Ш.Жәңгірұлы – ақын, діни-ағартушылық бағыттың өкілі, кітаби ақындар қатарынан көрнекті орын алады. Діни мәтіндегі дастандары мол болғандықтан, Кеңес өкіметі тұсында ауыл белсенділері Шәдіні «молда» деп айыптап, қудалауға ұшыратады. Әкесі Жәңгір ханмен аттас қана емес, ол да төре тұқымы болғандықтан, әрі басқа шығармаларын айтпағанның өзінде, бір ғана Мұхаммед пайғамбардың өмірін өлеңмен жырлағандығының өзі оның шығармаларын тоталитарлық жүйе тұсында насихаттауға жол бермеді. Сондықтан да ақын шығармаларының толық жинақталуы тек тәуелсіздік кезеңнен басталады.

Шәді Жәңгірұлы 1855 жылы Сырдария губерниясы, Түркістан уезі, Жылыбұлақ болысында (қазіргі Созақ ауданы) туып, 1933 жылы қазіргі Өзбекстанның Қаратөбе деген жерінде қайтыс болған. Әкесі – Жәңгір (Жаһангер) төре әулетінен шыққанмен, шаруа баққан адам болған, ал шешесі – Мәуіті ел арасына белгілі әнші, күйші, өлеңші болыпты. Бұдан Шәдінің жастайынан өлең-жырға құмар болып өсуі шеше ықпалынан екендігі көрінеді.

Шәді тоғыз жасында ауыл молдасынан сауатын ашады. 1865-1867 жылдары Шаян медресесінен дәріс алған. Мұнда ол «Мың бір түн», «Тотынама», «Шаһнама» секілді араб әдебиеті үлгілерімен танысып, шығыс ертсгілері мен дастандарынан хабардар болады. 1868-1870 жылдары Қарнақ, 1871-1876 жылдары Бұхарадағы Көкелташ медреселерінде оқып білім алады. Араб, парсы, түрік, шағатай тілдерін еркін меңгеріп, Шығыс шайырлары мен ғұламаларының еңбектерін түпнұсқадан оқып үйренеді. Орта Азияның көптеген шаһарлары мен қыстақтарын аралап, өзбек, тәжік, қарақалпақ, түрікмен ақын-жырауларымен, әнші-күйшілерімен танысады. 1877 жылы туған мекені Қызылкөлге оралады. Оның шығыс және түркі халықтары арасында ең көп тараған «Төрт дәруіш» және «Орқа-Күлше» хикаяларын өз тұсынан жаңғыртып, қайта жырлап шығуы – ақынның білімдарлығының көрсеткіші. Себебі бұл араб, парсы әдебиетіндегі небір қызықты аңыз әңгімелер мен өлең-жырларды түпнұсқадан оқи алғандықтан, оқиға желісінің дәл жетуіне себеп болған. Басқа түркі тектес халықтардағы жырланған нұсқа мен Шәді жырлаған нұсқаларды салыстырып шығу – болашақтың үлесіндегі шаруа. Біз мұны ғылыммен әуес жастарға құлаққағыс ретінде айтып отырмыз. Мұхаммед пайғамбардың ақ жолын насихаттайтын «Назым сияр шәріп» дастаны туралы да осыны айтуға болады. Мұндағы араб сөздерінің қазақ арасында қазіргі қолданысын ашып шығу да қызық.

Шәді – Шығыс классикалық әдебиетін жете меңгеріп қана қойған жоқ, өзі де оған еліктеп дәстүрлі тақырыптағы назиралық үлгіні жаңартты. Гуманистік-ағартушылық бағытта көптеген шығармалар жазып, айтыстарға қатысты. Оның Тұрмағамбет Ізтілеуовпен айтысқан жазбаша айтысы бар. Ол төл шығармаларында қазақ халқының қараңғылығы мен надандығына қамықты, одан арылу жолын іздеді. Дүмше молдаларды, надан адамдарды әжуә етіп, прогресшіл бағытты ұстанды. Өз заманының күрделі мәселелерін жырлап, жастарды өнер-білім үйренуге шақырды.

Ш.Жәңгірұлы қазақ әдебиетінен Майлықожа, Құлыншақ, Мәделі тәрізді ақындарды ұстаз тұтса, Фирдоуси, Жәми, Низами сияқты шығыс классиктері мен Зауки, Фурқат, Дониш сияқты өзбек, тәжік ақындарының шығармаларын жетік білді. Шәді Шығыстың көптеген ертегі, жыр-аңыздары мен «Мың бір түн» оқиғаларын нәзира түрінде жырлап, оларды Ташкент, Қазан, Орынбор баспаханаларынан кітап етіп шығарған.

Ш.Жәңгірұлының барлығы үлкенді-кішілі 18 дастан-поэмасы мен бірсыпыра қисса-хикаят, өлең-жырлары біздің заманымызға жеткен. Көлемді дастаны – «Тарихнама» қолжазба күйінде сақталған. Ақын орыс әдебиеті мен тарихына да үңілген. А.С.Пушкин поэмасы негізінде «Полтаваның соғысын Пушкиннің бәйіт қылғаны» деп сюжетін еркін аударып, жырлаған.

Ташкент қаласындағы Ғ.Х.Ғарифжанов баспаханасынан шыққан «Шәр дәруіш» (Төрт дәруіш, 1913, 1914), «Хикаят Қамарзаман» (1914), «Назым Сыяр Шәриф» (1913), «Хатымтайдың хикаясы» (1914), «Хикаят Халифа һарон-ар Рашид» (1914), «Хикаят Орқа-Күлше» (1917), «Қарунның жер жұтқан оқиғасы» (1917) «Тарихат» т.б. деген қисса-дастандары шығыс сюжеті негізінде жазылған.

Ақынның қомақты шығармасының бірі – «Шер дәруіш». Бұл дастан бір басылымында «Назым шәр дәруіш» (1913) деп те аталған. Шығарма сюжеті басқа да түркі халықтары арасында (тәжік, өзбек, татар) кең тарағанмен, Шәді мұны өзінше жырлайды. Поэма желісі «жеті ықылым заманнан бері жер жүзінің бәрін кезген» төрт жиһангездің басынан кешкен оқиғалары арқылы өрбиді. Дастанда адамның рухани мүмкіндігі мен шексіз күшқұдіретіне сенім білдіреді, адам бойындағы ең асыл қасиеттерді, ақыл-ойды, махаббатты, әділдікті, бауырмалдықты бірінші орынға шығарады. Ал Шығыс аңыз әңгімелерінің атақты кейіпкеріне айналған «Хикаят Халифа һарон-ар Рашид» дастанын да ақын өзіндік қолтаңбасын таныта білді.

Қазақ арасына тараған кең хикаяның бірі «Атымтай Жомарт» әңгімесінің сюжетіне құрылған «Хатымтайдың хикаясы» атты дастаны бірімен бірі сабақтасып келетін бір мазмұндағы төрт хикаядан тұрады. Мұнда ақын сараңдық пен дүниеқұмарлықтың абырой әпермейтіндігін аша отырып, Атымтай Жомарт бейнесі арқылы туған халқын ерінбей еңбек етуге, мейірімді, бауырмал болуға үндейді, адамгершілік қасиеттерді насихаттайды. Ал «Хикаят Орқа-Күлше» атты лиро-эпостық дастаны сүйіспеншілік тақырыбына құрылып, екі жастың арасындағы шынайы махаббат сөз болады. Бұл дастан да Шәдіге дейін «Төрт дәруіш» сияқты араб, парсы, тәжік, өзбек, татар тілдерінде жарық көрген. Шәдінің «Хикаят Қамарзаман» дастанында шығыс халықтарының қиял-ғажайып оқиғалары негіз болған. Қиял-ғажайып ертегілер мен аңыз-әңгімелер адамдардың күнделікті тыныс-тіршілігіндегі реалды дүниемен астасып, көркемдікпен өріледі.

Діни тақырыпқа жазылған «Сияр-шәріп», «Фех-қайдан», «Ахуалқиямет», «Назым Ахмет Жами», «Назым Ибраһим Халиолла», «Хазіреті Мұса мен Перғауын», «Мұсаның таурат алғаны» т.б. дастандардың сюжеті де араб әдебиетінде жырланып келгенмен, Шәдінің ерекшелігі сонда, ол – араб поэзиясының озық үлгілеріндегі оқиға өзегін өзінше өріп, жаңаша өңдеді, екіншіден, қазақ арасына молынан таратты, үшіншіден, ұлттық танымтүсінікке сай имандылыққа тәрбиелеу құралына айналдыра білді.

Авторлық сілтеме:
Зайкенова Р. ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиеті Оқулық. – Алматы: Қыздар университетінің баспасы, 2014. – бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *