Микоплазмалардың морфологиялық ерекшеліктері. Өсімдіктердің сарғылттану ауруын қоздыратын ағзалардың вирустардан біраз айырмашылығы бар екені белгілі болды. Олар микоплазмалар деп аталады. Біраз ерекшеліктері жағынан вирустарға жақын тұрса, кейбіреулері бактерияларға ұқсас келеді. Микоплазмалардың пішіні көбінесе дөңгелектеу, дене көлемі 300-ден 800 нанометрге (нм) дейін жетеді. Электронды микроскоппен олардың жасушалары өте жұқа, үш қабатты мембранамен көмкерілген, рибосом тәріздес грануладан тұратыны анықталды. Цитоплазмасында ДНК-дан тұратын ядро, ал шеттерінде нуклеин қышқылдары және зат алмасу үрдісін өз бетімен жүргізетін ферменттер жинақталған.

Микоплазмалар аналық жасушалардың бөлшектенуі немесе бүрлену арқылы көбейеді. Құрамы өте күрделі жасанды орталарда өсіп, колониялар түзеді. Түр-тұрпаты бойынша өсімдік және адам мен жануарлар ауруын қоздыратын микоплазмаларды бір-бірінен ажырату қиын, тек биохимиялық, серологиялық және биологиялық әдістерді қолдана отырып анықтауға болады. Оларды анықтаудың биологиялық тәсілі микоплазма түрлеріне сезімтал өсімдіктерді пайдалануға негізделген. ПЦР және ДНК тексерулері жиі қолданылады.

Микоплазмалар қоздыратын аурулардың негізгі белгілері — жапырақтардың сарғайып, жыныс және өсу мүшелерінің шектен тыс көбеюінен өсімдіктердің сырт тұрпатының өзгеруі. Олар қоздыратын аурулар өсімдік вироздарынан келесі ерекшеліктерімен ажыратылады. ►Инфекциясы тек бунақденелілермен, көбінесе шиландар арқылы таралады, ауру қоздырғышы тасымалдаушыда ұзақ мерзім жасырын сақталады; ►Ауру қоздырғышы өсімдік жасушасында немесе тасымалдаушыда жоғарғы температурада (400С) тіршілік қабілетін жоймайды; ► Алдын-ала зарарсыздандырылған бунақденелілерді ауруға шалдыққан өсімдіктердің шырынымен залалдағанда оларға кесел жұғады.

Аурулардың сырт белгілері, негізгі түрлері және таралу ерекшеліктері. Бұрын өсімдік вироздарына жатқызылып келген 20-дан астам аурулардың қоздырғышы микоплазмалар екені анықталды. Жалпы алғанда «өсімдіктердің сарғылттануы» деп аталатын аурулар төрт түрге бөлінеді: нағыз сарғылттану, столбур, мыстан шашақ және азғындау. Табиғи жағдайда өсімдіктердің түрі мен сорты, ауруға шалдығу мерзімі, тасымалдаушы мен қоршаған орта жағдайына байланысты бір дақылда оның бірнеше түрі кездесуі мүмкін.

Сарғылттану ауруына шалдыққан өсімдіктердің сабақтарының буынаралықтары ұзарады. Микоплазмалар тіршілігінің нәтижесінде флоэма жасушалары некроздалып, ауруға шалдыққан жапырақтар сарғылт тартады, өсімдіктер бойы өспей бәкене болып қалады немесе солады. Залалданған жапырақ түтікшелері ақшыл тартып, сарғайып, жасыл реңінен айрылады, ауру біртіндеп басқа мүшелерге таралады. Кейбір микоплазма ауруларында флоэма жасушаларының шамадан тыс көбеюі (гиперплазия) немесе көлемінің үлкеюі (гипертрофия) сияқты морфологиялық өзгерістер байқалады.

Микоплазмалар қоздыратын аурулар микоплазмоз деп аталады. Олар астық дақылдары мен алқа тұқымдастарда, жүзім мен кейбір жеміс ағаштарында кездеседі. Бидайдың ақшыл-жасыл қортықтануының алғашқы белгілері сабақ түтіктене бастағанда анық байқалады. Ауруға шалдыққан өсімдіктердің бойы өспей, гүлдері ұрықтанбай, аталықтары мен аналықтары кіріккені байқалады, нәтижесінде масақта дән арагідік түзіледі және шөпек келеді. Ауру тасымалдаушысы Psammotettix striatus цикадасы.

Алқа тұқымдастарда 40-қа жуық микоплазмоздар белгілі. «Мыстан шашағы» деп аталатын ауру картоп пен қызанақта, темекі мен меңдуанада, т.б. мәдени және жабайы өсімдіктерде кездеседі. Оған шалдыққан картоп сабақтары жіңішкеріп, түйнектері шамадан тыс көп түзіледі, өте майда келеді. Микоплазма бөлшектері жапырақтарда, сабақтардың флоэмасы мен су және қоректік заттар жүретін түтікшелерде кездеседі. Ауру тасымалдаушысы Peragilla sinnata цикадасы.

Қызанақ столбуры — аса зиянды ауру. Негізгі ие-өсімдік пен картопта, баялдыда, шырмауық және т.б. жабайы өсімдіктерде кездеседі. Ауруға шалдыққан картопта оның белгілері 20-30 тәуліктен кейін ғана байқалады. Жапырақтардың шеттері жоғары ширатылып, қасық тәріздес келеді, жоғарғы ұшы күлгін тартады. Қызанақ пен темекінің және басқа өсімдіктердің гүл шоғырларында біраз өзгерістер байқалады, тостаған жапырақшалары ісініп, ұлғаяды, желектері жасыл реңге боялып, күлте жапырақтар түзілмейді. Столбур ауруын микоплазманың екі түрі қоздырады. Біріншісі қызанақ жемістерінің жолақтануы мен теңбілденуі, екіншісі — жапырақтардың антоцианды реңге боялуының себепшісі. Қызанақта аурудың екі түрі де байқалады, жемістері жолақтанады немесе теңбілденеді, олар қатайып, жеуге жарамсыз келеді және жапырақтарының ұштары күлгін тартады.

Ауруларды анықтау әдістері және күресу шаралары. Өсімдік микоплазмаларын анықтау үшін кәдімгі микроскопты пайдалануға болады. Көкшіл толуидинмен алдын-ала боялған микрокесінділер 500-1000 есеге жуық үлкейтіліп қаралады. Аса көгілдір сәулені пайдалану арқылы микроскоппен микоплазма бөлшектерін көруге болады. Залалданған өсімдіктер жасушасынан немесе тасымалдаушы бунақденелілерден оларды бөліп алып, СМ-ИМВ-2 деп аталатын арнайы сұйық ортада өсіріп, патогендік қасиетін анықтайды.

Микоплазмоздарды таратуда ауру тасымалдаушы бунақденелілер, атап айтқанда цикадалар, үлкен рөл атқарады. Олардың 60- тан астам түрі белгілі. Аурудың тұқым арқылы немесе залалданған аналық өсімдіктен ұрпақтарына тікелей таралуы нақты дәлелденбеген. Механикалық жолмен және өсімдіктерді баптау кезінде қолданылатын құрал-саймандар арқылы да таралуы мүмкін. Сонымен қатар, оларды бір өсімдіктен екіншілеріне таратуда тоғышар өсімдіктердің, атап айтқанда сары шырмауықтың, атқаратын рөлі өте зор. Микоплазмоздардың таралуы мен зияндылығын шектеуде агротехникалық шаралар мен алғы дақылдар және себу мерзімі біраз рөл атқарады. Сонымен қатар, ауру тасымалдаушыларына қарсы инсектицидтер қолдану қажет. Ауру қоздырғышы сақталатын түсік тұқымнан өнген өскіндер мен арамшөптерді жоюдың маңызы зор. Вегетативті жолмен көбейетін өсімдік мүшелерін термотерапия арқылы айықтыруға болады. Көптеген мәдени дақылдар мен сәндік өсімдіктердің көшеттерін аурудан айықтыру үшін оларды 40-500С аралығындағы температурада 1-3 сағат, ал кейде 5- 10 минут қыздыру жеткілікті. Кейбір өсімдіктерді айықтыру үшін бірнеше тәулік қажет. Мәселен, гладиолус пен астра гүлдерін сары аурудан айықтыру үшін, олардың жуашықтарын 420С температурада 2 аптадай ұстау қажет. Таңқурай көшеттері үшін 410С температурада 14 тәулік, ал құлпынайды айықтыруға 450С температурада 1 сағат жеткілікті, 370С — 21 тәулік кетеді.

Авторлық сілтеме:
Қойшыбаев М., Жанарбекова; Жалпы фитопатология. Аграрлық университеттердің «Өсімдік қорғау және карантин» мамандығы бойынша дайындалатын студенттеріне арналған. //Оқу құралы. — Алматы, ҚазҰАУ, 2013 жыл. — 280 бет. (Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі, профессор А.О. Сағитов).

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *