Перикардит — перикардтың инфекциялық немесе инфекциялық емес этиологиялы зақымдалуы. Балаларда перикардит негізгі кеселдің білінуі немесе асқынулары болып есептеледі. Балаларда перикардит сирек кездеседі.

Этиологиясы. Инфекциялық факторлар (көп балаларда байқалады). Вирустар – Коксаки В (көбіне), А және В грипптің, паротиттің, Эпстайн-Барр (инфекциялық мононуклеоз), жел шешек, гепатиттер, қызылша, цитомегалия, ЕСНО- вирустары, аденовирустар және т.б. Бактериялар – стафилококктар, пневмококктар, H. Influеnzae, менигкокктар, стрептококктар, туберкулез микробактериялары, анаэробтар және басқалар. Саңырауқұлақтар – гистоплазмоз, коксидиодомикоз, аспергиллез, кандидоз, бластомикоз, критпококкоз.

Басқа инфекциялар – риккетсиоздер, микоплазмалық инфекция, спирохетоз, хламидиоз, токсоплазмоз, қарапайымдылар (амебиоз, эхинококкоз) және басқалар. Инфекциялық емес факторлар: дәнекер тіндердің иммунопатологиялық аурулары, уремиялық жағдайлар, сәулелік радиациялардың әсерлері, залалды ісіктер және басқалар.

Патогенезі. Иммунпатологиялық реакциялар (вирусты инфекциялар, туберкулез, ревматизм және басқалар). Метастатикалық процесс (перикардиттің іріңді зақымдалулары). Токсикалық әсерлер (уремия және басқалар).

Жіктелісі. Перикардиттер шартты түрде бөлінеді: — құрғақ (фибринозды) – перикад саңалауында минимальды мөлшерлі сұйықтықпен және фибринозды тұнбалармен анықталады; — экссудативті (серозды, геморрагиялық, іріңді) – перикард қуысында сұйықтық басымдылығымен; — адгезивті – перикард қабаттары жабысып қалғанда (басынан кешірген перикардиттің ақыры).

Клиникалық көріністері. Шағымдары: кеуденің ауырсынуы, қызба, көңіл-күйінің нашарлауы, әлсіздік, ашуланшақтық, ентігу, жөтел, шарасыз жартылай отыру қалпы, даусының қырылдауы, ықылық ату, ішінің ауруы, құсу, тамақ ішуден бас тарту, бетінде, мойнында ісіктің байқалуы, бозғылттық, кейде цианоз.

Экссудаттың жиналуы және фибриннің шөгу белгілері. Ауырсыну синдромы: 1. Тұрақты ауырсыну; 2. Кішкене балаларда ішінің ауруы, кебуі, пальпация жасағанда ішінің ауруының артуы (әсіресе эпигастрияда); 3. Ересек балалар ауырсынудың кеудесінде байқалатынын көрсетеді және оның сол иығына және мойнына берілетінін атап көрсетеді; 4. Ауырсыну қалпын өзгерткенде және терең тыныс алғанда арыта түседі.

Перикардтің үйкелу шуы отырған балада жүрек негізінде төстің сол жақ қырында естіледі. Шу стетоскопен басыңқырағанда немесе отырған баланы ілгері қарай еңкейткенде жақсырақ естіледі. Шудың қарқыны нәзік экстратондардан дөрекі систолодиастоликалыққа дейін болады (жаңа жауған «қардың сықыры»), сұйықтықтың сипаты мен мөлшеріне байланысты емес.

Жүрек мөлшерлерінің ұлғаюы – ең бірінші жүректің абсолютті тұйықтығында байқалады, ал сұйықтық мөлшері айтарлықтай болса, шартты жүрек тұйықтығының мөлшеріде арытады. Жүрек ұшы соғуы әлсірейді, жүрек тондары күрт тұйықталады. Максимальды артериальдық қысым төмендейді, минимальды қысым – қалыпты немесе жоғары болып келеді. Кейде парадоксальды пульс (пульстің соғуы тынысты ішке тартқан кезде анықталмайды) анықталады.

Жүрек қуыстарының басылу белгілері (гиподиастадия). Жоғары қуыс вена жүйесінде веналық қысымның артуы емшек жасындағы балаларда бас сүйегі ішіндегі қысымның көтерілуіне және неврологиялық белгілер кешенінің (құсу, желке бұлшықеттерінің сіресуі, еңбегінің томпаюы және басқалар) пайда болуына әкеледі. Мойын веналар, кубитальды веналар және қол басының веналараның ісінуі (томпаюы) байқалады. Әдетте, тырнақтың және құлақ сырғалығының цианозы білінеді. Гепато- және спленомегалия цианоздың пайда болуымен қатар жүреді, әдетте жүрек жетіспеушілігінің көрінісі куәсі болып келеді. Бауырдың ұлғаюы басым келеді. Бауыр қырының ауырсынғаны байқалады. Ісіктер әуелі бетінде, содан кейін мойнында байқалады.

Диагностикасы. ЭКГ-де тән өзгерістер жоқ. Тісшілер вольтажының төмен екенін, Т-тісшесінің төмендеуі, анықтайды, ST сегментінің изосызықтан төмен ығысуы байқалады. ЭхоКГ перикард қуысында сұйықтық болғанда және айқын гиподиастолия байқағанда маңызды диагностикалық әдіс болып келеді. Құрғақ перикардитте перикард қуысында фибриноздық шөгіндіні анықтау қиынға түседі.

Рентгенографияда өкпе тамырлық суреті өзгермей, кардиомегалия анықталады. Жүректің пульсациясы (рентгеноскопияда) төмендейді. Қосымша зерттеулер (көрсеткіштері болса) қабыну процессінің активтілігін анықтау, себулер және серологиялық тексерулер, туберкулиндік сынамалар, иммунологиялық зерттеулерді және басқаларды қамтиды.

Ажырату диагнозы. Адгезивті перикардит туберкулездік, ревматикалық, септикалық процесстерден кейін пайда болуы мүмкін. Клиникалық көрінісінде гиподиастолия типтес гемодинамикалық бұзылыстар басым келеді. Кейде тері жүрек ұшы соғуы анықталады. Жүрек шекаралары шамалы өзгереді. Тахикардия, өкпе артериясында ІІ тонның акценті, протодиастолалық қосымша тон (перикардиальды тон) тән болып келеді. Рентгеноскопияда жүректің пульстік тербелісі азаяды, ал жүректің мөлшерлерінің ұлғаю байқалмайды.

Емі мен алдын-алу. Негізгі ауруды емдеу (антимикробты, антигистаминді ем, химиотерапия, диализ және т.б.). Перикард қуысының пункциясы және дренаж (іріңде перикардитте) жасалады. Ота жасау емі (адгезивті перикардитте). Перикардиттің арнай алдын-алу шаралары жоқ. Диспансерлік бақылау. Негізгі ауруларға байланысты жүргізіледі. Ақыры іріңді және адгезивті перикардиттерде қатерлі болады.

Пайдаланылған әдебиеттер:
Түсіпқалиев Б. Балалар аурулары. Оқулық. Ақтөбе 2011ж 927 бет.