Шағын және орта кәсіпкерліктің жағдайын шет мемлекеттермен салыстыру

Шағын және орта кәсіпкерліктің жетістікпен дамуы жалпыға бірдей экономикалық ынталандырудың куәлігі болып табылады. Егер қойылған мәселеге тереңірек үңілетін болсақ, біздің еліміздегі нарықтық өзгерістерді жүзеге асыруымыздың негізгі себебі Кеңес өкіметі кезеңінде адамдардың меншіктен алыстап кетуі еді. Ол халықтық болғанымен, шын мәнінде, ешкім де оның иесі екендігін сезінген жоқ. Сондықтан, кең көлемде алғанда, реформаның мақсаты адамдарға өз елінің қожасы екендігін білдіретін сезімді қайтару болды. Бұл тұрғыдан алғанда шағын және орта бизнес айтылған мақсатқа жетудің ең тиімді жолы екендігі анық. Дамыған елдердегі шағын және орта кәсіпорындарының үлес салмағының тұрақтылығы, қазіргі дүниежүзілік экономиканың даму сипаты болып табылатын, қарқынды экономикалық өсу кезеңіндегі еңбек бөлінісінің объективті шарттарымен байланысты. Ал, біздің еліміздің экономикасындағы нарыққа өту кезеңіндегі шағын және орта бизнестің әдеттегі қызметтеріне, өтпелі кезеңнің талаптарына сәйкес, шешілуін қажет ететін жаңа мәселелер қосылуда.

Ұзақ уақыт бойы біздің экономикамыз өндірісті монополиялау мен ірілендіру деңгейін өсіру жолымен дамыды. Ірі кәсіпорындар жалпы өнімі 10- даған млн-нан 1 млрд сомға дейінгі көлемді өнімнің үлкен номенклатурасын, барлық негізгі және көмекші, дайындау, жөндеу өндірістік комплексті қамтитындай етіп құрылды. Сонымен қатар, олар бұрын қалыптасқан технологияны пайдалануға негізделіп, материалдық сыйымдылық пен қоршаған ортаға техногендік салмақ түсіріп отырады.

Шағын және орта кәсіпорындардың маңызын толық бағаламаушылықтың теориялық негіздемесі саяси экономия постулатының шағын өндірістердің экономикалың тиімділігінің төмендігі жөніндегі тамырланған көзқарастың қалыптасуынан болатын. Ірі кәсіпорындардың шоғырлануы, капитализімнің монополизмге өтуі міндетті түрде бәсеке мен өндірістің қоғамдастыруының ең жоғарғы деңгейіне алып келеді және ірі капитал шағын және орта кәсіпкерлікті жояды деген экономикалық тезисті дәлелдеуге көптеген кітаптар, зерттеулер мен мақалалар арналды. Бірақ, іс жүзінде ол жүзеге асқан жоқ. Бәсеке жүздеген мың ұсақ меншікшілерді нарықтан ығыстырып шығарады, соның нәтижесінде олардың үсті-үстіне күйреуі орын алып отырады. Мысалы, олардың ең ірі күйреуі автомобиль өнеркәсібінің құрылу кезіне келді. Бұл уақытта ескі көлік жабдықтарын өндіретін қолөнершілер толығымен күйреді. Бірақ, сонымен бір мерзімде жүздеген, мыңдаған жаңа бөлшектер өндіретін шаруашылықтарды, автомобильдерді жөндеу бойынша шеберханаларды, бензин колонкаларының иелерін және басқаларды осы сала дүниеге әкелген болатын. Батыстағы шағын және орта бизнес, жоғарыдағы айтылған теорияға қарамастан, өмір сүріп қана қоймай, дамып келеді.

Өнеркәсібі дамыған елдерде шағын және орта бизнестің даму деңгейін, қарқынын ел, аймақ, қала табыстылығының нақты кепілі деп есептеуі тегін емес. АҚШ-да әрбір 1000 адамға 75 шағын кәсіпкерлік субъектісінен келеді. Елде тіркелген барлық кәсіпорындардың 97 пайызын шағын фирмалар құрайды. Олар жалпы ұлттық өнімнің 90 пайызға жуығын көтерме және бөлшек сауданың 64 пайызын, қызмет көрсету саласының 57 пайызын, жаңа технологиялар өндірісінің 90 пайызын құрайды. Германияда әрбір 1000 адамға 37 шағын кәсіпкерлік субъектісінен келеді. Елдегі шағын фирмалар мен жеке кәсіпкерлер барлық тіркелген кәсіпорындардың 99 пайызын құрайды. Олардың үлесіне елдегі барлық жұмыс орнының 40 пайызы, айналымға салынатын салықтардың 45 пайызы, ел экспортының 30 пайызы тиесілі. Жекелеген Еуропа елдерінде шағын бизнес саласындағы кәсіпорындар жалпы кәсіпорындардың ішінде 70-90 пайызын құрайды. Еуропалық одаққа мүше елдерде әрбір 1000 адамға 45-50 кәсіпкерлік субъектісінен келеді және олар Жалпы Ұлттық Өнімнің (әрі қарай ЖҰӨ) 65 пайызға жуығын құраса, сәйкесінше Ұлыбританияда әрбір 1000 адамға 46 кәсіпкерлік субъектісінен келеді және олар ЖҰӨ-нің 65 пайызға жуығын құрайды, Италияда әрбір 1000 адамға 68 кәсіпкерлік субъектісінен келеді және олар ЖҰӨ-нің 57 пайызға жуығын құраса, Францияда әрбір 1000 адамға 35 кәсіпкерлік субъектісінен келеді және олар ЖҰӨ-нің 55 пайызға жуығын құрайды, Жапонияда әрбір 1000 адамға 50 кәсіпкерлік субъектісінен келеді және олар ЖҰӨ-нің 55 пайызға жуығын құрайды, ал Қазақстанда әрбір 1000 адамға 7-8 шағын кәсіпкерлік субъектісінен келеді [45].

Бұрынғы Кеңес Одағының еңбекке жарамды халықтың басым бөлігі ірі өндіріс орындарында жұмылдырылғанымен де, Одақ ыдырап, ұзақ жылдар бойғы байланыстың үзілуі тек еңбекке жарамды халықтың жұмыссыз қалуына ғана емес, тұтастай экономиканың құлдырауына әкеп соқтырды. Қазіргі таңда, бұрынғы Одаққа мүше елдердегі сияқты, Қазақстанда да кәсіпкерлік қызмет түрлерінің даму беталысы байқалуда. Қазақстанда шағын және орта бизнесті Үкімет тарапынан қолдау егемендік алғаннан бері басталып, кең жол ашылды десек те, еліміздегі кәсіпкерліктің қалыптасуы ең алғашқыда кооператив түрінде көрініс тапты.

Тәуелсізідігімізді алған жылы республикадағы кооперативтер саны 15 мыңға, онда жұмыспен қамтылғандар саны 300 мыңға жетіп, республикадағы тауарлар мен қызметтердің ¼ бөлігін өндірген. Бес жылдан кейін түрлі жеңілдіктер беріліп, басым көңіл бөлінуінің нәтижесінде шағын кәсіпорындардың саны 11,5 мыңды, онда жұмыспен қамтылғандардың саны 150 мың адамды құраса, керісінше кооперативтер тек 2 мыңы қалған [56]. Cол жылға дейін салық жүйесі тұсында өндірістік, қайта өңдеу, құрылысжөндеу, ауылшаруашылық кооперативтері мен шағын кәсіпорындары алғашқы екі жылда салықтан толығымен босатылса, одан кейінгі екі жылда оның 50 пайызынан босатылған.

Нәтижесінде, олар алғашқы екі жылда толық қуатында, одан кейінгі 2 жылда залалды кәсіпорындар ретінде жұмыс жасаған. Басшылары салық жеңілдігін пайдалану мақсатында жаңадан шағын кәсіпорындар мен кооперативтер құрып, салық салудан босататын үш жыл мерзім өткеннен кейін залалды кәсіпорын ретінде жабылып отырған. Салық түрлерінен босатылған жылдары, шаруа қожалықтарының саны 16283-тен 22341-гедейін артқан. Бірақ, олардың жермен емес, саудамен, қоғамдық тамақтандырумен, басқа да жерге қатысы жоқ қызмет түрлерімен айналысуының нәтижесінде салық түсімдеріне кері әсер еткен. Бұдан шығатын қорытынды, өндірістегі шағын және орта бизнесті салық салудан толығымен босату ешқандай оң нәтиже бермейді, керісінше өндірістің қалыпты дамуына кедергі болады [57].

Шағын бизнес субъектілері нарықтық экономиканың субъектілері ретінде жекелеген артықшылықтар мен кемшіліктерге ие. Атап айтқанда, шаруашылық жүргізудің жергілікті жағдайларына бейімделу, шағын кәсіпкерлердің қызмет дербестігінің көбірек болуы, шешімдерді қабылдау мен орындаудың икемділігі мен жеделдігі, салыстырмалы түрде шығындардың, әсіресе басқару шығындарының аз болуы, өндіріске жедел өзгеріс енгізу мүмкіндігі, т.б.

2014 жылы республика аумағында 1 695 200 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелсе, ол 2013 жылдың тиісті көрсеткіші 1 532 000 болған. Аталмыш кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандардың саны 2014 жылы 1 994 728 адамды құрады, яғни 2013 жылы бұл көрсеткіш 2 121 198 адамды құраған болатын. Яғни, біз бұл көрсеткіштің айтарлықтай төмендегенін байқаймыз. 2014 жылы шағын кәсіпкерлік субъектісі 1 994 728 млн.теңгенің өнімін өндіріпген. Бұл 2013 жылмен салыстырғанда төмендегендігін байқау қиын емес. Бұл кәсіпкерлік субъектілерінің ЖІӨ-гі үлесі 2014 жылы 36,2 пайызды құрады, ал 2013 жылы 34,6 пайызды және 2012 жылы 35,8 пайызды құраған. Жыл сайын олардың ЖІӨ-гі үлестері құлдырап отырған. Қазіргі мәлімізге мәлім Н.Назарбайевтың биылғы жылында шағын және орта бизнестің ЖІӨ-гі үлесін 50% жеткізгені тұралы. Ол әрине жақсы көрсеткіш. Бірақ мұнда басқа сұрақ туындайды, осы көрсеткіштер рас па? Өйткені, кейбір ақпарат бойынша біздің шағын және орта кәсіпорындардың үлесі тек сегіз немесе он пайызды құрастырып жатыр. Сондықтан да, басты мақсаттардың бірі ЖІӨ-гі үлесті жоғарлату.

Елбасының «Нұрлы жол – Путь в будующее» атты 11.11.2014 жылы шыққан халыққа Жолдауында шағын және орта бизнесті дамытуға айрықша көңіл бөлінді. Осы ретте кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру мәселесін айтсақ болады. Кәсіпкерлікпен айналысқысы келген адам алғашқыда несие алуға әрекет жасайтыны белгілі. Болашақ кәсіпкердің кепілге қоятын мүлкі жоқ болса, тіпті қиын. Жолдауда айтылғандай енді кәсіпті бастау үшін несие алған адамдарға мемлекет кепіл болатын болды. Бұл кәсіпкерлер үшін үлкен қолдау. Әрине, мемлекет кәсіпкерлерге жүз пайыз кепіл болмайтыны түсінікті. Дегенмен, еліміздегі екінші деңгейлі банктер сырттан займдар тартқанда мемлекет кепіл болды. Нәтижесінде, банк саласы қарқынды дамыды. Осындай жағдайды шағын және орта кәсіпкерлерге де жасайтын кез жетті. Мемлекеттің кепіл болуы халықаралық іс-тәжірибеде бар. Айталық, мұндай тәжірибені Германиядан кездестіруге болады. Банк кәсіпкерлердің бизнес жоспарымен танысып, оған қаржы салудың тәуекелі зор екенін білгеннен кейін, кәсіпкерлер мемлекеттің көмегіне жүгіне алады. Жолдауда айтылған тағы бір көңілге қонымды мәселе, еліміздің барлық аймақтарында кәсіпкерлерге кеңес беретін орталықтар ашу ісін атап айтуға болады. Өкінішке орай, мұндай орталықтар елімізде тек Алматы мен Астанада ғана бар. Мұндай іспен жекелеген компаниялардың айналысатыны белгілі. Олар өз қызметі үшін ақы сұрайды. Соңғы уақыттары «Даму» кәсіпкерлерді қолдау қоры «Кеңесші» жобасының шеңберінде кәсіпкерлерге кеңес бере бастады. Мұндай игі бастамаға облыстағы кәсіпкерлікті қолдау департаменттері қолдау көрсетуі керек. Бұл бағыттағы жұмысты өрістету үшін жаңадан мекеме құрып, шығынға батудың қажеті жоқ. Мемлекет кәсіпкерлік қауымдастықтарға арнайы гранттар тағайындап, кәсіпкерлерге тегін ақыл-кеңес беру ісін ұйымдастыруына болады. Өйткені қауымдастықтардың бай тәжірибесі бар.

2010 жылдан бастап қолға алынатын «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы жүзеге асатыны елімізде шағын және орта бизнес өкілдеріне үлкен серпіліс алып келеді деген ойдамыз. Ондағы шағын және орта бизнестің жаңа тобын дамыту есебінен тұрақты жұмыс орындарын ашу мәселелері орынды көтерілген. Дәл қазіргі кезде мемлекет қолдауына зәру болып отырған саланың бірі – жеңіл өнеркәсіп. Соның ішінде тігін және тоқыма өндірісі. Ел экономикасының табысты болуы бәсекеге қабілетті дайын өнім шығаратын кәсіпорынның бар болуына тікелей байланысты. Оның ішінде жеңіл өнеркәсіп, тігін өнеркәсібі – басты саланың бірі болуы керек. Біз өнімдерімізді алдыменен ішкі айналымда жандандырып, содан кейін ғана ұлттық ерекшелігіміз бар затты «Қазақстанда жасалған» деген белгімен экспортқа шығарсақ қана шетелге өзімізді таныстыра аламыз. Сондықтан, бизнесті дамыту жөніндегі өңірлік корпорациялар қарқынды жұмыс істесе, оны Үкімет өз деңгейінде қадағалап отырса, бұл сала қарқын алар еді.

Бізде шағын кәсіпкерліктің ішінде сауда орындары, кафе, қонақ үйлер қызметі біршама жақсы дамыды. Бұл дамыған мемлекеттерде де бар үрдіс. Оларда да бірінші осы қызмет көрсету саласы алға шыққан. Өйткені, әлемнің көптеген елдерінде шағын және орта бизнес – үлкен табыс көзі. Біріншіден шағын кәсіпкерліктен пайда тез түсетін болса, екіншіден бұл салада бәсеке жоғары. Бірақ, оларда инновация, яғни жаңалық басты орында. Бізге де осы қажет. Сондықтан, нақты өнім дайындайтын салаға қараудың кезі келді. Мысал үшін, Германияда машина шығару өндірісіне 80 мыңдай бөлшек керек екен [41]. Оны дайындайтын шағын кәсіпорындар. Бұл алып өндірістердің жұмысын алға бастыратын да шағын және орта бизнес деген сөз. Елбасының Жолдауында айтылған «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы мен индустриялдыинновациялық бағдарламалар осы саланы дамытудың негізгі жолдары деп айтуға болады.

«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат Қоры» АҚ-ның Басқарма Төрағасы Қ. Келімбетов 9 ақпан күнгі үкімет отырысында 2010 жылы Қор дағдарысқа қарсы бағдарламаны негізгі бес бағыт бойынша жүзеге асыратынын мәлім етті. Оның екінші бағыты елдегі кәсіпкерлікке қолдау көрсету. Елбасы Жолдауына орай Қор биыл «Бизнестің жол картасы – 2020», «Инвестор – 2020», «Лизинг – 2020» және «Экспортер – 2020» бағдарламаларына белсенді атсалыспақ [36]. Осының ішінде екінші дәрежелі банктердегі орта және шағын бизнестің несиелерін кепілдендіру, орта және шағын кәсіптің лизингтік мәмілелерін қаржыландырудың жеңілдетілген бағдарламасы қарастырылып отыр. Кез келген шағын және орта бизнес иесі банктен несие алу кезінде кепілге зат қоятыны анық. Алайда, қазіргі кезде елімізде жылжымайтын мүлік бағасы арзандап кеткені белгілі. Осыған байланысты банктер ол заттарды бағалауды да төмендеткендіктен, несие аларда қиыншылықтар туындап отыр. Кәсіпкердің сұрап отырған несие сомасын кепілге қойған дүниесі қамтамасыз етпей қалды. Сол себепті де, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры кәсіпкерлердің екінші деңгейлі банктерден алатын несиелерінің 50 пайызына дейін кепілдік беруді көздеп отыр. Қазір оның негізгі механизмдері талқылану үстінде. Мемлекет тарапынан берілген кепіл ақшамен пара-пар. Сондықтан, банктерге де бұл тұрғыда қауіп жоқ.

Жыл басында Нұрсұлтан Назарбаев шағын және орта бизнесті ашуды жеңілдететін заң жобасына қол қойғаны белгілі. Бұл жағдай еліміздегі кәсіпкерліктің дамуына оң ықпал етеді. Бұған дейін кәсіпкерлікпен айналысуға қажетті құжаттар 15 күнде дайындалса, енді 7 күнде дайындалатын болды. Ескі заң бойынша кәсіп ашуға талаптанған адамның капиталдық жарнасы мың доллардың көлемінде болуы тиіс еді. Ал жаңа заң бойынша жарна мөлшері 100 теңге мөлшерінде белгіленді [54]. Сондай-ақ, құжаттарды нотариалдық рәсімдеуден өткізу талабы да алынып тасталғанын айта кетуіміз керек. Мұның өзі кәсіпті жаңа бастаған адамдар үшін біршама жеңілдік туғызып отыр. Өйткені бұрын әрбір құжатты ноториалдық рәсімдеуден өткізу үшін біраз қаржы жұмсауға тура келетін.

Осы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясындағы «несиелер бойынша пайыздық ставкаларды субсидиялау» ісінің жүзеге асырылуы маңызды. Осы тұста Үкімет те шағын және орта бизнесті арзан несиемен қамтамасыз ету жайын қолға алды. Бұл сауда-саттық саласында жүрген кәсіпкерлер үшін – өте тиімді шара. Дәл қазір қарым-қабілеті бар, әйтсе де қолындағы қаржысы мардымсыз шағын бизнеспен айналысатын кәсіпкерлеріміз банктерден арзан пайызбен несие алатын болса және ол несиенің көрсеткіші болашақта да төмендей түссе, осы бағыттағы барлық салаға үлкен көмек болар еді. Сондықтан мұндай бастаманы қолдау керек.

Дамыған елдердің тәжірибелері көрсетіп отырғандай, шағын және орта бизнесті қалыптастыру мен дамыту экономиканы нығайту үшін қолайлы алғышарттар жасайды. Алайда, алдымыздан көптеген қиындықтар кездеседі. Дәл қазіргі таңда киім тігу жұмысымен айналысып жүрген орталықтардың саны көбейіп келеді. Солардың көбі шығарып жатқан бұйымдарының, яғни киімдерінің негізін ұлттық киімдердің жобасымен тігеміз дейді. Ал солардың шығарып жатқан өнімдерін саралап, кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс дейтін бір орталық жоқ. Біздің сарапшыларымыз – сатып алушылар ғана. Көрші мемлекеттерде өтіп жататын көрме, жәрмеңке, фестивальдарға да әркім өзі ізденіп, өз қаражатымен ғана бара алады. Шетел тұрмақ өзіміздің отандық киім тігушілер бір-бірімізбен араласып, тәжірибе алмасып отырмаймыз. Міне, осындай ұшы-қиыры жоқ жұмыспен айналысатын бір орталық керек сияқты. Әйтпесе, әркім өз қазанында қайнап жатыр. Алайда отандық өнімді өндіру, оның ішінде ұлттық брендті қалыптастыру үшін үкіметтен қолдау керек. Қаржылық көмекпен қоса, отандық тауарды сатып алушының қолына жеткізу, бәсекеге қабілетті тауар өндіруге үкімет жағынан да үлкен қолдау керек.

Бұл бағыттағы жұмыстар шағын және орта бизнестің кең қанат жаюына ықпал ететіні сөзсіз. Бағдарлама шеңберінде өнеркәсіп орындары ашылып, кәсіптік мамандықтарға деген сұраныс арта түсетіні анық. Осыдан үш-төрт жыл бұрын құрылыс саласы қарқынды дамығанда, кәсіптік мамандардың тапшылығы анық байқалғаны есімізде. Мұндай ауқымды жобаларды іске асырғанда қажетті мамандармен қамтамасыз ету мәселесіне айрықша көңіл бөлген жөн. Жалпы маман жетіспеушілігі өндіріске қатысты ғана емес, сонымен бірге бұл мәселемен шағын және орта бизнес те бетпе-бет келіп отыр. Өзге елдердің іс-тәжірибесіне көз жүгіртсек, мамандарды дайындау мәселесін мемлекет пен кәсіпкерлер бірлесіп шешіп жатқанын көреміз. Алайда, Германияның Кәсіпкерлерді қолдау палатасы кәсіпкерлер мен мемлекетті ортақ іске жұмылдырып, елдегі әлеуметтік жағдайды оң бағытта шешіп келеді. Бізде мемлекет кәсіптік маман дайындау ісі шағын және орта бизнес өкілдерінің шаруасы деп қарап келгені жасырын емес. Шындығында маман дайындап, елдегі жұмыссыздықтың алдын алу – мемлекеттің басты шаруасы. Соңғы уақыттары билік осыны түсініп, «Жол картасы» аясында кәсіптік білім беретін орталықтар ашты.

Мемлекет кәсіпкерлердің алған несиелерінің 50 пайызына дейін субсидия беру ісін қолға алып отыр. Егер шағын және орта бизнес өкілдері бұрын несиесін 18 немесе 20 пайыздық ставкамен алса, мемлекеттік субсидия оның ставкасын екі есеге арзандатуға мүмкіндік бермек. Инновациялық жобаларға келетін болсақ, техникалық тұрғыдан қайта жарақтандыру мақсатымен лизингтік операцияларды қаржыландыруды жүзеге асыруды көзделіп отыр. Бүгінде лизингтік компаниялар таңдап алынды. Кәсіпкерлердің жеңілдетілген пайызбен құрал-жабдық сатып алуына, өндіріс пен технологияларын жаңғыртуына арналған бұл бағдарламаға 2 млрд. теңге бөлінген. Бұдан бөлек, биылғы жылы Азия даму банкінен 75 млрд. теңге көлемінде ұзақ мерзімдік несие тартуды жоспарлап отырмыз. Бұл қаржының барлығы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға жұмсалады.

«Даму» қорының бағдарламаларындағы негізгі басымдық аймақтық тұрғыда әлеуметтік және экономикалық маңызға ие кәсіпкерлік субъектілерінің жобаларын жеңілдікпен қаржыландыру, өңдеуші салаға қолдау, әйелдер кәсіпкерлігін жеңілдікпен несиелеу, шағын несиелік ұйымдарды дамыту тәрізді салаларға беріліп отыр. Мысалы, «Даму өндіріс» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлердің 18 млрд. теңгеден асатын 160-тан аса жобасы 8 пайыздық ставкамен қайта қаржыландырылды [62].

Шағын және орта кәсіпкерлік ел экономикасының негізгі тірегі екені белгілі. Сол үшін көп жағдайлар жасалынып жатыр, бірақ олардың керек жерге жетпегені немесе жеткені әрине ол үлкен бір мәселе. Осы мәселені шешу үшін көп күштер, шаралар, жағдайлар жасалынып жатыр. Бұл шаралардың жүзеге асуы кезінде қандай нәтиже беретіні де үлкен сұрақ. Қорыта келе, соңғы жылдары осы саланы қолдау үшін мемлекет тарапынан бөлінетін қаржының көлемі де еселеп өсуде. Елбасы Жолдауында кәсіпкерлікті дамыту мақсатында ұзақ мерзімді бағдарлама қабылданып, қаржыландыру ісін жүйелендіруді тапсырды. Әлемдік қаражат тапшылығы тұсында ел кәсіпкерлерін қысылтаяң сәттен шығаруды көздейтін мұндай шаралар болашақта өз жемісін берері анық.

Басқа да ұқсас мәліметтер

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *