Жоспары:

  1. Соғыстан кейінгі жылдардағы Тунис.
  2. Тәуелсіз Тунис. Х.Бургиба билігі.
  3. Бен Али билігі кезіндегі Тунис.
  4. Тунис Республикасының сыртқы саясаты.

1945 жылы қыркүйекте елде Үлкен кеңес қызметі жанданды, баспасөзге цензура жойылды, Францияның Құрылтай жиналысына сайлау өтті. Бірмезгілде, ІV Республика конституциясына сәйкес, Тунис Француздық Одақ шеңберінде «қосылған мемлекет» статусында қалды. 1947 жылы тамызда протекторат режимін нығайту мақсатымен отарлық үкімет жеті француздықтардан және алты тунистіктерден тұратын министрлер кабинетін құру идеясын ұсынды. Алайда аталған ұсыныс Жаңа дустурдың мемлекеттік хатшысы Муххамед бен Юсеф қолдауын тапқан жоқ.

Тунисте соғыс жылдары француз түрмесінен «Нео Дустур» партиясының жетекшісі Хабиб Бургиба босатылады. 1945 жылы ол Каирге, одан АҚШ-на аттанып, онда 1949 жылға дейін болады. Оның оралуымен Тунисте пісіп-жетілген саяси мәселелерді реттеуге үміт пайда болады.

1950 жылы Х.Бургиба және оның жақтастары би үкіметінің құрамына кіреді; француздықтармен бірге болашақ конституциялық реформалар талқыланады. Бірақ 1952 жылы қаңтарда «Нео Дустур» жақтастары үкіметтен шеттетіліп, Х.Бургибаның өзі тұтқындалады. Одан кейінгі жылдары Франция Үндіқытай мәселесімен ғана айналысады; тек француздықтар шығарылғаннан кейін ғана Тунистегі мәселені реттеуге кіріседі. 1955 жылы Х.Бургиба толық ішкі өзін-өзі басқару туралы келісімге қол жеткізеді, ал 1956 жылы 20 наурызда Тунис тәуелсіз елге айналады.

Тунистің тәуелсіздігін алғаннан кейін бірыңғай светтік сот жүйесі, көп әйел алушылыққа тиым салған азаматтық кодекс енгізіледі, әйелдерге сайлау құқығы беріледі. Халықтың сауатсыз- дығымен күрес мәселесіне үлкен көңіл бөлінеді.

Маңызды қайта құрулардың бірі монархияның жойылуы және 1957 жылғы 25 шілдедегі Ұлттық Құрылтай жиналысының шешімінің негізінде республиканың жариялануы болды. Тунис Республи- касының бірінші президенті Хабиб Бургиба болды.

Республиканың жариялануынан екі жылдан соң, 1959 жылы 1 маусымда конституция жарияланады, ол бойынша республика президентіне үлкен артықшылықтар (ол президент ветосына құқылы, атқарушы билікті толығымен жүзеге асырады және т.б.) беріледі. Барлық билік мемлекеттің ресми басшысы президенттің қолына көшеді. Ұлттық жиналыс (бір палаталы) президентпен бірге заң шығарушы билікті бөліседі. Конституция бойынша саяси партиялар мен ассоциациялар құруға рұқсат етілді.

Экономика саласында Тунис тәуелсіздік алғаннан кейін үлкен қиындықтарға тап болады. Тәуелсіздігінің алғашқы кезеңіндегі Тунис үкіметінің басты міндеттерінің бірі бұрынғы метрополиядан экономикалық тәуелділігін жою болды. 1956-1959 ж.ж. мемлекет қарамағына темір жолдар, 1961 жылы транспорттық компаниялар және электр энергия шығарушы компаниялар көшіріледі. Тау-кен өндірісі ұлттандырылады. 1959 жылы Тунис ұлттық валюта ретінде динарды енгізеді, ал келесі жылы Франциямен кедендік одақтан шығады. Экономиканың маңызды салаларын бақылауына алған ел басшылығы бірмезгілде жеке ұлттық және шетелдік капиталға «жасыл көшені» берді. Шетелдік капиталистер елден өз капиталдарын алып кетеді, нәтижесінде жұмыссыздық көбейіп, баға өседі.

Аграрлық салада үкімет би фамилиясының жер иеліктерін және мүлкін конфискациялайды. 1958 жылдан бастап елде европалық отаршылдардың жер иеліктерін сатып алу басталды. 1964 жылы шетелдіктердің барлық жер иеліктері ұлттандырылады.

Жекелеген сәтсіздіктерге қарамастан, индустрилизация, туризм дамыту, инфрақұрылым бойынша Тунис мемлекетінің шаралары елдің экономикалық позициясын нығайтады. Тунис Франциядан (1972 жылы 110 млн. фр. сумма кредит беру туралы келісім жасалады), АҚШ-нан (1960 жылдан 1970 жылға дейін АҚШ-ның үлесі барлық шетелдік көмектің 42,8 пайызына тең болды), ГФР-нан (1970 жылдың аяғында Тунис 338 млн. батысгермандық маркаға тең экономикалық көмек алады) қаржылай көмек алады.

Тунис үкіметінің сыртқы саясаты әрбір елдің саяси бағытына қарамай барлық елдермен қайырымды көрші қатынасын қолдауға бағытталған. 1972 жылы Х.Бургиба Францияға барады, осыдан кейін ынтымақтастық мәселелері бойынша комиссия құрылады.

Магрибтің басқа да елдерімен: Алжир және Мароккомен қатынасы жақсарады. Энергетика, қаржы, сауда, ақпарат, табиғат байлықтарын (мұнай және газ) бірігіп пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы алжир-тунис келісімі жасалады. 1964 жылдың аяғында Мароккомен дипломатия, заңтану, денсаулық және байланыс саласындағы ынтымақтастық туралы 8 келісім жасалады. 1970 жылы достық және ынтымақтастық туралы тунис-алжир келісіміне қол қойылса, 1972 жылы тунис-марокко қаржы конвенциясына қол қою рәсімі болады. Осы жылы туризмді дамыту бойынша Магрибиндік конфедерация құрылады.

Тунистің социалистік елдермен де байланысы сәтті дамиды. Тунис Кеңес Одағымен, Польшамен, Чехословакиямен, Болгариямен және Югославиямен экономикалық және техникалық ынтымақтастық туралы келісім жасайды.

1964 жылы Социалистік дустурлық партия деп атауы өзгертілген Жаңа Дустур және оның жетекшілері партиялық- мемлекеттік басқару стиліне қатаң тәртіп орнатады.

1983 жылы Халықаралық Валюта қорының талап етуімен тунистік үкімет нан өнімдерінің бағасын екі есе өсіреді. Бұл 1983 жылы қараша — 1984 жылы қаңтар аралығында ондаған адам қаза тауып, жүздеген адам жарақат алған нан бүлігінің басталуына алып келеді. 1975 жылы өмірлікке президент болған Бургиба теледидар арқылы сөз сөйлейді. Ол жанындағылардың шынайы жағдай туралы шындықты жасырғандығын, оны адасушылыққа салғандығын мәлімдейді. Ол үкіметтің қате шешімін жойған жарлыққа қол қойғандығын мәлімдейді. Биліктің жоғарғы эшелонында бұрынғы министрлерді бірінен соң бірін қызметінен босатып, жаңа министрлерді тағайындаған Бургиба қызметіне деген күмән туындайды.

1987 жылы 7 қарашада премьер-министр Зин аль-Абидин бен Али конституцияның 57-бабына арқа сүйеп, өзіне президент және билеуші партияның хатшысы қызметін алады. Билікке келген жаңа үкімет алдыңғы үкіметтің тарихи қызметіне оң баға беріп, халыққа азаматтық құқықтар мен отандастарының еркіндігін сақтау туралы уәде береді. Оның алғашқы қадамдары үкіметте және армияның жоғарғы тобындағы қайта құрулар, ұлттық баспасөзді либери- зациялау, саяси тұтқындарға амнистия жариялау болды. 1988 жылы ақпанда Демократиялық Конституциялық Бірлестік (ДКО) деп жаңадан аталған билеуші Социалистік дустурлық партияның съезі өтеді. 1988 жылы күзде жасалған Ұлттық пакті елдегі түрлі қозғалыстар мен ұйымдардың өзара қарым-қатынасын реттеді. Халықты жұмыспен қамту мәселесін шешу мақсатымен үкімет экономикалық даму бағдарламасын жасап шығарды. Ол өнеркәсіп саласына және ұлттық өнім экспортының жағдайын жақсарту үшін салынатын каптитал салу көлемін арттыруды қарастырды.

Шаруашылық процестерді басқарудың тиімді жолдарының нәтижесінде ұлттық ішкі өнім көрсеткіші 1986-1996 ж.ж. 3 есе өсті. 1994 жылы парламент сайлауында Демократиялық Конституциялық Бірлестік (ДКО) барлық орынды иеленеді. Соңғы сайлау 1999 жылы қарашада өтеді. 2001 жылы қаңтарда үкіметте қайта құрулар жүргізіледі, министрлер саны 2 есе қысқартылады.

Тунис экономикалық саясатында либеральдық бағытты ұстанып келеді, шетелдік инвестицияға кең қолдау көрсетеді, еркін экономикалық аймақтар құрады. Ел Европалық Одақпен тығыз қатынаста, оның үлесіне барлық сыртқы сауданың 80 пайызы тиеді.

Ұзақ жылдар бойы Тунис үкіметі Ұлы Магриб құру ісі бойынша белсенді қадамдар жасап келеді және 1989 жылы ақпанда Марракеште Алжирмен, Ливиямен, Мавритания және Мароккомен Араб Магриб Одағын (САМ — Союз Арабского Магриба) құру туралы келісімге қол қойылады.

Авторлық сілтеме:
Азия және Африка елдерінің қазіргі заман тарихы (ХХ ғ. екінші жартысы — ХХІ ғ. басы): Оқу–әдістемелік құрал / Б.М. Мырзабаева — Орал: М.Өтемісов атындағы БҚМУ Баспа орталығы, 2013. — 340 б.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *