Б.з.д. ІІ ғасырдан бастап Жерорта теңіздік құл иеленушілік мемлекет арасынан Рим мемлекеті қуатты державаға айналып, б.з.д. І ғасырдан б.з. ІІ ғасырына дейін Европаның біраз бөлігін, Солтүстік Африка мен алдыңғы Азия елдерін өзіне бағындырып, 500 жыл өмір сүрді.

Б.з.д. VІІІ ғасырдан б.з. V ғасырды қамтыған Рим тарихы шартты түрде төрт үлкен кезеңдерге бөлінеді: 1. Ерте құлиеленушілік кезең (б.з.д. VІІІ-ІІІ ғғ.), оған «патшалық» заман (б.з.д. VІ ғ.) жəне ерте республикалық дəуір (б.з.д. V-ІVғғ.) кіреді; 2. Дамыған құлиеленушілік кезең (б.з.д. ІІ-б.з.ІІ ғ.), оның өзі екі кезеңшеден тұрады: кейінгі республика немесе классикалық құлдық (б.з.д. ІІ-І ғасырлар) жəне ерте империя немесе принципат заманы (І-ІІ ғғ.); 3. Рим империясының дағдарысы (ІІІ ғ.); 4. Кейінгі империя. Доминат. Империяның құлауы ( ІV-V ғғ.). Рим тарихы мен тарихнамасының хронологиялық шегі бірдей емес. Рим тарихнамасының пайда болуы дамыған құл иеленушілік кезеңге сəйкес келеді. Оның грек тарихнамасынан ерекшелігі – римдіктерде гректердегідей мифология болған жоқ. Сондықтан рим тарихнамасының қалыптасуына гректердің ықпалы болды. Карфаген мен Балқан түбегін жаулап алғаннан кейін Римге грек білімі таралып, рим ақсүйектері арасынан білімді адамдар шықты.

Рим қоғамы эллиндік мəдени мұраны шығармашылықпен, өз қоғамының моральдық өлшемдері мен азаматтық қауымының дəстүрлеріне сəйкестендіріп қабылдады. Рим қала-мемлекетінде қалыптасқан арғы дəстүрлер мен əдет-ғұрыптар эллинистік идеологияның таралуына кедергі болды. Өз отанының тарихына қызығушылық римдіктерде І Пуни соғысы табысты аяқталып, Рим мемлекетінің қуаты артқан кезде пайда болды. Осы кезде рим тарихшыларының алғашқы шығармалары немесе анналдары (жылнамалары) жазылды. Анналдарды грек тарихнамасындағы логографиямен салыстыруға болады. Осылайша грек тарихнамасының бастапқы сатысы – логографтар шығармалары болса, рим тарихнамасының алғышартын анналдар құрады. Рим анналдары қалалар тарихы мен рим халқының арғы тарихына арналса, грек логографияларының тақырыбы – əлем елдерінің тарихы болды. Анналдар римдік дəстүрлерді негізге алғандықтан олардың мазмұны романоцентристік бағытта жазылды, яғни тек рим тарихына қатысты мəселелерге назар аударылды. Анналшылар еңбектері біздің заманымызға жеткен жоқ, олар кейінгі рим авторларының еңбектері арқылы танылды. Анналшылардың жазу мəнері, дəстүрлері мен ерекшеліктері олар қолданған деректерге байланысты болды. Деректер: фаста жəне анналдар болып бөлінді.

Фасталар – рим абыздары жасақтаған күнтізбелік жазбалар (календарь), олар қауымның діни өмірімен байланысты жазылып, замандастары үшін тəжірибелік маңызы зор болды. Оларда жеке жəне мемлекеттік істерді жүргізу, мерекелік шаралар мен діни рəсімдер өткізу күндері мен айлары белгіленді. Фаста ерте республикалық кезеңде б.з.д. V-ІV ғасырларда пайда болды, кейін галл шапқыншылығы кезінде көне жазбалар жойылды. Келесі дерек абыздардың ауа райы туралы жазбалары жыл сайын елдің жоғарғы абызы өз үйінің қабырғасына үлкен тақтай орнатып, оған елдегі халықтың назарын аударған аса маңызды оқиғаларды жазып отырды: стихиялық апаттар, күннің жəне айдың тұтылуы, соғыстың басталуы жəне аяқталуы, зілзала, жанартаудың атқылауы жəне т.б.

Б.з.д. 130 жылы жоғарғы абыз ұлы понтифик Публий Муций Сцевола абыздар жазған жазбаларды біріктіріп, «Ұлы анналдар» атты жинақ жасады. Анналдар мазмұнының қысқа баяндалуы олардың сипатты белгісі болды. Б.з.д. ІІІ-ІІ ғасырларда осы деректерді қолданған рим тарихшыларын «Үлкен анналшылар» деп аталды. Цицеронның айтуынша, олар «даталар, адамдарды, оқиғалар мен оның болған жерлерін қысқаша баяндады». Үлкен анналшылар алғашқы рим тарихшылары болды.

Сонымен б.з.д. ІІІ ғасыры Рим тарихнамасының бастауы болып саналады. Олардың ішінде Квиний Фабий Пиктор, Луций Цинций Алимент, Гай Ацилий – өз еңбектерін грек тілінде жазса, Катон, Луций Кальпурний, Писон Фруги – латын тілінде жазды. Бұл еңбектерге жалпыримдік мүдделер, ежелгі римдік даңқты оқиғалар мен римдік патриотизм сияқты саяси бағыттар тəн. Үлкен анналшылар арасында Квинт Фабий Пиктор есімі айрықша танымал. Ол б.з.д. ІІІ ғасыр аяғында өмір сүріп, «Анналдар» атты еңбегін грек тілінде жазды.

Мұнда Рим тарихы Энейдің келген уақытынан ІІ Пуни соғысына дейінгі Рим тарихы баяндалды. Пиктор шығармасының негізгі деректерін анналдар, Фабий əулетінің шежіресі, өзінің жеке бақылаулары, куəгерлер əңгімелері құрады. Латын тіліндегі алғашқы тарихи шығарма жазған Марк Порций Катон (б.з.д 234-149) болды. Ол белгілі мемлекет қайраткері: консул, сенатор, оратор жəне тарихшы болды. Катон рим азаматтық қауымының дағдарысының көне дəстүрлердің бұзылуы, адамдардың жеке мүдделерін қанағаттандыруға байлық пен паңдыққа ұмтылуынан деп көрсетті. Катонның тарихи еңбегі «Бастау» деп аталып, 7 кітаптан құралды. Біздің заманымызға оның үзінділері өзге авторлар еңбектері арқылы жетті. Бұл еңбек жылнамалық түрде емес, зерттеу негізінде жазылып, онда автор əртүрлі италиялық қауымдар тарихын талдайды. Катон еңбегінің деректік қоры жоғары, ол понтификтар жылнамасын, анналшылар еңбектерін жəне куəгерлер əңгімесін, ауызша дəстүр мəліметтерін пайдаланған. Пуни соғыстарын жазарда ол соғыс болған жерлерді зерттеп, Карфагеннің мемлекеттік құрылысы туралы жəне тарихигеографиялық мəліметтерді таразылаған.

Дегенмен оның еңбегінде аңыздық мəліметтер де кездеседі. Катонның «Бастауы» өзге анналшылар еңбектерінен оқиғалардың себеп-салдарлық байланысы жəне мəселе қоюмен ерекшеленеді. Ол Италиялық мемлекеттің пайда болуын, оны мекендейтін тайпалар мен қалалар тарихын баяндап, Рим тарихында Италияның басым рөлін негіздейді. Ол анналшыларға міндетті саналатын хронологиялық сабақтастыққа назар аудармайды жəне оның еңбектерінің мазмұнында қолбасшылар мен мемлекеттік қайраткерлер аттары жоқтың қасы. Катон еңбектері кейінгі анналшылар шығармашылығына үлкен ықпал етті. Олардың шығармаларында хроникалық негіз басым болып, аңыздық мəліметтер мен нақты оқиғалар араласып берілсе де, бұл еңбектердің саяси маңызы жəне халықтың əдеби мұрасының жоғалмауына ықпал еткені сөзсіз.

Тарихи мəселелермен қатар Катон Римдегі «Жер шаруашылығы туралы» еңбегін қалдырды. Ол оны рим азаматының құрметті ісі деп қарастырып, орталық Италиядағы жер иелігі вилла туралы, оның тауарлы шаруашылықпен байланысы туралы мəліметтер береді. Өз көзімен көргендеріне сүйеніп, ол ауыл шаруашылығының əртүрлі салаларын, еңбек құрал-жабдықтарын, агротехника əдістерін суреттейді. Рим жазушысы Варрон (б.з.д. 116-27) тарих, риторика, философия, география, құқық, метематика салалары бойынша ғылыми еңбектер жазған өз заманының белгілі ғалымдарының бірі болды. Оның энциклопедиялық еңбегі «Көнелер» латын тілі, ауыл шаруашылығы жəне рим қоғамының моральдық бейнесі қарастырылып, рим тарихына қажетті деректерді құрайды.

Б.з.д. ІІ ғасырдың 30 жылдарынан бастап «кіші анналшылар» шығармалары пайда болды. Олардың арасында Луций Целий Антипатр, Семпроний Азеллион, б.з.д. І ғасырда өмір сүрген Лициний Макр. Корнелий Сизенна, Валерий Анциат, т.б. бар. Олардың шығармаларында оқиғалардың мəні мен себептері талданып, рим қоғамындағы ішкі саяси күрестің үдерістері көрініс тапқан. Олар таңқаларлық оқиғалар мен аңыздарға, қызықты жайттарға басымдық беріп, шынайы оқиғалар мен аңыздық фактілерді шатастырды. Олардың еңбектері де тұтастай жетпей, үзіктерінде сақталған оқиғалар оны жазушылардың көзқарасы тұрғысынан баяндалған. Рим анналшыларынан басқа б.з.д. ІІ ғасырда Рим қол астындағы Грекия тарихшысы Полибий шығармалары танымал болды. Ол тарихтың қазіргі мен болашағын бағдарлау мүмкіндігін негіздеп, оның тəрбиелік жəне тəжірибелік мəніне назар аударды. Плутарх шығармалары да моральдық мəселелермен қатар, тарихтағы жеке тұлғаның рөліне басымдық берді.

Б.з.д. І ғасырда Римде республика құлап, империяның пайда болу үдерістері жүрді. Мемлекеттік басқару түрінің өзгеруі өткір күрес жағдайында жүрді. Сондықтан бұл кезеңдегі тарихнама сол замандағы мемлекеттік қайраткерлердің: Рим ораторы Марк Тулий Цицерон, мемлекеттік қайраткер, қолбасшы Гай Юлий Цезарь, магистратор Гай Саллюстий Крисп шығармалары мен сөздері арқылы танылды.

Цицерон шығармалары Б.з.д. І ғасырдағы Рим тарихын зерттеуде маңызды рөл атқарады. Оның сөздері, хаттары мен трактаттары, Рим тарихының құнды деректері. Оларда азамат соғысы кезіндегі əлеуметтік қатынастар мен ірі саяси оқиғалар, Рим экономикасы, провинцияларды қанау туралы мəліметтер жетерлік. Цицеронның «Мемлекет туралы», «Заңдар туралы» тарихи-философиялық тактаттарында ең тиімді мемлекеттік жүйе, мемлекеттік қайраткер, азаматтық парыз туралы ілімдер баяндалған. Саяси көзқарастары жағынан Марк Тулий Цицерон Римнің консервативтік-аристократиялық республикалық топтарының мүдделерін жақтайды. Ол демократиялық басқарудан бас тартып, аралас монархия туралын идеясын ұсынып, теориялық тұрғыдан жасақтайды. Аралас монархияда олигархия (мемлекет басшыларының беделі), демократия (мемлекеттік мəселелерді шешуде көпшіліктің еркін мойындау) элементтері болады.

Аристократиялық мемлекет басында жоғары əділеттілік пен жалпы игілікті құруға ұмтылатын басшы болуы керек. Цицероның пікірінше, басқарудың мұндай аралас түрі мемлекеттің беріктігі мен тұрақтылығын, еркіндік пен құқықтар теңдігін қамтамасыз етеді. Алайда Цицерон үшін теңдік – əлеуметтік теңдік емес, оның пікірінше, өзгенің меншігіне тиісуге болмайды, ол қоғам заңдарымен қорғалған. Цицерон əрбір адамның қауым немесе мемлекет үшін жауапкершілігін қойып, азаматтық парызын белсенді атқару «қажеттігін» айтады.

Цицеронның келесі идеясы – «сословиелер келісімі» – сенаторлар мен салт аттылардың жəне билікке үміткерлердің плебсқа қарсы одағы. Цицерон таптық мүдделерден жоғары болып, «алтын ортаны» ұстануға шақырды. Цицеронның полистік құрылымды қалпына келтіру, жекелік мүдде мен азаматтық парызын қатар алып жүретін дамыған адамды тəрбиелеу сияқты армандары арман болып қалды. Дегенмен осы идеялар Қайта Өрлеу заманындағы еуропалық ойшылдардың гуманизміне, ағылшын жəне француз ағартушыларына орасан зор ықпал етті.

Римнің ең талантты ораторы Цицерон, сонымен қатар классикалық латын прозасын қалыптастырды. Гай Юлий Цезарьдің (б.з.д. 100-44 жылдары) «Цезарь корпусы» аталған мемуарларына: оның «Галл соғыстары жазбалары», «Азамат соғысы жазбалары», «Александрия соғысы», «Африка соғысы», «Испан соғысы» шығармалары кіреді. Оның «Галл соғыстары жазбаларының» тарихи құндылығы өте жоғары. Бұл арнайы тарихи зерттеу емес, оқиғаға қатысушының түсіндірмесінде, галдар мен гермадар туралы ресми құжаттар (квесторлар мен преторлардың сенатқа хабарламалары) мəліметтерімен қатар, Цезарьдің өзінің көргендері қатар берілген. Мұнда римдіктердің Галлиядағы соғыс қимылдары нақты баяндалады. Бұл еңбектегі герман тайпалары мен галл халқы туралы географиялық жəне этнографиялық мəліметтер ерекше құнды. Сонымен қатар бұл шығарманың əскери тарих үшін мəні жоғары.

Баяндау тəсілі үшінші адам атынан айтылып, субъективтікке жол бермейді. Шындығында, автор өзінің даңқын шығару мақсатын қойған, сондықтан бұл еңбекте субъективтік пікірлер жоқ емес. «Азамат соғысы жазбаларында» Цезарь б.з.д. 49-48 жылдан оқиғаларды суреттеп, азамат соғысының себептерін Римдегі саяси күреспен байланыстырады. Бұл еңбек азамат соғысынан құнды тарихи дерек болып саналады. Б.з.д. І ғасыр рим тарихшыларының əйгілісі – Гай Саллюстий Крисп Юлий Цезарьдің замандасы, оның консулдығы кезінде магистратор қызметтерін атқарды. Бұл кезеңде Римнің саяси аренасында сенат аристократиясы мен Помпей, Цезарь жəне басқалардың басшылығымен антисенаттық күштер арасында қатал күрес жүріп, Саллюстий квестор, халықтық трибун қызметтерін атқарды.

Цезарьдың жақтасы болғандықтан, сенаттан шығып қалып, қайта сайланды. Б.з.д. 49-45 жылдары Помпей мен Цезарь арасындағы азамат соғысына қатысып, 46 жылы Цезарь оны Жаңа Африка провинциясының наместнигі етіп тағайындайды. Цезарь өлгеннен кейін Саллюстий саяси қызметтен кетіп, қалған өмірін тарихи еңбектер жазуға арнады. Оның «Цезарьге хаттар», «Катилина бүлігі», «Югуртин соғысы», «Тарих» атты шығармалары идеялық жағынан да, жазу тəсілдері жағынан да ерекшеленеді. Оның алғашқы еңбегі «Цицеронға лағынет» саяси памфлет түрінде жазылған. Оның «Цезарьге хаттар», «Катилина бүлігі» атты екі еңбегінде Саллюстий Полибийдің «моральдық азғындау» теориясына сүйеніп, Рим тарихын 3 кезеңге бөледі: патшалық кезең, оның соңында патшалық басқару тираниямен алмасады; екіншісі – «алтын ғасыр» ІІ Пуни соғысынан басталып, Карфагеннің б.з.д. 146 жылы қиратылуымен аяқталады. Бұл кезеңге биліктің сайлану жүйесі, еркіндік, жақсы қатынастар, биліктің сатылмайтындығы, халықтың сенатқа бағынып, сенаторлардың даналығы тəн болса, үшінші кезеңде – моральдық азғындау мемлекеттің дағдарысын туғызған. Мұнда байлыққа малданған рим нобилитетінің тойымсыздығы тиранияның билікке келуіне əкеп соқтырған.

Саллюстий Крисптің «Катилина бүлігі» атты монографиясы оған даңқ əкелген танымал шығарма. Онда б.з.д. 63 жылғы Луций Сергий Катилина бастаған бүлік тарихын баяндап, оның сəтсіздікке ұшырауына Цицеронның атқарған рөліне тоқталады. Цицеронның «Катилинаға қарсылық» атты 4 арнау сөздері бар. Оның «Югуртин соғысы» атты монографиясында солтүстік Африкадағы Нумидия елінің патшасыЮгуртамен б.з.д. 111-105 жылдарысоғыстың барысы сенат пен плебс арасындағы өткір əлеуметтік күреспен байланысты көрсетіледі. Автор сенаттытарихи үдерістің қозғаушыкүші санайды. «Тарих» атты еңбегі Рим тарихының б.з.д. 78-67 жылдарын қамтып, рим қоғамындағы халықтың рөлін жоғары бағалайды. Аталмыш еңбек толығымен жеткен жоқ. С. Крисптің пікірінше, халық – рим тұрғындарының орта тобын құрайтын ұсақ жер иелері.

Қала мемлекеттердің негізін плебейлер емес, ұсақ жер иелері құраған. Саллюстий шығармаларында өздерінің игі істерімен Римнің ұлылығына ықпал еткен жеке тұлғаларды маңызы, мемлекеттік қайраткерлердің тамаша бейнелері жасалды. Оның еңбектері анналдық емес, монографиялық тəсілмен жазылды. Саллюстийдің кіші замандасы – Тит Ливий анналдар жанрында көлемді еңбек жазған əлемге əйгілі Рим тарихшысы.

Б.з.д. 59 жылы Падуяда туған Тит Ливий республикалық кезеңнің соңын көрді, саналы ғұмыры империя дəуірінде өтті. Октавиан Август сарайына жақын қатынаста болған ол ешуақытта саясатпен айналыспады. Оның тарихи мұрасы 42 кітаптан құралып, «Анналдар» деп аталады. Мұнда Рим тарихы аңыздық Энейдің Троядан Италияға келген кезінен б.з. 9 жылына дейін қамтылды. Осы еңбектің кіріспесінде ол 700 жылғы тарихқа тереңдегенін жазады. Ливий еңбегі кітаптарға жəне декадаларға бөлінді, біздің заманымызға оның төрт толық декадасы жəне бесінші декада жартылай, барлығы 35 кітап жетті. Ливий шығармалары хронологиялық, яғни анналдық жанрда жазылды. Зерттеулерінің композициялық мазмұнын Геродот еңбектерімен салыстырсақ, Геродоттың пайдасына шешіледі. Оқиғалардың себеп-салдарлық байланысына келсек, бұл жағы да Ливийде төмендеу. Бұдан грек жəне рим тарихнамаларының міндеттері мен принциптерінің өзгешелігі байқалады.

Патриотизм, римдіктерді ең жоғарғы халық ретінде мадақтау – Рим тарихшыларының бəріне, соның ішінде, Т. Ливийге де тəн сипаттар. Ол «Тарих» атты еңбегінде өзінің шығармашылық принциптерін: «жер жүзіндегі ең жоғары халықтың даңқын мəңгіге қалдыру» деп айқындайды. Шындығында, Ливий жалған сөйлеген жоқ, сол замандағы халықтардың көбі Римнің қол астында болып, Рим билігінің мəңгілігіне сенді. Тит Ливий Рим дəстүрлерінің тазалығын дəріптеп, гректің мəдени ықпалына қарсылық көрсетті. Тит Ливий тарихи материалдарының дидактикалық сипатына мəн беріп, Рим тарихының тəрбиелік жəне тəжірибелік сабақтарын алға тартты. Осылайша кейінгі республика кезеңіндегі Рим тарихшылары анналдық дəстүрлерді жалғастырып, оның сипатты белгілері: оқиғаларды хронологиялық баяндау, патриоттық пафос, көркемдеп баяндау жəне моральдық бағыт тарихшылар шығармалары мазмұнында сақталды. Рим империясы кезіндегі тарихшылар қатарында Веллей Патеркул б.з.д. 20 жылы мен б.з. 30 жылдары өмір сүріп, Август принципатының саяси тарихы мен Тиберий билігінің бастапқы кезеңін баяндайды. Б.з. І ғасырында Иосиф Флавий – білімді иудей ақсүйектерінен шыққан рим жазушысы артына грек тілінде жазылған «Иудей соғысының тарихы» («История иудейской войны») «Өмірбаян», «Иудей археологиясы» атты шығармаларымен танымал болды. Ол эллинистік жəне Рим замандарындағы иудей тарихын жазып, азамат соғысы дəуіріндегі Август пен оның ізбасарларының римнің шығыс провинциялардағы (Армения, Парфия) саясатын баяндайды.

Оның б.з. 41 жылы Римде республиканы қалпына келтіру əрекеті жөніндегі мəліметтері құнды. Эллинизм дəуірінде грек жəне рим тарихынан құнды зерттеулер қалдырған Плутархтың (б.з. 46-129) антикалық тарихнамадағы орны айрықша. Римнің қол астындағы Грекияның Херонея қаласында туған Плутарх Афиныдан тамаша білім алып, Херонеяға оралды. Кейбір деректер бойынша ол артында 210 шығарма қалдырған. Оның көбі біздің заманымызға дейін жетті. Олар екі топқа бөлініп, философиялық-скопублицистік еңбектерді (Этика) жəне өмірбаяндық шығармаларды (Өмірбаяндар) құрайды. Ол өзіне дейінгі танымал тарихшылар мен жазушылардың еңбектерін жинақтап, өңдеуден өткізіп, оларға жаңа сипат берді.

Этикалық шығармаларының саны – 80, олардың арасында грекқала мемлекеттеріндегі саяси-мəдени құбылыстар жəне Александр Македонский туралы, Рим тарихына байланысты шығармалары бар. Оның философиялық трактаттары қатарында «Рух жағдайы туралы», «Платон мəселелері» жəне «Тимейдегі жанды жарату», т.б. бар. «Исида жəне Осирис туралы» еңбегінде діни мəселелер талданса, грек-рим дүниесінің əдеп-ғұрыптары – «Грек мəселелері», «Рим мəселелері» атты екі шығармасында қамтылған. Плутархты əлемге танымал еткен оның этикалық немесе философиялық еңбектері емес, өмірбаяндық шығармалары. Өмірбаяндық жанрдың тиімділігін оның тəрбиелік мəнімен түсіндірген Плутарх мұнда фактілерді талдайтын тарихшы рөлін атқармайды. Плутарх адамның психологиялық бейнесін əртүрлі тұжырымдар мен көзқарастарды салыстырып жасайды.

Салыстырмалы өмірбаяндарында» ол грек жəне рим тарихының танымал тұлғаларының өмірлерін салыстырып баяндайды. Плутарх шығармаларынан: Гесиод, Пиндар, Эпаминонда, спарта патшасы Леонид, парсы патшасы II Артаксеркс, римдік тұлғалар: Ромул, Гай Юлий Цезарь, Цицерон, т.б. көрініс тапқан. Грекия мен Римнің танымал тұлғаларының 22 жұбын салыстырып бейнелейді. Біздің заманымызға оның Арат Сикионский мен II Артаксеркс; Гальба мен Отон; Тесей мен Ромул; Ликург Спартанский мен Нума Помпилий; Александр Македонский мен Гай Юлий Цезарь; Цицерон мен Демосфен туралы өмірбаяндар жетті. Оның еңбегінің құндылығы антикалық заманның ұлы тұлғаларының есімін тарихта қалдырумен қатар, өзінің салыстырмалы талдауларында бұрын белгісіз болған антикалық тарихшылардың еңбектерінен үзінділер келтіріп, олар туралы мəліметтерді жеткізді.

Б.з. І ғасырында Рим тарихшылары арасында Тациттың орны айрықша. Өмір сүрген уақыты, шамамен 55-57 жылдар мен 117-120 жылдар аралығын қамтиды. Римдегі салт аттылар сословиесінен шыққан ол шешендік, басқа да мемлекеттік қызметтер атқарды (квестор, сенатор, претор, консул). Оның алғашқы шығармасы «Ораторлар туралы пікірталас» І ғасырдың аяғында, 98 жылы жазылып, шешендік өнердің құлдырау себептерін ашты. Оның «Агриколаның өмірі мен мінез-құлқы», «Германияның пайда болуы мен орны» атты шығармалары да осы уақыттарда жазылды. Агрикола Тациттің қайын атасы болғандықтан, оның өмірден өтуіне байланысты жазған арнауы антикалық өмірбаян шеңберінен шығып, тарихнамалық еңбек деңгейінде орындалды. «Германия» еңбегінде географиялық-этнографиялық сипаты басым. Осы үш шығарма Тациттің «Кіші шығармалары» («Малые произведения») деп аталады. Тацитке тарихшы ретінде даңқ əперген еңбектері: «Тарих» (110 жылы) жəне «Анналдар» (117 жылы). «Анналдар» Рим тарихын 14 жылдан бастап, Октавиан Августтың қайтыс болуынан бастап, императорлар – Тиберий, Калигула, Клавдий жəне Неронның өліміне дейін (68 ж.) қарастырады.

«Тарих» 69-96 ж. Флавий династиясы тарихын сипаттайды. Егер Саллюстий мен Ливий республикалық дəуірді зерттесе, Тацит императорлық Рим тарихын зерделейді. Тацит еңбегінен тарихты жазудың қауіпті іс болғанын көруге болады, ол Август туралы кітап жазып, сотқа тартылған Кремуций Корд туралы мəлімет келтіреді. Бұл адам Юлий Цезарьді өлтірген Брут пен Кассийді дəріптеді деген айыппен сотқа тартылған. Тарихшы болу қауіпті болғанымен, рим тарихи дəстүрі бұл кезеңде үзілген жоқ. Империялық кезеңіндегі Рим тарихшылары – Азиний Полинон, Ауфидий Басс, Фабий Рустик еңбек етіп, өкінішке қарай, шығармалары сақталмады.

Тацит өзінің «Тарих» еңбегінде республикалық кезеңдегі тарихшылардың «қызықты əрі шынайы» жазғанына назар аударып, жеке биліктің орнауы мемлекеттің қауіпсіздігі үшін тиімді болғанымен, «шындықты əртүрлі себептермен бұрмалауға ықпал етті, оның себептері бір жағдайда, мемлекеттік істерді білмегендіктен болса, кейде билеушілерге жағымпазданудан, немесе оларды жек көргендіктен болды» деп жазған. Тациттің пікірінше, тарихты жазу «ашусыз жəне сезімсіз» (без гнева и пристрастия) болуы шарт. Траян кезіндегі қалыпты саяси жағдай тарихшыға өз шығармаларын шынайы жазуға мүмкіндік берді. Тацит сезімге берілмей жазды, алайда императорлар Тиберий мен Нерон заңсыздықтарын жазғанда өз принципін бұзуына тура келді. Тацит тиранияны сынады, император айналасындағы сенаторлар мен қызметкерлердің жағымпаздығын жек көрді. Тацит «тарихтың мақсаты – оқиғалардың кейде кездейсоқтық ықпал ететін сыртқы жүрісін көрсету ғана емес, олардың мəні мен себептерін ашу» деп көрсетті. Ол «себептер құдайлық емес, жаратылыстық негізде» деп тарихтың жүрісіне құдайдың араласуын мойындамайды.

Тацит елдің жалпы жағдайына алдын ала шолу жасайды. Болып жатқан оқиғалардың негізгі себептерін ол рухани, адамгершілік пен ақыл саласынан іздейді. Адамгершілік бастауларға маңыз бере отырып, Тацит басты назарға моральдық-дидактикалық мақсаттар қояды. Тит Ливий сияқты Тацит та тарихшы-моралист. Талдаған тақырыбына сəйкес ол оқырманды жақсы жəне жаман бейнелер мысалында тəрбиелейді. Сонымен қатар Тацит еңбектерінің драмалық элементтері мол, трагедиялық леп оның барлық еңбектерінде кездеседі. Тациттің ораторлық қызметі тарихты жазу стиліне ықпал етті, оның шығармаларының əдеби маңызы да жоғарылады.

Дегенмен антикалық заманда Тацит шығармалары Ливий еңбектерінің танымалдық деңгейіне жетпеді. Тек ХІV ғасырдан бастап, ол кең танымал болып, Тит Ливий даңқынан асып түсті. 70-122 жылдары өмір кешкен Гай Светоний Транквилл трибун отбасында тəрбиеленіп, адвокат, император Адрианның хатшысы қызметтерін атқарды. Жұмысынан айрылған ол əдеби қызметке бет бұрып, танымал тұлғалардың өмірбаянын жазды. Оның көптеген еңбектерінен «Атақты адамдар туралы» шығармасының фрагменттері жетті. Ең танымал еңбегі «Он екі цезарь өмірбаяны» – Юлий Цезарьден – Домициан Флавийге дейінгі императорлар өмірбаянын сипаттады. Цезарь атауы енді императорлық титул ретінде қабылданды. Светоний Римнің алғашқы он екі императорларының өмір жолын төмендегі схема бойынша баяндады: 1. Шежіресі; 2. Туылғанжері, уақыты; 3. Балалықшағы; 4. Билікке келуі; 5. Басқару кезіндегі басты оқиғалар мен құбылыстар; 6. Түр-тұлғасы; 7. Мінез-құлқы, ерекшеліктері; 8. Өлімі. Император билігінің құдайлық негізін мойындаған Светоний оның еркін мемлекет тағдырындағы басты ықпалды күш санады.

Транквил шығармаларында Тацит пен Ливийдің моральдық пафосы жоқ. Антикалық заманда танымалдығы жағынан Тациттан асқан Светоний шығармалары жаңа заманда Тацит пен Ливийден артта қалды. Соған қарамастан оның еңбектері өзінің ғылыми, əрі əдеби құндылығын жойған жоқ. Б.з. ІІ ғасырда Римнің қол астындағы Египетте, Александрия қаласында өмірге келген эллиндік грек Аппиан (туған жылы белгісіз, өлген жылы – 170) 24 кітаптан тұратын «Рим тарихын» территориялық принцип негізінде жазып, антикалық тарихнамаға өз үлесін қосты. Аппиан Траян император билікте болған 98-117 жылдар аралығында дүниеге келген болуы керек, рим азаматтығын алған ол Александрия қаласының қала басқармасында əртүрлі қызметтер, кейін рим провинцияларының бірінде прокураторлық жұмыс атқарды. Оның еңбектері романоцентристік жəне монархиялық көзқарастармен жазылып, Рим империясының ұлылығын дəріптеді.

«Рим тарихы» тақырыптық монографияларға бөлінді. Бірінші кітабында Ежелгі Римнің патшалық кезеңі тарихына арналса, қалған кітаптары соғыс немесе Рим жүргізген əскери науқандар, Рим қол астындағы мемлекеттер тарихын талдады. Оны кітап атаулары айқын көрсетеді: ІІ кітап – Италия, ІV кітап – Галл, V кітап – Сицилия, VІ кітап – Испания, ХІ кітап – Сирия, ХVІІІ-ХХІ кітаптар – Египет жəне т.б. Біздің заманымызға жеткендері: VІ-VІІ кітаптар (Испания, Ганнибал), ХІІ-ХVІІ кітаптар (Азамат соғысы). Ал ХVІІІ-ХХІV кітаптар (Египет, аравиялық) кітаптары жоғалған, қалғандары фрагменттер түрінде сақталған. Александриялық тарихшының «Азамат соғысы» туралы шығармасы оның көлемді еңбегінің бір бөлігі ғана. Осы 5 кітапта Гракх дəуірінен (б.з.д. ІІ ғ.) бастап, Октавиан, болашақ император Августың Марк Антониймен тақ үшін таласы (б.з.д. І ғ. 30-жж.) баяндалады. ІІ – ІІІ ғасырлардағы рим тарихшысы Дион Кассий Никея аймағының тумасы, рим сенаторы отбасында өмірге келген. Сенатор, провинция наместнигі сияқты қызметтер атқарған Дион кемел шағында отанына оралып, ежелгі дəуірлерден б.з. 235 жылына дейінгі «Рим тарихы» атты еңбегін грек тілінде жазды. Біздің заманымызға фрагменттері жеткен бұл еңбектің Византияда жасалған конспектілері де бар. Рим империясының І-ІІ ғасырлардағы тарихи дамуы туралы автордың пікірлері құндылығын жойған жоқ.

Антикалық заманның көрнекті тарихшыларының бірі – Аммиан Марцеллин (шамамен, 330-400 жж.). Сириялық Антиохияда туған грек Римдік əскерде қызмет етіп, парсы жорықтарына қатысты. Отставкаға шыққаннан кейін Тациттің еңбегін жалғастыру мақсатында «Істер» («Деяния») деген атаумен көлемді шығарма жазып, оның хронологиялық шеңбері 96-378 жылдарды қамтыды. А. Марцеллин саяси жəне əскери тарихқа басты назар аударды. Аммианның еңбегінің екінші бөлімі (354-378 жж.) сақталған. Римнің ұлылығын дəріптеген Марцеллин рим қоғамының ІV ғасырдағы құлдырау белгілерін таразылайды. Оны рим ақсүйектерімен байланыстырып, император жəне оның сарайындағыларды Римді күйзелтуге ықпал еткендер қатарына қосады. Өз заманының өкілі ретінде Марцеллин тарихи үдерістің барысына «тағдырдың» əсер етуіне сенеді. ІV ғасырдың 70 жылдары Рим империясына қоныстана бастаған варвар тайпалары: германдар жəне ғұндар туралы құнды деректер қалдырды. А. Марцеллин еңбегі Рим империясының ыдырауы мен күйреуінің алғышарттарын тереңірек түсінуге ықпал етеді.

Рим тарихы туралы маңызды мəліметтер географтар Помпоний Мела, Клавдий Птоломей, І ғасырдың энциклопедист-ғалымы Үлкен Плиний еңбектерінде кездеседі. ІІ ғасырда Кіші Плинийдің «Панегириктері» де (императорларға арналған мадақтау сөздер, одалар) антикалық тарихтан құнды деректер береді.

Авторлық сілтеме:
Жұмабаева Ж.К. Дүниежүзілік тарих тарихнамасы (ежелгі замандардан ХХ ғ. дейін). І бөлім. ЖОО тарих мамандығы студенттеріне арналған оқулық. / Алматы: 2014. – 408 б.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *