Соңғы кездерге дейін «орыс философиясы» деген ұғым шартты түрде ғана қолданылып келді. Орыс халқы дүние жүзіндегі әлемге танымал ірі халықтардың бірі. Әрине, орыс философиясы жөнінде әңгіме орынды. Батыс зерттеушілерінің пікірінше, орыстарда классикалық әдебиет, өнер, ғылым бар, дін бар, бірақ өзіндік сипаты, ойы, мазмұны бар философия болған жоқ: Пушкин – ақын, Чаадаев – публицист, Чернышевский, Герцен, Достоевский, Толстой – жазушылар, Ленин – саясаткер, т.б. Орыс ойшылдары батыс классиктерінің – Канттың, Шеллингтің, Гегельдің, Фейербахтың, Маркстің шәкірттері ғана, орыс философиясы Батыс философиясына еліктеуден әрі аса алмаған сияқты. Чаадаев та, Киреевский де, Герцен де неміс классиктерінің дәрістерін тыңдаған. Белинский, Чернышевский, Ленин, Гегельді, Фейербахты, Марксті ұстаз тұтқан. Ленин Чернышевскийді «ұлы орыс гегелшілі және материалисі» деп дәріптейді. Өзі де Маркс пен Энгельске шаң жуытпай, табынады. Осындай желеулерді арқау етіп, кейбір зерттеушілер орыс философиясына философия тарихынан орын таба алмай қиналады.

Философия тарихынан елеулі еңбектер жазған батыс философтары (В. Виндельбанд, Б. Рассел) бірде-бір орыс философының есімін де, ілімін де атамайды. Жақында жарық көрген ағылшын философтары Гуннар Скирбекк пен Нильс Гильенің көлемді «Философия тарихында» орыс философиясы жөнінде ештеңе айтылмайды.

Орыс философиясының өкілдері

Бірде-бір орыс ойшылында, деп есептеледі қалыптасқан пікір бойынша, философиялық жүйе болған жоқ. Орыс философтары гносеология, логика, онтология сияқты дәстүрлі философия салаларында еңбектер жазып қалдырған жоқ. Орыс философиясында философиялық категориялар қарастырылмайды.

Тағы да қайталауға тура келеді: философияны тек қана ғылым, теориялық не методологиялық жүйе ретінде тануға болмайды. Батыс философиясына ұқсамайтын да философия болады. Орыс философиясы бар, болған. Орыс философиясынан біз даналықтың, түсініктің, терең ойдың үлгілерін таба аламыз.

Орыс философиясында материалистік бағыт та (М.В. Ломоносов, А.И. Герцен, Н.Г. Чернышевский, В.И. Ленин), идеалистік бағыт та (П.Я. Чаадаев, Достоевский, В.Л. Соловьев, Л.Толстой, Н. Бердяев) болды. Бірақ орыс философиясында шындыққа, өмірге жақын реализм басымырақ.

Орыстың философиялық ойлары, негізінде классикалық көркем әдебиет туындыларында жарық көрген. Кез келген ірі, танымал орыс жазушысын, ақынын, драматургін ойшыл-философ деп тануға болады. Терең философиялық пайымдаулар Пушкин мен Лермонтовта, Гоголь мен Салтыков-Щедринде, Тургенев пен Гончаровта, Тютчев пен Фетте, Гоголь мен Чеховта, Достоевский мен Л. Толстойда молынан кездеседі. Біз, әрине, бұлардың бәріне тоқталып жата алмадық, бірақ олардың философияға қатысы бары сөзсіз.

Пушкинді оқи отырып, оның аңғарғыштығына, түсінігіне таң қаласың. Ломоносов туралы ол: «Бір өзі бір университет еді», – дейді. Конфуцийді тұтас халықтың рухын білдірген деп бағалайды. Сезімдік таным кейде адамды адастырады деген Зенонның пікіріне орай Пушкин «Движение» деген керемет өлеңін жазады. Вольтер туралы: ол тарих философиясының негізін қалады – дейді. Чаадаев туралы: ол Ресейді ұйқыдан оятпақ болды – дейді. Осының бәрі аталған ойшылдардың философиялық көзқарасын дәлме-дәл сипаттап тұр.

Пушкиннің тағылымдық мәні бар бір сөзі: «Өткен шаққа құрметпен қарау – естіліктің тағылықтан айырмашылығы – осы». Жап-жас Лермонтовтың поэзиясы да, прозасы да философиялық ойлармен өрнектелген. «Біздің заманның кейіпкері» («Герой нашего времени») деген романында әр заманның үлгі тұтар кейіпкері болады дейді. Мен студенттеріме: «Біздің заманымыздың лайықты кейіпкерлері осы дәрісханада отыр. Кейін еститін боласыздар. Соған ұмтылыңдар», – деймін. Грибоедовтың «Ақыл азабы» Будданың, Сократтың, Платонның, Кьеркегордың, Ницшенің, Толстойдың, Абайдың, Шәкәрімнің басына түскен тауқыметі емес пе? Гогольдің «Ревизоры» мен «Өлі жандары» сол кезді де, бүгінгі жағдайды да дәл суреттеп берген. Жағымпаздар аз ба арамызда? Өлі жандар, рухы ұйықтап жатқандар бүгін де жетеді.

Философия – сықақшыл, сыншыл көзқарас дедік. Сократқа неге у беріп өлтірді? Сықағы, ирониясы үшін. Сықақты, сынды түсінетіндер, көтеретіндер қай кезде де көп болмаған. Абайдың сынын замандастары түгіл, қазіргі қазақтар да көтере алмайды. Сондай философиялық сатира Салтыков-Щедринде, Крыловта бар. Абай неге Крыловты жақсы көрді, мысалдарын аударды? Оның мысалдарындағы терең ойлар үшін.

Тургенев өзінің «Әкелер мен балалар» («Отцы и дети») деген романында Ницшеден бұрын нигилизм тақырыбын талдайды. Гончаров «Обломов» деген романында Шопенгауэрден бөлек адам өміріндегі ерік-жігердің рөлін ашып көрсетеді. Обломов – өте талантты адам, бірақ жігерсіздігінің, жауқаулығының салдарынан бойындағы әр алуан қабілетті іске асыра алмайды.

Достоевский барлық шығармаларында адам жұмбағын шешумен шұғылданды. Орыс философиясында алғашқы болып экзистенциалдық тақырыптарды қозғады. Л. Толстой өмірінің соңғы кезінде ұрпақтарға аманат етіп, «Круг чтения» деген екі томдық философиялық, педагогикалық, этикалық тақырыптарды талдаған тамаша тағылымдық шығарма жазды.

Чеховтың «Хамелеон», «Құндақтаулы адам» («Человек в футляре»), «Шие бағы» («Вишневый сад») деген шығармалары адам тақырыбын әр қырынан ашып көрсетеді. Мен кейде ойлаймын: ғылым да, философия да классикалық әдебиетке, өнерге, дінге сүйенбей адам жұмбағын шеше алмайды-ау – деп. Хамелеондар қазір жоқ па? Михайловский, Ленин, Бердяев сияқты орыс философтары Л. Толстойды ойшыл-философ ретінде кемітпек болғанда Чехов оларға қарсы болып: «Толстой қандай ұлы жазушы болса, ол – сондай ұлы философ» деп ашық айтады. Ойшыл болмаса, Толстой «Соғыс және бейбітшілік», «Анна Каренина», «Круг чтения» сияқты классикалық дүниелерді жарыққа шығарар ма еді?!

Орыс философиясы көсемсөз (публицистика) түрінде де әйгілі болды. Радищев пен Чаадаевтың, Белинский мен Добролюбовтың, Герцен мен Чернышевскийдің, Достоевский мен В. Соловьевтың, Плеханов пен Лениннің публицистикалық туындыларында Отан, ел, халық, орыс халқының трагедиялық тағдыры туралы толғаныстар, Ресейдің өткені, бүгіні мен ертеңі туралы, тарихтағы орны, орыс халқының ділі, салт-дәстүрі, Ресейдің Батысқа немесе Шығысқа қатынасы туралы, орыс идеясы немесе ұлттық идея туралы таластартыс, пікір алмасулар жиі ұшырасады.

Орыс философиясы көркем әдебиетпен ғана емес, дінмен де астасып жатыр. Чаадаевтың, Хомяковтың, Достоевскийдің, Л. Толстойдың, В.С. Соловьевтің, Бердяевтың ілімдері діни-философиялық тұрғыда баяндалған. «Құдай болмаса, – дейді Достоевский, – онда барлық зұлымдыққа жол ашылады». Кеңес дәуірінде, Сталин заманында тап солай болды.

Сонымен бірге орыс философтарының ішінде дінге қарсы шыққандары да болды: Белинский, Герцен, Чернышевский, Плеханов, Ленин.

Орыс философиясында адам, адам тағдыры мәселесі айрықша орын алады. Орыс ойшылдары, зиялылары адамға қарсы бағытталған, зорлыққа негізделген әлеуметтік реформалардың қай түрін де қабыл алмайды. Радищевтен бергі орыс ойшылдарының бәрі де крепостниктік құқыққа ашықтан-ашық қарсы болды. Чаадаев, Достоевский, Соловьев, Толстой адам баласына қарсы бағытталған зорлық деп халық бұқарасының революциялық қозғалысын құптамады. Чаадаев ХIХ ғасырдағы декабристердің көтерілісін «ел ішінде ірткі салу» деп есептеді. Достоевский революцияны «шайтандық» деп, ал революционерлерді шайтандар деп атады.

Орыс философиясы: Чаадаевта, Достоевскийде, Толстойда, Бердяевте – ескерту, сақтандыру философиясына айналды. Чаадаевтың пікірінше, Ресей дүние жүзі халықтарына, басқа елдерге өзінің трагедиялық тағдыры арқылы сабақ беру үшін өмір сүріп жатқан сияқты. Шынында да, татар-моңғол шапқыншылығы кезінде де, 1812 және 1941-1945 жылдардағы Отан соғыстары кезінде де, қазан төңкерісі, социалистік құрылыс кезінде де, фашизмді жеңу, қайта құру, Кеңес Одағының күйреуі – осының бәрі түсіне білген адамға өмір сабағы болды. Орыс ақыны Тютчев айтқандай, «Ресейді ақыл-оймен түсіну мүмкін емес, оған тек сенуге болады».

Орыстарда терең мағыналы тарих философиясы бар: Пушкинде, Чаадаевта, Достоевскийде, Л. Толстойда, Н. Бердяевте, Ленинде, т.б. Орыс ойшылдары шын мәніндегі зиялылар, интеллигенттер болды. Олардың көбірек қам жегені жеке басының қамы емес, Отанның, халықтың тағдыры, болашағы. Добролюбов өзінің және замандастарының алдына «Отанның барлық ауыртпалықтарын мойнымен көтеру» міндетін қойды. Орыс ойшылдары халық алдында адал болуға тырысып, шындықты, әділеттілікті, бауырмалдықты уағыздады. Орыс зиялыларының ішінен халықшылдар дегендер шықты, олар халыққа барып, есеп беріп, хал-жағдайын біліп, олардың мұқтажын өз шығармаларында бейнелеуге тырысты. Орыс философиясын халықтық философия деп атауға болады. Орыс философиясын тұтас алғанда экзистенциалдық философия деп сипаттауға болады. Оның басты нысанасы – адам өмірінің мәні, өмірдің қайшылықтары, талас-тартысы, өмір диалектикасы. Экзистенциалдық философия, біздің ойымызша, Достоевскийден бастау алады. Орыс философиясында адам, қоғам, тарих, дін, өмір, өлім жөнінде терең философиялық түсінік бар (Чаадаевта, Пушкинде, Гогольде, Достоевскийде, Толстойда, Соловьевте, Бердяевте, т.б.) Орыс философтары Ежелгі грек, орта ғасыр, неміс философиясын жете білді, терең түсінді. Өткенде айтылған М.М. Бахтиннің соны пікірін қайталауға тура келеді: орыстарда неміс классиктеріндей философтар жоқ, бірақ терең ойшылдар болды.

Авторлық сілтеме:
Рысқалиев Т.Х. Философия тарихы: Оқулық. / Т.Х. Рысқалиев, – Алматы: Экономика, 2015. 508 бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *