Шағын және орта кәсіпкерліктің мемлекеттік қолдау жүйесі

Шағын және орта кәсіпкерліктің мемлекеттік қолдау жүйесі мен макроэкономикалық реттеу механизмдері. Шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына ішкі факторлардан басқа сыртқы факторлар да әсер етеді. Шағын және орта кәсіпкерліктің сыртқы ортасы үнемі өзгеріп отырады. Бірінші кезекте бұл, әдетте, ірі корпорациялар нарықтарымен салыстырғанда жоғары дәрежедегі белсенділік пен стихиялығымен сипатталатын шағын және орта кәсіпорындардың жергілікті нарықта қызмет етуімен түсіндіріледі. Екінші бір ерекшелігі – оның мемлекетпен, ірі бизнеспен, қаржылық-несие институттарымен қарым-қатынас жүйесінде оның объективті түрде бағынышты рөлінде болуы. Тәжірибе көрсеткендей, шағын және орта фирмалардың өмір сүру қабілетін анықтайтын сыртқы факторлардың ішінде бес маңыздысын бөліп айтуға болады. Ол нарық конъюктурасының жағдайы, инфляцияның қарқыны, пайыз мөлшерлемесінің деңгейі, капитал алу мүмкіндігі және бизнесті мемлекетік реттеу. Шағын және орта бизнес бойынша мемлекеттің жүргізетін саясаты көп жағдайда оның тағдырын шешеді. Көптеген дамыған елдердің өкіметі кішігірім фирмалар үшін артықшылықтар жасауға ұмтылады. Олар мұндай кәсіпорындардың өмір сүру қабілетін арттыру мақсатында көмек көрсету бағдарламаларын қабылдайды. Сонымен бірге өкіметтің бизнеске тәртіп белгілеуі шағын және орта кәсіпорындар үшін едәуір қиындықтар туғызады. Есепке алу, есеп беруді, еңбекті ұйымдастыруға деген талаптар көбіне фирманың көлемін есепке алмайды. Көптеген шағын және орта фирмалардың күйреуге ұшырауының басты себебі басқарушылардың басқару жұмысын жете білмеушілігі мен қызметшілердің шешім қабылдаудағы қабілетінің жеткіліксіздігі. Басқарудың нашарлығының нәтижесінде жыл сайын шағын фирмалардың 90 пайызынан көбі күйреп отырады.

Көптеген зертеулердің өзі шағын және орта кәсіпорындарды құру мен оларды басқаруға көбіне кедергі болатын фактор – басқарушылық мамандығының кемшілігі болып табылатындығын көрсетті.

Әрбір кәсіпкерлікті дамытуға жәрдем беретін мекемелердің өзіндік артықшылықтары мен кемшіліктері болады. Олардың барлығы әр түрлі факторларға байланысты. Кәсіпкерлерге тиісті шешімдер қабылданған кезде кейбір мекемелер әлеуметтік мақсаттарға аса назар аударады, ал басқалардың басшылары бәлкім жеке басының қамын ойлайды.

Мемелекеттің қолдауымен құрылған мемлекеттік органдар мен мекемелер Қазақстан Респуликасының Индустрия және Сауда Министрлігі — жеке кәсіпкерлікті дамытуға және тиісті саясатты жүргізуге жауапты жоғарғы мемлекеттік орган. Министрлік орталық атқарушы органдарына тиісті және ел Президенті мен Үкімет алдында есеп береді. Индустрия және Сауда Министірлігінің құрамына кіретін Кәсіпкерлікті дамыту Департаменті кәсіпкерлікті қолдау және дамытудағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және кәсіпкерлікті дамыту мен қолдау саласындағы нормативті-құқықтық реттеу функциясын атқарады.

Департамент қызметін реттейтін негізгі құжаттарда оның негізгі мақсаттары былай белгіленген: кәсіпкерлікті қолдау және дамытудағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру; кәсіпкерлікті дамыту үшін жағдай жасау; инвестицияларды тартуға бағытталған шараларды жүргізу; Департамент құзырына кіретін сұрақтар бойынша мемлекеттік органдарының қызметін үйлестіру [59]. Жоғарыда айтылған функцияларға қоса Департамент кәсіпкерлікті дамытуға кедергі болатын кейбір шенеуниктердің заңға қайшы әрекеттеріне қатысты түскен арыз бен өтініштерді қарастырып, және сол арыз бойынша қажетті шаралардың орындалуын қадағалауға міндетті.

Қазақстан Республикасының кәсіпкерлікті қолдау саласындағы мемлекеттік құрылымның келесі деңгейі — ол жергілікті атқару органдары – яғни, облыстық және Алматы мен Астана қалалары Әкімдерінің аппараттары. Кәсіпкерлікті дамыту және қолдау саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру үшін Әкімшіліктердің жанынан Кәсіпкерлік пен Өндіріс жөніндегі Департамент құрылған. Олардың құрамына Кәсіпкерлік жөніндегі бөлімшелер кіреді. Облыстық Кәсіпкерлік пен Өндіріс жөніндегі Департамент (сол сияқты Алматы мен Астананың қалалық Департаменттері) өз құзыры аясында шағын және орташа кәсіпкерлікті қолдауға уәкілетті.

Алға қойылған мақсатқа жету үшін Департаментке мемлекеттік саясатты жүргізуге тиісті мынадай функциялар мен құқықтар берілген: кәсіпкерлік саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты әзірлеуге және іске асыруға қатысу; жергілікті мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру; қоғамдық ұйымдармен және басқа да мемлекеттік немесе үкіметтік емес құрылымдармен өзара іс-әрекет ету; белгіленген тәртіп бойынша азаматтардың атынан түскен хаттар, арыз бен өтініштерді қарастыру.

Кәсіпкерлікті қолдау саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырудың соңғы буыны болып жергілікті атқару органдары – яғни, облыстық және Алматы мен Астана қалалары Әкімдерінің аппараттары табылады. Солардың құрамына кіретін Экономика және бюджеттік жоспарлау немесе Экономика және қаржы жөніндегі бөлімдер кәсіпкерліке тиісті мәселелермен шұғылдану керек. Аймақтық атқарушы органдарға қабылданған мемлекеттiк саясаттың тiкелей iске асырылуы және жергiлiктi бюджеттер бойынша жоспарлалған және қаржыландырылатын шаралар мен бағдарламалардың жүзеге асыруға тиісті функциялар тапсырылады.

Сонымен, атқарушы мемлекеттiк органдар мемлекет пен кәсiпкерлiктiң арақатынас идеологиясын құрудағы негізгі буын болып табылады. Мемлекет қазіргі кезде шағын және орта бизнес заманның талаптарына сай өзіне тән икемділігін, ұтқырлығы мен нарықтық объективтілігін инновациялық экономикадағы өз орнын табуға жұмсауы керектігін түсінеді. Кәсіпкерлердің бастамаларын жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасау және Президент қойған мақсаттарды іске асыру мақсатында Үкімет жергілікті органдарда әкім аппаратының жанынан Кәсіпкерлер істері жөніндегі Комиссия құру арқылы кәсіпкерлермен «кері байланыс» ұйымдастыру схемасын іске асырды. Комиссия құзырында: шағын және орташа кәсіпкерлікті дамытуды тежейтін мәселелерді зерттеу; жергілікті және аймақтық атқарушы билік органдарына тиісті ұсыныстарды әзірлеу. Әрбір кәсіпкер кәсіпкерлік жөніндегі комиссияға хабарласа алады, ол үшін өз облысында орналасқан кез келген қоғамдық ұйым немесе заңды тұлғалар ұйымына келсе болғаны.

Әдетте комиссияда бірнеше облыстық ассоциация немесе бірлестіктердің өз орындары болады. Кәсіпкерлермен осындай «кері байланыс» ұйымдастыру үшін орталық атқарушы органдар деңгейінде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Кәсіпкерлер кеңесі құрылған. Кеңестің негізгі мақсаттары мынадай: кәсіпкерлікті дамыту және қолдауға бағытталған ұсыныстарды әзірлеу; нарықтық экономиканың дамуын ынталандыруға жағдай туғызу; Қазақстан Республикасында әрекет ететін іскерлерді, іскерлік ассоциациялар мен одақтарды біріктіру; кәсіпкерлік саласындағы маңызды мемлекеттік мәселелерді шешу үшін қажетті ұсыныстар дайындау [23].

Президент жанындағы Кәсіпкерлер кеңесі кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырып, оны жүзеге асыру мен қатар мемлекет жағынан кәсіпкерлікті қаржылай, ақпараттық-талдау және матриалдықтехникалық жағынан қолдау функциясын атқарады. Мемлекет аталған қолдаудың барлық түрін атқарушы органдар арқылы, көптеген жергілікті және аймақтық деңгейде қабылданған бағдарламалар арқылы, және соған лайықтап мемлекеттік капиталы қатысуымен арнайы құрылған мекемелер арқылы жүзеге асырады. Жоғарыда аталған міндеттерді атқаратын мекемелер қатарына кіретіндер: «Инжиниринг және технологиялардың трансферті орталығы» акционерлік қоғамы (әрі қарай АҚ). Орталықтың негізгі мақсаты Қазақстан экономикасының нақты сектор салаларының жаңа технологиялар трансферті және республикадағы инновациялық іс-әрекетті белсендіру арқылы бәсекеге жарамдылығын арттыру болып табылады; «Kaznex» экспортты дамыту және ілгерілеті корпорациясы» АҚ — үкiметке мемлекеттiк саясатты, соның iшiнде кәсiпкерлiктi дамытуға қатысты, құру саласында ақпараттық-талдау жағынан қолдау көрсетеді; «Даму» Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ — қаржылық, консалтингтік қызметтерді ұсыну интеграторы және операторы рөлінде ШОБ-ң, сонымен бірге Қазақстанның микроқаржы ұйымдарының сапалы дамуына жәрдемдеседі; «Ұлттық инновациялық қоры» акционерлік қоғамы — кәсіпкерлік бастамаларға инвестицияларды тарту және жобаларды қаржылау арқылы қаржылай қолдау көрсетеді; «Қазақстанның инвестициялық қоры» — жаңа және алдыңғы қатарлы технологияларды қолданып, шикізат пен материалдарды тереңдетіп қайта өңдейтін кәсіпорындардың жарғылық капиталына инвестиция құю арқылы қаржылай қолдау көрсету; «Қазақстанның Даму Банкі» акционерлік қоғамы — қаржылық қолдау көрсетеді; Технопарктер, бизнесинкубаторлар, өндірістік аймақтар – қалыптасу және даму кезеңіндегі кәсіпкерлікті материалды-техникалық жағынан қолдау көрсетеді [46].

Қазақстанда жеке кәсіпкерлікті қолдау мәселесі алғаш рет 1992 жылы шілденің 4-ші жұлдызында қабылданған «Жеке кәсіпкерлікті қорғау мен қолдау туралы Қазақстан Республикасының Заңында» көрініс алды. Бұл заң жеке кәсіпкерлікті қорғаудың негізгі формалары мен әдістерін анықтайды, жеке кәсіпкерлік қызметіне мемлекеттік тікелей араласуынан бас тарту саясатын, жеке кәсіпкерлердің ең жоғарғы деңгейдегі еркіндігін, коммерциялық құпия мен мемлекеттік органдар мен ресми қызмет тұлғаларының жеке кәсіпкерлердің құқығын бұзғаны үшін көтеретін жауапкершілігін бекітті. Онда: «Жеке кәсіпкерлердің меншігі қол сұғуға болмайтын және заңмен қорғалатын меншік»,- делінген [11].

Қазақстан Республикасында мемлекеттік саясатты жүргізудің негізгі құралы, қабылданған кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың екі алдыңғы бағдарламаларының орындалуы болды. Зерттеулер олардың жүзеге асуы жеке кәсіпкерліктің құрылуы мен дамуының негізін салуғы мүмкіндік бергендігін көрсетеді. Атқарушы мен заңдылық ұйымдары институтционалды қайта құру мәселелеріне қатты көңіл бөлді. Бұл кезде шағын және орта кәсіпкерлікті қаржылық-экономикалық және ақпараттық қамтамасыз ету бойынша қолдау, инфрақұрылым қалыптастыру саласында кейбір қолайлы өзгерістер жасалды.

Өткізілген талдау шағын және орта бизнес секторының талдауы Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі даму Стратегиясы дайындалып жатқан бұрынғы жылдардан бері шағын және орта бизнестің әлсіз жақтарының өзгермегендігін көрсетеді: шағын және орта бизнесті қолдау және кадрларды даярлау саясатының жүргізілуі бойынша нақты айғақталған тәжірибелік шаралардың болмауы; қаржы көздеріне қол жеткізу проблемалары (бастапқы капиталдың, салықтық және сақтандырудың нәтижелі механизмінің болмауы); ірі мекеме кооперацияларының, франчайзингті дамыту жағдайларының нәтижелі механизмнің болмауы; бастаушы кәсіпкерлердің нарықтық жағдайдағы жұмысқа деген машықтары мен білімдерінің жетіспеушілігі, олардың өз құқықтарын толық білмеуі; бюрократтық, коррупция, пара алу; шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау инфрақұрылымының әлсіздігі мен үзінділігі; қатаң түрдегі салықтық және кедендік саясат, әсіресе әкімшілік мәселелерге байланысты; шағын және орта кәсіпкерліктің экономикалық өзгерістерге деген жоғары сезімталдығы; шағын және орта кәсіпкерлікке маманданудың төмен деңгейі, қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету деңгейінің жеткіліксіздігі [26].

Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау жүйесінде қаржы-несиелік саясатты ерекше орын алады. Экономикалық зертеулер өндірісі дамыған елдерде экономиканың бұл секторының мемлекет тарапынан қолдау тауып, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған қаржы-несиелік саясатын жүргізетіндігін көрсетеді. Бұл елдердегі шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін мемлекет тарапынан көрсетілітін қаржы-несиелік көмек тармақталған экономикалық дамыған тетіктерге негізделген. Қаржыландырудың екі түрі бар: ішкі және сыртқы. Көптеген елдерде венчурлық қаржыландыруды өркендетуге үлкен көңіл бөлініп отыр. Бұл венчурлық фирмалар арқылы шағын инновациялық бизнесті жеке капиталмен қаржыландырудың түрі болып табылады. Венчурлық капитал проценті, әсіресе, АҚШ-та жоғары деңгейде.

Венчурлық қаржыландыру серіктестікке немесе зейнеткерлік, қайырымдылық қорларына кіретін бай серіктестіктердің қаржыларынан құралады. Қаржылық мәселесін шешудің тағы бір әдісі шет елдерде кеңінен тараған қаржылық ресурстарды қор биржалары арқылы жинақтау болып табылады. Бірқатар елдерде (АҚШ, Ұлыбритания, Франция және т.б.) шағын және орта компанияларға арналған бағалы қағаздардың екінші деңгейдегі нарығы құрылған. Шағын және орта бизнесті несиелендіру белгілі бір тәуекелділік пен сенімділік деңгейімен байланысты болғандықтан, банктер шаруашылық қызметтің лизинг, факторинг сияқты түрлерін кеңінен қолданады.

Лизинг – инвестиция немесе тұтыну тауарларын арендаға беру – қажетті өндіріс құралжабдықтарын сатып алудың тиімді жолы болғандықтан, соңғы 10-15 жылда кең өріс алып келеді. Басқаша айтқанда, лизинг сатып алу-сату мен арендалық қатынастарды қамтиды. Бұл қатынастардың өзегі несиелік операциялар болса, ал басты тұлғасы – лизингтік компания. Қазіргі лизинг арқылы АҚШ-та өнеркәсіпке капитал салымының 25-30 пайызы жүзеге асады; Ұлыбританияда – 20 пайыздан жоғары; Францияда – 16-17 пайыз; Германияда – 15 пайыз; Австралияда өнеркәсіптік инвестицияның 30-35 пайызы лизинг негізінде қаржыландырылады. Қазақстанда лизинг — 3-5пайызы [60]. Лизинг (несиемен салыстырғанда) траст, трат, кепілдік беру мен несиенің элементтерін біріктіре отырып, банктердің тәуекелділігін едәуір төмендетеді және қаржылардың экономиканың «тауарлы емес» бөлігіне өтіп кетуін мүлдем болдырмайды.

Лизингтік компаниялар машина, жабдық және басқа тауарлар өндірушілердің өнімдерін өткізуін жеңілдетеді, сонымен бірге өз қызметінің дамуына көмектеседі. Лизинг алушылар (лизинг келісімін дұрыс жүргізген жағдайда) қаржыландырудың неғұрлым арзан әдісін қолдана отырып, өздерінің негізгі қорлары мен технологиясын тез арада жаңартуға мүмкіндік алады. Лизинг шағын және орта бизнесті қолдаудың неғұрлым тиімді формаларының бірі.

Біріншіден, қаржылық лизинг шағын және орта кәсіпорындарға жабдықтарды сатып алу қажетті ақша емес, жабдықтардың өзін беруді қарастырады.

Екіншіден, лизингті пайдалану берілген қаржыларды жоғалту қаупін күрт түсіруге мүмкіндік береді.

Үшіншіден, жабдықтарды түсіру мен енгізудің нақты мерзімдерін ескере отырып, лизинг беруші мен оны алушының есеп айырысу схемасын күні бұрын келісіп, жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Төртіншіден, лизингті пайдалану кәсіпкерге өзінің болашаққа бағытталған даму жоспарының анық іске қосылуына нақты жағдай жасайды.

Факторинг өнім беруші кәсіпкердің (фактордың) қолма-қол өтеу шартымен клиентердің қарыздық міндеттемелерін сатуы болып табылады. Қолма-қол есеп айырысуға жатпайтын шығындарды банктер алады, ал кәсіпкер-алушы (факторингті) несие үшін төленетін пайыздан басқа, факторға тәуекелділік компенсациясын төлейді. Шағын және орта кәсіпкерлікті қаржы бойынша қолдаудың тағы бір жолы – төмендетілген пайыздық мөлшерлеме мен өтеу мерзімі ұлғайтылған несиелер беру.

Шағын кәсіпорынның негізін қалау бойынша бірнеше көзқарастар бар: жаңа кәсіпорын бастау; бүгінгі күнде бизнесті сатып алу; франчайзинг және жанұялық бизнес. Бүгінгі күндегі бизнесті сатып алу біздің экономикамызда әлі аз танымалы құбылыс, бұл негізінен біздің кәсіпорындарымыздың тәжірибелерінің аздығымен түсіндіріледі. Дегенмен бұл шетелде бизнеске кірудің айтарлықтай тараған формасы ретінде мынадай бір қатар артықшылықтарға ие: тәуекел мен тұрлаусыздық факторлары сынға жиі ұшырайтын жаңа кәсіпорын ашумен салыстырғанда, олардың (тәуекел және тұрлаусыздық) деңгейін төмендетуі. бизнестің жөнге келтірілген инфрақұрылымының болуы, себебі бизнес әлде қашан құрылу сатысынан өткен, жұмыс істеуде, бизнестің басқа контрагенттерімен қарым-қатынас орнатылған; жаңа бизнесті бастауда жүзеге асырылатын шығындарға қарағанда әлдеқайда аз келісім баға бойынша бизнесті алу мүмкіндігі.

Біздің Республикамыз үшін шағын бизнестің негізін қалау формаларының ішінде, жаңа бизнес құрудан басқа франчайзинг пен жанұялық бизнес формалары ең өзекті деуге болады. Бұл екі бағытты толығырақ қарастырайық. Алғашқы франчайзингтік келісім XIX ғасырда тігін машинасын өндіретін компания мен оның диллері арасында жасалды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін франчайзинг принциптері фармацевтикалық бизнес, бөлшек сауда және қонақ үй кешені саласында кең қолданыла бастады. 60-70-ші жж., тағамды тез дайындайтын технология барлық жерге тарала бастағанда, франчайзинг қатынасының келесі дүрлікпесі әр түрлі елдердің өкілдері арасында жасалғандықтан, франчайзинг кең ауқымдық сипатқа ие болды. Франчайзинг сөзі «босату» деген мағынаны беретін француздың «franchir» сөзінен шыққан.

Алғашында ол «құлдықтан босату» деген мағынаны берген, ал қазір саланың түріне байланысты басқаша мәнді береді. Франчайзингтің мәні белгілі бір шартпен бір компанияның (франчайзер) тауарының белгісі мен атын пайдалану құқын басқа компанияға (франчайзи) пайдалануға беру болып табылады [38].

Франчайзинг кәсіпкерлерге өсудің ең қысқа жолын ұсынады, себебі ол дайын істі жүргізеді. Франчайзер үшін франчайзинг жылдам ұлғаюына жол ашады. Сонымен қатар, белгілі саудалық маркан атын пайдалану бизнесті жүргізудің корпоративтік қалыптасқан тәртіптерін сақтаумен байланысты болғандықтан, франчайзинге франчайзермен пайдасының бір бөлігі мен бостандығын бөлісуге тура келеді.

Франчайзингтің тартымдылығы фрачайзинтік қатынасқа қатысушы екі жақтың да артықшылығының болуында. Шағын кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлерге ол тұрақты да табысты бизнес ұсынса, ол атақты фирмаларға ұлғаюға және нарықтарға өздерінің орнын ұстап қалуға мүмкіндік береді. Оның Европа мен Америкада қанат жайып, кеңінен тарауын осымен түсіндіруге болады. Осы күні тек қана АҚШ пен Канадада франчайзерлердің 3200 компаниялары (оның ішінде 2400-і АҚШ-та) әрекет етуде. Олардың ондаған елдерінде 600 000 франчайзлері бар [8].

Қазақстандық кәсіпкерлер үшін халықаралық франчайзинг ең алдымен біріккен кәсіпорын, лицензия сатып алу, тікелей инвестиция және мемлекеттік деңгейдігі келісім түрінде болуы мүмкін. Көп нәрсе осы бағытта іске асырылуда, бірақ өкінішке орай батыс бизнесмендерінің қолдарындағы Қазақстан нарығы оның әлеуеті мен дамуы туралы алған мәліметтері әлі аз. Шетелдік франчайзерлер үшін арзан жұмысшы күші мен жоғары білікті мамандардың болуы, қолда бар ресурстар, оңтайландырылған инфрақұрылым, саяси тұрақтылық және кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік саясат ұтымды факторлар бола алар еді.

Ең соңында, шағын бизнестің негізін қалаудың төртінші жолы – бір отбасы мүшелерінің күшімен негізі қаланып, жұмыс істеп жатқан отбасылық бизнес. Сонымен бірге бұл бизнесте отбасы мүшелері қаласа толық, қаласа жарты күн жұмыс істей алады. Әдетте отбасылық бизнес бір ұрпақтан екінші ұрпаққа өтіп отырады. Отбасылық бизнестің көбісі – шағын, бірақ отбасылық бизнестің ірі кәсіпорынға айналып, отбасылы болып қала беретін мысалдары да іс жүзінде аз кездеспейді. Кез келген отбасылық бизнес – бұл отбасы мен бизнестің симбиозы. Оның әрқайсысының өз мақсаты болады. Отбасының мақсаты – балаларды тәрбиелеу және отбасы мүшелеріне қарау.

Бизнестің мақсаты – өндіріс жолымен немесе тауар сатып, қызмет көрсетіп пайда табу. Бұл мақсаттар үйлесімді, сондай-ақ қарама-қайшылықта өмір сүрулері мүмкін. Бұл екі мақсат көбінесе бір-бірін толықтырып отырады, бірақ ұрыс-керіс жағдайлар да болуы мүмкін. Туыстық байланысы жоқ әріптестер арасындағы қарым-қатынас, отбасы мүшелері арасындағы қарым-қатынастан таң қаларлықтай айрықшаланады. Менеджер қызметкерді жұмысқа кешігіп келгені үшін сөгуі мүмкін, бірақ сол кешігіп келген қызметші өз отбасының мүшесі болса, онда бұл проблематикалық жағдайға айналады. Отбасылық бизнестің басты артықшылығы – кез-келген қиыншылықтарға қарамастан бизнесті жүргізуге көмектесетін туыстық байланыстың беріктігі [23].

Отбасы мүшелері бизнесті ағымдағы қажеттіліктері үшін өздерінің еңбек ақылары мен дивидендтерін жиі құрбан етеді. Шетелдерде кейбір отбасылық кәсіпорындар бәсекелестерге қарағанда көбірек маркетингтік артықшылықтарға жету мақсатымен құрылады. Жұмысқа берілгендік, жоғары әдептік нормалар, тұтынушылар үшін тікелей жауапкершілік – отбасылық бизнестің негізгі критериялары екендігі белгілі. Кәсіпорын отбасылық бизнестің нысанын қабылдай отырып, автоматты түрде жарнамалық сипат алады. Отбасылық бизнестің тағы бір артықшылығына, ірі корпорациялармен салыстырғанда жұмысшыларға қарау деңгейінің жоғарылығы жатады. Корпорациялардың менеджерлері тек жақын бір-екі жылғы нәтижелер туралы ойланады, ал отбасылық бизнес оларға қарағанда көбінесе ұзақ мерзімді бағытты ұстанады. Отбасылық кәсіпорындарда ұрпақтан ұрпаққа берілетін тұтынушыларға жоғары деңгейде қызмет көрсету дәстүрі бар.

Сондықтан, АҚШ-та кәсіпорындардың 80-90% отбасылық бизнес саласына жатуы және экономиканың әртүрлі секторларында жұмыспен қамтылғандардың 50% отбасылық бизнес жұмысшыларынан тұратындығы кездейсоқтық емес. Америкадағы табыстан табысқа жетіп жүрген 500 компанияның үштен бірі – отбасылық бизнес кәсіпорындары. Олар шағын түрден миллиондаған айналымы бар тез өсуші компанияларға айналған.

Құқық блок республикадағы шағын және орта бизнестің қолайлы ортасын құрайтын бірінші дәрежелі құрамдас бөлігі болып табылады. Құықтық актілерде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері ерекшеліктерінің көрініс табуы олардың экономикадағы пайдалылығы аз бәсекелестік жағдайларын шегеруге мүмкіндік береді, өздерінің әлеуметтік-экономикалық артықшылықтарын көрсетуге көмектеседі және жаңа кәсіпкерлік құрылымдардың нарыққа шығулары үшін қолайлы құқықтық жағдайлар қалыптастырылады.

Несиелендіруді жетілдіруде несие берудің жеңілдетілген процедурасы маңызды рөл атқарады. Қазақстан Республикасындағы қаржы-несиелік саясатының жетілмегендігі шағын және орта бизнесті дамытудағы басты кедергінің біріне айналуда. Шағын және орта кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың тиісті бағдарламасында қаржы-несиелік қатынастарын реттеуге көмек болатын бірқатар заңдылықтар мен актілер қабылданғанымен, шағын кәсіпорындардың дамуын ынталандыратын қалыптасқан тармақты қаржы жүйесі құрылған жоқ. Тармақталған қаржы жүйесі қалыптастыру мен шағын және орта кәсіпкерлікті тиімді және ұзақ мерзімге қаржыландыруға мемлекеттік бюджеттің тапшылығының нәтижесінде, республиканың қаржысы жеткіліксіз.

Шағын және орта бизнеске екі әдіс арқылы қаржы-несиелік қолдау көрсетілуі мүмкін: шағын және орта кәсіпкерлікке тура қаржылық қолдау көрсету; шағын және орта кәсіпкерлікке жанама қолдау көрсету арқылы. Қолайлы инвестициялық жағдай жасау және салықтық жеңілдіктер ұсыну кәсіпкерлікке қаржылық қолдау көрсетудің жанама түрі болып табылады. Шағын және орта кәсіпорындардың қызмет ету жүйесінде алдыңғы орындардың бірін бюджетке міндетті түрде төленетін салықтар, төлемдер, жинақтар жүйесі алады. Салықтар кәсіпорындардың (ұйымдардың) қызметін реттейтін маңызды экономикалық тетік ретінде нарықтық экономикада, ең кемінде, екі – фискалды және ынталандырушы қызметін атқарады. Сыншылардың айтуына қарағанда, Қазақстанның салық жүйесінің негізгі кемшілігі бюджет тапшылығын кәсіпорының кірісін ала отырып жоюға негізделгенінде. Салықтардың экономиканың және оған тікелей қатысты субъектілердің – шағын және орта кәсіпорындардың дамуымен байланысы жоқ.

Мұндай байланыстың жоғалуы салықтық жүйенің өз бетінше ал шағын кәсіпорындардың оның шектен тыс ауыртпалығын сезіне отырып өз бетінше дамуына алып келеді. Шағын және орта кәсіпорындар салық салудың көптігінен қашып, аз табыс табуға икемделеді. Осыған байланысты шағын және орта кәсіпорындардың шығыны бірден көбейеді және экономика шығындық сипатқа ие болады [17].

Көптеген елдердің салықтық жүйелері салықтарды кәсіпкерлік қызметті қолдау мен ынталандыру құралы ретінде пайдаланады. Шағын кәсіпорындардың қаржылық жағдайын нығайтуға салықтық шегермелер мен жеңілдіктердің үлкен маңызы бар. Жоғарғы икемділіке ие болатын мемлекеттік қолдаудың шағын және орта кәсіпкерліктің қызмет ету жағдайын жеңілдетуге арналған толып жатқан салықтық жеңілдіктер сияқты жанама шараларының анағұрлым нәтижелі екендігін өндірістік дамыған елдердің тәжірибесі көрсетуде.

Салықтық сипаттағы шаралардың ішінен төмендігілерді атауға болады: шағын кәсіпорындарды алғашқы екі-үш жыл бойына пайдаға деген салықтан толығымен босату, одан төрт-бес жылда бірқатар жеңілдіктер беру; прогрессивті салық жүйесін қалыптастыру; салықтың кейбір түрлері бойынша берілетін жеңілдіктер; кәсіпкерлерді кешеуіл қалған аудандарға тарту үшін төмендетілген салық мөлшерлемесін белгілеу; инноваиялық бизнесті дамыту үшін берілетін салықтық жеңілдіктер; жеделдетілген амортизация тәртібі; мамандарды дайындауға арналған қаржыларға деген салықтық шегермелер; салық салынбайтын пайда резервін жасау.

Қазақстан Республикасы Елбасының 2008 жылғы 6 ақпандағы Халыққа Жолдауында салық туралы аталып өтілген болатын. Онда: «Қазақстанның дамуының жаңа этапының міндеттеріне сай салық жүйесін енгізу қажет. Қазіргі салық кодексі экономикалық өсуде жағымды әсерін тигізді, бірақ қазіргі уақытта оның потенциалы тәмәмдәлді деп айтуға болады. Кодекс 170-тен аса жеңілдіктер мен преференцияларды қарастырады. Бірақ, ең бастысы ол экономиканың шикізаттық емес секторы үшін жалпы салықтық ауыртпалықты төмендетуді қарастыруы қажет, әсіресе шағын және орта бизнес үшін»,- делінген [20].

Сонымен қатар, көптеген елдерде инновациялық бизнесті дамыту мен венчурлық капитал қорын жасауға ынталандыратын салықтық шегермелер мен жеңілдіктер де кеңінен қолданылады. Мысалы, АҚШ-та ұсақ инновациялық фирмалар тәуекелділігі жоғары капиталды инвестициялау үшін салықтық жеңілдіктер мен акциялардың бір бөлігіне айырбастау арқылы арнайы қорлар ұсынып отыратын, несиелік жеңілдіктерді пайдаланады. Жеделдетілген амортизация әдістері де кеңінен тараған жеңілдіктердің түрі. Мысалы, Жапонияда негізгі жабдықтардың белгіленген түріне, сол сияқты салық салынатын табыстың ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелер жасауға кететін шығындарға салықтық шегермелер белгіленіп, оларға қажетті жабдықтарға ерекше жеңілдетілген амортизациялық тәртіп бекітілген. Жеделдетілген амортизация әдісін шағын және орта кәсіпорындарға жаңа енгізілім үрдісін, өндірістік жабдықтауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Жоғарыда қамтылғандардан басқа салық салынбайтын пайда резервін жасау сияқты жеңілдік те орын алған.

Мысалы, Германияда жеңілдіктің бұл түрі қолөнер өндірісі, сауда, өнеркәсіп, еркін мамандықтар секторы, сол сияқты мүліктерді жалға, жалгерлікке берумен байланысты қызмет саласында рұқсат етілген. Резерв пайданың 20 пайызын құра алады (ең жоғарғы резерв деңгейі 50 мың марка). Қазақстанда қазіргі кезде қалыптасқан салық жүйесі шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына ықпал жасамайды. Шағын және орта бизнеске кең көлемде ақпараттық қолдау көрсетуді шамалайтын, ақпараттық блоктың бар болуы Қазақстандағы шағын және орта бизнеске қолайлы экономикалық-құқықтық орта жасаудың маңызды жағдайы болып табылады.

Нарықтар, тұтынушы сұраныстары және технология жаңалықтары туралы ақпараттарды шұғыл пайдалану кәсіпкерлерге жаңа нарық иірімдерін, өндірісті немесе өнімді жетілдіру мүмкіндіктерін, бизнесті ұйымдастырудың жаңа өрісі мен тәсілдерін табуға мүмкіндік береді. Тікелей байланыс, басылымдар, кітапханалық қызмет, анықтамалық қызмет, т.б. сияқты ақпаратты таратудың барлық түрлерін пайдаланған жағдайда шағын және орта бизнесті ақпаратпен қамтамасыз ету жүйесін құру мүмкін болады. Сонымен қатар, кәсіпкерлердің қажетті, әр түрлі ақпаратқа еркін қол жеткізуі де маңызды: мемлекеттік органдардың ақпараттары (кәсіпкерлер үшін); отандық бәсекелестер туралы ақпараттар; халықаралық және шетелдік компаниялар туралы ақпараттар; коммерциялық мәліметтер базасы; интернет ақпараттары.

Мұндай кең көлемді ақпаратпен қамтамасыз ету, бір қалыпқа келтірілген бағдарламалық-техникалық құралдардың және ертеде құрылған ақпараттық ресурстардың көмегімен іске асады. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың маңызды факторларының бірі оны өзіне сай кадрлармен қамтамасыз ету болып табылады. Бүгінгі таңда бұл өркениетті нарықтық қатынасқа енді өтіп жатқан бұрынғы кеңес мемлекеттерінде және дамыған батыс елдерінде де көкейкесті мәселе болып отыр.

Мұнан бұрын да мәлім болғандай біліксіз басқару, менеджерлердің қателесуінен күн сайын 90 пайыздан аса ұсақ фирмалар банкротқа ұшырайды. Мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі ретінде кадрлық және ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету мәселесі соңғы 2008-2012 жылдарға арналған шағын кәсіпкерлікке қолдау көрсетудің Республикалық бағдарламасына енгізілген.

Қазақстандағы кәсіпкерлік қызметін мотивациялау аспектілерінің жеткіліксіз түрде дайындалған, мемлекеттік емес қожалық субъектілеріне әсер етудің ақша-несиелік және бюджеттік-салықтық әдістерінің тиімділігі аз және кәсіпкерлерге деген құқықтық және қаржылық қолдаудың жеткіліксіз болған қазіргі өтпелі жағдайында экономикалық-құқықтық тұрғыдан қолайлы шағын және орта кәсіпкерлік ортасын құру ел экономикасы үшін ерекше орынға шығып, маңыздылығы артады.

Басқа да ұқсас мәліметтер

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *