Споралы өсімдіктердің тіршілік циклі

Гаметофит және спорофит. Споралы өсімдіктер — мүктер мен қырықжапырақтардың тіршілік циклі екі фазадан тұрады: спорофит және гаметофит. Спорофит — өсімдіктердің тіршілік цикліндегі жыныссыз ұрпақ. Бұл — өсімдіктердің спора түзу сатысы. Спорофит — өрқашан диплоидты, ал споралар әрқашан гаплоидты болады. Сондықтан споралар мейоз жолымен түзіледі. Спорофит — аталық пен аналықтың (сперматозоид және жұмыртқа жасушасы) қосылуынан пайда болған зиготадан түзіледі. Сондықтан спорофит жасушаларында хромосоманың жиынтығы екі еселенген болады.

Гаметофит — өсімдіктердің тіршілік цикліндегі жынысты ұрпақ. Бұл сатыда гаметалар түзіледі. Гаметофиттердің жасушалары гаплоидты, гаметалары жасушалардан митоз жолымен түзіледі. Гаметофиттердің өзі гаплоидты споралардан пайда болады.

Мүктердің тіршілік циклі. Мүктердің тірек және өткізгіш ұлпалары нашар дамыған. Сондықтан мүктер биік болмайды. Олардың биіктігі құрғақ жерлерде бірнеше сантиметр болады. Аквариумдағы мүктердің денесі сулы ортада болғандықтан биіктігі 70 сантиметрге дейін жетеді. Мүктердің белсенді топтарының сабағы және жапырағы болады, сондықтан оларды жапырақты деп атайды. Анағұрлым қарапайым мүктер — бауырмүктер спорангий түзілетін майда жасыл түсті тақташалардан тұрады.

Мүктер — тіршілік циклінде гаметофиттері басым болатын жоғары сатыдағы бірден-бір өсімдік болып табылады. Бұл кезде өсімдіктердің жапырақтары мен сабақтары гаплоидты болады. Ересек өсімдіктердің арнайы жасушаларында митоз жолымен гаплоидты гаметалар түзіледі. Олардың ұрықтануынан зигота түзіледі. Ұрықтану да, зиготалардың түзілуі де аналық өсімдікте жүреді немесе жүмыртқа жасушасы дамитын мүктің сабағындағы арнайы ағзалардан түзіледі. Гаметофитте зиготадан диплоидты спорофит -«аяқты» қауашақ түзіледі. Спорофиттің жасушалары («аяқты» қауашақ немесе спорангийлер) диплоидты болады. «Аяқты» қауашақтың ішінде спорангий болады, онда мейоз жүреді және гаплоидты споралар түзіледі.

Спорофит жасыл түсті болмайды. «Аяқты» қауашақ ашық қоңыр немесе қою сары түсті болады. Оның жасушасында хлорофилл болмайды және фотосинтез үдерісі жүрмейді. Мүктердің спорофиті қоректік заттарды паразиттер тәрізді гаметофиттерден алады. Сондықтан споралары бар қауашақтың бекінетін «аяғы» біртіндеп жасыл түсті фотосинтездеуші гаплоидты гаметофиттен қоректік затты соратын өсіндіге айналады.

Споралар жетілгеннен кейін спорангий — қауашақтан шашылады, қолайлы ортаға түскендері дамиды. Споралардан жасушалары спора тәрізді гаплоидты, жапырағы және сабағы бар жасыл түсті мүктер — гаметофит дамиды. Алдымен спорадан өскінше пайда болады. Бұл — жіп тәрізді жасыл балдырға ұқсас бірнеше жасушалар. Содан соң жасушалар санының артуынан мүктердің денесі түзіледі. Ересек мүктердің денесінде гаплоидты жиынтықты аталық және аналық жыныс жасушалары — гаметалар түзіледі.

Қырықжапырақтәрізділердің тіршілік циклі. Қырықжапырақтәрізділер — өткізгіш ұлпалары жақсы жетілген жоғары сатыдағы өсімдіктер. Мүктерге қарағанда қырықжапырақтәрізділердің артықшылығы тіршілік циклінде спорофиттер дамиды, яғни жапырағы мен сабағы бар қырықжапырақтәрізділердің ересек ағзалары диплоидты жасушалардан тұрады. Диплоидты қырықжапырақтәрізділердің жапырағының астыңғы жағында спорангийлердің жиынтығы — сорустар дамиды. Оларда мейоздың нәтижесінде гаплоидты споралар түзіледі. Пісіп-жетілгеннен кейін спорангийлерден шашылған споралар өнеді. Өнген спорадан өскінше деп аталатын гаплоидты гаметофит түзіледі. Өскіншенің жасушасы гаплоидты болады, себебі олар гаплоидты спорадан дамиды. Гаметофит — мөлшері 1 мм болатын, жасыл түсті, жүрек пішінді қырықжапырақтың өскіншесі. Гаметофитте жапырақ та, сабақ та болмайды, бірақ төменгі жағында ризоиды болады. Ризоидтың жан-жағынан жыныс жасушалары: аталық спермийлер мен аналық жүмыртқа жасушалары (а) түзіледі. Гаметалар гапло-идты болады, олар митоз жолымен өнген гаметофит жасушаларынан түзіледі. Жыныс жасушалары түзілгеннен кейін ұрықтану жүреді. Ол үшін аталық спермийлер жүмыртқа жасушаларына жылжып барып онымен қосылуы керек. Қозғалатын аталық гаметалары бар мүктер мен қырықжапырақтәрізділердің спермийлері жүмыртқа жасушасына жетуі үшін су қажет. Сондықтан мүктер мен қырықжапырақтөрізділер ылғал жерде өседі.

Ұрықтанғаннан кейін диплоидты зигота — жұп хромосомалы ұрықтанған жұмыртқа жасушасы түзіледі. Оның жасушалары митоз жолымен бөліне бастайды, жас қырықжапырақтәрізді өсімдік түзіледі.

Басқа да ұқсас мәліметтер

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *