Шағын және орта бизнестің экономикалық мазмұны

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына 11.11.2014 ж шыққан «Нұрлы жол – Путь в будущее» атты жолдауында Нерудың сөзін көрсеткен, ол былай деген екен: «Кім батыл қимылдаса, соның үлесіне табыс жиі түседі». Бұл біздің кәсіпкерлерлерімізге немесе бизнесмендерімізге жақсы айтылған. Мұнда әрине Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық жағдайы байланысты. [1] Нарықтық экономика тақырыбы, бірнеше жылдардан бері біздің қоғамдық санамызда жетекші орын алып келеді. Бәлкім, нарықтық экономиканың ең сиымды да қысқа анықтамасы, «еркін кәсіпкерлік экономикасы» деп түсіндіруге болады.

Елімізде қазіргі кезеңде жүргізіліп отырған экономикалық реформаның басым бағыттарының бірі – шағын және орта бизнесті қалыптастыру мен дамыту стратегиялық бағыттарында көрініс тапты. Бұл жердегі бизнес (ағылшын: іс, кәсіп, қызмет) дегеніміз азаматтар мен азаматтар тобының нарықтық экономика жағдайында жеке мүліктік жауапкершілігі мен тәуекелі, қауіп-қатері негізінде пайда немесе экономикалық түсімнің өзге де нысанын алуға бағытталған дербес қызметі [3]. Кәсіпкерлікке экономикалық теория тұрғысынан келетін болсақ, «не?», «қалай?», «кім?», «не үшін?» деген сұрақтардың жауабы қандай да бір болмасын өндірісті бастаған кезде болуы шарт. Бұл жағдай адам өміріне, оның қажеттіліктерін қанағаттандыруға керек игіліктерді алудың басты көзі өндіріс — экономиканың негізі. Кәсіпкерлік арқылы еңбек, жер, капитал тәрізді үш өндіріс факторының бірігуі жүзеге асырылады, яғни бұл ерекше факторды нарық шаруашылығының ерекше бөлшегі ретінде қарастыруға болады. Кейбір экономикалық әдебиеттерде өндіріс факторы ретінде еңбек, капитал, жермен бірге кәсіпкерлікті де қарастырады. Бұдан, нарық – еркін кәсіпкерлікке негізделген экономика, ал ол өз кезегінде кез-келген әлеуметтік-экономикалық құбылыс сияқты уақыт талабына сай өзгеріп отырады.

Сондықтанда, шағын және орта бизнесті немесе кәсіпкерлікті басқарудың ішінен, алдымен кәсіпкерлік, бизнес және басқару дегеніміз не? деген сұраққа жауап табайық. Кең мағынада кәсіпкерлікке берілетін анықтама, «кәсіпкерлік дегеніміз жеке меншікке (жеке кәсіпкерлік) немесе шаруашылық жүргізу құқығына негізделген, меншік түрінен тәуелсіз, тауарға (жұмыс не қызмет атқаруға) деген сұранысты қанағаттандыру барысында таза табыс табуға бағытталған азаматтар мен заңды тұлғалардың бастамалық қызметі».

«Кәсіпкерлік – азаматтар мен олардың бірлестіктерінің пайда алуға бағытталған мүліктік дербес қызметі. Кәсіпкерлікті азаматтар өз атынан, тәуекелдікке бас тіге отырып, өзінің ұйымдық құқықтық нысаны шегінде заңи тұлғаның мүліктік жауапкершілігі кепілдігімен жүзеге асырады» [4]. «Кәсіпкерлік — бұл қызметтің барлық қатысушылары үшін өзінің, қарызға алынған және басқа да қорлары есебінен өзара тиімді нәтижелермен табыстарға қол жеткізу мақсатын көздейтін қолданыстағы заң аясында әрекет ететін шаруашылық және басқа ынталы қызметі» [3].

Осы үш анықтамаға талдау жасайық, мұнда кәсіпкерлікті табыс табу, қызметті жүзеге асыру, шаруашылық жүргізу, тұтынышыларын сұранысын қанағаттандыру сияқты ерекшеліктері көрсетілген. Осының барлығын ескере отырып келесідей ереже қалыптасты: «Кәсіпкерлік деп, өндіріс қызметін жеке тұлғалар немесе ұйым арқылы жүзеге асыру, сонымен қатар ол өнімді сату немесе өткізу арқылы, тұтынушылардың қалаулары мен қажеттіліктерін қанағаттандыру арқылы, шаруашылықты дұрыс жүргізу арқылы табысқа жету». Осылайша, бизнес пен кәсіпкерліктің басты ерекшелігі ол, өнідірісте, өйткені кәсіпкерлік сөзінің «кәсіп» түбірін алатын болсақ, ол өз қолымен жасалынатын нәрсе. Ал бизнес бұл, «Бизнес – кәсіпорындардың немесе ұйымдардың, жекеше тұлғалардың өңделгемеген түрде өнім шығыру, тауарлар сатып алу және сату немесе табыс табу мақсатымен басқа тауарларға немесе ақшаға айырбас ретінде қызмет көрсету жөніндегі харекті» [4].

Кең таралатын анықтама, «Бизнес – бұл қандайда болмасын ұйымдастырушылық қызмет, оның басты мақсаты мен формасы оның иелеріне пайда алып келу болып табылады». Осыдан, біз барлығымыз білетіндей бизнестің басты мақсаты пайда табу. Яғни, мұнда басты мәселе затты өз қолымен жасау емес, мұнда дайын затты сату немесе қызметті көрсету. Бірақ, кәсіпкерлік «бизнес» сөзінің қазақ тіліндегі синонимі. Кәсіпкерлік белсенділік пен тәуекелділікке бел буа білу – егіз ұғым. Сондықтан, кәсіпкерлікті басқа экономикалық қызмет түрлерінен ерекшелейтін белгілеріне дербестік, жауапкершілік, тәуекелділік, іскерлік, белсенділік жатқызылады. Кәсіпкерліктің мәні нарықтың белгісіздік жағдайында өз меншігін, қолында бар қаражатын тиімді де ұтымды пайдалана білуінде болып табылады. Нарық үлгісіндегі басты тұлға кәсіпкер десек, ол – қарамағындағы мүліктерді заңды негізде пайдалануға, өзінің бастамасымен барлық шешімдерді қабылдауға және кез-келген әрекет жасауға құқықты заңды ұйым немесе жеке азамат. Бизнес терминіне келесідей анықтама беруге болады «бизнес — бұл тәуекелділікке бел буа отырып, табыс табу, әлеуметтікэкономикалық жағдайын жақсарту мақсатымен, ұйымдастырушылық қызметімен, сол арқылы тұтынушыларды қанағаттандыру арқылы, нарықта өз орнын тауып, шаруашылық қызметті жүзеге асырудың түрі». Осыдан шығатын қорытынды, кәсіпкерлік пен бизнес қатар жүреді, өйткені әр кәсіпкер немесе бизнесмен өзінің қолымен жасамаса да, фантазиясын қосып, жақсы сапамен немесе өзіндік бір жаңалықпен қызмет көрсетеді. Диссертациямда кәсіпкерлік пен бизнес қатар жүретін, бір бірімен байланысты қызмет түрі ретінде қарастырылады.

Ал «басқару» сөзі немесе термині осы бизнес пен кәсіпкерлікті тиімді түрде жүргізу, дұрыс шешімдерді қабылдау, жүзеге асыру сияқты жайыттарды ескере отырып жүзеге асырады. «Басқару» терминіне келесідей анықтама беруге болады: Басқару — бұл ресурстардың шектеулілігін ескере отырып, қызметті жүргізу, реттеу, ұйымдастыру функцияларын орындайтын іс әрекет.

Кәсіпкерліктің даму тарихы орта ғасырлардан бастау алады. XVII ғасырдың орта шенінде халықаралық сауда саласында акционерлік компаниялар пайда болып, XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың басында ол кеңінен дамыды. Экономикалық әдебиеттегі «кәсіпкер» ұғымы алғаш рет Парижде жарық көрген коммерцияның жалпылама сөздігінде келтірілді. Онда «кәсіпкер» деп өзінің жауапкершілігіне өндіріс немесе құрылыс объектісін алатын адамды айтады.

Шынында, нарық ең тиімді кәсіпкерлік орта болып табылады. Кәсіпкерлік – нарықтық қатынастардың қасиеттері мен сапалық сипаттамасының жиынтығы. Сондықтан, кәсіпкерліктің әртүрлі формалары мен түрлерін дамытпайынша нарыққа толығымен өту мүмкін емес. Жоғарыда қарастырылған кәсіпкерліктің терминіне берген ғалымдардың, сонымен қатар шағын және орта бизнес туралы көп айтқан. Ғылыми әдебиеттерде шағын және орта бизнес туралы анықтамалар көп.

Көрсетілген анықтамаларды талдайтын болсақ, бірінші анықтама кең тараған. Бұл ереженің ерекшелігі шаруашылық қызметті ұйымдастыруда болса, екінші анықтама барлық аспектілерді қамтып, үшінші анықтамада «Шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау» заңынан. Мұндағы басты мәселе заңда кездесетін активтер көлемімен және барлық елдерде шағын, орта және ірі бизнестің басты айырмашылығы адам саны мәселесі көрсетіліп жатыр. Төртінші анықтамада, өндіріс факторларын рационалды пайдалану туралы болса, ал бесінші анықтаманың ерекшелігі ірі кәсіпорындардың алдыңда монополистің болуы. Алтыншы анықтама, бұл болжау, шешім қабылдау, реттеу, ұйымдастыру сияқты менеджменттің функцияларын көрсетіп жатыр. Бірақ бұл анықтаманың басты ерекшелігі отандық компаниялардың шетел нарықтарына шығу және шетел компаниялармен жұмыс істеу. Сондықтан да осы айтылғандардан және талдау жүргізгенімнен, менің ойымша, шағын және ортаның кәсіпкерлік бизнесі деп — заңның белгілі бір критерийлерімен жасалынатын, басқару түрі оңайтылған, өндіріс факторын рационалды пайдаланатын, тәуекелділікке бел буатын, халықты жұмыспен қамтамассыз ететін, тұтынушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыратын, сыртқы және ішкі факторларға жедел көңіл аударатын, экономикалық салалардың барлық түрлерін қамтитын кәсіпорын түрі.

Шағын және орта кәсіпкерлік кәсіпкерліктің ерекше түрі болып саналмайды, бұл термин мөлшерлік көлем деңгейін ғана анықтайды, ал оның формасы кез-келген түрде: жекешелік, серіктестік, шектеулі жауапкершілікті қоғам ретінде болуы мүмкін. Шағын және орта кәсіпкерліктің экономикалық мәні: біріншіден, оның объективті түрде өмір сүруі және экономиканың секторы ретінде дамитындығымен; екіншіден, кәсіпкерлік қызметтің ерекше түрі болып табылатындығымен анықталады.

Шағын және орта кәсіпкерлікті экономиканың секторы ретінде қарастыру қоғамдық өндірістің екі – техникалық-ұйымдастыру мен әлеуметтікэкономикалық жағының бірлігін анықтауға негізделген. Оның бірінші жағы өндіргіш күштер, яғни өндірістің материалдық-заттық элементтер жиынтығы, жұмыс күші мен өндірісті ұйымдастырудың түрі арқылы анықталса, екінші жағы — өндірістің қоғамдық түрін құрайтын өндірістік қатынастармен анықталып отырады.

Кез-келген экономикалық қызмет ұдайы өндіріс циклінің типтес фазаларымен байланысты болғандықтан, кәсіпкерліктің мынандай түрлерін бөліп айтуға болады: өндірістік, коммерциялық, қаржылық және консультативтік. Өндірістік кәсіпкерлік негізінен тауарлар мен қызмет көрсетуді өндіру мен тұтынуға; коммерциялық – оларды айырбастау мен тұтынуға; қаржылық – айналысқа, құндар айырбасына байланысты жүзеге асады, консультативтік – кеңес беру. Кәсіпкерліктің бұл түрлерінің ұйымдастырылуы мен қызмет етуіне байланысты әрқайсысының өзіне тән ерекшеліктері болғанымен, олардың барлығы бірін-бірі толықтырып тұрады және нарықта, адам өмірінде кеңінен кездеседі және олардың арқасында көптеген операциялар, жұмыстың қамтылғандығы, экономиканың жүргізілуі және басқа жайыттары сипатталады. Нарықтың монополистік емес құрылымын қалыптастыруда, экономикалық монополизмді жеңуде шағын және орта кәсіпорындар маңызды рөл атқарады.

Дамыған шет мемлекеттерде кәсіпорының шағын, орта не ірі бизнеске жататын әр түрлі критерийлерге сәйкес анықтайды. Атап айтқанда, жұмыспен қамтылғандардың санына қарай, негізгі қор мөлшеріне қарай, табысына пайдасына қарай. Кестеден көрініп тұрғандай Ұлыбританияда шағын кәсіпорындар санатына жылдық пайда мөлшері 250 мың фунт стерлинг болатын кәсіпорындар енгізілсе, Жапонияда шағын және орта бизнестегі кәсіпорындар санатына жұмыспен қамтылғандар саны 100 адамға дейін, ал капиталы 10 млн-нан 100 млн йенге дейін болатын кәсіпорындар енгізіледі. Еуропаның кейбір елдерінде шағын кәсіпорын критерийі ретінде капиталдың жылдық айналымының шекті мөлшері қолданылады: Италияда – 3 млрд лир, Францияда – 100 млн француз франкі, Канадада 100 адамға дейін жұмыспен қамтып, табысы 200 мың доллорды құрайтын кәсіпорындар шағын бизнес санатына жатады.

Шағын бизнестің ұйымдық-құқықтық нысанының бірі – дара кәсіпкерлік. ҚР-ның 2006 жылғы 7 ақпандағы «Жеке кәсіпкерлік туралы» Заңына сәйкес дара кәсіпкерлік дегеніміз азаматтардың тәуекелділігі мен мүліктік жауапкершілігімен жүзеге асырылатын және олардың өздерінің мүліктеріне негізделген табыс табуға бағытталған бастамалық қызметі. Дара кәсіпкер – заңды тұлға нышанынсыз және заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметпен айналысатын жеке тұлға [18]. Мұнда ескеретін бір жайт, бұл кәсіпкерлік әлеміне тек отандық тұлғалар ғана емес, шетелдік тұлғалар да қатынаса алады. Бұл жағдайда олар Қазақстан азаматтарындай құқықпен міндет атқарады. Шағын және орта кәсіпкерлікте келесі субъектілер кездеседі (cурет 1).

Шағын және орта кәсіпкерлікті тәуекелді бизнес саласына жатқызады, себебі әрбір 10 кәсіпорының 2-3 ғана аяғынан тұра алады. Шағын және орта бизнеспен айналысатын кәсіпкерлер әлеуметтік жағынан біркелкі емес – олар әртүрлі топтар мен қоғамдық құрылымнан шыққандар. Бірақ, шағын және орта кәсіпкерлік қарапайымдылығымен көптеген адамдарды тартады.

Нарықтық экономикада шағын бизнес келесі негізгі қызметті атқарады: • Жұмыс орындарын қалыптастыру. Шағын және орта бизнесте жасалатын жұмыс орындарының ірі компанияларда ашылатын орындармен салыстырғанда өз ерекшеліктері бар. Шағын фирмалар, әдетте, негізгі жалақыны да, қосымша төлемдерді де аз төлейді. Бұл жұмыс орындарындағы жұмыскерлердің көбісі ешқашан жұмыс істемегендер, кейбіреулері жұмыс орнын ұсақ фирмадан тапқанға дейін ұзақ уақыт бойына жұмыс іздегендер. Орташа есеппен алғанда шағын кәсіпорындардың қызметкерлерінің ірі компаниялардың қызметкерлеріндей білімдері жоқ. Корпорациялардың талабына толық сәйкес келмейтін жұмыскерлерді жалдай отырып, ұсақ кәсіпорындар елдегі тұрақтылықтың маңызды факторы болып табылады; • шағын және орта бизнес жаңа тауарлар мен қызметтің түрлерін енгізу қызметін атқарады. Осы артықшылығына байланысты шағын және орта кәсіпкерлер экономикалық өрлеуге маңызды үлес қосады. Бұл тұрғыдан алғанда, шағын бизнестің жетістіктері қауіпсіз сақал қырғыштар, электрондық қол сағаттары, вертолет, тот баспайтын болат пен көшірме аппараттары өндірісіне әсер ете отырып, аталған салалар бойынша нағыз төңкеріс жасады [2].

Дүниежүзілік тәжірибе шағын және орта фирмалардың ірі компанияларға қарағанда әр қамтылған адамға шаққанда 2,5 еседей көп жаңа өнім шығарып, қолданымдағы технологияны жақсарту бойынша 2 есе көп мәнді ұсыныстар жасайтындығын көрсетті: шағын және орта кәсіпорындар жоғарыда айтылған қызметтерден басқа өнімдерін өткізу, қызмет көрсету, жабдықтаумен айналысу арқылы ірі корпорациялардың қызметінде маңызды орын алады; көптеген шағын және орта фирмалар тұтынушылардың мұқтаждарын қамтамасыз етуге қабілетті болғандықтан (яғни арнайы тауарлар мен қызметтерді жүзеге асыратындықтан) өмір сүре алады. Ірі компаниялар бұл сияқты қызметтен қашуға тырысады. Бай тұтынушылар «ерекше» талғамдармен ажыратылады. Олар жеке тапсырыс бойынша дайындалған, әдеттегі тауарларға ұқсамайтын кәсіпорындар осындай ерекше қажеттілікті қанағаттандыру арқылы жетістікке жетті [5].

Шағын және орта кәсіпкерліктің (әрі қарай ШОК) осы қасиеттері оның дамуын маңызды факторға айналдырады. Шағын және орта бизнесті ұйымдастырудың ішкі өндірістік артықшылықтары ерекше көңіл бөлу керек. Шағын фирманы ұйымдастыру артықшылығының қарапайым мысалы ретінде оның біркелкі топтық құрамын келтіруге болады. Ұжым мүшелерінің мамандықтары бірдей, барлығы бір мақсатқа ұмтылады. Бұл бәсекелік нарықта үш артықшылықты береді: біріншіден, ірі кәсіпорындарда толық пайдаланылмайтын бөлінбейтін мүлікке (ғимарат, жабдықтар, компьютер және т.б.) деген шектеулі құқығы бар ұйымшыл шағын топ оны жақсырақ пайдалана отырып, бірігіп әрекет етудің нәтижесінде шығындарды азайтады; екіншіден, топ ішіндегі тығыз байланыстар олардың міндеттерін нақтылауды қажет етпейтіндіктен, келісім жүйесі жеңілдейді; үшіншіден, жақсы ұйымдасқан топ өз бетінше шаруашылық жүргізетін тұлғалар үшін қауіпті болып саналатын күтпеген жағдайларға неғұрлым сәтті қарсы тұра алады.

Жаңа әлеуметтік қоғам құрылымын қалыптастыру, басқару аппаратының үлкендігі, нарықтық экономикадағы икемсіздігі, тұтынушылармен кері байланыстың жоқтығына байланысты ірі шаруашылық құрылымдарының шеше алмайтын әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуде шағын және орта бизнестің алатын орны ерекше. Экономикада шағын және орта кәсіпорындардың көп болуы бүкіл басқару жүйесінің орталықтануын әлсіретеді және қоғамдағы еңбек бөлінісі жүйесінде қызметтің неғұрлым тиімді бөлінуіне ықпал етеді. Нарықта мамандандырылған, жоғары технологиялы көптеген шағын және орта кәсіпорындар анағұрлым селсоқ ірі бизнеспен бәсекеге түседі. Бұл бәсеке олардың қызметінің ынталандырушы рөлін атқарады және монополистік нарық құрылымының пайда болуына кедергі жасайды.

Шағын және орта бизнестің басты ерекшелігі – кірістерге қатысумен және жұмыспен қамтылғандықты сақтап қалуға ынталы болумен шартталған, жұмыстың ең жоғарғы нәтижелілігіне деген жалпы біріккен құштарлық, коллективтік түрде еңбек етуге және бригада болып жұмыс істеуге деген ұмтылыс. Ірі фирмаларда құрушылар (негізін қалаушылар) кәсіпорынды басқару үшін маман менеджерлерді тартуға мәжбүр, бірақ бұл көбінесе 2 жақ мүдделерінің тоғыспауына әкеледі, ал ол өз кезегінде жалпы басқару тиімділігіне әсер етеді. ІІІағын және орта кәсіпорындарда мұндай қарсылықтардан құтылып кетуге болады, себебі негізін қалаушы мен менеджер – бұл ереже бойынша бір адам.

Қазіргі уақытта әлемнің көптеген елдерінде шағын және орта бизнес қайтадан өз мәні мен маңыздылығына ие болды. Көптеген елдердің үкіметтері шағын және орта бизнесті жаңа ойлардың, жаңа жұмыс орындарының, табыстар мен өркениеттіліктің көзі ретінде қарастырып, дамуына жағдай жасау шараларын қабылдауда. Шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына ден қою – экологтардың бағдарламаларындағы басты орындардың бірі.

Мысалы, АҚШ-та соңғы жылдары өз электр станцияларын салу бойынша ұсақ тәуелсіз кәсіпкерлердің қызметі барған сайын кеңірек тарап келеді. Олар энергиялық ресурстар ретінде газ, жел, тау өзендерінің ағысы, биоотынды пайдаланады. Сол кезде АҚШ-тағы ұсақ тәуелсіз электр станцияларындағы электр энергиясын игеру жылына 5 млрд-тан 12,5 млрд киловатт-сағатқа дейін өсті. Шағын және орта кәсіпорындардың сәтті шаруашылық қызметінің қажетті элементі – олардың сыртқы нарыққа шығуы. Егер тек экспортты алатын болсақ, дүниежүзілік нарықтағы американ бизнесмендері өткізген тауарлық өнімнің жалпы көлемінің 20%-ке жуығы Америка Құрама Штаттағы (әрі қарай АҚШ) шағын компаниялардың үлесіне келеді. Голландия, Бельгия, Германия сияқты елдерде ол жекелеген жылдары 35-40%-ға жетеді. Жапония экспортындағы шағын бизнестің үлесі 70-ші жылдардың басынан бері 32%-дан 39%-ға дейін өсті. Шағын және орта фирмалардың басым бөлігі шығарылатын тауарлар көлемінің 5-10%-ын дүниежүзілік нарықта өткізеді.

Әкімшілік-бұйрықты экономикадан әлеуметтік бағыттағы нарықтық шаруашылыққа өту жағдайында шағын және орта бизнес экономикалық саясаттың стратегиялық мәселесі болып табылады. Оның стратегиялық маңызын бағалау үшін Қазақстан экономикасының мынандай ерекшеліктеріне көңіл бөлу қажет: айқын көрініс алған шикізаттық бағыт; қайта өңдеу өнеркәсібінің нашар дамуы; экономиканың экстенсивті дамуы; Агроөнеркәсіптік кешені (әрі қарай АӨК) жүйесінің алаптық сипаты; импортқа тәуелділігі; инфрақұрылмның нашар дамуы; аймақтар бойынша өндіргіш күштердің біркелкі орналаспауы; нарықтық шаруашылық жағдайына қалыптасуы қиын әлеуметтік кешеуіл қалған және экологиялық жағынан зардапты аудандар санының басымдылығы. Қазақстан экономикасының мұндай зардаптарын шағын және орта бизнесті дамыту жолымен ғана жеңуге болады.

Басқа да ұқсас мәліметтер

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *