Чарльз Сандерс Пирс — философияға «прагматизм» деген атауды енгізген (гр. pragma іс, қимыл) және осы ағымның негізгі принципін анықтаған осы философ. Әдебиетте оны «Пирстің принципі» деп атайды. Бұл принциптің мазмұнын, қызметін Пирстің шәкірті, шын мәнінде прагматизмді философиялық бағытқа айналдырған У. Джемс былай түсіндіреді: «Біздің нанымдарымыз… әрекет жасаудың нақты ережелері болып табылады. Белгілі бір қағиданың мәнін анықтау үшін соның көмегімен жүзеге асатын әрекеттің тәсілін білуіміз керек: іс-қимылдың осы тәсілінен сол қағиданың маңызы көрінеді». Бізді бұл қағида неге итермелейді: белсенділікке ме әлде енжарлыққа ма? Тәуекелдікке ме әлде сақтыққа ма? Ол біздің рухымызды көтере ме әлде баса ма?

Өсе келе Пирс аты әйгілі ғалым, логик және философ бола тұрса да, оның АҚШ университеттеріндегі педагогикалық қызметі, бастамалары қолдау таппады. Оның дәрістік курстарына жазылушылар да аз болды; мұның себебін оның дәріс оқу машығынан да көруге болады: ол өз дәрістерінде тыңдаушыларға ойын түсінікті түрде баяндауға және дәрістердің дәйекті болуына көп мән беріп жатпады. Оның дәрістері жеке- жеке проблемаларды қарастыратын зерттеу ісіне ұқсап кететін. Және ол өз дәрістерін тек зерек, дарынды шәкірттерге арнады. Оның мұндай академиялық дәрістері әріптестеріне де, шәкірттеріне де ұнамады. Сондықтан ол отставкаға шығып, университетті тастауға мәжбүр болды.

Прагматизм философиясының дамуына Пирстің «сенім» ұғымын жан-жақты талдап зерттеуі және философиялық семиотиканың қалыптасуына септігін тигізген таңбалар жөніндегі ілімі болды (учение о знаках). Таңбалар, оның ойынша, біздің өмірімізде елеулі рөл атқарады. Кейде олар білімнің немесе танымның орнына жүреді.

Пирстің тағы бір ден қойып зерттеген мәселесі – адам өміріндегі «иланудың» («верования») рөлі. Мұндай иланушылық, Пирстің түсінігінде біздің қалауымыз бен іс-қимылымыздың жетекші бастауы болып табылады. Илануды ол күмәндануға қарсы қойып, Декарттың әмбебаптық күмән жөніндегі принципін сынайды. Бәріне күмәнданып, бәрінен бас тарту мүмкін емес. Адам ескі түсініктерден (предрассудки) бәрібір бұратала арыла алмайды.

Прагматизм философиясының көрнекті өкілі – америкалық оқымысты Уильям Джемс (1842-1910 ж.ж.). Медицинамен, анатомия және физиологиямен, психология және философиямен тиянақты айналысып, осы салалардың бәрінде де танымал болады: медицина докторы (26 жасында), физиологиядан да, философиядан да профессор атағын алады.

Ғылымның көптеген салаларында Джемс үлкен беделге ие болды, АҚШ-тағы, Еуропа университеттеріндегі оның дәрістерінде тыңдаушылар көп болды. Оның дәрістері – Пирстікіндей академиялық формада емес, еркін әңгіме, сұхбат, пікір алмасу түрінде өтетін болған және ешкімді немқұрайды қалдырмаған. 1907 жылы Джемстің басты еңбегі «Прагматизм» жарық көреді. Мұнда ол прагматизм ілімінің мақсатын, негізгі қағидаларын анықтайды.

Джемс философияның мәнін, мақсатын өзінше түсінеді. Кәсіби, дәстүрлі философияны ол көп сөз қылмайды, оған мән бергісі келмейді. Онда, оның ойынша, еш жерде, ешқашан да жүзеге аспайтын абстрактілі түсініктер, принциптер орын алады. Ондай философиядан адамға келіп кетер пайда жоқ. Әркімге ұнайтын, барлық адамдардың мүддесіне сай келетін философия болуы мүмкін емес. Саған ана философия ұнайды, маған мына философия жақынырақ. Демек, сен де, мен де өзіміз ұнатқан философиямызбен болайық. Неге мен міндетті түрде Гегельді, не Марксті тыңдауым керек. Джемстің пікірі мынаған саяды: әркімнің өзі қалаған, өзіне лайық философиясы болады, болуы керек. Философияның міндеті – қайдағы бір объективтік заңдарды ашу емес, әркімнің әр кезде, әр түрлі жағдайларға байланысты қоятын сұрақтарына жауап беру.

Прагматизм, Джемстің ойынша, нақтыға, үйреншікті нәрселерге, деректерге, іс-қимылға, билікке ден қояды. Бұл философия рационалдық тәсілдерден гөрі эмпириялық тәсілдерге арқа сүйейді. Онда абсолюттік қағидаларға (догмаларға) табынушылық, жасандылық, құрғақ пайымдаулар атымен жоқ. Танымның жоғарғы сатысы ретінде Джемс тәжірибені таниды. Сөйтіп, тәжірибе мен практиканың функциялары бірдей болып шығады. Ал шын мәнісінде практика ұғымы тәжірибе ұғымына қарағанда қомақты, кеңірек реалдықты қамтиды. Практика – қоғамдық (тек қана индивидуалдық емес) және тарихи (тек қана осы сәтте болып жатқан іс емес) қарекет.

Прагматизм, Джемстің ойынша, ақиқатты дәстүрлі түсініктен басқаша, жаңаша анықтайды. «Мен, – дейді Джемс, адамды инабатты және бақытты ете алатын кез келген ілімді жақтауға бармын». Егер де бұл ілім өзінің функциясын дұрыс атқарса, онда оны ақиқат деп тануға болады. Джемс адамға тәуелсіз, ешқашан да өзгермейтін ақиқатты мойындамайды. Ақиқат – кездейсоқ нәрсе: идеяны, ұғымды ақиқат ететін нәрсе әр түрлі оқиғалар. Әрине, идея, білім шындыққа сәйкес келуі керек, деп өз ойын нықтай түседі Джемс, бірақ сәйкестік шындықтың дәл көшірмесі емес. Джемс кейде «ақиқат» деген сөздің орнына «ақиқаттар» деген сөзді қолданады. Ақиқат – жалғыз емес, көп: әр адам өзі қалаған, өзіне қолайлы ақиқатты өзі жасап алады. Бұл пікір бізге ерсі көрінуі мүмкін, бірақ ақиқатты оның адамға тиімділігіне қарай бағаласақ, сөз жоқ, осындай тұжырымға келеміз. Өз ұстанымын америкалық философ индивидуализм және плюрализм деп бекер атамайды. Шындық – мылқау нәрсе; ол бізге ештеңе дей алмайды, біз ол үшін бірдеме дейміз: шындық, дүние – жалған, аумалы-төкпелі, бір күйде тұрмайды, шындық бізді қанағаттандырмайды, т.б. Шындық жөніндегі біздің пікіріміз біздің еркіміз бен талғамымызға байланысты, нақты жағдайлардан, тәжірибеден туындайды.

Джемс өз ілімімен және прагматизмге сүйеніп, ғылыми төңкерістер заманында іргесі шайқалған діни көзқарасты қолдамақ болады, діни сенімді нығайтуды көздейді. Бірақ оның әрекетінің пайдасынан зияны көбірек болып шықты. «Біз, – дейді Джемс, өмірде пайдасы тиетін кез келген болжамды жоққа шығара алмаймыз». Құдай жөніндегі болжам біздің қалауымызды қанағаттандыратын болса болды – біз оны ақиқат ретінде қабылдай аламыз. Әңгіме Құдайдың бар-жоғында емес, Құдай деген болжам, Құдайға сену адамға пайдалы болса болды – осының өзі жетіп жатыр. Мұндай утилитарлық, прагматикалық жолмен дінді қорғау амалын Рим Папасының айыптауы түсінікті.

Прагматизмнің келесі өкілі Джон Дьюиді (1859-1952 ж.ж.) Батыста Американың ХХ ғасырдағы атақты, ең көрнекті философы деп санайды. Америкадағы Мичиган, Чикаго, Нью-Йорк университеттерінде сабақ берген. Негізгі шығармалары: «Мектеп және қоғам» (1899 ж.), «Адам табиғаты және мінез-құлқы» (1922 ж.), «Тәжірибе және табиғат» (1925 ж.), «Логикалық теория саласындағы зерттеулер» (1903 ж.), «Біз қалай ойлаймыз?» (1910 ж.), «Логика: зерттеу теориясы» (1938 ж.) т.б. Байқап тұрғанымыздай, Дьюидің еңбектері негізінен педагогика, философия, логика, ағарту проблемаларын қамтиды.

70 жасында Дьюи «Абсолютизмнен эмпиризмге» деген өмірнамалық эсселер жазады. Мұнда ол өзінің философиялық көзқарасының өзгеруін, объективтік идеализмнен прагматизмге, сосын реализмге қарай ойысуын сөз етеді. Прагматизмді Дьюи кейде реализм деп атайды. Реализм әдетте материализмге жақын. Біздер, мысалы, Л. Толстойдың, Ф. Достоевскийдің, Абайдың, Ыбырайдың көзқарастарын материализм деп те, идеализм деп те сипаттай алмаймыз, реализм деп танимыз. Дьюи прагматизмді идеализмге де, материализмге де қарсы қояды. Материализм, оның ойынша, арнаулы ғылымдарға еліктеп, объективтік дүниеге көңіл бөліп, адамды назардан тыс қалдырады. Ал прагматизмнің басты нысанасы – адам: ол адамға қажет философия болуға тырысады.

Дьюи, өзінің айтуынша, философияға педагогика арқылы келген. Ол оқыту, білім беру, тәрбиелеу ісінде философияға сүйенбей тиімді нәтижеге жетуге болмайтынын жақсы түсінген. «Демократия және білім беру» (1916 ж.) деген еңбегінде Дьюи өзін педагогика саласындағы реформатор ретінде көрсетуге тырысады. Оқутәрбие ісінде алғашқы қатарда оқитын адамның, шәкірттің тұлғасы, мүддесі тұру керек. Шәкірт ұстаз үшін, ата-ана үшін, қоғам үшін оқымайды, өзі үшін, өзін-өзі тану үшін, байқау үшін, өзін-өзі сынау үшін оқиды. Оқуда шәкіртке зорлық, әкімшілік, моральдық қысым жасау, мұқату, кеміту дегендер болмауы керек. Оқуға шәкірттің өзінің ынтасы, ұмтылысы, жігері болғандай жағдай туғызу керек. Оқуда шәкірт күн сайын қандай да болса жаңалық ашқандай күй кешу керек. Дьюидің тағы бір ерекше мән берген мәселесі – оқуда алған білімді пайдалану, іске асыру. Бұл үшін оқу процесі мейлінше адамның нақты өміріне, қарым-қатынасына, қажеттеріне жақын болу керек.

Дьюидің айтуынша, оның ұстаз, ғалым, философ ретінде қалыптасуына ғылымнан, діннен, моральдан, кітаптардан гөрі адамдар және адамдардың өміріндегі, қарым-қатынасындағы әр түрлі жағдайлар шешуші ықпал етті. Дьюидің есімі ғылымда, философияда, педагогикада ол негізін қалаған прагматикалық инструментализм концепциясымен тығыз байланысты. Америкада бұл ілім принцип ретінде әлі күнге дейін қолданылып келеді. Философия да, ғылым да, философиялық қағидалар да, Дьюидің ойынша, – ең алдымен іске басшылық, адамның алдына қойған мақсатын жүзеге асырудың сенімді құралы болу керек.

Дьюи де Джемстің ізімен «тәжірибе» ұғымына баса көңіл бөледі және оны ұстазынан да гөрі тереңірек, кеңірек түсінеді. Джемс тәжірибені сана әлемімен шектеп қояды, сана ағымына теңейді. Тәжірибенің нақты нәтижесінен гөрі, оның адам санасында қалдыратын әсері ескеріледі. Дьюи тәжірибені таным жолы, формасы ретінде қарастырмайды, бірдеме істеудің, әрекет үстінде қиналып азап шегудің, азаптан құтылудың тәсілдері, амал-айласы ретінде қарастырады. Танымның өзі – әрекет жасаудың, қиналудың жемісі.

«Тәжірибе» ұғымының мазмұнын аша келіп, Дьюи оған әр түрлі құбылыстарды, процестерді жатқызады: сезімдік тәжірибе (қуаныш, реніш, сүйіспеншілік, қайғы-қасірет шегу…), сезімнен биік, сезімнен тыс тәжірибе, діни және моральдық тәжірибе (Құдайға сену және осы сенімге сүйеніп әрекет жасау, дүниемен, адамдармен қарым-қатынасын құру; ұялу, ар азабын тарту…), әдеби, әлеуметтік, мәдени тәжірибе. Қарап тұрсаңыз, Дьюиде тәжірибе адам баласының бүкіл өмірін қамтиды.

Тәжірибе адамды өмірге асқан жауапкершілікпен қарауға, өмір сүруге әзір болуға, өмірдің түрлі түйткілдеріне қарсы тұруға, қиыншылықтарды жеңе білуге үйретеді. Сөйтіп, тәжірибе де ісқимылдың инструменті, құралы болып шығады. Прагматизм, Джемстің, Дьюидің пікірінше, өмірдің күрделілігін, қауіп-қатерлі екендігін көрсете отырып, адамның санасына қорқыныш, үрей туғызуды алдына мақсат етіп қоймайды. Керісінше, өмірдің сырын түсінген адамға қол ұшын беруге тырысады. Дәстүрлі философия адамға дер кезінде көмекке келе алмайды. Дьюиден кейін прагматизм философиясының беделі төмендей бастады. Батыста да, Шығыста да, социалистік елдерде де ғылыми философия үстемдік құрды. Бірақ ойлау тәсілі, инструменталдықпрагматикалық көзқарас ретінде прагматизм әлі де өмір сүріп келеді. Бұрынғы Кеңес елдерінде ХХ ғасырдың аяқ кезінде прагматизмге ден қою байқалады. Көптеген саясаткерлерді жұртшылық іскер, көреген басшылар ретінде құрметтеп, прагматиктер деп атайды.

Авторлық сілтеме:
Рысқалиев Т.Х. Философия тарихы: Оқулық. / Т.Х. Рысқалиев, – Алматы: Экономика, 2015. 508 бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *