Сократ философиясы

Философияның өзінің мән-жайын, ерекшелігін, қызметін, рөлін тануы Сократтан басталады. (б.д.д. 469-399 ж.ж.) Сократқа дейінгі философияны әдебиетте натурфилософия, космоцентризм деп атайды дедік. Яғни табиғат, космос жөніндегі, сыртқы дүниені бетке ұстайтын ілім. Нағыз философия Батыста Сократтан басталады деп айтуға болады. Маркстің Сократты «философияны жасаушы» деп атауы тегін емес. Философия Сократ үшін – даналық, адамға адам болып өмір сүруді үйрететін ілім.

Сократ философияны адамға қарай бұрды, адамның рухани дүниесін танып-білуге, түсінуге, жетілдіруге бағыттады. Рим философы Цицерон: «Сократ философияны көктен жерге түсірді, әрбір үйге, адамдардың күнделікті өміріне енгізді», – деп ризашылығын білдіреді. Ежелгі грек философиясының тарихын зерттеуші Диоген Лаэртий (кейде Лаэртский деп жазылады) Цицеронды қостап: «Сократ философияны алаңға (базарға) шығарды», – дейді. Философия, әрине, өне бойы аспан көгінде қалықтап жүре алмайды. Мұндай философияның ешкімге, ештеңеге ықпалы болмас еді. Сонымен бірге философия отбасында да қалып қоймауы керек, оған тұтасты, жалпыны оймен шолып шығу үшін биіктік, кеңістік керек.

Сократ философиядағы жаңа бағыттың – даналыққа, түсінікке бастайтын бағыттың негізін қалады. Сыртқы дүниені зерттеу – ғылымның ісі. Философия табиғатты қанша зерттегенімен оған ықпал ете алмайды. Ал адамға ол ықпал етіп, адамның ақыл-ойын, көзқарасын өз түсінігіне сай қалыптастыра алады. Философия алдына адамды тәрбиелеу, жетілдіру, түзету міндетін қоюы керек. Оның басты қызметі – осы.

Философия, Сократтың пікірінше, – даналық, даналыққа құмарлық. Даналық деген қоршаған ортамен, қоғаммен, адамдармен үйлесімді өмір сүру. Мұның кепілі – түсінік, дүниені, адамды, қоғамды, өткен-кеткенді түсіну. Сократтың, Будданың, Конфуцийдің, біздің би-шешендеріміздің арнайы жазылған философиялық еңбектері жоқ. Бірақ біздер оларды философтар ретінде танимыз. Неге? Даналығы үшін, әрқашан да құнын жоймайтын өнегелі сөздері мен өнегелі өмірі үшін.

Сократ философияны адамға қарай бұрып қоймай, адамды да философияға қарай бұрмақ болды. Бұл үшін ол әр адамның алдына өзін-өзі тану мақсатын қойды. Ол таңертеңнен кешке дейін көше кезіп, адамдармен тілдесіп, оларға адамшылықтың жайын сөз етумен болды: адам не үшін дүниеге келген, не үшін өмір сүреді, неге ұмтылып, нені бетке ұстауы керек; өмір деген не, өлім деген не, ар, ұят, намыс, оқу-білім не үшін керек, т.б.

Сократ әңгімелерінің мазмұны осындай болып келеді. Афина тұрғындары Сократты «кезбе философ» деп атап кеткен. Біреулері, әсіресе жастар жағы Сократпен кездесуге, тілдесуге асық болса, екіншілері Сократтан қашық жүруге тырысады. Өйткені Сократ адамдарға өз ойын бүкпей ашық айтады, кемшілікті бетке басады. Адамдарды ойлансын, бейқамдықтан оянсын, немқұрайдықтан арылсын деп қатты айтады, батырып айтады. Сократтың әңгімелерінде кекесін, мысқыл, сын басымырақ болды. Оны елде «бөгелек» деп атап кетеді. Өйткені ол адамдарға тыныштық бермейді, тілімен түйрейді.

Әдебиетте «Сократтың мысқылы» деген сөз бар. Сократ адамдарды жек көргеннен мінемейді, жақсы көргеннен, жақсы болғанын қалап, сынайды. Сократ туралы «ол дүниеге жылап келген жоқ, күліп келді» деп айтады екен. Сократтың кекесінін көтере алмағандар оның үстінен арыз жазып, жала жауып, ақыры Сократты соттатады, өлім жазасына кестіреді, у ішкізіп өлтіреді.

Сократ қаласа, сотта өзін-өзі ақтап ала алар еді. Халқының алдында оның кінәсі жоқтығы кім-кімге де аян болды. Бірақ Сократ басқа жолды таңдады. Өмірімен ғана емес, өлімімен де халқын ойландырып, бұлай өмір сүруге болмайтынын, талантты халықтың астамсып, асып-тасып, бойындағы асыл қасиеттерінен айырылып қалғанын, азып-тозып бара жатқанын бетіне баспақ болды. Сократ өз жолынан, өз ілімінен, түсінігінен жан саулығы үшін бас тарта алмады. Сократ философия үшін өмір сүрді, философиясы үшін жанын қиды. Маркс Сократты «жүзеге асқан философия» деп атайды. Сократтын сөзі де, ісі де, ілімі де, өмірі де, өлімі де философияға айналды.

Сократ философияны, жүзеге асыруды өзінше, өзгеше түсінді. Мінбеден білгішсініп, орынсыз ақыл айту емес, шәкірттерге абстрактілі кітап сөзін қайталау емес, жоқ, ешкімді кемсітпей, әркіммен теңдес адамдарша әңгімелесу, білмегеніңді сұрау, білгеніңді ортаға салу, пікір алмасу. Қай адамның да біреуді үйрететін, біреуден үйренетін шамасы бар. Философияны Сократ жанды сұхбат түрінде паш етті. Кітап сөзі жансыз, абстрактілі, қасаң деп тауып, Сократ әдейі кітап жазудан бас тартады.

Сократ шәкірттерін, адамдарды ойлауға, істің жайын, заттың мәнін түсінуге, ақиқатты аша білуге үйретеді. Пікір алмасуды шындыққа жетудің жолы деп біледі. Ол өз әдісін – сұрақ-жауап тәсілін – сұхбаттасу өнері деп атайды: технэ майевтика. Білім – процесс, білімнің шегі жоқ. Ешкім де ешуақытта «бәрін білдім» деп айта алмайды. Осы ойын Сократ мынадай таңқаларлық формуламен білдіреді: «Менің білетінім – ештеңені білмейтінім, басқалар мұны да білмейді».

Сократтың жиі қолданатын сөздері: «Қанағат» (софросине), «ішкі дауыс немесе ұждан» (даймон), «ізгілік», «білімдарлық», «надандық» т.б.

Авторлық сілтеме:
Рысқалиев Т.Х. Философия тарихы: Оқулық. / Т.Х. Рысқалиев, — Алматы: Экономика, 2015. 508 бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *