Адамзат өркениетінің қалыптасуы мен дамуында саяси ой сана мен саясаттың атқаратын қызметі зор. Қазіргі адамзат қоғамы саяси қоғам. Себебі, онда сан түрлі әлеуметтік субъектілердің өз мүдделерін іске асыру үшін тай-таласы болып жатады. Әр топ өзінің мақсат-мұраттарын саяси доктриналарында анықтап, оларды жүзеге асыруда билік пен мемлекетті пайдалануға ұмтылады. Саясат мүдделі топтар мақсаттарын орындау жолы және әдісі десе де болады. Қоғам қым-қиғаш, қарама-қарсы немесе одақтас көзқарастар мен саяси идеялар күресі арқылы да қозғалысқа келіп отырады.

Мемлекеттік саясат мақсаты — ел тұтастығын, қоғам бірлігін сақтау, әлемдік қатынастар субъектісі ретінде өмір сүретін елінің мемлекеттік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сонымен қатар саясат елдің реформалар арқылы жаңаруын қамтамасыз етуші субьективті фактор болып табылады.

Саясаттану ғылымы осындай қайшылыққа толы саяси сфераның даму заңдылықтары мен билік субъектілерінің басқарушылық қызметін зерттейді. Саясаттану пән ретінде ғылыми негізделген, объективті жағдайды нақты есепке алатын саясат жасауды үйретіп, оқытады. Саясат халықаралық ұйымдар, әлеуметтік топтар, саяси қозғалыстар мен партиялар және т.б. мүдделі топтардың арасындағы ашық немесе құпия жүретін қымқиғаш қатынастардың жиынтығы іспеттес. Саясат белгілі тура горизонтал бойымен ешқашанда жүзеге аспайды. Сол себепті саясат ғылым мен өнер. Саясаттың ғылым болуы оның қоғамдық шындықтың құрамдас бөлшегі болуына байланысты. Қоғамдық қатынастар ретінде саясатты ғылыми тұрғыдан зерттеген, мүдделі топтардың күрес объектісі-саясатты өнер деп қарастырамыз. Оның ғылымдылығы объективті қоғамдық шындықтарға толық тәуелдігінде. Өнер болуы саясатты жүргізетін адамның жеке бастық қасиеттеріне, айлакерлігіне байланысты болуында. Сондықтан саясаттану ғылымы адамдарға дұрыс саясат жасауды үйретеді. Транзитті, аралық өркениет жағдайында тұрған Қазақстан сияқты мемлекеттерде саяси бағдар жасаудың маңызы тіптен күшті. Дұрыс ғылыми негізделген саясат елімізді өркениет жолына апаратыны ақиқат. Саясатты дұрыс жүргізу үшін оны терең білу, зерттеу қажет. Саясаттану пәнін жоғары оқу орындарында оқыту Батыс Европада басталған.

1948 жылы Білім, ғылым және мәдениет жөнінен Біріккен Ұлттар Ұйымы саясаттану курсын жоғарғы мектепте оқытуды ұсынады. Батыс елдері саясаттану пәнінің қоғамдық және саяси өмірді жандандырудағы қажеттілігін түсініп, бұл ұсынысты бірден қолдады. Алайда биліктің тоталитарлық жүйесіне негізделген социалистік елдер саясаттануды дамытуды қажет деп таппады. Екінші жағынан авторитарлық билік саяси биліктің табиғаты мен мәнінің терең талқылауға түсуінен қорықты. Бұрынғы социалистік елдерде саясаттану ғылымы осы себептен кенже қалды. КСРО кұрамында болған Қазақстанда да саясаттану пәнін оқыту тек тәуелсіздік алу жылдарымен бірге басталды. Саясаттану ғылымы Қазақстан үшін әлі жас ғылым. Елдегі жеке саяси ғылымның қалыптасуы процесі белсенді жүруде. Саясаттанудың қоғамдық-саяси ойды өркендетудегі, елдің саяси ауқымын модернизациялаудағы, қазақстандықтардың саяси мәдениетін қалыптастырып тәрбиелеудегі, саясаттың қоғам өмірінің барлық ауқымына тиімді әсер етуін қамтамасыз етудегі орны мен рөлі айқындалып нақтылануда. Саясаттану пәні ғылым ретінде қоғамдық өмірдің саяси дамуы заңдылықтарын зерттейді. Қоғамдық өмір қандай дәрежеде күрделі және санқырлы болса саясат та сондай дәрежеде күрделі және санқырлы. Сонымен бірге қоғам түгел дерлік саяси құбылыстар деп ойласақ қателесеміз. Саясат көпқабатты бола тұра қоғамдық құрылыстың барлық жақтарына тән емес.

Саяси қатынастар ең алдымен түрлі әлеуметтік топтар, таптар, халықтар, мемлекеттер, қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялар, т.б. мүдделі топтар және саяси тұлғалар арасындағы қарым-қатынастардан туындайды. Саяси қатынастар әлеуметтік субъектілер арасында болатын субъект-субъектілік құбылыс. Белгілі бір әлеуметтік топ мүддесін, саяси бағытты, саяси партияны, саяси концепциясы немесе бағдарламаны жақтаушы ретінде жеке адам саясатқа араласады. Саясат субъектісі ретінде саяси процесте жеке адам ролі өте күшті. Саяси бастамалар, саяси идеялар, саяси доктриналар, мемлекет пен билікті жетілдіру мен реформалау туралы ұсыныстар және әрекеттерді жасаушылар да жеке адамдар. Бірақта, әр адамның 8 саясатқа араласу деңгейі әр түрлі. Кейбір адам өмірі мен қызметі саясат пен билікке толық байланысты болса, кейбір адамның саясатқа араласуы сайлау кезінде дауыс берумен ғана шектеледі. Азаматтардың саяси белсенділігі, саяси мәдениеті мен дүниетанымының әрқалай болғанына қарамастан саясатты, билікті және мемлекетті жасаушы да және олардың қозғаушы күшіде жеке адам.

Саяси құбылыс ретінде жеке адамның әлеуметтік көзқарастары, психологиясы саяси процесте маңызды фактор болып табылады. Саяси ой-пікір, саяси идеялар мен ұсыныстар негізінде болатын саяси процестер әлеуметтік-қоғамдық қатынастардың қозғаушы күші. Қоғамдық саяси сананың жетілуі, оның қоғамдық жаңару талаптарына жауап беруі мемлекеттің, саяси ауқымының өркениет жолымен дамуының кепілі болып табылады. Ал адамдардың қоғамдық саяси санасының қоғам дамуы заңдылықтарына кереғар, қайшы болуы, мемлекетте болуға тиісті өзгерістерді дұрыс түсінбеуі, қоғамдық дамуды тежейді немесе қоғамды дағдарыс, деградация қалпына итермелейді, әкеледі. Демек жеке адамның саясаттағы, саяси жүйедегі рөлі айрықша. Түрлі әлеуметтік топтар, халықтар мен мемлекеттер жеке адамның, әсіресе саяси тарих пен тәжірибе осыны ұдайы дәлелдеп келеді. Бұл ретте «адамзаттың тарихын жасайтын жеке адам» деген қағида әбден орынды. Себебі, әлемдегі 200-ден астам мемлекеттің қайсысында болмасын оның тағдырында шешуші рөл атқарған жекеленген саяси көшбасшылар баршылық.

Саяси адам, саяси тұлға, әлеуметгік топ, әлеуметтік тап мүшесі. Халықтар, ұлттар мен ұлыстар мемлекеттер мен түрлі қоғамдықсаяси институттар, т.б. саясат субъектілері қарым-қатынастарынан қоғамдағы қазіргі саяси шындық қалыптасады. Саясаттану ғылымының зерттеу объектісі бүгінгі саяси шындық. Ал бүгінгі саяси шындық қоғамның барлық сфераларымен, салаларымен күрделі диалектикалық байланыстығы, өзара тәуелділіктегі және өзаралық ықпалдағы феномен. Бүгінгі саяси шындық көпқабатты, көпқырлы үнемі өзгерісте болатын объективті процесс. Ол өзіне дейінгі болып өткен саяси шындықтың негізінде қалыптасады. Бүгінгі саяси шындық өткеннен туып, келешекке ұласатын қозғалыстағы объективті шындық. Саяси шындық қазіргі қоғамдық болмыс шындығының құрамдас бөлшегі, сегменті. Бүгінгі саяси шындық қоғамда, мемлекетте жүріп жатқан саяси қарым-қатынастар жиынтығы іспеттес. Оның болуы және дамуы біздің ниетімізге, тәуелді санамызға байланысты емес. Ол біздің еркімізден тыс, қоғамдағы объективті қатынастар фундаментінде қалыптасады. Саяси шындық қоғамдық организмнің құрамдас бөлшегі сапасында өзіне тән объективті заңдықтарға бағынып дамиды. Саяси шындық дамуы жеке адам еркінен, санасынан тысқары. Адамдар оны өз еркіне тікелей бағындыра алмайды. Сонымен қатар бүгінгі саяси шындыққа әсер етуге болады.

Саяси шындыққа әсер ету оның объективті даму заңдарын тануға және оны өз қажетімізге жарата білуге байланысты. Саяси революциялар саяси шындықты, экономикалық-әлеуметтік шындықты түбегейлі өзгертуге ұмтылады. Алайда саяси шындық революциялар дәуірінде тек өз мазмұны мен мағынасын өзгертеді. Ол жойылып кетпейді, бұрынғы шындық орнына жаңа шындық келеді. Тоталитарлық қоғамда тоталитарлық саяси жүйе қала береді. Мысалы: Қазан революциясы патшалық тоталитарлық жүйені, коммунистік тоталитарлық жүйемен алмастырды. Бірақ, саяси шындықтағы тоталитаризм өз мәнін сақтап қалады.

Ал демократиялық, құқықтық қоғамдағы саяси шындық саясат субъектілерінің эволюциялық қызметі мен ісшараларының жемісі. Демократия тірегі эволюция екендігін саяси тәжірибе толық дәлелдеді. Өркениеттілікке революциялар емес эволюциялар әкелетіндігін адамзаттың саяси тарихы әбден дәлелдеді. Объективті саяси шындықты өзгерту, жаңа сапаға трансформациялау саяси реформалар міндеті. Реформалар қоғамда өзгерту, дамыту талаптарына жауап беретін болса ғана пайдалы.

Ал, қоғамдық даму заңдылықтарына қайшы реформалар, немесе жасанды реформалар елді алдыға жылжытпайды. Олар түбінде қайшылық пен теке — тірестің себебіне айналады. Авторитарлық, тоталитарлық жүйелердің өзгеріп, демократиялық жүйеге айналуы да саяси күштер мен топтар ықпалымен болатын реформаторлық тең болмауы мемлекеттердің табиғатындағы ортақ белгілері жоққа шығарылмайды. Әлем халықтары, мемлекеттері біріне-бірі ұқсамайды, әр-түрлі деңгейдегі дамуда. Бірақ барлығында дерлік саяси жүйе, саяси мәдениет, саяси сана мен саяси партиялар бар. Олар әртүрлі, бірін-бірі толық қайталамайды. Саясаттың да күрделі, көпқабатты, көпқырлы болуы саяси дамудың осындай көпжақты табиғатына байланысты. Саясат табиғаты жағынан интегративті қызмет атқарады. Қоғамның саяси сферасында жасалатын саясат коғамының негізгі сфераларына түгелдей қатынасады.

Саясаттың негізгі бағыттары: әлемдік, планетарлық саясат, халықаралық саясат және ішкі саясат. Саясаттың 3 бағытының ішінде мемлекеттің ішкі дамуын реттейтін ішкі саясат құрылымы тіптен күрделі. Себебі ол күрделі қоғамдық организмнің барлық салаларын реттеуге, оларға ықпал етуге ұмтылады. Ішкі саясат бағыттары: экономикалық саясат, әлеуметтік саясат, экологиялық саясат, демографиялық саясат, этносаясат, жастар саясаты, инвестициялық саясат, салық саясаты, ақпарат саясаты, мәдени саясат, т.б. саясат бағыттары. Ал мемлекеттің жалпы ішкі саясаты осы әртүрлі саясат бағыттарын бір жүйеге, бір ортақ мақсатқа бағындыру міндетін шешеді.

Саясат ең алдымен мемлекеттің біртұтастығын сақтап, оның тарихы кеңістікте өмір сүруін қамтамасыз етуді көздейді. Оның мақсаты қоғамдық қатынастарды жандандыру, жөндеу, адамға, халыққа және ұлтқа қызмет ету. Мемлекеттік саясаттың аталмыш міндеттерді шешуге қабілетті болуы оның пәрмендігінің, тиімділігінің және дұрыстығының дәлелі болып табылады. Саясаттану адамдарға, қоғамға осы көкейкесті міндетті шешуді, яғни ғылыми негізделген, ұдайы өзгерудегі өмір талаптарына адекватты саяси шешімдер қабылдай білуді үйретеді. Дұрыс саясат қоғамдық қатынастардың дағдарысқа ұшырамай, пайдалы бағытта дамуына көмектеседі. Қате, ғылыми негізделмеген саясат қоғамдық дамуға бөгет жасап, оны кері тартады немесе елеулі дағдарысқа ұшыратады. Мысалы, Кеңес Одағының терең дағдарысқа ұшырап, одан кейін күйреуіне себеп болған ең алдымен КОКП басшылығының қоғам дамуы талаптарына жауап бере алмаған қате саясаты. Коммунистік партия саясаты КСРО-ны әлемдік экономикалық даму заңдылықтарынан шеттетіп, адамзат қоғамы заңдылықтарына қайшы социалистік құрылыс жасады.

Өркениеттік, демократия мен нарықтық экономика адамзат қоғамының дамуының негізгі жолы. Осы жолға Кеңес Одағы Компартияның қате саясаты кесірінен түсе алмады. КСРО-ның ыдырауының теориялық себептері осында. Қате, қоғамдық заңдылықтарға қайшы саясат мемлекетті осындай жағдайға әкеледі. Керісінше, өркениетті қоғам орнату мақсатын көздеген мемлекеттер екінші дүниежүзілік соғыстан кейін-ақ дамудың үш сатысынан 50 жылдың ары жақ, бері жағында өтіп үлгерді. Батыс елдері, АҚШ, Канада мен Жапония осы мерзімде доиндустриалдық, индустриалдық және постиндустриалдық өркениет сатыларынан шығып өркениетті, азаматтық қоғам орнатуға жетісті.

КСРО құрамынан бөлініп шыққан ТМД елдері болса әлі де доиндустриалдық және индустриалдық аралық өркениет сатысын бастарынан кешіруде. Қате саяси доктриналарды басшылыққа алып, жүзеге асыруға ұмтылу салдарынан ТМД елдері дамыған мемлекеттерден 30 жылдай мерзімге артта қалып қойды. Сондықтан саясаттану ғылымының мақсаты өркениетті елдердің саяси жүйелерінің тәжірибесін зерттеп, Қазақстанда өркениетті елдердің даму үрдістеріне қосу болып табылады. Мемлекеттік саясаттың жақын болашақтағы, перспективадағы стратегиялық міндеті осындай.

Саясаттанудың зерттеу объектісі қазіргі саяси шындық дедік. Саяси шындық-қоғамдық саяси-әлеуметтік, саяси-экономикалық, саяси-рухани процестер жиынтығы. Олардың өзара тәуелділіктегі, себеп-салдарлық, аралық ықпалдықтағы көрінісі. Саяси шындықты зерттеудегі саясаттану ғылымы мақсаты саяси жүйенің қоғамдық қатынастарға дұрыс басшылық жасауын қамтамасыз ету. Саяси жүйенің негізгі элементі, қоғамды басқаратын элементі мемлекет. Саяси шындықты зерттеу арқылы мемлекеттік биліктің реттеушілік, басқарушылық қызметін нығайтуға болады. Биліктің тиімділігінің артуы мемлекет қызметінің ойдағыдай болуының кепілі. Ол үшін саясаттану ғылымы саясаттағы, биліктегі, мемлекеттегі және жалпы саяси жүйедегі қайшылықтардың, қателіктердің, кемшіліктердің себептерін ашып отыруы керек. Шешілмей жатқан мәселелерді білмейінше саяси сфераның талапқа сай қызметіне қол жеткізу мүмкін емес. Демек, саясаттану ғылымы апологеттік ғылым емес. Ол жеке бір саяси топқа, саяси элитаға қызмет етпейді. Саясаттану қоғам, адам дамуы талаптарынан туындайтын саяси жүйе шешуге тиісті құбылыстарды зерттейтін саяси ғылымға жатады.

Саясаттанудың саясилығы оның адамдар топтарының саяси-әлеуметтік мүдделеріне байланысты болуында. Бірақ ол белгілі бір топқа ғана қызмет етпей, жалпы мемлекеттік саяси мақсаттар мен құндылықтарға қызмет етеді. Саясаттану ғылымы қандай да болмасын саяси идеологиялық доктриналардан жоғары тұр. Ал әр түрлі саяси доктриналар саясат пен саясаттанудың құрамдас бөлшектері. Саясаттану ғылымы түрлі саяси доктриналарды салыстырып зерттеп, олардың қоғамдық даму талаптарына жауап беру деңгейіне сарапшы болады. Объективті саяси шындықты зерттеу жолында саясаттану сүйенетін теориялықметодологиялық принциптер міндетті түрде қажет. Саясаттану ғылымы универсалды-әмбебап ғылым.

Универсалдық принципі саясаттың қасиетіне байланысты. Себебі, қоғамдық қатынастарда саясатқа қатысты, саясатпен байланысты емес құбылыстар кемде кем. Адам, адамдар топтары саяси субъектілер. Саясатты жасаушы да, оны жүргізуші де адам. Адам мақсаты саясат арқылы қоғамдық өмірдің түрлі қойнауында өз мақсатын іске асыру. Экономикалық саясат-материалдық өмір мақсаттарына қызмет етсе, әлеуметтік саясат-әлеуметтік талап-тілектерге, экологиялық саясат адам өмірі үшін қоршаған ортаны қорғау мақсатына, демографиялық саясат-адамдар өсімін реттеу жолында, аграрлық саясат-адамдарды азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсаттарына т.б. қызмет етеді.

Универсализм саясаттанудың міндетті түрде басшылыққа алатын методологиялық принципі. Саясат пен билік саясаттанудың зерттеу объектілері, нысаналары ретінде универсалды-әмбебап сапаға ие. Саясаттану объективті саяси шындықты зерттеуде философиялық материалдық дүние дамуының диалектикалық принципін басшылыкқа алды. Саяси сфера, саяси шындық, саяси сана қоғамдық болмыс пен қоғамдық сананың құрамдас бөлшегі. Олар ұдайы өзгеруде болатын, дамуда болатын құбылыстар. Саяси шындық қоғамдық шындықпен бірге диалектикалық өзгеріс сапасында тұрады. Диалектикалық заңдылықтар (тұтастық пен бөлшек, қайшылық пен даму, жалпы және ерекше, абстрактыдан нақтыға) саяси сфера мен саяси жүйелер қызметінің заңдылықтарын зерттеу ісінде пайдаланылады.

Авторлық сілтеме:
Борбасов С. М. — саяси ғылымдарының докторы, профессор
Қазіргі саяси процестер (саясаттанудан көмекші оқу құралы). – Алматы: ҚазҰАУ. 2010