«Этикет» ұғымы. Этикет тарихы және оның түрлері. Белгілі бір елді қазіргі заманғы этикеттің отаны деп айтуға болмайды. Қазіргі кездегі этикет барлық халықтардың, яғни ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі дәстүрлердің жалғасы болып табылады. Этикеттің тарихында Қайта өрлеу дәуірінде Италия негізгі рөл атқарды. Ол кезде бүкіл қалған Еуропа үшін ХIV ғасыр өзара қырқысқан соғыстар ғасыры болды, ал феодалдық тәртіп әлі де толық күйінде сақталды, Италия адамдар арасындағы ізгілікке негізделген жаңа мәдениеттің, жаңа көзқарастардың, жаңа қарым-қатынастардың еліне айналды. Әділдігіне жүгінсек, бұл елді этикеттің отаны деп атауға әбден болады. Этикет – француз сөзі, мінез-құлық мәнерін білдіреді. Оған қоғамда қабылданған әдептілік пен сыпайылық ережелері жатады. Этикет адамдардың лауазымына және қоғамдағы орнына байланысты емес бәріне тән қайырымдылықты және құрметтеушілікті білдіреді. Ол әйелдерге сыпайы болуды, үлкендерді құрметтеуді, адамдардың өзара қарым-қатынас жасау және сәлемдесудің түрлерін, әңгімелесудің ережелерін, дастархан басында өзін ұстай білуді қамтиды. Тұтастай алғанда өркениетті қоғамда этикет сыпайылықтың жалпы талаптарына сәйкес келеді, оның негізінде ізгіліктің принциптері жатады.

Этикеттің бірнеше түрлері бар, оның негізгілері болып табылатындар:

  • сарай маңындағы этикет;
  • дипломатиялық этикет;
  • әскери этикет;
  • жалпы азаматтық этикет.

Дипломатиялық, әскери және жалпы азаматтық этикеттің ережелерінің басым бөлігі бір-біріне көбінесе сәйкес келеді. Олардың арасындағы ерекшелік дипломаттардың этикетін сақтауға баса мән берілетіндігінде деуге болады, өйткені, оны сақтамау немесе ондай ережелерді бұзу елдің немесе оның ресми өкілдерінің беделіне нұқсан келтіреді және мемлекеттер арасындағы қатынастардың күрделілене түсуіне әкеп соқтырады. Этикеттің ережелерін қалыптастырудың ерекшелігін есте ұстау керек: адамзаттың өмір сүру жағдайларының өзгеруіне, білім мен мәдениеттің өсуіне орай мінез-құлық ережелері бірінен екіншісіне ауысып отырады. Бұрын өрескел көрінетін нәрсе, енді керісінше жалпыға ортақ сипат алады. Ең бастысы, этикеттің талаптары абсолюттік, өзгермейді емес: оны сақтау жергілікті жерге, уақытқа және жағдайларға байланысты. Бір жерде, белгілі бір жағдайларда тіптен мүмкін болмайтын мінез-құлық басқа жерде және өзге жағдайларда орынды болуы әбден мүмкін.

Этикет нормаларының мораль нормаларынан ерекшелігі шартты түрде болады, олар адамдардың мінез-құлқында жазылмаған келісім тәрізді сипат алып, жалпыға ортақ қабылданады. Әрбір мәдениетті адам этикеттің негізгі нормаларын біліп және оны сақтап ғана қоймай, сонымен қатар белгілі бір ережелер мен өзара қарым-қатынастардың қажеттілігін түсінуі қажет. Мәнерлер көбінесе адамның ішкі мәдениетін, оның өнегелілік және интеллектуалдық сапасын көрсетеді. Қоғамда адамның өзін-өзі ұстай білудің зор маңызы бар: ол адамдармен қарымқатынас жасауды жеңілдетеді, өзара ұғынысуға жетелейді, жақсы, байсалды өзара қарым-қатынас орнатады.

Қазіргі заманғы этикет адамдардың тұрмыстағы, қызметтегі, қоғамдық орындардағы және көшедегі, қонақтағы, ресми шаралардағы — қабылдаулардағы, салтанаттардағы, келіссөздердегі мінез-құлқын реттейді. Сонымен, этикет – бүкіл халықтардың көптеген ғасырлар бойы рухани мәдениет саласындағы — қайырымдылық, әділдік, адамгершілік туралы, материалдық мәдениет саласындағы – сұлулық, тәртіп, қолайлы өмір сүру, тұрмыстық жағдай туралы олардың түсініктеріне сәйкес қалыптасқан адамзат мәдениетінің, өнегелілігінің, моралының өте ауқымды әрі маңызды бөлігі.

Бақылауға арналған сұрақтар:

1. Этикет өзіне нені қамтиды?
2. Этикеттің негізгі түрлерін атаңыз.
3. Этикеттің қандай түрлері бәрінен бұрын қалыптасты?
4. Қарапайым халықта этикет болған ба?
5. Қазіргі заманғы этикетті қалыптастырудың қандай ерекшеліктері бар?
6. Өркениетті қоғамның моралы неге негізделген?
7. «Студент этикеті» деген бар ма?