Сократтың сүйікті шәкірті, Сократтың ілімін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген Платон болды (б.д.д. 427-347 ж.ж.). Жас Платонды Сократтың үстінен болған әділетсіз сот қатты күйзелтті, толғантты. Содан кейін ол демократияны жек көріп, сынаумен болды. Афина халқы, оның ойынша, қарапайым айыпкерді соттаған жоқ, халықтың ар-намысына, ұятына айналған адамды соттады. Даналықты, дананы керек қылмайтын бұл қандай халық? Шындықты жек көретін, шындықтан қашатын халықтан не күтуге болады? Сократтан кейін бұларды неге үйретуге болады? Бұл халықпен қалай тұруға болады? Платон елінен, халқынан безіп, ел, жер кезіп кетеді. Көптеген елдерде болады. Жүрген жерінде Сократтың ілімін таратып, өз ілімін ойластырумен болады. Еш жерде жанына тыныштық таба алмайды. Он үш жылдан кейін есейіп, еліне оралады. Афинада өз мектебін – Академияны құрады. Философияны Сократша түсініп, Сократша жүзеге асырудан бас тартады. Философия, Платонның ойынша, кез келген адамның кәсібі емес. Философия кез келген адамға жүгініп, күнделікті, үйреншікті, ұсақ-түйек нәрселермен айналыса алмайды. Адам философияның деңгейіне дейін өсіп-жетіліп, философияны өзі қалап, оған өзі жүгінуі тиіс. Платон Сократты өмір бойы ұстаз тұтты. Бірақ оның жолымен жүрмей, өз жолын іздеп тапты.

Платонның шығармалары бізге түгелдей жетті деуге болады. Олар сұхбат түрінде жазылған: ұстаз бен шәкірттердің, әр түрлі көзқарастағы адамдардың пікір алмасуы сияқты. Сұхбаттарының, шығармаларының басты кейіпкері – Сократ. Қарапайым адамға әр түрлі пікірлердің қайсысы – автордікі, қайсысы – Сократтікі екенін айыру қиынға түседі. Платонның негізгі еңбектерін атайық: «Сократты ақтау» («Апология Сократа»), «Протагор», «Горгий», «Федон», «Софист», «Парменид», «Теэтет», «Мемлекет», «Заңдар», «Саясаткер» («Политик») т.б.

Философия Платонның ойынша, нақты, әр алуан заттармен шектеліп қалмайды. Бар нәрселерге философия олардың үлгісі болып табылатын идея тұрғысынан қарайды. Сондықтан философия жай әңгіме емес, теориялық ойлау, заттың түпкі мәніне бойлау. Сонда нені аңғаруға болады? Заттың идеясын, не үшін жасалғанын, қандай қызмет атқаратынын, қандай болуы керектігін.

Зат қалай болса солай, кездейсоқ пайда болған жоқ. Кез келген зат – белгілі бір идеяның жүзеге асқан түрі. Идея заттан тумайды, керісінше, зат идеядан туады. Материалистік философия (Аристотельден бастап кешегі Ленинге дейін) идеяны затпен салыстырады, затқа сәйкестігін сөз етеді. Идея затты сол күйінде, объективті түрде бейнелесе болғаны – идеяның функциясы осымен бітеді. Бұл, – шынында да, тайыз түсінік.

Платонның пікірі басқа: қай нәрсені де оның ұғымымен, идеясымен салыстыру керек. Зат өзінің идеясына лайық па? Мына үй адамдар тұруға қолайлы ма? Мына үстел адамға жұмыс істеуге ыңғайлы ма? Адам адам деген атына лайық па? Сократты өлім жазасына кескен сот шындықты, әділетілікті көздейтін демократияның талабына сай келе ме? Өз сөзімізбен айтсақ: ақындардың бәрі бірдей Дантедей, Гетедей, Пушкиндей, біздің Абай сияқты беделді ме?

Идея – шексіз, идея – өміршең. Ешбір зат өзінің идеясына шақ келе бермейді. Сондықтан да заттар өне бойы өзгереді, жетіледі, бірін-бірі ауыстырады. Ғылым және ғылыми бағытты ұстанатын философия бар нәрселермен шектеліп қалады, өмір сүріп жатқан нәрселерді қарастырады (сущее). Бар нәрселермен ғылым айналысса түсінікті: оның қызметі сондай. Бірақ философия мұнымен шектеліп қала алмайды. Өйткені ол жай ғылым емес. Философияны қызықтыратын нәрсе – болашақ, болуға тиісті нәрсе (должное). Бұл – идея, дейді Платон.

Протагордың пікірінше, адам – барлық заттың өлшемі болса, Платонның пікірінше, барлық заттың өлшемі – идея. Платон екі түрлі дүние жөнінде сөз қылады. Біреуі – өне бойы өзгеріп жатқан бүгін бар, ертең жоқ заттар дүниесі. Көпшілік осы дүниеде, осы заттармен өмір сүреді. Осы дүниені шындық деп біледі. Бірақ бұл дүние – өткінші, жалған. Екіншісі – ешқашан да өзгермейтін, жетілген, мәңгілік идеялар дүниесі. Бұл – шынайы дүние.

Философия қай дүниеге баса көңіл бөледі? Уақытша, өткінші, жалған дүниеге ме? Жоқ, – дейді Платон, философия – идеалдық, рухани дүниенің көзқарасы. Заттар түбі жоқ болады. Бірақ оларды бейнелейтін ұғымдар: «үй», «ағаш», «адам», олардың идеясы адамзатпен бірге жасай береді. Осы идеяға сай жаңа заттар пайда болады немесе бұрын болған заттар өзгеріп, жаңа күйде пайда болады. Үлгіге, идеяға сай тағы да үй тұрғызуға болады, үлгіге сай адамды тәрбиелеуге болады. Бұл қандай көзқарас? Қандай философиялық бағыт? Сөз жоқ бұл – идеализм. Бірақ, бұл, бір кезде пролетариат көсемі Ленин айтқандай, ақылды идеализм. Қазақ даналары да бұл дүниеде не мәңгілік, не өткінші, өлмейтін не? деп ойланған. Және бұл сұраққа Жақсының аты өлмейді, Ғалымның хаты өлмейді, – деп Платонша жауап берген. Платон философиядағы жаңа бағыттың, материализмге балама, қарсы бағыттың – идеализмнің негізін қалады.

Платон Демокриттің атомдардан тұратын материалдық дүние жөніндегі материалистік іліміне ашықтан-ашық қарсы шығады. Оны жалған ілім ретінде сипаттайды. Өйткені Демокрит атомды сезім мүшелері арқылы қабылданбайтын, көзге көрінбейтін, одан әрі бөлінбейтін ең ұсақ бөлшек деп есептейді. Әрине, ол бұл ойын дәлелдей алмады. Адамзат ХХ ғасырға дейін атомдарды материалдық дүниенің іргетасы деп келді.

Платонның пікірінше, көзге көрінбейтін, сезім мүшелері арқылы қабылдауға болмайтын нәрсе – тек идея. Платонның түсігінде идея – алғашқы, өз алдына мәңгі бақи өмір сүреді. Ал әр алуан заттар – идеяның жемісі, көшірмесі, көлеңкесі. Заттарды таныған адам олардың үлгісі болып табылатын идеяны да таниды. Сол арқылы өздеріне қажет заттарды жасайды. Заттардың өздігінен пайда болмайтынын, оларды жасайтын адам екенін Платон түсінеді. Идея өздігінен затқа айналмайды. Бірақ, дейді Платон, адам заттарды қалай болса солай жасай алмайды. Тек белгілі бір жоспарға, үлгіге, идеяға сүйеніп жасайды. Олай болса, зат алғашқы ма әлде затты жасауға себеп болған идея алғашқы ма? Платонның жауабын білеміз: ол идеяны алғашқы деп таниды. Бұл – идеализм және идеализмнің күрделі түрі – объективтік идеализм. Өйткені Платон ілімінде идея адамға дейін, адамның ақылойынан тыс, өз алдына, объективті түрде өмір сүреді.

Платон идеяның белсенділігін, жасампаз қабілетін атап көрсетеді. Идея сол күйінде қалып қоймай, адамдардың санасына сіңіп, олардың іс-әрекетіне басшылық етеді. Әр түрлі заттардың жасалуына себеп болады. Гераклит бір кезде космос идеясын ұсынды. Қазір космосты игеру шындыққа айналды. Демокрит атом идеясын ұсынды, адамзат атом энергиясын меңгерді, атомнан да ұсақ бөлшектерді ашты. Маркс социализм идеясын жан-жақты негіздеді. Кеңес Одағында социализм жетпіс жылдан астам өмір сүрді.

Маркстің айтқаны келді: «Бұқараның санасына сіңген идея материалдық күшке айналады» екен. Дүниеде тек қана материалдық заттар өмір сүрмейді, идеялар да өмір сүреді. Заттар уақытша, кездейсоқ өмір сүрсе, идеялар оларға қарағанда ұзақ өмір сүреді. «Су қатады және қайнайды, – дейді Платон, – ал судың идеясы қатпайды да, қайнамайды да». Өйткені, онда заттық ештеңе де жоқ.

Материалистер Платонның идеяның мәңгі бақи өмір сүретіндігі жөніндегі пікірін жоққа шығармақ болады. Дүниеде мәңгілік ештеңе де жоқ. Бәрі де жаралады, өмір сүреді, жоғалады. Жоғалмайтын нәрсе идея емес, материя, табиғат. Идея – тарихи құбылыс. Бір кезде пайда болады, кейін жоқ болады: не затқа айналады, не жарамсыз болып теріске шығарылады.

Бірақ Платонның мәңгі бақи өмір сүретін идеялар жөніндегі ойын дәлме-дәл күйінде түсінбеу керек. Идея оған сай пайда болған, оған сәйкес келетін затқа қарағанда мәңгі бақи өмір сүреді: зат жоғалады, ал идея жоғалмайды. Бір кезде біз, кеңес адамдары марксизм жөнінде «мәңгі тірі, революциялық ілім» деп жүрдік. Социализм барда марксизм тірі еді. Социализмнің күйреуімен бірге марксизм де күшін жоя бастады. Бұдан Маркстің идеясы, ілімі құрып кетті деген сөз шықпайды. Маркстің идеясы Маркстің шығармаларында, әсіресе, «Капиталда» өмір сүруде. Тек қазір оған сұраныс азайды.

Мысалы, жігіт қызбен танысып, оған сөз айтады. Сонда ол не дейді? «Мен сені уақытша сүйемін» дей ме? Жоқ. «Мен сені мәңгі бақи, яғни ғұмыр бойы сүйемін» – деп ағынан жарылады. Платонның мәңгілік идея туралы пікірін осылай түсінген дұрыс. Енді Платонның идеалдық мемлекет туралы ілімін қысқаша баяндап көрейік.

Елінен безіп, әр түрлі полистердің өмірімен, заңдарымен танысқан Платон мынадай тұжырым жасайды: барлық мемлекеттер де нашар басқарылады. Бұған не себеп? Оларға не жетіспейді? Платонның ойынша, оларға даналық жетіспейді. Сондықтан мемлекет басында даналар, философтар болуы керек. Немесе билік басындағылар философияны жетік меңгеруі керек. Платон ежелгі грек философтарының ішінде алғашқы болып мемлекет туралы жүйелі ілім құрды. Философтың екі ірі шығармасы: «Мемлекет» және «Заңдар» – қоғамдық-саяси мәселелерді тиянақты қарастырады. Ел басқару өнері жөнінде «Саясаткер» деген еңбегінде де сөз болады.

Әрине, Платонның идеалистік ұстанымы оның мемлекет туралы көзқарасынан да байқалады. Платонның идеалдық мемлекеті үш сословиеден тұрады. Біріншісі – қоғамдағы барлық билікті қолына алған білікті әміршілер. Олар философтар болса, онда бұл мемлекет тамаша табыстарға жетер еді. Ондай дана әміршілер болғанын айта кету керек: Солон, Перикл, Македонский. Екіншісі – елді сыртқы жаудан қорғайтын жауынгерлер. Үшіншісі – қоғамға қажетті материалдық игілікті өндіретін жұмыскерлер: қолөнершілер, егіншілер, малшылар, саудагерлер. Құлдарды Платон халықтың қатарына қоспайды. Олардың еркі жоқ, кез келген ерікті адамға қызмет етеді. Мемлекеттің негізгі қызметі: елді жаудан қорғау; халықты қажетті материалдық игіліктермен қамтамасыз ету; рухани мәдениетті дамыту.

Платонның мемлекеті – теория жүзіндегі утопиялық мемлекет. Коммунистік қоғамның жобасына ұқсайды. Біз неміс философиясын, әсіресе, Гегель ілімін классикалық дүние деп үлгі тұтамыз. Ал сол Гегель тұтастай Платоннан шыққан. Тек қана Гегель емес, бүкіл еуропалық философия, соның ішінде оның идеалистік бағыты Платоннан бастау алады. ХХ ғасырда өмір сүрген ағылшын ғалымы, танымал философы А. Уайтхедтің пікіріне жүгінейік: «Европалық философияның ең дәл сипаттамасы – оның Платон іліміне ескертпелер (қосымшалар) болып табылатыны». Бұған қосып айтар ештеңе жоқ.

Авторлық сілтеме:
Рысқалиев Т.Х. Философия тарихы: Оқулық. / Т.Х. Рысқалиев, — Алматы: Экономика, 2015. 508 бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *