны ғой, жанын жеген ары ғой, айта алмай жүрген зары ғой, жаннан, ардан безбесе, ақынын қандай ел қастерлемесін» – деп, ақын мұрасын жинауға жалпақ жұртты көмекке шақырды. Содан бері Сұлтанмахмұт шығармашылығы туралы зерттеу жұмыстары үзілмей жазылып келеді. Десе де, «Айтыс», «Таныстыру» сияқты поэмалары мен көптеген өлең, мақалалары 1933 жылғы жинақтан соң, мүлде алынып тасталғандықтан, бұл шығармалар тек ХХ ғасырдың 90-шы жылдарынан кейін ғана халқына толық күйінде қайта жетті.

Кеңес өкіметі кезінде С.Торайғыров шығармаларын тұңғыш зерттеуші профессор Бейсенбай Кенжебаев 1946 жылы «Сұлтанмахмұт Торайғыров творчествосы» деген тақырыпта канд. диссертация қорғайды. Сондай-ақ «ХХ ғасыр басындағы қазақтың демократ жазулары» (1958), «Жиырмасыншы жылдардағы қазақ совет әдебиеті» (1961) т.б. еңбектерінде «Айтыс» поэмасы біршама сөз болғанымен, бұл талдау кеңес өкіметінің цензурасынан шыға алмады. Әйтсе де, қалың көпшілік «Айтыс» поэмасымен біршама таныс болды. Ал мұндағы жабулы жатқаны «Таныстыру» поэмасы еді. Мұның басты себебі, «Таныстыру» деген атының өзінен көрініп тұрғандай, халық жауы болып шетінен атылған ХХ ғасырдың бас кезіндегі Алаш қайраткерлерінің ерен еңбегін халқына жете таныстыратындықтан, кеңес өкіметі тұсында олардың затын емес, атын атауға тыйым салынғаны белгілі. Сонымен бірге «Алаш ұраны» қатарлы өлеңдері мен «Жалаңаш баба», «Әлиханның Семейге келуі», «Ақнайман Ойсынбай», «Топырақ» т.б. сияқты мақалаларымен танысуымыз тек тәуелсіздіктің туы желбірегеннен кейін ғана толық жүзеге асқандығын атап айту керек. Тіпті қазіргі уақыттың өзінде де аталмыш шығармалар мектеп бағдарламасына да, ЖОО бағдарламасына да толық енгізіле қойған жоқ. Сондықтан да оқулықта осы олқылықтың орнын толтыру көзделеді.

Сұлтанмахмұт қаламынан бес поэма туған. Олар: «Таныстыру» (1918), «Адасқан өмір» (1918), «Кедей» (1919), «Қайғы» (1919), «Айтыс» (1919). Ал 2002-2003 жылдары жарық көрген үш томдық шығармалар жинағында ақынның жоғалып кеткен «Қайғы» деген поэмасынан беріліп жүрген қысқа үзіндінің орнына «Жарқынбай» (1910) деген өлеңі поэмалар қатарына енгізіліпті. 1993 жылғы екі томдық жинақтарына дейін бұл ұзақ өлең поэма санатына жатқызылмаған. Төмендегі әдебиеттер тізімінде көрсетілген үш томдықты құрастырушы авторлар мұның себебін ашатын түсініктеме бермеген. Аталмыш ұзақ өлеңде байлығын биік мансап санайтын надан байдың образы оның өзіне ұқсаған ұлдары, сонымен бірге Күләйме деген сұлу қызының тағдыры суреттеледі. Ақылды да сымбатты сұлу шыққан тегіне ұқсамаған, бірақ ата салтынан аттай алмай, атастырған жеріне кетуге мәжбүр. Қыздың сүйген жігіті ақыл, парасат жағынан өзіне тең болса да, бірақ кедей болғандықтан, оған қосыла алмай, арманда ұзатылып кетіп бара жатқан қыз зарын жырға қосады. Алты шумақ, 28 тармақтан тұратын қалғаны табылмаған «Қайғы» поэмасының орнына 304 тармақтан тұратын өлең жолдары поэма жүгін арқалап тұрғандай көрінеді. Бұл туралы 1993 жылы шыққан екі томдық щығармалар жинағының (құрастырушылар: Б.Мамраев, А.Еспенбетов, Қ.Ергөбеков) түсініктемесінде: «Жарқынбай» өлеңін поэмалар қатарына қосуға бейім тұрушылық кездеседі, ол көлеміне байланысты болса керек. Эпикалық баяндау ізі байқалғанмен, бұл кәдімгі сюжетті өлең», – деп жазылған (244 б.). Бірақ мұны Сұлтанмахмұттанушылардың барлық еңбектерін саралай отырып, «Сұлтанмахмұттың «Жарқынбай» шығармасы хақында» немесе «Жарқынбай шығармасының жанрын анықтап алайық» деген мазмұнда бұған әлі де ғылыми сараптама қажет екенін болашақ мамандардың есіне саламыз. Бұл – ізденушілер үшін тың тақырып. Себебі 1993 жылдан кейінгі жарияланған жинақтарында «Жарқынбайдың» поэма қатарына қосылуы жіті зерттеуді қажет етеді. Сондайақ бұл тақырып «Текстология» пәнін оқытқанда да, үй тапсырмасына 1933, 1950, 1957, 1967, 1987 жылдары шыққан Сұлтанмахмұт жинақтарымен арнайы салыстырулар беруге де сұранып тұр.

Жоғарыда аталған поэмалардың ішінде үш күнде жазып шыққан жұтты сөз ететін «Қайғы» (Шәймерден қолжазбасында 25 бет көлемінде болғандығы жазылған, ҚР ҰҒА Әдебиет және өнер институтының қолжазба қоры, 653 п., 43 б.) атты поэмасы қолжазба күйінде жоғалған, әлі күнге дейін тек 2-3 беті ғана сақталғаны бойынша жарияланып келеді. Ақынның «Адасқан өмір», «Кедей» поэмалары, романдары мен жұртқа белгілі өлеңдері туралы материал жеткілікті болғандықтан, біз жұршылыққа белгісіз болып келген екі поэмасы туралы ғана бағыт-бағдар беріп кетеміз.

1918 жылы жазылған «Таныстыру» поэмасы ақынның 1933 жылғы жинағына алғаш енгізілген. Содан кейінгі жарық көргені 1993 жылғы екі томдық шығармалар жинағы болып табылады. Араға соншама ұзақ жыл салып жарық көрген аталмыш поэма туралы қалың оқырман әлі де толық хабардар деп айту қиын. Себебі бұл қазіргі мектеп бағдарламасына да, ЖОО-ның бағдарламасына да қосыла қойған жоқ. Сондықтан да жастардың бұл туралы мағлұматы аз.

«Таныстыру» С.Торайғыровтың поэма жанрындағы тұңғыш талпынысы болып табылады. Поэма «Қара қазақ» және «Оқыған» деген екі кейіпкер аузымен беріледі. Ақын «Оқыған» деп сол тұстағы Әлихан Бөкейханов бастаған жалпы оқымысты қауымды айтып отыр. Ал поэмадағы «Қара қазақ» оқымаса да, ақ-қараны ажырата алатын, сара көкірек адам екендігін көрсетеді. Оны поэма басталған бетте «Тұрғанда құдай иіп мұндай заман, Сұрайтын бір сөзім бар сенен, балам», – дей келе, осы елдің «көшбасшы адамдарын айтшы маған» деген сауал тастатқызуынан-ақ байқауға болады. «Оқыған» ең алдымен Әлихан Бөкейхановты төрт шумақ өлеңмен таныстырады. Бұдан кейін «Қара қазақ» заман ахуалына өз көзқарасын ұзақ өлеңмен білдіреді. Кезек «Оқығанға» тигенде, ол Ахмет, Міржақып, Шәкәрім, Әлімхан Ермекұлы, Халел Ғаббасұлы, Нәзипа, Нұрғали Құлжановтар мен Мұқыш Поштайұлы, Жақып Ақбайұлы, Райымжан Марсекұлы, Сатылған Сабатайұлы, Биахмет Сәрсенұлы сияқты оқығандарды «Қара қазақ» сөзінен кейін жеке-жеке таныстырып отырады. Үнемі бір-бірімен алма-кезек келетін «Оқыған» мен «Қара қазақ» арасында айтыс жоқ, мұнда бірін-бірі үстемелеп, толықтырып отыратын философиялық ой, шынайы пікір бар. Екеуі де Ахмет, Міржақып, Шәкәрім, Әлімхан, Халел, Нәзипа, Нұрғалилардың халыққа жасаған қызметін дәріптеп көрсетсе, ал Семей өңірінен шыққан қалған оқығандардың артықты-кем тұстарына сын көзбен қарайды. Бірақ «Таныстыру» поэмасында ақын Алашорда өкіметінің белгілі қайраткерлерін таныстыру мақсатын ғана көздеп қоймайды, сонымен бірге, қазақ халқының аумалы-төкпелі кезеңнен алаш арыстарына сүйену арқылы ғана шығатындығына сенім білдіреді.

1919 жылы жазылған С.Торайғыровтың «Айтыс» поэмасы – ақынның соңғы, әрі аяқтауға демі жетпеген шығармасы. Тұңғыш рет 1922 жылы «Адасқан өмір», одан кейін 1933 жылғы жинақтарына енді. Кеңес өкіметінің талабына сай келмей, алынып тасталған бұл шығарма содан кейін тек 1993 жылы ғана екі томдық шығармалар жинағына қайта енгізілді.

Суреткер дала ақыны мен қала ақынын айтыстыру арқылы ұлт тағдырының болашағын уайымдайды. Мұндағы дала ақыны бұл – қазақтың төл бейнесі, ал қала ақыны – заман ағымына сай өзгеріске түскен жаңа заман өкілі. Сондықтан да поэмада дала ақынының сөзі басым. Сұлтанмахмұт соның аузымен қазақтың ұлттық салт-дәстүрін, ұлан-байтақ жері мен жанға жайлы табиғатын, ел тұтқасын ұстаған билері мен ел қорғаған батырларын, жомарт байлары мен өнер адамдарын, ақын-жырауларын, тіпті көріпкел, бақсы-балгерлеріне дейін мақтан етеді. Осылайша қазақтың өткен тарихынан сыр шертеді. Даланы қалаға қарсы қойғандағы мақсат келер заманның аужайын жас та болса, байқағандықтан болып отыр. Бұл жерде дала мен қала екеуі де – символдық образдар. Сондықтан да кейбір зерттеулерде көрсетілгендей, «дала мен қаланың артықшылығы мен қайшылықтары көрсетілген» деген біржақты пікірден аулақ болу керек. Сұлтанмахмұт қаланың у-шуы, кеңпейіл, қонақжай еместігі, жіктелушіліктің молдығы, әртүрлі әділетсіздіктердің орын алуының бәрі қаладан шығады деген ой тастау арқылы кеңес өкіметінің біржақты саясатынан хабар береді. Қала ақынының аузымен ауылдағы алауыздық, барымтаның, партияның күштілігі, ғылым-өнер жоқтығын сынату арқылы қазақтың кертарпа мінезін де ашып көрсетеді. Кезінде «Айтысты» зерттеушілер тек қана ақынның «феодалдық ескілікті сынауын» тілге тиек етті. Сондықтан да бұл шығарманы бүгінгі көзқарас тұрғысынан сараптап, жаңаша оқып-үйрену уақыт талабынан туындап отырған жәйт.

Өмірінің соңғы сәтінде көкірегіндегі пісіп-жетілген ойдың аяқталмай қалғанына өкініш білдіруі, оның алладан «үш жыл, тым болмаса үш күн» мұрсат сұрап, жалбарынған жан тебірентерлік сөздерін көзі қарақты оқырманның бәрі біледі, әрі бұл осы «Айтыс» поэмасына да тікелей қатысты екендігінде дау жоқ.

С.Торайғыров алмағайып кезеңнің қайшылықты жақтарын шығармаларына арқау ете отырып, ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетін жаңа биікке көтерді. Көркем сөздің халықтық мән-мағынасына жете мән беріп, жаңа бағытта ізденістер жасаған қаламгер туған халқын отаршылдық қанаудан азат ету үшін ел бостандығына үн қосты. «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуға» ұмтылды.

Сұлтанмахмұт шығармалары — ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамының шындығы мен жаңашыл ой-пікірдің дамуын танытатын үлкен белес. Оның тынымсыз ізденісі, бір минут байыз таппаған жан тебіренісі бұлтақсыз, жалтақсыз айтылған шындыққа, көшпенді қазақ өмірінің шынайы суретіне негізделген.

Жарық көрген жинақтары. Б.Күлеевтің әзірлеуімен Қазанда шыққан тұңғыш жинағы, 1922.; Ж.Аймауытұлы алғы сөзін жазып, құрастырған жинақ – Қызылорда, 1933.; Б.Кенжебаев құрастырып, ғылыми түсініктемелерін жазған Екі томдық. – Алматы, 1950, 1957. Изб., 1958. 1-2 т., М.Жармұхамедов, Б.Ақмұқанова құрастырып, түсініктемелерін жазған Екі томдық. – Алматы: Жазушы, 1967, 1987.; «Адасқан өмір; Кедей; Жарқынбай; Кім жазықты; Қамар сұлу». – Алматы: Рауан, 1992. – 238 б.; Екі томдық – Алматы: Ғылым, 1993.; Қамар сұлу: Роман. – Астана: Елорда, 1999. – 268 б.; Жақсылық көрсем өзімнен. – Астана: Фолиант, 2002. – 96 б.; Үш томдық шығармалар жинағы: (Баспаға әзірлеп, түсініктемелерін жазғандар: З.Ахметов, Т.Берікболов) –Алматы: Жібек жолы, 2002. Т.1, 2003, Т.2-3.

Авторлық сілтеме:
Зайкенова Р. ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиеті Оқулық. – Алматы: Қыздар университетінің баспасы, 2014. – бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *