Сақау — Мыт — Abenitis equorum – дірілдеу арқылы, мал денесінің ыстығы көтеріліп, танау мен жұтқыншақтың кілегейлі қабығы іріңді-катарлы қабынып, жақ асты сөл түйіндері абсцессаға айналуымен сипатталатын жылқының жіті өтетін жұқпалы ауруы. Қоздырушысы – сақау стрепотококктары – домалақ немесе сопақша пішіінді микроорганизм. Сөл түйіндері мен іріңнен алынған жағындыда кокктар ұзын, тізбектелген моншақ тəріздес болып орналасады, гемотоксин, лейкотоксин жəне агрессин токсиндерін бөледі.

Төзімділігі. Кепкен іріңде сақау стрептококы 6 ай, көңде 4 апта, ал пішенде, теріде 22 күнге дейін сақталады. 75 оС-қа дейін қыздырғанда 1 сағатта, қайнатқанда бірден өледі, карбол қышқылының 5 %-ды ерітіндісі, 2 % формалин, 3 % креолин сақау стрептококктарын 10-15 мин өлтіреді.

Індеттік деректер. Табиғи жағдайда сақаумен жылқы жəне дара тұяқтылар (есек, қашыр) жиірек 6 айдан 5 жасқа дейінгі мал ауырады. Қоздырушының көзі ауру жəне ауырып жазылған жылқылар болып табылады. Əсіресе, организмнің резистенттілігі төмендеген ересек жастағы жылқы мен 1 айға дейінгі құлындардың да сақаумен ауратындығы байқалған. Сақау стрептококктары сау жылқылардың да кеңірсектегі кілегейлі қабығында ұшыраса береді. Сондықтан да сақаумен ауырмаған сау жылқылар бактерия алып жүруші болып есептеледі. Бұл басқа шаруашылықтың қатысы болмаса, ауру сырттан əкелінбей-ақ өз ішінен шыға беруіне себеп болады. Ауру қоздырушысының таралуы сөл түйіндерінен аққан іріңмен жəне малдың танауынан аққан сорабымен ластанған жем-шөп, су, күтім заттары арқылы өтеді.

Қоздырушы малға негізінен ауалы-тамшылы немесе алиментарлық жолмен жұғады. Сақау жекелеп шығуымен немесе спорадия түрінде байқалады. Сақау спорадиялық түрде байқалған кезде, көбінесе жеңіл өтіп, мал 3-4 апта ішінде жазылады. Егер мал тығыз қорада тұрған кезде, ауру тез тарайды, 2-3 ай ішінде барлық мал түгел ауырып, малдың өлімі 30-80 %-ға дейін жетеді. Сақау ауруы жылдың кез келген мезгілінде, əсіресе жазда биені саууға байлағанда жəне күзде құлын бөлген кезде жиі кездеседі. Сақаудың қозуы сырт ортаның жағымсыз факторлары неғұрлым айқын əсер ететін жыл мезгілдерінде, əсіресе күздің соңында, қыста жəне ерте көктемде байқалады.

Өтуі жəне белгілері

Сақау ауруының жасырын кезеңі мөлшермен 4-12 күнге созылады. Ауру өтуіне қарай жіті, кəдімгі, үзілмелі, асқынған (метастазалық) жəне генитальді түрлерге бөледі. Сақаудың кəдімгі түрінде, малдың дене ыстығы 40-41 оС-қа дейін көтеріліп, жем-шөпке тəбеті болмай, селсоқтанады. Мұрын қуысының кілегейлі қабықтары жіті қабынып, қызарып, домбығады. Мұрыннан іріңді экссудат ағады. Алқымдағы сөл түйіндерінің көлемі ұлғайып, жан жағындағы тері асты шелі мен ұлпаларға экссудат жиналып, домбығып, терісі тыртысып, керіліп тұрады, ал сусақтармен басып көрген кезде ыстығы байқалып ауырсынады. Жылқы мойнын созып, демалысы қиындап, сырыл естіледі, жөтел пайда болады. Қабынудан 4-5 күннен кейін терінің тыртысуы аздап бəсеңдеп, сөл түйіндері, жұмсарып, абсцесстер жарылады. Одан сары түсті қою, мол ірің ағып кетеді де, 2-4 күн ішінде дене қызуы бəсеңдеп, қабыну процесінің өршуі тоқтайды, ал жарылған орындары дəнекер ұлпалармен тола бастайды.

Шағылысу жолымен ауру жұқтырған биелерде генитальдіқ түрі дамиды. Бұл кезде қынаптың кілегейлі қабығы іріңді қабынып, маңындағы сөл түйіндері үлкейіп, кейде іріңді желінсау пайда болады. Ал айғырларда сақаудың генитальдік түрінде қасаның ұшы мен несеп жүретін түтік жіті қабынып, ісінеді. Сақаудың үзілмелі түрі негізінен енесін еміп жүрген күтімі жақсы құлындар мен 5-6 жастағы жылқыда кездеседі. Ауырған малдың денесінің ыстығы 39-39,5 оС-қа көтеріліп, алқым сөл түйіндері іріңдемей аздап ісінеді. Мұрынның кілегейлі қабығы сəл қабынып, шамалы скрап ағып тұрады. Ауру зілсіз өтіп, жылқы 5-7 күнде сауығады.

Сақау асқынған метастазалық түрінде дамыса, онда мұрынның кілегейлі қабығы, алқым сөл түйіндері, құлақ түбіндегі мойын бездері, шажырқай сөл түйіндері қабынып, ішкі ағзаларда метастазалық абсцессалар пайда болады. Ауру барысында дененің ыстығы көтеріліп, малдың күйі төмендейді. Егер ірің кеңірдекке түссе, жіті аспирациялық пневмония дамиды, ал ірің өкпеге өткен кезде бронхопневмония дамиды. Бұл кезде дененің ыстығы жоғары көтеріліп, өкпеде сырылдаған дыбыс шығып, жүрек жұмысы əлсірейді. Метастаза ошақтары бауырда дамыған кезде, дененің сарғайғаны байқалады. Ішкі ағзалар зақымданған жағдайда, ауру өліммен аяқталады.

Емі

Індет ошағында ауырған жылқыны оқшаулап, жылы құрғақ қорада ұстайды, күтімін жақсартып, құнарлы жұмсақ жем-шөп, быламық береді. Ауырған құлынның енесін саумай, түгелдей емізеді. Емдеу үшін симптоматикалық ем қолданады. Малдың танауының ішін фурацилин (1:5000), риванол (1:1000), калий перманганаты (1:1000), 2 % натрий гидрокарбонаты ерітінділерінің бірімен жуып тазалайды. Жетілген абсцессаны жарады. Іріңнен тазаратқаннан кейін, орнын жоғарыда көрсетілген антисептикалық ерітінділермен жуады. Жалпы ем ретінде малдың 1 кг тірі салмағына 2 мың ƏБ пенициллин немесе бициллин-3 бұлшық етке күніне 2 рет егеді. Ішкі ағзалардың зақымдануы асқынған кезде 4-5 күн бойы 1 % норсульфазол ерітіндісі бар 30 % глюкозадағы 33 % этил спиртін 150-200 мл мөлшерде көк тамырға жібереді.

Иммунитет. Сақаумен ауырып жазылған жылқыларда ұзаққа созылатын өмір бойына иммунитет қалыптасады. Егер шаруашылыққа сырттан жылқы əкелінбесе, əрі малдың күйі мен күтімі жоғары болған жағдайда 5 жастан асқан жылқылар сақаумен қайталап ауырмайды. Сақауға қарсы тазаланған залалсыз стрептококктың С серологиялық тобы өсіндісінен дайындалған пенициллиназа, қосымша Т-активин, бициллин жəне этоний қосылған «Стрепвак-5» вакцинасын Қазақ ғылыми зерттеу ветеринария институты дайындап шығарған. Қазіргі кезде осы вакцина өндірісте кеңінен қолданылады.

Сақтандыру жəне күресу шаралары

Сақау ауруынан сақтандыру үшін малдың күтімін жақсартады, құнарланған азықпен қамтамасыз етіп, əсіресе құлындарды аса ыстық жəне суықтан сақтандыру шараларын жүргізеді. Аурудың малмен келмеуі үшін сырттан келуін болдырмау мақсатында, жылқыны, жемді сақаудан таз шаруашылықтан тасымалдайды. Ал əкелінген жылқыларды 30 күн бойы карантинде ұстайды.

Сақау шыға қалған жағдайда жылқы фермасын сау емес деп жариялап, шектеу қояды. Əрбір жылқыны клиникалық тексеріп, дене қызуын өлшейді. Ауру жəне ауруға күдікті жылқыларды оқшаулап, жеке ұстайды, қалған малдарды күн сайын тексеріп отырады, күтімін жақсартып, бір-бірімен араластырмайды. Қора жəне оның айналасы, жылқының күтім заттары, ат əбзелдері, жем-шөп астаулары тазартылып, дезинфекция жүргізіледі. Ең соңғы ауырған мал жазылып, 15 күннен кейін шектеу алынады жəне қорытынды дезинфекция жүргізіледі.

Авторлық сілтеме:
Ахметсадықов Н.Н, Омарбекова У.Ж., Хусаинов Д.М. Ветеринария негіздері (оқу құралы): — Алматы, «Агроуниверситет» баспасы, 2010. –338 бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *