Мұхаммед (саллалаҺу аллейхи уә сәлләм) пайғамбардың хадистерінде мынадай нақыл сөз бар: білім, ғылымға жақын адам Құдайға да жақындайды. Ал надан адам Құранды да, Құдайдың құдіретін де түсінбейді. Сөйтіп, Құдайдан алыстайды. Өте орынды пікір. «Құран» деген сөздің мағынасы «оқы», «оқу» дегенді білдіреді. Пайғамбардың хадистерінде білім алу әрбір діндар жанның парызы деп атап көрсетіледі. «Тіпті Қытайдан болса да білім алуға ұмтыл» дейді пайғамбарымыз.

Осындай ұстаным Араб Шығысында орта ғасырда ғылым-білімнің, философияның өрістеп дамуына себеп болды. Сол кезді (ІХ-ХІІІ ғ.ғ.) әдебиетте «мұсылмандық ренессанс» деп атайды.

Ал батыста, жоғарыда айтқанымыздай, орта ғасырда ғылым да, философия да дағдарыс күйін кешті. Христиандық дін тарапынан ғылым-білімге қолдау болмады, керісінше, қудалау, қыспаққа алу орын алды. Өйткені Шіркеу ғылымнан да, философиядан да қауіптенді. Тауратта «Көп білгеннің уайымы да көп болады» деген сөз бар. Содан «горе от ума» – ақылдының азабы деген сөз тарады.

Мұхаммед (с.а.у) пайғамбар 40 жасқа дейін оқи, жаза білмеді. Өзінің кіршіксіз адалдығының, тазалығының, мейірімділігінің, шыншылдығының арқасында Құдайға ұнады. Құдайдың құдіретімен Құранды жаттап алды, жете түсінді. Кейін оқып, жаза алатын болды. Білім-ғылымға шындап бет қойды. Құран сөзін адамдарға жеткізуге бар күш-жігерін жұмсады. Ислам дінінің негізін қалады. Сол үшін миллиардтан астам мұсылман қауымы Мұхаммедке (с.а.у) қарыздар. Америкалық ғалым Майкл Харттың «100 атақты тұлға» деген кітабында, бірінші болып Мұхаммед (с.а.у) пайғамбардың аталуы тегін емес. Пайғамбарымыздың өмірі — бәрімізге үлгі.

Ислам дінімен байланысты болып, осы дінге қызмет еткенінен араб мұсылман философиясы ұтылған жоқ. Керісінше, осы діннің аясында арабтардан аты әлемге жайылған философтар (әлКинди, әл-Ғазали, әл-Фараби, Ибн Сина), ғалымдар (әл-Бируни, әл-Хорезми, Омар Хайям), ақындар (Фирдауси, Джами, Хафиз, т.б.) шықты.

Сөйтіп, антика философиясын ұмыт болудан, жойылып кетуден сақтап қалған арабтар болды. Философия араб тілінде фалсафа деп аталады. Бірақ мағынасы батыстағыдай ғылымнан гөрі даналыққа сәйкес келеді. Араб елдерінде философия мен ғылымның өріс алуына сол кездегі қоғамдық қатынастардың және араб әміршілерінің (халифтерінің) қолдауы, қамқорлығы көп ықпал етті. Әл-Мансур, Харун әр-Рашид, әл-Мамун, Сайф ад-Даул сияқты халифтер сарайға философтарды, ғалымдарды, ақындарды, аудармашыларды жинап, оларға ғылым-біліммен айналысуға жағдай жасаған. Олар үшін Бағдадта «Даналық үйі» («Баит ал-хикма»), кітапханалар іске қосылған. Әдебиетке «Бағдад мектебі» деген атау енді. Кейбір деректерге қарағанда Бағдад кітапханасында ХІІ ғасырда жүз мыңдай кітап, қолжазба болған. Ал ХІV ғасырда атақты Сорбонна, Ватикан кітапханаларындағы кітаптың саны екі мыңнан аспаған.

Қазіргі ғылымда «алгоритм» деген ұғым бар. Ол математик Мұхаммед Ибн Муса әл-Хорезмидің есімімен байланысты. Оның «Китаб әл-Джебр» деген кітабынан алгебра ғылымының атауы пайда болды, негізі қаланды. Хорезми – мұсылман елдерінен шыққан алғашқы ғалым.

ІХ ғасырда араб тілді елдерде антикалық ғылыми және философиялық ойдың басты-басты туындылары белгілі болған. Галеннің, Гиппократтың, Евклидтің, Архимедтің, Птоломейдің, Аристотель мен Платонның көптеген шығармалары араб тіліне аударылып, кең тараған.

Әдебиетте араб философиясы Абу Юсуф әл-Киндиден (800 ж. – шамамен 879 ж.) басталады деген пікір қалыптасқан. Оны «араб философы» деп те атайды. Өзі де тегі жағынан – араб. Өйткені орта ғасырдағы мұсылман философиясының кейбір өкілдері арабтар емес: әл-Ғазали – ирандық, ибн Рушд – испан, әл-Фараби – қыпшақ, ибн Сина – тәжік, Омар Хайям – парсы. Бәрінің де шығармалары бірақ араб тілінде жазылған. Әл-Кинди – жан-жақты білімді, оқымысты. Философиямен бірге медицинамен, математикамен, астрономиямен, психологиямен, музыкамен айналысқан. Көптеген еңбектері бізге жеткен жоқ. Ғ. Есімнің айтуынша, әзірге біздің қолымызда орыс тілінен Ғ. Есімнің өзі аударған әл-Киндидің төрт трактаты бар. Әл-Кинди Аристотель еңбектерін грек тілінен арабшаға аударып, «Метафизикасына», «Поэтикасына», «Категорияларына», «Екінші аналитикасына» түсініктемелер жазған.

Адам бірден философ, ойшыл болып тумайды, солай болып қалыптасады. Бұл арада, әл-Киндидің пікірінше, философия тарихына, бұрын өмір сүрген философтардың еңбектеріне, пікірлеріне ден қою – қажетті қадам. «Ақиқатты қайдан болса да және кімнен болса да, мейлі ерте замандағы немесе бізбен көршілес емес халықтардың пікірі болсын – үйреніп, қабылдаудан қысылмау керек. Ақиқатты іздеушіге ақиқаттан қымбат ештеңе жоқ, ақиқаттан бас тартуға немесе ақиқатты ашқан не ақиқатты паш еткен адамдарға менмендікпен жоғарыдан төмен қарауға болмайды, ақиқатпен ешкімді кемсітуге болмайды, керісінше, ақиқат адамның адамгершілігін арттырады» (Қараңыз: Соколов В.В. Средневековая философия: Учебное пособие. 2-е изд., – М., 2001. С. 166-167).

Әл-Кинди философиясының ерекшелігі — ол философияның діннен гөрі, ғылыммен, әсіресе жаратылыстану ғылымдарымен байланысына айрықша көңіл бөледі. Бұл арада араб ойшылына Аристотельдің ықпалы болғаны көрініп тұр. Өзінің «Бес мән туралы кітап» деген трактатында әл-Кинди заттардың материалдығын сөз етеді. Әрбір зат бес түрлі мәнге (қасиетке) ие: материя, форма, орын, қозғалыс, уақыт. «Субстанциясы бар кез келген затта, – дейді әл-Кинди, – оны құрап тұрған материясы, біз айқын көре алатын және сол арқылы өзге заттардан ажырататын формасы, белгілі шектеулі мекені … сондай-ақ қозғалысы болады. Зат осы қозғалыс арқасында өмір сүреді. Қозғалыс белгілі жерде және белгілі уақытта болады…» (Ғ. Есім. Фәлсафа тарихы… (Оқулық хрестоматия). – Алматы. 2000, 31б.). Бұл – өте сауатты пайымдау.

Әл-Киндидің шәкірті, ізбасары, жан-жақты білімі бар ғұлама, мақтан ететін жерлесіміз Әбу Наср ибн Мұхаммед әл-Фараби (870- 950 ж.ж.). Отырарда дүниеге келген. 19 жасқа дейін өз елінде тым жақсы білім алады. Кейін білімін жетілдіру мақсатында көптеген араб елдерін аралайды, тілін, тарихын, дәстүрін жетік меңгереді. Көп жыл Бағдадта тұрады, әміршілердің кеңесшісі болады. Кейін Шам (қазіргі Дамаск) қаласында тұрады, сонда жерленеді. Қазір Дамаскіде Қазақстан тарапынан әл-Фарабиге кесене тұрғызылды. Оның жерленген жерін, құлпытасын тапқан белгілі ғалым, фарабитанушы Ақжан Машани болды.

Әл-Фарабиге араб елдерінде «Екінші ұстаз» («Муаллим ассана») деген атақ берілген. Ол өзін «Аристотельдің шәкіртімін» деп есептеді.

Әл-Фараби көптеген тілді меңгерген. Ежелгі грек тілін үйреніп, антика философиясымен жете танысқан. Әсіресе, Платон мен Аристотельді меңгеруге көп күш жұмсаған. Аристотельдің кейбір трактаттарын 100 рет, 200 рет оқып шыққан.

Платон мен Аристотельді араб тіліне аударған, шығармаларына түсініктемелер жазған. Неміс философы Гегель өзінің философия тарихына арналған дәрістерінде Әл-Фарабидің есімін атайды, бірақ оны Аристотельді араб тіліне аударған, шығармаларына түсініктемелер жазған деп қана қояды. Ілімін талдамайды.

Әл-Фараби Аристотельді ғұмыр бойы құрметтеп өтті. Бірақ тұтастай оның ықпалында қалып қойған жоқ. Көптеген мәселелерді өзінше қарастырды. Сөйтіп, ұстазының ілімін ілгері дамытты. Не дегенмен арада мың жылдан астам уақыт өтті ғой. Әл-Фараби де айта алар еді: «Аристотель – менің досым, бірақ ақиқат қымбатырақ» деп. Осы тұрғыдан әл-Фарабиді өне бойы «Екінші ұстаз» деп тану жеткіліксіз. «Шығыстың Аристотелі», «Екінші Аристотель» десе дұрыс болар еді.

Енді Аристотель мен әл-Фарабидің ілімдерін салыстырып көрейік:

1. Аристотель философияны ғылым ретінде қарастырып, сыртқы дүниеге баса көңіл бөлді. Сөйтіп, философия даналықтан алшақтады, адамды көзден таса қылды. Әл-Фарабиде философия ғылым ретінде де, сонымен бірге даналық ретінде де көрінеді. «Әл-Фарабидің даналығы» деген проблема бар. Әл-Фараби табиғат танумен шектелген жоқ, қоғам тануға да, адам тануға да көңіл бөлді.

2. Аристотель философия мен ғылымның арақатынасын қарастырды, метафизика мен физиканың айырмашылығына мән берді. Әл-Фараби заманында діннің беделі артып, философия мен діннің байланысын, айырмашылығын ашу міндеті алға шықты. Әл-Фараби ислам дінінің рөлін, орнын жоғары бағалайды. Сонымен бірге философияны дінге жығып бермейді. Философияға қатысты мәселелерді дінге қатысты мәселелермен шатастырмайды. Діннің жолы бір басқа, философия мен ғылымның жолы бір басқа деп түсінеді. Дін адамның сенімін, үмітін, ар-ұятын ойлап, қам жейді. Философия адамның ақыл-ойын, дүниеге көзқарасын қалыптастырады. Әл-Фарабидің «Философиялық трактаты» осы мәселелерге арналған.

3. Аристотель саясатты абстрактілі, теориялық тұрғыдан қарастырады; елдерді, халықтарды, билік пен қалың бұқараны жақындастыратын өнер деп біледі. Бір құптарлық жай – Аристотель саясатты билікке, үстемдікке жетудің құралы, амалы деп түсінбейді. Әл-Фараби саясатты практикалық тұрғыдан қарастырып, ел басқару өнері, халықты, адамды бақытты тұрмысқа жеткізудің жолы деп біледі.

4. Аристотель ақиқаттың өлшемі деп теорияны, теориялық дәлелдеуді ұсынады. Әл-Фараби ілімінде ақиқаттың өлшемі ретінде адамның білім арқылы жүзеге асатын іс-әрекеті және оның нәтижесі танылады.

5. Әл-Фарабидің Аристотель іліміне, жалпы философияға қосқан тағы бір үлесі – музыка – саз өнерін жан-жақты зерттегені. Оның «Музыканың үлкен кітабы» деген көлемді шығармасы бүгінде басқа тілдерге аударылып, зор маңызға ие болып отыр.

Орта ғасырда Батыс философиясында зердені (разум) елемеу, рөлін кеміту орын алды. Фома Аквинский, мысалы, ақылды сенімнен төмен қояды. Әл-Фараби ілімінде ақыл философияның, ғылыми танымның негізгі құралы деп есептеледі. Ғылымда адасулар, қателіктер болып тұрады. Бірақ адамды дұрыс жолға салатын, қателіктерді түзететін ақыл-зерде болып табылады. Әл-Фарабидің «О разуме и науке» деген трактаты бар.

Әл-Фараби адамдардың ынтымақта, татулықта, молшылықта өмір сүруіне жағдай туғызатын «қайырымды қала», идеалдық мемлекет туралы ойланып толғанады. Бұл жөнінде ол «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы», «Мемлекет қайраткерінің нақыл сөздері» деген еңбектер жазып қалдырған.

Әл-Фарабидің әлеуметтік философиясында және этикасында «бақыт» мәселесіне лайықты көңіл бөлінген. Бақыт – адамның өмірдегі негізгі мұраты, абсолюттік игілік. Бақыт кенеттен тап болмайды, оны ешкім сыйламайды. Бақытқа ұмтылған адам өне бойы еңбектенеді, ізденеді, жан-жақты жетіледі. Бақытты адам, әл-Фараби түсінігінде, жан-жақты жетілген, толық адам (инсан камил). Әл-Фарабидің өзі де сондай тұлға: ғалым, философ, терең дінтанушы, саясаткер, сазгер, ақын.

Әдетте жұртшылық кімді бақытты деп санайды? Атаққа, мансапқа ие болған, бай адамды. Жоқ. Мұның бәрі уақытша. ӘлФараби – Аристотельді, Эпикурді жақсы білген адам. Ол үшін материалдық байлық бақыттың өлшемі емес. Оның уақытша, өткінші екенін ол түсінеді. Бақытқа жету үшін адамдар бақытты өмірдің кепілі болып табылатын қоғамды құруы керек. Адам қоғамда ғана бақытқа жете алады. Ондай қоғамды әл-Фараби «қайырымды қала» деп атайды және оны адамның жетілген салауатты ағзасына теңейді. «Бақыт» ұғымы туралы ғұлама «Бақытқа жету жөнінде», «Бақытқа жеткізетін жолды көрсету» деген трактаттар жазды.

Әл-Фарабидің «Философияны меңгеру үшін қажетті шарттар туралы» деген трактаты бар. Онда ол мыналарды атап көрсетеді: философия тарихын жете білу, нақты ғылымдарды (математиканы, физиканы, логиканы, тарихты, т.б.) игеру, жаратқан Иені танып білу, Аристотель еңбектерін оқып, түсіну. Философияны да, ғылымды да меңгерудің тиімді жолы – өнебойы еңбектену.

Тәрбие, оқу-білім саласында жиі қайталанатын әл-Фарабидің нақыл сөздері: «Адамға ең алдымен тәрбие беру керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамның қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп төндіруі мүмкін». «Ғақли (ойлы) көзбен қарасаң, дүние – ғажап, дүние – гүл. Жаһли (соқыр) көзбен қарасаң, дүние – қоқыс, дүние – күл».

Мұсылмандық орта ғасыр философиясының көрнекті өкілі, жан-жақты ғұлама, дәрігер әрі философ Әбу Әли Хусейн ибн Абдаллах ибн Сина (980-1037 ж.ж.). Еуропада ол латынша Авиценна деген атпен белгілі. Кейбір авторлардың пікірінше, ибн Сина – ғұламаның лақап аты (қара: Салдадзе Л.Г. Ибн Сина (Авиценна): Страницы великой жизни. – Ташкент. 1985. С.5). Заманында Ибн Синаны «философтардың князі» деп те атапты. Ибн Сина жөнінде жазылған кітаптар көп. Ғылыми еңбектермен бірге ол жөнінде көркем туындылар да жарық көрген. Солардың бірі жоғарыда аталған Л.Г. Салдадзенің тарихи романы.

Ибн Сина сол кездегі белгілі ғылым салаларының бәрімен де айналысқан. Әсіресе, философия, медицина, математика, астрономия, ботаника, геология, поэзия, т.б. Ең басты энциклопедиялық еңбегі – «Білім кітабы» («Даниш наме») логика, физика, математика және метафизика мәселелерін қамтыған төрт бөлімнен тұрады. Медицина саласындағы басты еңбегі – «Емшілік ілімінің каноны». ХІІ ғасырда латын тіліне аударылып, ХVІІ ғасырға дейін Еуропадағы дәрігерлер дайындаудың басты құралы болып келген. Ибн Синаның философия тарихына сіңірген басты еңбегі әл-Фарабиден кейін антика дәуірінің философиялық мұрасын араб жеріне және Батысқа таратқаны. Сонымен бірге ол рационалдық ойлаудың орнығуына және жаратылыстану білімдерін насихаттауға белсене атсалысты.

Ибн Синаның ғылымға, философияға құштарлығын және табандылығын оның өзі өмірбаянында жазған сөзінен байқауға болады. Аристотельдің «Метафизикасын» қырық рет оқып шықса да, көп жерлерін жаттап алса да, шығарманың ішкі мәнін түсіне алмаған. Тек кездейсоқ базардан тапқан әл-Фарабидің «Метафизикаға» жазған түсіндірмесінің арқасында Стагириттің атақты шығармасы оның алдында мүлдем жаңа қырынан көрінген.

Аристотельдің «Метафизикасында тек физика туралы әңгіме болмайды екен, физиканың ар жағында, негізінде жатқан философия жөнінде, физика мен философияның арақатынасы туралы әңгіме болады екен.

Зерттеушілердің пікірінше, Ибн Синаның ең басты философиялық еңбегі «Айықтыру кітабы» («Книга исцеления»). 18 томнан тұратын бұл кітап әлі ешбір тілде толық басылып шыққан жоқ. Жоғарыда аталған «Білім кітабы» «Айықтыру кітабының» қысқартылған нұсқасы. Әңгіме тән жарасымен бірге жан жарасын емдеу жөнінде, адамның рухани күйі жайлы болып отыр.

Философияның мәнін, философия мен басқа ғылымдардың арақатынасын қарастырғанда, ғылымдарды жіктегенде Ибн Сина Аристотельге арқа сүйеді. Оның ойынша, философияның негізгі қағидаларын басқа ғылымдардың тұжырымдарына сүйенбей негіздеу мүмкін емес. Екінші жағынан, басқа ғылымдар да философияның іргелі ұғымдарына арқа сүйемей, сыртқы дүние құбылыстары жөнінде пайымдаулар жасай алмайды. Мұндай категориялардың қатарына субстанция, материя мен форма, қозғалыс, сан мен сапа, ақиқат, мән мен құбылыс, т.б. жатады.

Аристотельдің ізімен Ибн Сина білімді екі түрге бөледі: теориялық және практикалық білімдер. Теориялық білімдер қатарына: 1) метафизика – бұл ең жоғарғы ғылым, табиғаттан тыс нәрсені зерттейді; 2) математика; 3) физика – табиғат жөніндегі жалпы ғылым жатады. Практикалық білімдер бұлар: 1) этика – адамдардың мінез-құлқы жөніндегі ғылым; 2) экономика – үй шаруашылығын басқару жөніндегі ғылым және 3) саясат – халықты, мемлекетті ұйымдастыру және басқару жөніндегі ғылым. Практикалық ғылымдардың ерекшелігі – олар адамдарды өзара тату-тәтті, үйлесімді өмір сүруге үйретеді.

Философ ретінде де, ғалым ретінде де Ибн Сина танымның мүмкіндігіне, дүниені тануға болатынына шек келтірмейді. Ол адамның ойлау қабілетіне сенеді. Осыған орай зерттеушілер (Ғ. Есім, Ә. Нысанбаев, В.В. Соколов, т.б.) тәжік ғұламасының логиканы жоғары бағалауын атап көрсетеді. Логика, ибн Синаның пікірінше, ғылымдар құрамына кірмейді, ол ғылымдарға жол ашады. «Білім кітабында» ғұлама логиканы ғылыми танымның өлшемі, тиімді тәсілі деп көрсетеді, өйткені ол танылмаған затты танылған зат арқылы тануға мүмкіндік береді. Логика таным процесінде ақыл таразысы рөлін атқарады (Қара: Ибн Сина (Авиценна) Избранные философские произведения. – М., 1980. С. 62).

Жаратылыстану ғылымдарымен тереңірек танысу Ибн Синаны материя және форма мәселесіне алып келді. Бұл мәселеде де ғұлама Аристотельге арқа сүйейді: материя да, форма да бірімен-бірі байланыссыз өз алдына өмір сүрмейді; бұлар нақты заттың екі жағы. Әрбір зат, біріншіден, – материя, екіншіден, – форма, үшіншіден, – екеуінің бірлігі (Сонда С.115).

Ибн Сина ілімінде де универсалийлер (жалпы ұғымдар) мәселесі кездеседі: оның ойынша, олар заттарға дейін, заттарда және заттардан кейін бір уақытта өмір сүреді. Заттарға дейін жалпы ұғымдар Құдай ойында өмір сүреді. Айталық, Құдай бір затты, мақұлықты жасамақ болады. Бұл үшін Құдай әлгі заттың ұғымын (идеясын) ойлап табады. Сосын сол идеяға сай затты жасайды. Жалпы ұғымдардың заттарда өмір сүретіні белгілі бір идеяға сай пайда болған, заттағы заттың ұғымы ретінде. Жалпы ұғымдар заттардан кейін адам санасында өмір сүреді: көптеген заттарды қарастыра отырып, адам оларға ортақ белгіні анықтайды, бұл олардың ортақ идеясы болып шығады.

Ибн Синаның тереңдігін паш ететін бір сөзін келтірейік: өзінің пациентіне: «Біз үшеуміз: сен, мен және ауру. Егер сен менің жағымда болсаң, онда біз ауруды жеңеміз. Егер сен ауру жағында болсаң, онда мен саған көмек көрсете алмаймын», — дейді екен.

Еуропа оқымыстыларына танымал болған тағы бір араб ойшылы – ирандық Әбу Хамид Мұхаммед әл-Ғазали (1058-1111 ж.ж.). Ислам әлемі оған көзінің тірісінде «Шейх-ул-ислам» деген құрметті атақ берген. Сондықтан Ғазали туралы айтушылардың мына пікіріне таң қалуға да болмайды: «Егер Мұхаммедтен кейін пайғамбар болса, ол сөзсіз Ғазали болған болар еді» (Ғ. Есім. Фәлсафа тарихы … 84 б.).

Ғазали да – терең ойшыл, жан-жақты білімді ғұлама. Оның әлФараби мен Ибн Синадан айырмашылығы – ол нақты ғылымдардан гөрі, қазіргі тілмен айтқанда, гуманитарлық ғылымдарға көбірек ден қойған. Ол ақылды тым жоғары қояды. Сыртқы дүниенің мәңгілігін, өздігінен өмір сүретіндігін мойындайды – деп, әл-Фараби мен Ибн Синаны сынайды. Ғазалидің ойынша, ақыл адамның танымын басқарып және бағыттап отырады, бірақ өздігінен дүниенің мәнін, жаратушының құдіретін ашып бере алмайды. Мұны адам тек Құдайдың аян беруі арқылы тылсым жолымен игере алады. Ғазалиді әдебиетте мистик ретінде сипаттайды. Бұл жолмен ӘлҒазали суфизмнің (сопылықтың) танымал өкілі болды. Сопылықты ол былай түсінеді: «Маған кімде-кім тақуалық өмір сүрсе және дүние қызығынан бойын аулақ ұстаса, сол ғана о дүниеде масайраудан үмітті екені, мұның бәріндегі бастысы кірбің тіршілік мекенін тастап, мәңгілік мекеніне бет бұрып және өзіңнің бар ынтаңды ұлы мәртебелі Аллаға аударып, жалған дүниемен қосақтаған жіпті үзу екендігі…аян болды» (Ғ. Есім. Фәлсафа тарихы…132 б.). Бірақ Батыста да, Шығыста да ешкім оны ғылым мен философияның жауы (мракобес) деп есептеген емес. Өзінің өмірбаянында ол ғылым атаулыны жоққа шығаратын «исламның надан достарын» қатты сынайды. Ғазали математика, физика, медицина, тіпті логика сияқты ғылымдардың практикалық пайдасын түсінеді. Белгілі бір шекке дейін бұл ғылымдар дінге соқтықпай, бейтарап күйде болады. Бірақ бұл шек таным барысында бұзылады. Математика да, логика да дәлелдеудің соңына түсіп, олардың құзыретіне кірмейтін, атап айтқанда, теологиялық мәселелерді де шешпек болады. Әл-Ғазали алдына ғылымның осындай талаптарына жол бермеу мақсатын қояды (Қара: Соколов В.В. Средневековая философия… С.200).

Әл-Ғазалидің көптеген шығармаларынан кең тарағандары: «Философтарды жоққа шығару» («Опровержение философов»), «Дін жөніндегі ғылымдардың қайта өрлеуі» («Воскрешение наук о вере»), «Тура таразы», өмірбаяндық еңбек «Адасудан арылдырушы» («Избавляющий от заблуждения»).

Араб философиясының әлемге танымал өкілдерінің бірі — Абул-Уалид Ибн Рушд (Батыста Аверроэс деген атпен белгілі) (1126-1198 ж.ж.). Испаниядағы Кордовада дүниеге келіп, сол заманға қарағанда тиянақты жүйелі білім алған. Отбасы да, әкесі де, кейін өзі де әділетті, беделді қазылар (қади) болған. Заң білімін, медицинаны, теологияны, араб әдебиетін меңгерген. Платонның «Мемлекет» деген еңбегіне және Аристотельдің барлық шығармаларына дерлік түсініктемелер жазған. Дінге шын берілген. Әл-Ғазалиға қарсы «Жоққа шығаруды жоққа шығару» деген Батыста да, Шығыста да белгілі тамаша еңбегін жазған (орысшасы: «Опровержение опровержения»). Абу Якуб деген білімдар халифтің дербес дәрігері және кеңесшісі болған. Аристотельді терең зерттеп түсінуге және түсіндіруге сол халифтің арнаулы тапсырмасы себеп болған көрінеді (Қара: Ғ. Есім. Фалсафа тарихы … 204 б.). Оған дейінгі көптеген араб философтарында Аристотель ілімі Платонның, оның ізбасарларының ілімдерімен астасып жатса, Ибн Рушд түсіндіруіндегі Аристотель «таза» өзіндік ой-пікірімен көрінеді. Көптеген зерттеушілер Ибн Рушдтың Аристотельге шын берілгендігін тілге тиек етеді. Ол, әрине, Аристотельді түсінгесін пір тұтты. Мынадай да әңгіме тараған: «Аристотель дүниені түсіндірді, ал Ибн Рушд Аристотельді түсіндірді».

Әл-Ғазали, қалай дегенмен де, философтардың (айталық, Ибн Синаның) Құдай жөніндегі философиялық пайымдауларына үлкен күдікпен қарайды. Философиядағы Абсолют Құрандағы Құдай емес. Егер де философия Құдай сөздеріне қайшы келетін болса, онда философиялық түсінік жоққа шығарылуы тиіс. Ибн Рушд әл-Ғазалиді қостамай, философиялық тұжырымдар мен Құран сөздерінің арасында ешқандай қайшылық болмайды, – дейді. Мұсылман дінін біз шындық ретінде қабылдаймыз және ол білімге бастайтын ізденістерді қолдайды. Біз, мұсылмандар, – дейді Ибн Рушд, ғылыми зерттеулердің Құран қағидаларына қайшы келмейтініне сенеміз. Өйткені ақиқат ақиқатқа қайшы келмейді, керісінше, онымен үйлеседі және оны паш етеді (Қара: Скирбек Г. Гилье Н. История философии .. С.252). Олай болса, ғылым мен Құран сөздерінң арасындағы айқын қайшылықтарды қалай түсіндіруге болады? Осыған байланысты Ибн Рушд кейін Батыс философиясында кең орын алған талдау (интерпретация) принципін ұсынады. Оның ойынша, Құран сөздерін тап сол күйінде, тура мағынасында түсінбеу керек. Олардың астарында талай сыр жатыр. Неміс философы Ф. Ибервег (1826-1871 ж.ж.) мынадай қызық пікір айтады: Мұсылман мистиктерінің түсінігінде Құранда 7 немесе 70 немесе 700 қабаттан тұратын мағына бар. Құранды тек қарапайым надан адам ғана тура мағынасында түсінеді. Бұдан шығатын қорытынды: философтың ілімі ешуақытта да Құранға қайшы келмейді, себебі 700-ге жуық мағынаның ішінде философтың ойын растайтын ең болмаса бір мағына болуы мүмкін (Қара: Рассел Б. История западной философии… С.486). Б. Расселдің пікірінше, Аверроэс мұсылман философиясынан гөрі христиан философиясына көбірек ықпал етті. Батыста «аверроизм» деген ХІІ ғасырға дейін танымал болған бағыт пайда болды. Егер де Шығыста Аверроэспен араб философиясы аяқталатын болса, Батыста философия одан бастау алады. Аверроэс латын тіліне ХІІІ ғасырдан бастап аударыла бастайды.

Авторлық сілтеме:
Рысқалиев Т.Х. Философия тарихы: Оқулық. / Т.Х. Рысқалиев, — Алматы: Экономика, 2015. 508 бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *