Орыс әдебиетінде мынадай «Біз бәріміз Гогольдің «Шинелінен» шықтық» деген нақыл сөз бар: Сол сияқты испан философиясының маңдай алды өкілдері Унамуно мен Хосе Ортега да Сервантестің «Дон Кихотынан» шыққандар. Унамуноның өзінің айтқаны бар: «Бүкіл испан философиясы Сервантестің «Дон Кихотында» деген.

Унамуно таза философ емес, әдебиетші, ақын, публицист, ғалым (филология докторы атағын 20 жасында алады), ойшыл. Университетте тілден, әдебиеттен сабақ берген. Негізгі шығармалары: «Сервантестің Дон Кихоты мен Санчосының өмірі», «Мигель де Унамуноның түсіндіруімен» (1905 ж.), «Менің дінім және басқа да очерктер» (1910 ж.), «О трагическом чувстве жизни у людей и народов» (1913 ж.). Бұл шығармада, атынан көрініп тұрғанындай, оптимистік көзқарастың күйреуі сөз болады.

Бүкіл философияның, діни көзқарастың бастауы, Унамуноның ойынша, адамның, адамдардың өмірінің мәнін, өтпелілігін, қас-қағым сәт екенін түсініп, осы қысқа өмірді қалай өткізу керек деген ой-толғам. Адам өмір жөнінде ойланып қоймайды, өлім жөнінде де ойланады. Өмірмен бірге тірілерге өлім де – сабақ.

ХХ ғасырдың басындағы Испаниядағы диктаторлық өкіметтің саясатына Унамуно ашық қарсы шығып, түрмеге жабылады. Кейін ебін тауып қашып шығып, сегіз жылдай Францияда эмиграцияда болады. Парижде «Христиандықтың жанталасы» деген кітабын жазады. Примо де Ривераның өкіметі құлағаннан кейін еліне оралып, оқытушылық, саясаткерлік қызметін жалғастырады. Испанияда республика жарияланғаннан кейін парламентте депутат болады. Хосе Ортега ол жөнінде: «Унамуно өмір бойы өзінің мәңгілік серігі, досы әрі жауы – өлімнің құшағында болды. Оның барлық өмірі мен философиясы – өлім жөнінде ойланып толғану еді», – деп жазады.

«Дон Кихот пен Санчоның өмірі…» деген шығармасында Унамуно Шопенгауэрдің ізімен адамзат дүниесін құратын негіз ақыл емес, ерік деп жариялайды. «Танымаған нәрсені керек етуге болмайды» деген ескі нақыл сөзді өзгертіп, Унамуно: «Керек емес нәрсені тануға болмайды» деген нақылға айналдырады. Бұл арада ол танымның мақсатсыз жүзеге аспайтынын айтып отыр.

Ақиқаттың өлшемі, Унамуноның ойынша, теориялық пайымдау, дәлелдеу емес – нақты өмір. Егер де сенім менің творчестволық шабытыма, рухани жетілуіме арқау болса, онда оның дұрыстығының, не бұрыстығының дәлелі кімге керек? Егер де математика ғылымы қырып-жоюдың, соғыстың құралы болса, онда оның қағидалары теориялық тұрғыдан мінсіз болса да, практикалық тұрғыдан теріс болғаны. Егер де алыс жолда сіз өлердей шөлдесеңіз және алдыңыздан сағым көл болып бұлдыраса, сіз анадан оған жетуге асығасыз, шаршағаныңыз ұмытылып, сізге күш қосылады. Сол арада су табылып, шөліңіз қанса, сіз анадан қайтадан туғандай сезімге бөленесіз. Сағым сонда сізге шындық болып шығады. Ақиқаттың өмірдегі функциясы – адамды іс-қимылға құлшындыру. Бұл арада біз бастапқы экзистенциализмнің прагматизмге жақындау екенін көреміз.

Бәрін өлшеп-пішіп анықтауға әзір тұратын шолақ ақылды Унамуно жақтырмайды. Оған алды-артын, ақыр соңын ойламайтын ессіздікті (безумие) қарсы қояды. Бізге кейде осы ессіздік жетіспей жатады дейді. Дон Кихоттың ессіздігі рухтың биіктігіне және кіршіксіздігіне байланысты. Бұл -рухани кеңдіктің мәңгілік үлгісі. Адамзат нақты өмір сүрмейді, нақты өмір сүретін – адам. Адамзат жөнінде қам жеудің қажеті жоқ, адамның жайын ойлау керек. Нақты адамның өмірі – шым-шытырық, жұмбақ, түсініп болмас иррационалдық. Өмір ешбір формулаға көнбейді. Адамға да ешбір теориялық дефиниция сай келмейді. «Мен ақылды мойындамаймын, – деп мәлімдейді Унамуно, – мен оған қарсы шығамын». Өйткені, ақылдың, ғылымның адамға жаны ашымайды. Бұл арада мәселе ақылда емес, ақылды тым әсірелеп, бәрін ақылға жеңдіруге тырысатын рационалистік көзқараста. Өмірдің мәні жөнінде, біздің мәңгілік өмірді аңсауымыз жөнінде ақыл, ғылым бізге ештеңе айта алмайды. Демек, өмір мен рационалдық – қарама-қарсы нәрсе. Өмірді жан-жақты бейнелеу үшін ұғымдар жеткіліксіз болады. Өмір ақылдың оны түсіндірмек болған әрекеттеріне көнбейді. Ғылымда, Унамуноның ойынша, оның алдында тізе бүгіп, бас июге тұратын ештеңе жоқ. Ақиқат та табынарлық күш емес. Қырыпжою қаруын ойлап тапқан ғылымға қарапайым адам бас ие алмайды. Ғылым өз алдына өмір сүрмейді, тек адам арқылы, адам санасында өмір сүреді. Олай болса, біз ғылымға емес, ғылымды ойлап тапқан адамға табынуымыз керек.

Біздің Құдайды сүюіміз, Құдайға сенуіміз рациональдық дәлелдерге сүйенгендіктен емес, біздің өлімге мойынсұнбай, қалай еткенде де оған қарсы қояр амал іздегенімізден. Өлімді сезу және оған қарсы амал іздеп әлек болу өмірдің қайғылы сезімін туғызады. Бұл сезім бізді қайта-қайта Құдайға жүгінуге, Құдайды ойлап табуға мәжбүр етеді.

Ешкім де мені ақыл, ғылым арқылы Құдайдың барлығына да, жоқтығына да сендіре алмайды, – деп жазады Унамуно. – Атеистердің пікірі теистердің пікіріне қарағанда ақылға сыйыңқырамайды. Мыңдаған жылдар бойы бүкіл есті адамзат Құдайға, дінге сеніп келеді, ал ғылымға, ақылға арқа сүйеген азғана топ Құдайды жоққа шығарғысы келеді. «Құдайдың бар жоғын біле алмаймыз» деген агностиктердің пікірін қостамай, Унамуно: «Мен Құдайдың баржоғын ешқашан да білмеспін, бірақ білгім келетіні анық», – деп наразылық білдіреді.

Авторлық сілтеме:
Рысқалиев Т.Х. Философия тарихы: Оқулық. / Т.Х. Рысқалиев, – Алматы: Экономика, 2015. 508 бет.