Сальмонеллез (Қылау) — Сальмонеллез — Salmonellоsis – жіті өткенде іш өтумен, қызбамен, ал созылмалы өткенде өкпенің қабынуымен ерекшеленетін ауыл шаруашылық малы төлінің жұқпалы ауруы. Сальмонелла туыстығын құрайтын бактериялар Entrobacteriaceace тұқымдастығына жатады. Бұзау сальмонеллезін Salmonella dublin, кейде S.typhimuzium жəне басқа да серологиялық түрлері; торай сальмонеллезін – S.cholerae suis жəне оның варианттары: S.gleser, S.voldagsen, кейбір кезде S.dublin; қозы сальмонеллезін S.abortbus ovis, сирек жағдайда S.tuphimurium; құлындардың сальмонеллезін S.abortus egui қоздырады. Олардың барлығы да қысқаша таяқша (1-4 х 0,5 мкм) ұштары жұмыр, грамтеріс, спора жəне қауашақ түзбейді, қозғалымпаз келеді.

Төзімділігі. Сальмонеллалар топырақта, көңде, суда 9-10 ай сақталады, тоңазытқанда 4-5 айдан жоғары, 70-75 оС-та қыздырғанда 30 минутта өледі. Микробты зарарсыздандыру үшін 2 % формальдегид, 3 % күйдіргіш натрий ерітінділері, 2 % белсенді хлоры бар хлорлы əк немесе 20 % жаңа сөндірілген əк, 5 % ксилонафт эмульсиясы қолданылады.

Індеттік деректер. Сальмонеллезбен барлық түліктердің төлдері ауырады. Жіті түрімен 10 күндік жəне 2 айлық бұзаулар; торай туа салысымен 4 айлығына дейін, қозы мен құлын негізінен туғаннан соң бірінші апта ішінде, кейде 3 аптадан 3 айлығына дейінгі аралықта ауырады.

Сальмонеллез қоздырушысының бастауы ауру мал мен ауырып жазылған жануарлар болып саналады. Ересек малдар ауру қоздырушысын мұрыннан аққан сора жəне сілекей, сүт жəне қағанақ қабықтарымен, несеп, нəжіс, қағанақ су, іш тастау кезінде туу жолдарының бөлінділерімен сальмонеллаларды бөліп, жем-шөп, су, төсеніш жəне қорадағы əртүрлі заттарды ластап, оларды жұқтыру факторларына айналдырады. Сальмонеллез төлдерге (бұзау, қозы жəне торай) ауру негізінен алиментарлық жолмен, сирегірек тыныс ағзалары арқылы жұғады, ал кейде құлын, қозы тумай тұрып, жатырда ауру жұқтырады. Іштен ауру болып туған төл өліп қалады. Сальмонеллезден сау емес шаруашылықта əр түрлі жəндіктер (шыбын, тарақан, кемірушілер, егеуқұйрық, тышқан) қоздырушыны тасымалдаушы болып табылады. Төлдердің қылау ауруына шалдығуына азықтың құрамында белок, витаминдер, минералдық заттардың, əсіресе кальций мен фосфордың жетіспеушілігі, қыс, көктем айларында қорының суық жəне дымқыл болуы, ал жазда ыстық өтуі себеп болады. Төлдің ішегіне түскен сальмонеллалар өсіп-өніп, қабыну процесі басталады. Ішектен қоздырушының өзі жəне оның өнімдері мен эндотоксиндері сөл жүйесіне өтіп, одан қанға түседі. Мұндай жағдайда септицемия дамиды.

Өтуі жəне белгілері. Бұзауда қылау жіті, жітіден төмен, созылмалы жəне үзілмелі түрде өтеді. Аурудың жасырын кезеңі 5-8 күнге дейін созылады. Ауру жіті өткенде, мал қатты күйзеліп, дененің ыстығы 41-42 оС көтеріледі. Ауырған бұзау бір орнынан қимылдмай, көбінесе жата береді, мойнын созып немесе кеудесін бүгіп, тұрғанда бүгжиеді. Тамыры жиілеп соғып, ентігіп бүйірімен дем алады, тынысы жиілейді. Көздің коньюктивасы қызарып, домбығып, жас ағады, танауынан кілегейлі сұйық ағады. Жүні ұйпаланып, сирақтары мен құлақтарында терісі суық болады. Аурудың 2-3 күнінде малдың іші өтеді, нəжісі сұйық, түсі қоңыр-сарғыш, қоймалжың жылқақ, исі жағымсыз, жиірек қан аралас болады. Бұзау жүдеп, əлсірейді, селқос күйге түседі, ақыры өлімге ұшырайды. Егер ауру жеңіл өтсе жəне уақтылы ем көрсетілсе, онда дененің ыстығы бірте-бірте басылып, ішекқарынның қызметі қалпына келеді. Жітіден төмен өткенде малдың іші бір өтіп, бір тиылады да, тыныс мүшелерінің зақымдану белгілері ринит, коньюктивит, жөтел түрінде байқалып, танаудан сулы-кілегейлі сора ағады. Аускультация кезінде өкпеден сырыл естіледі, перкуссия арқылы зерттеу жүргізгенде өкпенің алдыңғы бөлігінде дыбыс бəсеңдеп шығады.

Созылмалы өтуі əдетте жіті жəне жітіден төмен өтуден кейін туындайды да, басым көпшілігі тыныс мүшелерінің зақымдануымен ерекшеленеді. Кейде созылмалы қылау кезінде артрит байқалады. Торайда қылау жіті, жітіден төмен жəне созылмалы түрде өтеді, клиникалық белгілері бір-біріне ұқсас болады. Торайдың кеуде терілері, қарынның төменгі жағы, құлақ пен құйрық ұштары көгереді. Жітілеу өткен кезде дене ыстығы көтеріледі, іш өту, іш қатумен ауысады, өкпенің зақымдану белгілері байқалады. Созылмалы өтетін жағдайда торайлар арықтайды, өсуі дамуы тежеледі, кейбір торайларда созылмалы пневмония білінеді. Аурудың ұзақтығы жіті өткенде 10 күнге дейін, жітілеу өткенде 3-4 апта, ал созылмалы – бірнеше айға дейін байқалады. Құлында, егер енесінен ауру жұқтырып туса, туа салысымен қылаудың клиникалық белгілері білінеді де, ауру жіті түрде өтеді. Жазылған құлын көпке дейін бактерия алып жүруші болады, өсуі баяулап, шар буын болып қалады. Қозылар қылаумен туа салысымен ауырады. Ауру жіті өрбіп, көбінесе 2-5 күнде өліммен аяқталады. Ересек қозыларда (2-3 аптадан жоғары) қылау пневмония жəне артритпен асқынады. Сальмонеллезбен ауру ересек қой мен ешкі, жылқы буаздықтың мерзімі жартысынан ауған кезде іш тастайды. Іш тастау кейде сиырларда да кездеседі.

Диагноз. Сальмонеллезді балау үшін індеттанулық деректер, аурудың клиникалық белгілері мен патологиялық-анатомиялық өзгерістері ескеріліп бактериологиялық жəне серологиялық зерттеулер қоса жүргізіледі. Қылау негізінен мал жаппай төлдеген уақытта басталады. Сальмонеллезге күдік туған барлық жағдайда бактериологиялық зерттеулер жүргізіледі. Ол үшін зертханаға тастанды төл немесе ішкі үлпершек мүшелер (бауыр өтімен, көк бауыр, бүйрек, шажырқай сөл түйіндері, жілік сүйектері), сойылмаған өлексе жіберіледі.

Емі. Қылаумен ауырған төлді оқшаулайды, диеталық азықтар беріп, малдың күтімін жақсарту ұйымдастырылады. Ем кешенді түрде жүргізіліп, сальмонеллалардың өсіп-өнуін тежеуге, дененің улануын бейтараптауға, ас қорыту жəне тыныс алу мүшелерінің қызметін қалпына келтіруге бағытталады. Осы мақсатта сальмонеллезге қарсы антитоксиндік қан сарысуын, бактериофаг (төлдерден бөлінетін микрофлоралардың сезімталдығы анықталған), сульфаниламидтер беріледі. Малдарды антибиотиктермен емдеу кезінде дисбактериозды болдырмау үшін кейбір бактериялық препараттарды: АСО, АСОД, ацидофинмен қолдану тиімді болып саналады.

Иммунитет. Ауырып жазылған малдарда иммунитет қалыптасады. Сапалы уызды уақытылы жəне жеткілікті мөлшерде емген төл ауруға төзімді келеді. Аурудан сақтандыру мақсатымен гипериммундық сарысулар мен вакциналар (Ресей мен Қазақстанда өндірілетін) қолданылады. Қылаудан сау емес шаруашылықтарда инактивацияланған формолквасцалық вакцина, ал аурудан таза шаруашылықта əлсіретілген штамнан даярланған тірі вакцина қолданылады. Сальмонеллезден сау емес шаруашылықта, сиырды туарынан 50-60 күн бұрын арасына 8-10 күн салып екі рет егеді. Жаңа туған төлдерге антибиотик өндіретін өсінділер жəне қылауға қарсы қан сарысуын парентералды береді. 20 күндік жəне одан жоғары жастағы жас төлдерді қылауға қарсы вакциналайды. Саулықтарды шағылыстырудан бұрын үзілмелі қылаудан сақтандыру үшін 2 рет вакциналайды, төлдеуден бір ай бұрын 1 рет вакциналайды.

Сақтандыру жəне күресу шаралары. Қылаудан сақтандыру үшін кешенді шараларға жататындар: ауру қоздырушысының сырттан енуін болдырмау; малдың күтімін жəне азықтануын жақсарту; ветеринариялықсанитариялық шараларды сақтау; жоспарлы профилактикалық иммундеу; дезинфекция жүргізу; кемірушілермен күресу іс жүзінде жүргізіледі. Шаруашылықта сальмонеллез байқалған жағдайда барлық малды клиникалық тексеруден өткізіп, термометрмен дене ыстығын өлшейді. Ауру жəне ауруға күдікті жануарларды оқшулап, емдейді. Сау малды вакциналайды.

Авторлық сілтеме:
Ахметсадықов Н.Н, Омарбекова У.Ж., Хусаинов Д.М. Ветеринария негіздері (оқу құралы): — Алматы, «Агроуниверситет» баспасы, 2010. –338 бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *