ХХ ғасырдың бас кезінде өмір сүрген ағартушы-демократтардың қатарында жаңа кезең әдебиетіне өзіндік үлес қосқан ақын, сатирик Сәбит Дөнентайұлы — қазақ әдебиеті тарихынан елеулі орын алған қаламгер. Ол 1894 жылы Семей губерниясы, Кереку уезі, Ақсу болысының төртінші ауылында (қазіргі Павлодар облысы, Ақсу ауданы) дүниеге келген. Оның малшы отбасынан шығуы әрі репрессиядан бұрын сүзек ауруынан мезгілсіз қайтыс болуы кеңес өкіметі тұсында қақпайлауға ілінбеуіне себеп болды. Соның өзінде «ауылдан шыққан қатардағы ұлтшыл» атанды. Кеңес дәуіріндегі әдебиетте оның саяси, азаматтық лирикамен жазылған өлеңдері сөз болмады, тек қана сатиралық өлеңдері дәріптелді.

Жалғыз ұл болғандықтан, әкесі оның әуелі ескіше хат тануына, кейін Павлодарда Қасым қажы медресесінде оқуына жағдай жасайды. Сол кезде А.Құнанбаев пен татар халқының классик ақыны Ғабдолла Тоқайдың өлеңдерімен танысады. 1913-1916 жылдары туған жерінде мұғалімдік қызмет атқарады. Бұл кезде «Айқап» журналында қызмет істеп жүрген ауылдасы Сұлтанмахмұт Торайғырұлымен жақсы дос болғандықтан, екеуі бір-біріне хат жазысып тұрады. «Қиялым» атты тұңғыш өлеңінің 1913 жылы «Айқап» журналында басылуы да сондықтан. 1915 жылы алғашқы өлеңдер жинағы Уфа қаласынан «Уақ-түйек» деген атпен шығады. 1916 жылы 25 маусымдағы «бұратана» халықтардың 19 бен 43 арасындағы жастарын майданға жұмысқа алу туралы патша жарлығына Сәбит те ілінеді. Ол майданның қара жұмысына бармау үшін Екібастұздағы көмір кенішіне жұмысшы болады. Ақын «Екібастұз» (1916) деген өлеңінде мұндағы қазақ жұмысшыларының ауыр көрінісін дәл сипаттайды. Заңды түрде қара жұмысқа шақырылғандықтан, жансыздардың көрсетуінен құтыла алмаған Сәбит амалсыз майданға аттанады. 1917 жылғы патшаны тақтан құлатқан ақпан көтерілісі Рига маңында қара жұмыс істеп жүрген Сәбиттің ауылға қайтуына себеп болады. Сондықтан да патшаның тақтан құлауы отаршылдықтан құтылу деп ойлап, жаңа заман үніне сенді.

Келе салысымен ол, Семейдегі үш айлық мұғалімдік курсты оқып шығады. Орыс тілін үйренуге ден қойып, басқа тілдегі әдебиетпен таныса бастайды, сонымен бірге Абай мен Салтыков-Шедрин шығармаларына айрықша көңіл бөледі, әсіресе Абайдың «Сегіз аяқ» сияқты сатиралық өлең үлгісімен көптеген өлеңдер жазады. Шығармаларын сол уақытта шығып тұрған газет, журналдарда (Сарыарқа, Абай) жариялатады. 1919-1920 жылдары ауылдағы ағарту, сот жұмысына араласады. 1924-1933 жылдары Семейде шығатын «Қазақ тілі» газетінде қызмет істейді. Өлеңдер мен мақалалары осы газетте басылады. 1929 жылы Қазақ пролетар жазушыларының ассоциациясына (ҚазАПП) мүшелікке өтеді.

Ақын қаламынан туған «Әйел теңдігін қалай түсіну керек» (1924), «Хат танымаған қатарға қосылмайды» (1924), «Баспасөз күшейсін» (1926), «Әуелі шаруа оңалу керек» (1924); «Қытайда әлеумет соғысы» (1924), «Саясат дүниесінде» (1924) т.б. мақаларында әйел теңдігі, ауыл тіршілігі ғана емес, сол тұстағы саясатқа да көңіл аударады. И.А.Крылов пен Ғ.Тоқайдың бірсыпыра өлеңдерін қазақ тіліне аударған.

Сәбит шығармашылығының басты ерекшелігі – оның сатирасы. Оның белгілі «Уақ-түйек» өлеңдер жинағының өзінде «Бозторғай», «Ұры мен баласы», «Ауырған арыстан», «Көзі тоймаған ит», «Екі теке», «У жеген қасқырға» деген мысал өлеңдері енгізілген. Мұның кейбіреулерінің сюжеті орыс тіліндегі мысалдардан алынғанымен, ақын оны қазақ ұғымына сай, өз тұсынан жаңаша қиыстырып жазды. Осы «Уақ-түйек» жинағында жарияланған өлеңдерімен-ақ ол өзінің мысал жанрының анық шебері екендігін таныта білді. Мектеп бағдарламасына ақынның төл шығармасы «Бозторғай» енгізіліп, үнемі оқытылып келді. 1917 жылдан кейін Сәбит Дөнентайұлы сатираға біржола ден қояды. Ол өлең-фельетон жанрының негізін қалады. «Портфель», «Әй, жалған-ай!», «Құсайынның арманы», «Бір атбегінің мінезінен», «Ақжорға шығыпты», «Жекен молда», «Нағиманың өкпесі», «Бошкенің зары» т.б. сықақ өлеңдері арқылы қазақ сатирасына соны сипат әкелді. Ол осылайша қоғамдағы келеңсіздіктерді ашық түрде айта алмағанымен, сатира жанры арқылы өз ойын бүркемелеп жеткізді.

Шығармалары: «Уақ-түйек» (Уфа, 1915); Өлеңдері. (Алматы, 1935, 1950); Таңдамалы шығармалары. (Алматы, 1957); Избранное. (Алматы, 1958). Ұрпағыма айтарым. (1989).

Авторлық сілтеме:
Зайкенова Р. ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиеті Оқулық. – Алматы: Қыздар университетінің баспасы, 2014. – бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *