Нематодалар — жұмыр құрттар класына жататын нематода (Nematoda) гельминттері қоздыратын ауру. Бұл ветеринариялық гельминтологиядағы ең үлкен гельминттер тобын құрайды. Нематодалардың дене бітімі ұзынша, созылыңқы жіп немесе ұршық тəрізді, ұштарына қарай басым көпшілігі сүйірлеу, көлденеңінен қиып көргенде жұмыр келеді. Олардың тұрқы 1 мм-ден 1 м-ге дейін жетеді. Құрттардың түсі ақ, ақшыл сары, ақсұр. Денесі сыртынан көбінесе жылтыр қабықшамен (кутикуламен) қапталған, оның астында осы қабықшаны жаңғыртып тұратын субкультикулярлы бір қабатты торшалар орналасады. Одан кейін бірыңғай бұлшық еті орын алады. Олардың бəрі жиылып паразиттің тері-етқапшығын құрайды. Гельминттің екі ұшы тұйықталып біткен түтік сияқты, оның сыртын тері-ет қаптайды, ішкі жағында дене қуысы болады. Онда түрлі жүйелер мен мүшелер орналасады. Ас қорыту жүйесі алдыңғы ұшындағы ауыздан басталады, оның айналасында бірнеше ерін болуы ықтимал, ал ішінде аумағы əртүрлі ауыз қуысы (капсуласы), мұның түбінде тістер орналасуы ықтимал. Ас ауыздан өңеш арқылы жіңішке тік түтікшеге, яғни ішекке келіп түседі. Өңештің құрылысы əр түрлі нематодаларда өзгеше қалыптасқан. Ас қалдығы құрт денесінің құйрық ұшында болатын артқы тесігінен сыртқа шығады. Еркек паразиттің артқы тесігі оның клоакасынан ашылады. Несеп шығару жүйесі нематоданың соңғы жағын ала басталатын екі түтіктен құралған, олар бірігіп дененің əр тұсынан (түрлеріне байланысты) ашылады. Жүйке жүйесі өңешті қоршап тұратын түйіннен басталады да талшықтары жан-жаққа таралады.

Жыныс мүшелері ақ жіп секілді созылмалы ирек түтіктерден тұрады. Жұмыр құрттар бөлек, дара жыныстылар болып келеді. Еркектік жыныс ағзалары тақ болады, ол жалғыз еннен, онымен жалғасып жататын екі түтігінен тұрады, оның тесігі клоакадан шығады. Ал клоаканың маңында түрі, түсі, тұрқы əртүрлі келетін бір немесе екі шағылысу мүшесі спикулалар орналасады, кейбіреуінде спикулалар мүлдем болмайды. Ұрғашылық жыныс мүшелері жұп келеді, ирелеңдеген екі тұқымдықтан бастау алып, олар ары қарай екі тұқымдық түтігі екі жатырға айналады. Қос жатырдың екі бөлігі қосылып қынап пайда болады, оның ұшы жыныс тетігі бəтекпен аяқталады.

Немтодалардың биологиялық өсуі əртүрлі болып ерекшелінеді. Жұмыр құрттардың көпшілігі геогельминттер, яғни ешқандай аралық иесіз өсіп көбейеді, ал кейбіреулері биогельминттерге жатады. Нематодалар жұмыртқа салу арқылы дамып жетіледі, бірақ олардың арасында тірі туатындар да бар. Нематодалардың көбісі дара жыныстылар. Олардың ұрғашылары түрлеріне қарай жыныс тесігі арқылы жұмыртқа салады немесе балаң құрттарын туады. Осы қасиеттеріне қарап олар жұмыртқа салғыштар жəне тірідей туатындар деп жіктеледі. Жұмыртқа салғыш жұмыр құрттардың жұмыртқасы əртүрлі жетілу сатыларында сыртқы ортаға шығады. Жұмыр құрт жұмыртқалары немесе балаң құрттары сыртқы ортаға иесінің нəжісі немесе зəрі арқылы шығады. Одан əрі балаң құрт жұмыртқадан шығып дамиды немесе жұмыртқа ішінде дамып инвазиялық сатысына жетеді. Нематодалардың балаң құрттары өзінің инвазиялық сатысына екі рет түлеп жетіледі. Геогельминттердің балаң құрттары сыртқы ортада түлейді, ал биогельминттердің балаң құрттары аралық ие организмінде жетіледі.

Нематодалардың аралық иесі омыртқасыз жəне омыртқалы жануарлар болуы мүмкін. Биогельминттерге филяриата, спирурата, диоктофимата тек тармағындағы жұмыр құрттар жатады. Трихоцефалята, стронгилята жəне оксиурата тек тармағындағы гельминттердің тек кейбіреулері ғана аралық ие арқылы дамиды. Инвазиялық сатыға дейін нематод балаң құрттары өз бетінше күн көреді, өсімдіктер бетінде қозғалады. Нематодалардың балаң құрттары аралық иесінен ақтық иесінің денесіне енгеннен кейін күрделі миграциялық қозғалыстарға душар болады. Ақтық иелері, яғни үй жануарлары құрттың инвазиялық сатыдағы жұмыртқалары мен балаң құрттарын жем-шөп, су арқылы жұқтырады.

Бионематодалар аралық иелері (буынаяқтылардың, шаян тəрізділердің, ұлулардың кейбір түрлері) арқылы дамып жетіледі, олардың арасында өздеріне тəн өсіп-өнуінде өзгешеліктері бар.

Нематодтардың жіктелуі. Жұмыр құрттар тобы сегіз тек тармақтарынан құралған: Ascaridata, Strongylata, Oxyurata, Spirurata, Trichocephalata, Filariata, Rhiabditata жəне Dioctophymata. Бұлардың əр қайсысының өздеріне тəн морфологиялық жəне биологиялық ерекшеліктері бар.

Авторлық сілтеме:
Ахметсадықов Н.Н, Омарбекова У.Ж., Хусаинов Д.М. Ветеринария негіздері (оқу құралы): — Алматы, «Агроуниверситет» баспасы, 2010. –338 бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *