Орта ғасыр философиясы жөнінде сөз болғанда батыстық христиандық орта ғасыр философиясы мен шығыстық мұсылмандық орта ғасыр философиясы арасында ұқсастық та, сонымен бірге елеулі айырмашылық та барын айта кету керек. Әуелі батыстық орта ғасыр философиясын сипаттап көрейік.

Бұл философия шамамен мың жылдан астам уақытты қамтиды: ІV ғасырдан ХIV ғасырдың аяқ кезіне дейін. Ортағасырлық Еуропада бір дін – христиандық (оның католиктік тармағы), бір шіркеу (рим епископы – папа басқарған), бір тіл (латын) үстемдік құрды. Латын тілінде діни қатынастармен бірге оқу-білім, тәрбие, әдебиет қызметі жүзеге асты.

«Орта ғасыр» дегенде біз антика дәуірі мен қайта өрлеу дәуірінің арасындағы ұзақ кезеңді еске түсіреміз. Әдебиетте, қоғамдық санада орта ғасырды – қараңғылық, надандық, тоқырау заманы деп менсінбеу орын алады. Мәдениет, ғылым, философия тұралап қалған, адамзат тарихындағы үзіліс кезеңі…

Гегель өзінің «Философия тарихына» арналған дәрістерінде орта ғасыр философиясына атүсті қарайды; бұл мыңжылдықты, дейді ол, «жүрдек етікті киіп алып бір аттап өтеміз». Платонға ол 100 бет арнайды, ал батыс орта ғасыр философиясының негізін қалаған, терең ойшыл Августинге тоқталып жатпайды, ол жөнінде төрт жерде айтып өтеді.

Орта ғасырды Гегель «мыңжылдық түн» деп атайды. Орта ғасыр философиясын, сол заманды дағдарыс кезеңі деп тануға қандай негіз бар? Орта ғасырда басқа кезеңдерге қарағанда, шынында да, әр салада – мәдениетте, ғылым мен техникада, адам мен қоғам өмірінде жаңалықтар, өзгерістер көп болмаған екен. Бәрі де алдын ала анықталып, белгіленіп қойғандай. Ақиқатты іздеп, әуре болудың қажеті жоқ – ақиқат әзір күйінде Киелі кітаптарда («Інжілде», «Тауратта») жазылған. Адам жөнінде де қам жеудің қажеті жоқ – Құдай алдын ала кімнің бақытты, кімнің бақытсыз, кімнің бай, кімнің жарлы болатынын адамның іс-әрекетіне сай анықтап қойған. Қоғамдық құрылым да бір күйде қалады: бүкіл әлемді жаратқан Құдай қоғамды да соған сай құрған: дүниенің кіндігі Жер болса, қоғамда – әмірші; күн, планеталар, Ай, жұлдыздар жерді айналып, қозғалып жүрсе, әр түрлі қызметшілер, вассалдар, серілер (рыцарьлар) әміршісіне қызмет етеді.

Кімде-кім бұл көзқарасқа сенбей, қарсы болса, немесе оған күмән келтірсе, қатал жазаға ұшырайды. Осы мақсатта ХІІІ ғасырдың басында инквизиция деген жазалау соты құрылды. Бірнеше ғасыр бойы инквизиция кінәсіз, өжет ойлы ойшылдарды дінге қарсы, күнәкар деп соттап, жазалап, отқа өртеген.

Орта ғасырдағы ғылым-білімнің, философияның тұралап қалуының басты себебі – антикадағыдай ойлау еркіндігінің, демократияның болмауы. Орта ғасыр адамдары ойлауға, күмәндануға, өз ойын ашық айтуға қорықты. Философияның өрісі тарылды. Антика заманындағыдай озық идеялар, терең ойшылдар, әр түрлі көзқарастар, бағыттар, мектептер болмады. Философияның тілі де өзгеріп, ойшылдар өз ойын бүркемелеп, жанамалап, тұспалдап (Эзоп тілімен) білдіруге көшті. Философияда авторлық болмады. Ойшылдар өз атынан сөйлегеннен гөрі өткен замандағы философтарға (Аристотельге, Птоломейге, Августинге, т.б.) сілтеме жасағанды тиімді көрді.

Орта ғасыр философиясының басты ерекшелігі – дінге арқа сүйеп, дінге тәуелді болғаны, діннің сойылын соққаны. Философияның мұндай кіріптар халін әдебиетте «Философия – Құдай сөзінің қызметшісі» деген формуламен білдіреді.

Орта ғасыр философиясының басты нысанасы — Құдай болды: теоцентризм (гр. theos – Құдай деген сөзден). Орта ғасыр философиясы алға тартқан және айналысқан мәселелер: дүниенің жаралуы; Құдайдың құдіреті; адамның құдайға қатынасы; таным және сенім; Құдайдың бұйрығы және адамның қалауы; киелі кітаптардағы қағидалар және адам ақылы ашқан жаңалықтар; жалпы және жалқы; күнә; күнәдан арылу жолдары, т.б. Дей тұрғанмен, орта ғасыр заманында мәдениет, философия саласында ешқандай жетістіктер болған жоқ десек, қателесер едік.

Орта ғасырда тамаша әдебиет туындылары дүниеге келді: «Роланд туралы жыр», «Нибелунгтер туралы жыр», исланд жырлары, Құдай жөніндегі жыр-әңгімелер. ХІV ғасырдың бас кезінде дүниеге әлем әдебиетінің асыл туындысы Дантенің «Құдіретті комедиясы» келді. Халықтың басым көпшілігі оқу-жазуды білмеген кезде ауыз әдебиеті кеңінен тарады.

Орта ғасырда жаңа қоғамдық құрылым феодализм қалыптасты (ІХ-ХVІ ғ.ғ). Мырзаның қарамағындағы қызметшісіне (вассалына) сыйлаған жері феод деп аталған. Феодқа ие болған вассал сеньорына рыцарь болып, адал қызмет етуі керек болды. Мал бағу, егін егумен бірге орта ғасырда қол өнері жете дамыды. Он саусағынан өнер тамған, «ағаштан түйін түйетін» шеберлер болды. Орта ғасырда құлдық жойылды. Шаруалардың тұрмысы да ауыр болды, бірақ оларды өлтіруге, сатуға ешкімнің құқы болмады. Шаруалардың жеке меншігі болды; олар еңбек етуге ынталы болды. Орта ғасырда қалалар көбейді, тас қамалдар салынды. Сәулет өнері жақсы дамыды. Сол кезде салынған соборлар, шіркеулер әлі күнге дейін жұмыс істеп келеді: Париж Ана Құдайының соборы, Франциядағы Рим соборы, Венециядағы Әулие Марк соборы, Англиядағы Линкольн соборы, т.б. Орта ғасырда дамып жетілген, кең тараған христиан діні (арабтардағы мұсылман діні сияқты) діни қызметтермен бірге мәдениет, ағарту орталығы, адамдардың күнделікті өмір салты, моральдық құндылықтар функциясын атқарады. Орта ғасырда қазіргі Еуропа халықтарының тілдері қалыптасты; ұлттар, мемлекеттер, парламенттер, құқық және сот жүйелері пайда болды. Орта ғасырда жаңа оқу орындары – университеттер ашыла бастады: Италиядағы Болония, Париждегі Сорбонна (ХІІ ғ.), Англиядағы Оксфорд және Кембридж (ХІІІ ғ.) университеттері. Бұл университеттер шіркеу ұстаздарымен бірге философтарды, дәрігерлерді, шешендерді, құқық мамандарын даярлады. Әсіресе Рим құқығы зор беделге ие болды.

Орта ғасыр мәдениетке «рыцарь» деген ұғымды енгізді: айтқан сөзінде тұратын, Құдай үшін, мырзасы үшін, сүйген әйелі үшін жанын да қиятын ержүрек, адал жандар туралы. Оларды «ештеңеден қаймықпайтын ер», «ар иесі» деп атады. Әдебиеттегі нағыз рыцарьдың бейнесі – Дон Кихот. Орта ғасыр философиясы сол замандағы адамдардың көзқарасын анықтайтын негізгі құндылықтарды, принциптерді ұсынып, негіздеді. Енді соларға тоқталайық.

1. Теоцентризм принципі бойынша философияның бетке ұстаған предметі табиғат, адам емес, Құдай болды. Философия дүниедегі барлық құбылыстарды, үдерістерді Құдай арқылы түсіндіруге тырысты. Құдай табиғаттан тыс тұрған, жетілген, абсолюттік бастау. Даналықтың, ақиқаттың, ізгіліктің көзі де – Құдайда. Құдайдың құдіретін адам ақылы, сезім мүшелері арқылы танып білу мүмкін емес. Құдайға тек сену керек. Осыған байланысты сезім білімнен жоғары қойылды. Дүниедегі әр алуан құбылыстардың, заттардың құндылығы, дүниедегі орны, рөлі олардың Құдайға жақындығынан не қашықтығынан көрінеді. Құдайдан қашық тұрған мылқау дүние – материяның құндылығы төмен, демек, материяны бетке ұстауға болмайды. Құдай материяны басқа заттарды жасауға қажетті құрал (материал) ретінде жаратқан. Материяның үстінде минералдар, өсімдіктер, жан-жануарлар орналасқан. Құдайға жақын, Құдайға ұқсас құнды дүниелер – адамдар мен періштелер. Дүние екіге бөлінеді: бұл дүние – материалдық заттар дүниесі, о дүние – рух дүниесі. Уақыт та екіге бөлінеді: кәдімгі уақыт және қасиетті уақыт. Таңертеңгі және кешкі уақыт – қадірлі. Храмдар, монастырьлар, шіркеулер орналасқан жерлер (Вифлеем, Иерусалим, т.б.) киелі деп есептелді. Мерекелі күндер де діни тұрғыдан анықталды (Рождество, пасха, пост).

2. Діндарлардың тіршілігіне, түсінігіне айрықша ықпал еткен принцип сотериология болды: күнәкар адамды күнәсінен арылту (лат. soter – құтқарушы). Бұл принцип адамның субъективтік мәнін ашып көрсетеді. Құдай жаратқан, Құдайға ұқсас құбылыс ретінде адам – ақыл мен ерік иесі. Сонымен бірге адам – пенде болғасын қателеседі, күнәға батады. Күнәдан арылу үшін ол Құдай, шіркеу, дінбасылар тарапынан көмекке мұқтаж болады.

3. Келесі принцип – креационизмнің мәнісі – дүниедегі барлық процестердің, оқиғалардың, заттардың болуы, жаралуы Құдайдан деп есептеу (лат. сreatio – жарату). Құдай дүниені, дүниедегі заттарды жоқтан бар еткен. Бәріне де Құдайдың қалауы себеп болған. Құдайдың құдіретін оның осы жаратушылық қабілетімен түсіндіру қажет. Бар заттан басқа затты жасау – адамның да қолынан келеді.

4. Жаратушы ретінде Құдай бойына бар мүмкіндікті жинаған. Кімнің кім, ненің не болатынын құдай алдын ала өлшеп-пішіп, болжаған. Орта ғасыр философиясы бетке ұстайтын келесі принцип провиденциализм деп аталады (лат. providentia – алдын ала болжау). Қазақтың Тағдыр, Жазмыш деген ұғымдарын еске түсіреді.

5. Келесі принципті орысша откровение, қазақша аян беру деп анықтауға болады. Жоғарыда айтқанымыздай, құдайдың құдіретін табиғи жолмен ғылым, ақыл арқылы танып-біле алмаймыз. Тек аян беру арқылы құдай ұғымы бізге мәлім болады. Құдай Қасиетті кітаптар арқылы қалаған адамдарына ақиқат жайлы аян береді. Әке құдай Бала құдай – Иисусқа өзі жөнінде аян берген. Ақиқат қасиетті кітаптарда Құдай сөзі ретінде баяндалған. Бірақ кез келген адам қасиетті кітаптарды түсіне бермейді. Философияның міндеті – діни кітаптардағы қағидаларды адамдарға жеткізу. Орта ғасыр философиясында экзегетика деген сөз бар. Мағынасы – діни кітаптардағы мәтіндерді түсіндіру.

Авторлық сілтеме:
Рысқалиев Т.Х. Философия тарихы: Оқулық. / Т.Х. Рысқалиев, — Алматы: Экономика, 2015. 508 бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *