Мүктəрізділер балдырлар мен құрғақтағы өсімдіктердің өтпелі звеносы болып саналады, сондықтан олар сулы орта тіршілігіне бейім. Олардың тамыры мен сосудтары (түтікшелері) болмайды. Мүктердің ерекшелігі көлемінің кішілігі: олардың биіктігі 20-30 см-ден аспайды. Тіршілік формалары – шөптесін. Мүктер споралары арқылы жақсы көбейеді. Споралардан ұсақ өскіншелер – протонемалар өседі, олардан мүк өсімдігі жетіледі. Көпеген мүктер екі үйлі өсімдіктер: аналық өсімдікте – архегонии, аталық өсімдікте – антеридии орналасады. Архегониидің пішіні колба тəрізді. Архегониидің жіңішке бөлігі мойны, ал жуандаған, жұмыртқа жасушасы ораналасқан бөлігі – құрсағы деп аталады. Антеридии дөңгелек жəне жұмыр пішінді. Жыныс процессі тек су арқылы жүреді (жауыннан кейінгі жəне шықтың тамшы суы) Мүктер денесінің бір бөлігі немесе бір мүктерді қабаттамасында, ал кейбірінде ризоидтарында түзілетін “өнім” бүршіктер арқылы вегетативті жолмен де көбейе алады.

Мүктəрізділердің барлық басқа жоғары сатыдағы өсімдіктерден ерекшелігі бұларда гаметофит басымдылық көрсететінін есте сақтау керек. Спорофит гаметофитке бағынышты жəне гаметофиттің есебінен дамиды (қоректенеді). Эволюциялық тұрғыдан мүктер “тұйық” тармақ болып саналады, олар өсімдіктер əлемінде бірде-бір жаңа өкілге бастама бермеген.

Мүктəрізділер бөлімі (Bryophyta) үш класстан тұрады: АнтоцероттыларAnthocerotopsida, Бауырмүктер – Hepatiopsida жəне жапырақты мүктер – Musci. Мүктəрізділердің 35 мыңға дейін түрі бар, олардың 2/3 бөлігін жапырақты мүктер құрайды.

Антоцероттылар классы — Anthocerotopsida

Өсімдіктің денесі (талломы) жерге тығыз төселген, дорсовентральды құрылысты кіші жасыл пластинка. Архегонии мен антеридии талломының ұлпасына енген жəне эпидермамен қапталған. Піскен кезде олар ашылады. Ұрықтану процессі өткеннен кейін зиготадан жақсы дамыған, мүйіз тəрізді спорогоны бар спорофит түзіледі. Жас кезінде спорогонның əрбір жасушасында екі-екіден хроматофор жəне лептесігі болады. Осы класс өкілдері жасыл балдырлардың ұрпағы жəне сфагнум мүгінің арғы тегі деген тұжырым бар. Антоцеротты мүктердің арасынан ТМД жерлерінде екі түрі ғана сақталған.

Бауырмүктер классы — Hepatiopsida

Бауырмүктердің көпшілігі – талломды өсімдіктер. Мысал ретінде Маршанция қатарын – Marchantiales қарастырамыз. Маршанция — Marchantiales polymorha — талломды мүк, кейде ылғалды орман топырақтарында “кілем” түзеді. Маршанцияның денесі дихотомиялы бұтақтанған, жерге төселген, жасыл (ұзындығы 10 см-ге дейін) қалақша тақта. Тақтаның астыңғы жағы ақшыл. Маршанцияның талломы негізінен үстіңгі жағында ірі лептесіктері бар ассимиляциялық ұлаплардан тұрады. Астыңғы эпидермасында лептесіктері болмайды. Лептесіктерінің ерекшеліктері төрт қатар болып (бірінің үстінде бірі) орналасқан ұсақ жасушалармен қоршаған ірі жасуша аралықтардан тұрады. Лептесіктердің астында ауа қуыстары орналасқан, сондықтан, кейде лептесіктерді тыныс алушы деп атайды. Ассимиляциялық ұлпа фотосинтездеуші қызмет атқарады. Оның астында қор жинаушы жəне өткізгіш қызметін атқаратын жасушалар орналасқан. Маршанция талломының астыңғы эпидермасында бір жасушалы ризоидтары жəне амфигастрия деп аталатын жасылдау қабыршақтары болады.

Маршанция

Бауырмүктер классына жататын — Маршанция — Marchantiales polymorha- талломды мүк.

Маршанция – екі үйлі өсімдік. Аналық өсімдіктің тіршілігінің бір кезеңінде, өсімдіктің көбеюге қабілетті кезі туғанда сабақшасы, көп сəулелі “жұлдызшалары” бар ерекше өсінді – тіректер түзеді. Осы көп сəулелі “жұлдызшаның” ұзыннан кесілген кесіндісінен сəулелердің арасында отырған архегониилер жиынтығын көруге болады.

Аталық өсімдікте сабақшасы бар, сегіз қалақшалы диск тəрізді ерекше өсінді – тіректер түзіледі. Дискінің көлденең кесіндісің жоғарғы жағынан диск ұлпасының ішіне қарай кеңейген қуысты көруге болады. Əр қуыстың ішінде бір–бір антеридииден болады, онда екі талшықты сперматазоидтар түзіледі.

Ұрықтану процессі тіректері қысқа кезінде жəне екі талшықты сперматозоидтардың су арқылы (жауыннан кейін немесе шық суы) қозғалуы нəтижесінде жүреді. Ахегонииде жүретін ұрықтану процессі өткеннен кейін зиготадан ерекше мүше – спорогон қалыптасады.

Спорогон шартəрізді споралы қауашақтан жəне қысқа сабақшадан тұрады. Маршанция споралары ерекше серіппелер – элатердің көмегімен қопсытылады, элатер де споралар сияқты қауашақтың спорогенді ұлапларынан түзіледі. Элатерлер (құрғақ ауа райында жазылып) споралардың жақсы шашылуын қамтамасыз етеді. Қолайлы жағдайға түскен спора өнеді жəне өсіп шығады, яғни оның жынысты ұрпағы –гаметофит. Маршанцияның споралары физиологиялық жағынан əр түрлі: біреулерінен аналық гаметофиттер, ал біреулерінен аталық гаметофиттер дамиды. Маршанция арнайы өнім себеттерінде дамыған өнім бүршіктерінің көмегімен вегетативті жолмен де көбейе алады. Бұл өнім бүршіктері маршанция талломынан ажырап түсіп, жаңа өсімдіктің бастамасын береді.

Жапырақ сабақты мүктер классы — Musci

Ол үш класс тармағына жіктеледі: Сфагнумдер – Sphagnidae, Андреев немесе Қара – Andreaidae, Бриев немесе Жасыл мүктер – Bryidae. Сфагнумдер немесе Ақ мүктер. Кейбір орманды аймақтарда түгел “кілем” түзеді, кейде топырақты қатты саздандырады. Сфагнум 300-ге жуық қиын ажыратылатын түрлерді біріктіреді. Сфагнумді құрғақ кезінде əлсізжасыл, ақ түске жуық болғандықтан ақ мүк деп те атайды.

Сфагнумдер

Сфагнумдер

Сфагнумның қатты тарамдалған биіктігі 12 см жəне ұсақ жапырақтармен қапталған өркені болады. Ризоидтары жоқ. Ол өзінің ұшымен (төбесімен) өседі жəне өсу барысында оның төменгі бөлігі біртіндеп өледі. Сабағы жəне жапырақтары (əсіресе төменгі) суды сору мүшесі қызметін атқарады. Жапырақтары спиральды орналасқан. Олар жасушалардың бір қабатынан тұрады жəне жүйкелері болмайды. Жапырақтары екі түрлі жасушалардан тұрады: 1. хлорофиллдері бар –ассимиляциялаушы, ұзын жəне жіңішке; 2. өлі (протопласттары жоқ) мөлдір, ромб тəрізді пішінді, жалпақ жасушалар – гиалинді деп аталады. Олардың қабықшасы сақиналы жəне спиральды қалыңдаған. Сонымен қатар, поралары болады.

Гиалинді жасушалар суды жақсы сіңіреді жəне оны ұзақ сақтайды, сондықтан, сфагнум мүгі ерекше суға қанық, сорғыш сияқты. Зерттеулердің көрсетуінше сіңірген судың салмағы сфагнум мүгінің құрғақ салмағынан 25 есе жəне оданда жоғары.

Сфагнум мүгінің жабындысы топырақтың біртіндеп саздануына əкеледі. Бірнеше жылдар бойы сфагнум мүгінің өлі қалдықтарынан қабатталып жиналу нəтижесінде торф түзіледі. Торф жылуды нашар өткізеді жəне консервілеу қасиеті бар. Торфтың құрамында оттегінің болмауы анаэробты орта түзеді. Бактериялар мен саңырауқұлақтар онда өте нашар дамиды. Торфқа түскендердің барлығы сонда консервіленеді. Сфагнум мүгі- қос жынысты өсімдік. Архогониилері мен антеридиилері бір өсімдіктің өзінің жеке-жеке бұтақтарында түзіледі. Сперматозоидтар архегониилерге қарай тек судың көмегімен қозғалады (ерте көктемде). Ұрықтану процессі өткеннен кейін зиготадан қалпақшасы бар қорабшадан (қауашақ) тұратын спорофит қалыптасады. Көп уақытқа дейін спорофиттің сабақшасы өте қысқа болады, сондықтан, оның шар тəрізді спорангииі гаметофиттің жапырақтарынан көрінбей тұрады. Перистома жоқ. Пісіп-жетілер алдында спорофит орналасқан өркен ұзынына қарқынды өседі, соның əсерінен спорнгиидің сабақшасы ұзарады. Мұндай икемделу споралардың жақсы шашылуын қамтамасыз етеді. Споралардың өну нəтижесінде ересек өсімдіктерде болмайтын ризоидтары бар ұсақ тақталы протонемалар түзіледі. Протонемаларда сфагнумның ересек өсімдіктері дамитын вегетативті бүршіктер болады.

Андреев немесе Қара мүктер — Andreaidae. Класс тармағының 120-дай түрі бар. Таудағы құздарда өседі. Гаметофиттерінің жапырақтары спиральды орналасқан. Протонемасы тақталы, дорсовентральды құрылысты. Спорогоны сабақшасыз. Қорабшасы төрт көлденең саңылаулардың көмегімен ашылады. Сабағында өткізгіш шоғы болмайды.

Бриев немесе Жасыл мүктер — Bryidae. Мысал ретінде Көкек зығырын – Polytrichym сommune қарастырамыз. Бұл биіктігі 30 см-дей көпжылдық, екі үйлі өсімдік. Оның қатқыл сабақтары ұсақ қандауыр тəрізді жапырақтармен олар да қатқыл жабылған. Жапырақтары ассимиляция қызметін атқаратын, хлорофиллдері бар жұқа қабықшалы жасушалар мен мықтылық қасиет беретін қалың қабықшалы жасушалардың бірнеше қабатынан тұрады.

Мүктəрізділердің дамуының тіршілік циклі

Көкек зығырын мысалға ала отырып, мүктердің дамуының тіршілік циклдерін дəлірек қарастырамыз. Мүктің споралары топыраққа түсіп одан ұсақ талломды «өсімдік» – протонема (көкек зығырының протонемасы бұтақтанған, қисық көлденең перделері бар жасыл жіпше тəрізді, олардың пішіні балдыр тəрізді) өсіп шығады. Одан кейін онда түзілген «бүршіктерден» мүк өсімдігі өсіп шығады. Мүктің споралары редукциялық бөліну (барлық жоғары сатыдағы өсімдіктердегідей) нəтижесінде түзілетін болғандықтан, олардың хромосом жиынтығы гаплоидты. Сондықтан, протонема да гаплоидты. Гаплоидты протонемадан өсіп шыққан жəне өздерінің жыныс мүшелерінде гамета түзетін өсімдік – гаметофит болып саналады. Ұрықтану процессі былай жүреді: жетілген, екі талшықты сперматозоидтар антеридиилерден сыртқа шығады жəне судың көмегімен (жауын, шық) архегонииге түседі. Шырышталатын мойын арқылы қозғалып отырып олар жұмыртқа жасушасына жетеді, сперматозоидтардың бірі жұмыртқа жасушасымен қосылып, одан зигота қалыптасады. Түзілген зиготадан аналық өсімдікте спорогон (2n) дамиды. Спорогонның қорабшасында жасушалардың редукциялық бөлінуінен кейін, спороген ұлпаларынан споралар түзіледі (n). Жетілген споралар қорабшадан шашылады, ылғалды топыраққа түскеннен кейін протонема өсіп шығады, одан мүк өсімдігі жетіледі. Осылай мүк тəрізділердің дамуының тіршілік циклі аяқталады. Бұларда жақсы дамыған, өз бетінше тіршілік ете алатын гаметофит – ұсақ жəне өз бетінше тіршілік ете алмайтын спорофиттерден басымдылық көрсетеді.

Мүктердің маңызы

Мүктер барлық сазда өсетін өсімдіктердің негізгі түрлері болып саналады жəне олармен бірге торфтың орасан қорының түзілуіне қатысады. Торф жақсы отын ресурстары болып қана саналмайды, сонымен қатар, өткен геологиялық дəуірдегі өсімдіктердің даму тарихын зерттеуде тамаша материал болып саналады. Торф кендерінде концервіленген кейбір өсімдіктердің тозаңдары қазба флораларының тіршілігіндегі жеке ерекшеліктерін ашуға көмегін тигізді. Мүктер сапалы жылу сақтағыш заттар дайындау үшін қажетті жақсы шикізат. Олар əртүрлі ормандардағы топырақ индикаторлары болып саналады. Мысалы, плеуроциум – Pleurozium Schreberi, хилокомиум – Hylocomium proliferum жəне ритиадельфус – Rhytidiadelphus friguetus сияқты жасыл мүктердің шөптесін жамылғыларының болуы ылғалды, құнарлы топырақты білдіреді. Қатты ылғалданған, бірақ құнарсыз топырақта көкек зығыры жақсы өседі, ал топырақта ылғал жеткіліксіз жерлерде дикранумдер – Dicranum undulatum, D. scoparium өседі. Миниуум – Mnium, родобриум – Rhodobrium roseum, климациум – Climacium dendroides сияқты мүктер ағын сулар ылғалдаған топырақтарды білдіреді.

Саздарда сфагнум мүгі өте көп қоныстанады, орман топырақтары қатты ылғалданғанда сфагнум тез қаптап кетеді, кейбір жағдайда ормандар мен ауылшаруашылық жерлерді саздандырып, топырақ аэрациясын нашарлатып, орман жыныстарын жаңартуды қиындатады.

Авторлық сілтеме:
Оқу — əдістемелік құралды дайындағандар: аға оқытушылар Имангазиева Б.С., Асылова Р.Н. Ботаника пəнінен «Жоғары сатыдағы споралы өсімдіктер» бөлімі бойынша дайындаған «Агрономия», «Топырақтану жəне агрохимия», «Жеміс — көкөніс шаруашылығы», «Орман шаруашылық ісі», «Ветеринарлық медицина», «Ветеринарлық санитария», «Биотехнология», «Зоотехния», «Аңшылықтану жəне аң шаруашылығы», «Балық шаруашылығы» мамандықтарында оқитын студенттерге арналған оқу — əдістемелік құралы. — Алматы: ҚазҰАУ, 2009. — 33 бет.