Серен Кьеркегор — ХХ ғасырда аты да, шығармалары да кең тараған, бірақ кезінде еленбеген, бағаланбаған ойшыл. Копенгагенде туған. Жанұясындағы рухани психологиялық ахуалдардың ауырлығынан (жанұядағы жеті баланың бесеуі шетінеген; әкесінің ойынша, бұл жанұя Құдайдың қаһарына ұшыраған болса керек) Серен жасынан аурушаң, әлжуаз, кірпияз, сезімтал, зерек болып өседі. 1830 жылы Копенгаген университетінің теология факультетіне түседі. Дін сабақтарымен бірге философияны, әдебиеттану, эстетика пәндерін қызығып оқиды. Университетті бітіргеннен кейін дін жолымен кетпеді, еркін шығармашылық істермен айналысты.

Серен Кьеркегор аса дарынды, жемісті жазушы болды. Үйіндегі әр түрлі бөлмелерде үстелде жайылған қағаздар, басталған шығармалар жатады екен. Ол бір бөлмеден екінші бөлмеге кіріп, күні бойы, түні бойы жазуын жалғастыра береді. Әр түрлі тақырыптар, әр түрлі шығармалар. Не жазам деп ойланып жатпайды: ой да, идея да, сюжет те ағылып, төгіліп жатады. Кьеркегор саналы өмірін шабытқа мас болумен өткізген. Ол өзін шабыт пен шығармашылық арқылы ертегі айтып, ажалдан құтылмақ болған «Мың бір түндегі» Шехерезадаға теңейді. Жазғандарын тексеріп, қайта қарап, өңдеу дегенді білмеген. Өз шығармаларын өз қаражатымен шығарып, таратқан.

Кьеркегордың негізгі шығармалары: өте көлемді «Или-или» деген кітап, орыс тілінде 838 беттен тұрады. Қазақ тілінде «Не-не» деп (екінің бірі деген мағынада) аударуға болады, 1845 жылы жазылған; «Рахаттану және борыш» («Наслаждение и долг», 1844 ж.); «Үрей және қалтырау» («Страх и трепет», 1843 ж.); «Үрей ұғымы» (1844 ж.); Екі томдық «Заключительное ненаучное послесловие к Философским крохам» (1846 ж.); «Өмір және махаббаттың билігі» (1847 ж.); «Өнегелі сөздер» (1847 ж.); «Өлімге бастайтын ауру» («Болезнь к смерти», 1849 ж.); «Өмір жолдарының белестері» (1846 ж.) т.б. Кьеркегордың шығармашылық қызметі («Ирония дегеніміз не?» деген кандидаттық диссертациясын есептемегенде) 1841 жылдан басталады. Содан бастап ірілі-ұсақты кітаптар, өнегелі сөздер, күнделіктер таңғаларлық жылдамдықпен жазылып, жарық көріп жатады. Оншақты жылдың ішінде оның жағандары 28 томды құрайды: 14 том – шығырмалары және 14 том – күнделіктері.

Кьеркегор жұртшылыққа өзін «философпын» демей, «жазушымын» деп таныстырған. Бірақ оның шығармаларында көтерілген мәселелер, қарастырылған сюжеттер, жағдайлар, негізгі ойлары қазіргі заман философиясының да өзекті тақырыптарына айналды.

Кьеркегор көп оқыған және жан-жақты білімі бар ойшыл. Өзінен қалған кітапханада 2200 том болған. Онда ежелгі грек тіліндегі антик философтарының, ортағасырлық мистиктердің, шіркеу аталарының, неміс классиктерінің (Гегельдің барлық шығармалары болған), Сократ жөнінде жазылған дүниелердің барлығы болған. Кьеркегор жас шағында Гегельді мұқият оқып зерттеген, оның ықпалында болған; кейін Гегель жөніндегі пікірін өзгерткен. «Мен Гегельдің философиясын түсінуге біраз уақыт жұмсадым және де оны жеткілікті дәрежеде түсіне алдым деп ойлаймын…», – деп жазады бір шығармасында (Кьркегор С. Страх и трепет. – М.: ТЕРРА Республика, 1998. С.34). Сонымен бірге кітапханасында көптеген классикалық көркем әдебиет туындылары (Шекспир, Байрон, Шелли, Гете, т.б.) болған.

Орыс философы Лев Шестовтың Кьеркегор жөніндегі мына пікірін келтірейік: «Ол бәрін білді және терең түсінді, басқалардан жақсы білді және басқалардан терең түсінді. Соған қарамастан, мүмкін соның арқасында, ол философияда басқаларды қайталамайтын, басқаларға жараспайтын өз жолымен кетті… Егер де бірер сөзбен Кьеркегордың көкейкесті ойларын білдіргіміз келсе, айтар едік: адамның ең үлкен бақытсыздығы – оның ақылға және ақылмен ойлауға кіршіксіз сенуі; философияның бастауы (Платон мен Аристотель ойлағандай) таңырқау емес, торығу (отчаяние). Өзінің барлық шығармаларында ол қайталаумен болды: философияның міндеті – ақылмен ойлаудың ырқынан құтылып, тәуекел етіп (тек торығу ғана мұндай тәуекелдікке жол ашады), ақиқатты жұрттың бәрі шым-шытырық және ақылға сыймайды деп есептейтін нәрседен іздеу» (Лев Шестов. Киркегард – религозный философ. //Кьеркегор С. Дневник обольстителя. – М.: Изд-во ЭКСМО-Пресс, 1999. С.299-300). Ақиқатты заңға, ережеге қайшы келетін нәрседен іздеу.

Кьеркегор не жөнінде жазса да, өзіне жете таныс, өзі бастан кешкен жайттарды, өзінің көңіл күйін суреттеді. Оның жазғандарында ойдан шығарылған ештеңе жоқ; бәрі – шындық және ащы шындық. Оның өмірі мен ілімі біртұтас болып, біте қайнасып кеткен. Ол өзінің философиялық топшылауына сай өмір сүрді, өміріне сай философиясын құрды. Әдебиетте Кьеркегорды «дат Сократы» деп атауы тегін емес. Өзі де Сократты, оның ілімін аса жоғары бағалайды.

Оның өмірінде, шығармашылық қызметінде, көзқарасының өзгеруінде жасынан білетін, екі-үш жыл бұрын айттырып, некелесіп қойған Регина Ольсен деген сұлу қыздан үйлену тойының алдында бас тартуы шешуші рөл атқарған. Ешкім де – жақын-жуықтары, қыздың өзі, көрші-көлем – оның бұл қадамын түсінбеген. Кьеркегордың өзі де өзінің бұл қылығына қатты қынжылады. Сүйген қалыңдығынан бас тартуы оған ұлы тарихи оқиғадай әсер етеді.

Регинадан айырылысқаннан кейін Кьеркегор қалған өмірін осы қадамына өкінумен, қайғырумен өткізеді. Басқа ешкімді сүймейді, үйленбейді, сүйген қызына адалдығын сақтайды.

Регина да оны «қайтып оралар» деп алты жыл күтеді. Сосын тұрмысқа шығады. Оның күйеуіне Кьеркегор былай деп хат жазады: «Бұл дүниеде ол сізбен бірге. Бірақ тарихқа ол менімен енеді». Айтқандай, солай болып шықты: Кьеркегор арқылы Регина философия, мәдениет тарихына енді. «Или-или» деген шығарманың ішіне енген «Дневник обольстителя» деген хат арқылы жазылған роман Кьеркегор мен Регинаның қарым-қатынасы жөнінде. Кьеркегор өлерде Регинаға өзінің бай мұрасын қалдырады.

Кьеркегордың Регинадан қол үзуіне не себеп болды? Ол өз шешімі жөнінде ұзақ, шексіз ойларға беріледі: «Махаббат деген – ұлы құпия… – деп жазады ол. Бірақ адамдардың көпшілігі оның мәнін түсініп, салқынқандылықпен әрі бірте-бірте одан рахаттың барлық нәрін ала білмейді, олар асығады, аласұрады, некелеседі, қосылады, – бір сөзбен әр түрлі ақымақтыққа салынады. Бір сәтте бәрі де бітеді…» (Кьеркегор С. Дневник обольстителя, С.95-96). Үйленгенге дейінгі махаббат пен үйленгеннен кейінгі махаббат бір емес. Үйленгенге дейін махаббат құпия еді, құдірет еді, ол адамды да билейтін. Үйленгеннен кейінгі махаббат адам қалауындағы құралға айналады. «Құдай дегеніміз, – дейді Кьеркегор, – бұл – махаббат». Сондықтан оған сенген адам оны өмір бойы сүйіп өтеді.

Кьеркегордың тағы бір уәжін тыңдап көрейік: «Ғашық болған қызының арқасында ер адам дана болуы мүмкін; ғашығының арқасында батыр болуы мүмкін; … ақын да, әулие де болуы мүмкін. (Махаббат – құдірет, оның қолынан бәрі келеді). Ал үйленгесін әйелінің арқасында дана болған, батыр болған, ақын болған немесе әулие болған адамдарды білесіңдер ме? – деп сұрайды Кьеркегор. Жоқ! Әйелінің арқасында ері коммерциялық кеңесші, генерал, есепші немесе отбасының иесі ғана бола алады. Егер мен Регинаға үйленсем, – дейді Кьеркегор, – онда мен ешқашан да өзіммен-өзім бола алмас едім». Батыстағы Кьеркегордан басталатын экзистенциализм деген бағыттың ең өзекті мәселесі – еркіндік. Кьеркегордың Регинадан бас тартуы «еркіндігімнен айырылып қалам» деген қауіптен болса керек. Міне, шым-шытырық жағдай! Міне, проблема. Міне, талғам. Не-не. Адам үшін өзін-өзі табу, өзіне тең болу, өзін-өзі жоғалтып алмау – проблема.

Үрей жөнінде дат философы көп жазады. Бұл арада әңгіме біреуден немесе бірдеңеден қорқу жөнінде емес. Адам қорқынышының басты және айқын себебі – өзін-өзі «жоғалтып алам» деп қорқу. Адамдар, әдетте неден қорқатынын білмейді. Шын мәнісінде, оларға өзін-өзі жоғалтып алу қаупі өне бойы төніп тұрады.

Кьеркегордың барлық шығармаларында, күнделіктерінде осындай шешуші экзистенциалдық сәттер жиі ұшырасады. Философия тарихында мұндай өмірдің мән-жайын аша түсетін мәселелерге назар аударған дат ойшылы Кьеркегор болды. Кейін Кьеркегордан тыс, оны білмей тұрып, экзистенциалдық сәттерді шығармаларына арқау еткен Достоевский болды. Жалпы алғанда, өмірде мұндай жайттар болып тұрады. Философия бұларға мән беріп, солар арқылы адам қырларын ашуға тырысады.

Енді қысқаша Кьеркегордың ілімін, оның классикалық емес Батыс философиясына тигізген ықпалын қарастырып көрейік. Дат ойшылының пікірінше, философия – ғылымға ұқсамайтын құбылыс. Оны ғылыммен ұштастыру, ғылымға айналдыру – оның мән-жайын, табиғатын, міндетін түсінбеуден туған, оны бұрмалаған әрекет. Философия ғылымнан да гөрі дінге, өнерге, әдебиетке, моральға жақын, солар тектес құбылыс. Сондықтан философия сыртқы дүниемен – табиғатпен, қоғаммен, объективтік заңдармен айналыса алмайды. Бұлармен айналысу – ғылымның міндеті. Кьеркегордан бастап, Батыс философиясында философия мен ғылымды дербес дүниелер деп есептеу орын ала бастады. Олар біріне-бірі ықпал етеді, бірақ бірінің орнын бірі баса алмайды.

Кьеркегордың ойынша, философияны қызықтыратын, философияны туғызатын, адамдарды философияға тартып тұратын бір нәрсе бар: ол – адам жаны, ойы, көңіл күйі, адам рухы. Ал адам жанын танып түсіну үшін адамның нақты тіршілігіне назар аударуға тура келеді. Адам қалай өмір сүреді? Қалай өзін сезінеді? Неге қуанады? Неге ренжиді? Неден өкінеді? Басқа адамдармен қарымқатынасы қандай? Басқалардың арасында ол биік пе, аласа ма? Көріне ме, көрінбей ме? Өз өміріне өзі риза ма, жоқ па? Мұндай мәселелермен айналысатын философия қазір де бар. Оны экзистенциализм, экзистенциалдық философия деп атайды. Осы философияның ізашары Батыста Кьеркегор болды.

Кьеркегордың ойынша, философия адамды әрқашан да алдыңғы қатарға қоюы керек. Оған қатысы бар басқа нәрселерді – табиғатты, қоғамды, тарихты, Құдайды, т.б. – адам тұрғысынан, адамға байланысты қарастыру керек. Кьеркегор адамды табиғат түлегіне, қоғам туындысына, тарих құралына, тетікке, бөлшекке айналдыратын философияны (француз, неміс, ағылшын философиясын) мойындамайды, сынайды; ондай философтармен сырттай айтысады. Теология факультетін бітірген, діндар ойшыл адамды Құдайдың құлына, әлсіз, енжар, күнәкар пендеге айналдырды деп әлемдік діндерге де көңілі толмайтынын ашық айтады. Философия адамды жеке, дара, тұлға деп білуі тиіс, осы күйінде қарастыруы керек. Философияның басты міндетін дат философы қолынан келген мүмкіндікті пайдаланып, адамның өзімен-өзі болуын қамтамасыз ету деп түсінеді. Кьеркегор классикалық философияны, әсіресе, Гегельді, қайталап айтамыз – адамды елемегені, жалқыны, дараны, жеке адамды жалпыға (адамзатқа, қоғамға, мемлекетке) сіңіріп жібергені үшін сынайды. Философия, Гегельдің ойынша, тек жалпыны (общее, всеобщее) біледі, жалпыны білдіреді. Кьеркегор бұған мүлдем қарсы. Жалпымен ғана айналысатын философия, – дейді Кьеркегор, абстракциялар шеңберінде қалып қояды. Сондықтан да Гегель ілімінде ұғым бар, идея, рух, абсолют бар, бірақ нақты адам жоқ. «Егер мен, – дейді дат философы, – бейітімнің басына белгі қойғызар болсам, оған: «Бұл – жалғыз» деген бір-ақ сөзді жаздырар едім». Шынында да, ол өзі өмір бойы дара болуға, дара болып қалуға, басқаларға сіңіп кетпеуге тырысты. Тіпті сүйген қызы Регинадан да осы себепті бас тартты. Өкінішке орай, – дейді философ, «жалғыз», «дара», деген категорияларды қазір ешкім түсінбейді. Адамға жалғыздық жараспайды деп есептейді.

«Жалғыздық» деген ұғым да қазіргі Батыс философиясында жиі кездеседі. Әрбір адам, философтың ойынша, – даралығымен ғана құнды, қайталанбас тұлға. Кьеркегор әрбір адамның ұлылығын атап көрсетеді. Әдетте ғасырлар бойы ұлы деп ойшылдарды, даналарды, кемеңгерлерді атап келеді. Кьеркегор бұл пікірге, керісінше, ұлы деп қарапайым адамды таниды және ол, оның ойынша, өзінің ақылдылығымен немесе ақымақтығымен, күштілігімен не әлсіздігімен, үмітімен не өкінішімен, білімімен не надандығымен, айналасына ризалығымен не наразылығымен, айналасындағылармен күресімен, бір сөзбен, өзіндік болмысымен – ұлы. Әрине, нақты жағдайларда адам ұлылық таныта қоймас, деп ағынан жарылады философ, бірақ философия оған ұлы деп, онда ұлылық бар деп қарауы керек.

Классикалық философия адамды қарастырғанда оның мәніне, табиғи және әлеуметтік тегіне, қоғамдағы қызметіне, ақыл-ойына айрықша көңіл бөлетін еді. Кьеркегор мұны бекер демейді. Бірақ бұл жолмен, оның ойынша, біз адамның өзіндік ерекшеліктерін, жекелігін, даралығын біле алмаймыз, сөйтіп, оған жалпы анықтамаларды таңамыз.

Классикалық философияны ол эссенциалды (лат. essentia – мән) философия, заттың мәніне, заңдарына ғана мән беретін философия дейді. Жаңа философия, Кьеркегордың түсінігінде, экзистенциалды (лат. еxistentia – тіршілік) яғни жалпыдан гөрі жекеге, мәннен гөрі құбылысқа, жеке адамға, адамның тіршілігіне мән беретін философия болуы керек. Кьеркегор философияға «экзистенция» деген ұғымды енгізді. Бұл ұғым қазір экзистенциализм деген философиялық бағыттың негізін құрайтын ұғым.

Кейбір философтар, – дейді Кьеркегор, орасан зор тамаша ғимарат-жүйе тұрғызады да, өздері бірақ онда тұрмай, сырттағы сарайға барып жатқанды жақсы көреді. Неге олар өздері тұрғызған алып ғимараттарда тұрғысы келмейді? Неге Гегель «Құқық философиясында» өзі дәріптеген, «ақылға сыйымды шындық» деп таныған таза ұғымдар дүниесінде өмір сүрмейді? Өйткені ол құрған жүйе, Кьеркегордың пікірінше, шындыққа жанаспайтын, абстракциялар дүниесі. Гегельдің ақылға сыйымды шындығы тек теорияда болуы мүмкін. «Жалпы алғанда философияда, – деп жазады Кьеркегор өзінің күнделігінде, – істің жайы өмірде барлық адамдардағыдай: күнделікті өмірде олар өздері теориялық жүйелерінде ұсынған категориялардан мүлдем басқа категорияларды пайдаланады…» (Кьеркегор С. Дневник обольстителя. С.303). Гегельге айтылар сын – бүкіл классикалық философияға тағылар айып. Өйткені Гегель – сол философияның маңдай алды өкілі. Гегельде, сөз жоқ, абсолюттік жүйе бар. Бірақ бұл тек абстракциялар, ұғымдар жүйесі. Ал бұл жүйеден нақты өмірге дейінгі жол – ұзақ. Гегель жүйесінде, қайталай береді Кьеркегор, бәрі бар, тек кішкентай нәрсе – адам жоқ. Кімге керек мұндай жүйелер? Гегель, әрине, мұндай сұрақты ерсі деп біледі. Мәселе жүйенің кімге қажеттігінде емес, кімнің, ненің жүйеге қажеттігінде. Гегельдің нақты заттарды, адамды көзге ілмейтіні – бұлар уақытша, өткінші нәрселер. Мәңгілік нәрсе, оның ойынша, – тек ұғымдар, идеялар.

Спекулятивтік философия және спекулятивтік философтар (оларды Кьеркегор кекетіп, спекулянттар деп те атайды) адам ойлауын болмыстың тамырларынан бөліп алды деп есептейді дат ойшылы. Сондықтанда мұндай жүйелерде өмір, тіршілік жоқ. Кьеркегор мұндай философияны былай сипаттайды: «Қарға және ол көпірме сөзге салынып қарқылдағанда аузынан түсіп кеткен ірімшік». Сонымен философияның бетке ұстаған нысанасы әр адамның нақты тіршілігі болатын болса, философия оны қалай суреттей алады? Тіршілік дегенде Кьеркегор адамдардың күнделікті күйбіңшүйбіңін, қарым-қатынасын, қызметін сөз етіп отырған жоқ. Мұның айналасында ешқандай проблема жоқ. Тіршілік – қиынқыстау жағдай, шешуші сәт; мұнда кімнің кім екені анықталады. Дәстүрлі тәсілдер, ұғымдар арқылы мұндай тіршілікті бейнелеу мүмкін емес: материя, кеңістік, уақыт, себептілік сияқты ұғымдар бұл арада көмектесе алмайды. Тіршіліктің мәні қысылтаяң, жемежемге келген шақтарда, адам талғам алдында тұрғанда ашылады. Кьеркегордың басты шығармасының «Или-или» деп аталуы да осы жағдаймен байланысты.

Мұндай шешуші сәт батыс философиясында шекаралық жағдай (пограничная ситуация) деп аталады. Міне, осындай сын сағатында адам да, адамның, өмірдің мәні де жаңа, шынайы қырынан танылады. Мұндай жағдай жиі бола бермейді: бұл – болу ма, болмау ма деген сұрақ, талғам туатын жағдай. Мұндай жағдайда адам, Кьеркегордың ойынша, өзінің экзистенциясымен бетпе-бет кездеседі, өзін-өзі сынайды. Мұндай жағдай адамға қайғы-қасіретте, қорқынышта, күнәға батқанда, өзін-өзі немесе өзіне қымбат адамды жоғалтқанда кездеседі. Бұл – Кьеркегордың Регинадан бас тартқан сәті. Өзі қатты ұнатқан «Үрей және қалтырау» деген шығармасында Кьеркегор осындай экзистенциалдық жағдайды асқан шеберлікпен, терең түсінікпен суреттейді. Әңгіме Авраам және оның баласы Исаак жөнінде. Бұл – «Таураттағы» көпшілікке таныс жантүршігерлік жағдай: бір күні Құдай сүйікті құлы Авраамға: жалғыз балаңды, Құдайдан тілеп алған сүйікті балаңды алып, қасиетті таудың басына бар да, балаңды құрбанға шал – дейді. Авраам Құдайға шексіз сенеді. Сонымен бірге қартайғанда тапқан жалғыз ұлын да шексіз сүйеді. Міне, енді оның алдында қатал тағдыр, қатал шешім тұр; қатал сынаққа ол тап болды. Осы арада неше түрлі философиялық, дүниетанымдық түсініктер, ұғымдар, проблемалар тоғысқан: ақыл күшті ме әлде сенім күшті ме? Құдай дана ма әлде адам дана ма? Моральға құлақ асу керек пе әлде дінге жүгіну керек пе? Этиканың шегі қайда бітеді? Егер де Авраам этиканы негізге алса, онда ол қылмысқа бармауы керек, өйткені баланы өлтіру – қылмыс. Авраамның сүйеніші – сенім. Ол Құдайға сенеді, Құдайдың сөзіне сенеді. Сонымен бірге ол Құдайдың құдіретіне, көрегендігіне сенеді. Қандай жағдайда да өзінің Құдаймен бірге екендігіне, Құдайдың оны өзімен өзін жалғыз қалдырмайтынына сенеді. Құдай әмірін орындау үстінде ол ойланып, ақылмен бәрін өлшеп-пішіп жатпайды, өйткені, дейді Кьеркегор, «сенім күшіне енген кезде, ойлау жайына қалады» (Кьеркегор С. Страх и трепет… С.52). Бірақ Авраамды сезімнен жұрдай, соқыр сенімге салынған фанатик деп есептеуге болмайды. Авраамның басына түскен жағдайдың ерекшелігі, ақылға сыймайтындығы сондай, ол бәрін де сезініп, түсініп істейді. Ол ақыл-есі барда Исаакты құрбан шалуға пышағын оның тамағына алып барады. Исаактың басынан ұстап, енді пышағын жұмсайын дегенде аспаннан топ етіп, ақ қой маңырап түсе қалады. Құдай Авраамның сенімін ақтады: жалғыз ұлын құрбандыққа алмады. Авраам да Құдайдың үмітін ақтады: Құдайдан, сенімінен, нанымынан бас тартпады. Ол қажет бола қалса, яғни Құдай өз талабынан бас тартпаса, баласын құрбандыққа шалуға даяр еді. Кьеркегор өзінің сүйікті кейіпкерін – Авраамды «сенім серісі» деп атайды («рыцарь веры»).

Авторлық сілтеме:
Рысқалиев Т.Х. Философия тарихы: Оқулық. / Т.Х. Рысқалиев, – Алматы: Экономика, 2015. 508 бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *