Қорғасын, сынап, мышьяк және кадмий адам денсаулығына кері әсерін тигізетін ауыр металдар болып есептеледі және олар осы жерде талқыланады.

Қорғасын

Қорғасынның әсеріне шалдығу ластанған ауа және тағам арқылы орын алады. Жиырмасыншы ғасыр бойында қоршаған ортадағы қорғасынның шығатын негізгі көздеріне құрамында қорғасын бар үй бояулары мен бензин (газолин) жатты. Қорғасынға негізделген бояулар мен қорғасыны бар газ айтарлықтай азайғандығына қарамастан, қорғасынмен ластану, әсіресе, жас балаларда денсаулыққа қауіп туғызушы маңызды мәселе болып отыр. Қорғасынның қоршаған ортадағы көздері өте көп, оларға шахталар, балқыту цехтары, батареялар және шашырылатын бояулар жатады, олардың бәрі кәсіби қауіптіліктерді құрастырады. Дегенмен, ескі үйлердегі сыдырып алынатын қорғасын бояуы және топырақтан ластану жасөспірімдер үшін үлкен қауіптің ошағы болып отыр, өйткені осындай ластану кезіндегі қорғасынның жұтылуы тәулігіне 200µg-ға дейін жетуі мүмкін. Іс жүзінде, басбармақ тырнағы өлшеміндегі қорғасынның жалғыз жарқыншағы құрамында 500,000 µg қорғасын табылады, егер ол толығымен абсорбция болған жағдайда өте жоғары уытты деңгейлерді туғызуы мүмкін. Ауруларды Бақылау Орталығының 2005 жылғы мәліметіне сәйкес, Құрама Штаттардағы 1.6% жас балалардың қанында қорғасынның деңгейі рұқсат етілген максималды 10 µg/dL деңгейден асып кеткен. Бұл пайыз 1990 жылдардағы 4.4%- дан төмендеген, бірақ қорғасынға негізделген бояулы үйлерде өмір сүретін жас балалардың қанындағы қорғасынның деңгейлері немесе қорғасынмен ласталған шаң негізінен рұқсат етілген максималды деңгейлерден асып кетеді. Жас балалар тағамнан қорғасынның 50%-ынан көбін абсорбция жасайды, ал ересектер – шамамен, 15% абсорбциялауы мүмкін. Жас балалардағы қан-ми барьерінің өткізгіштігі жоғарылау болуы мидың зақымдалуына гиперергиялықты туғызады.

Абсорбция болған қорғасынның басым көпшілігі (80-85%) сүйектерде және алғашқы (сүт) тістерде жинақталады; қорғасын кальциймен бәсекелес келеді, фосфаттарды байланыстырады және оның сүйектердегі жартылай ыдырау кезеңі – 20-30 жыл. Абсорбция болған қорғасынның 5-10%-ы қанда қалып қояды, ал қалғандары жұмсақ тіндер бойында таралады. Қорғасынның шамадан тыс деңгейі ересектер мен жас балаларда неврологиялық әсерлер туғызады; ересектерде перифериялық нейропатиялар басым болады, ал жас балаларда орталық нерв жүйесінің бұзылыстары жиі байқалады. Жас балаларда қорғасынмен созылмалы улануға шалдығудың әсерлеріне ақыл ес қабілеттілігінің төмендігі [төмен интеллектуалдық коэффициент арқылы анықталады], гиперактивтілік және ұйымдасушылық дағдыларының нашарлығы сияқты мінез-құлық мәселелері жатады. Ересектердегі қорғасынмен туғызылған перифериялық нейропатиялар, қорғасынның әсеріне душар болу тоқтатылғаннан кейін, негізінен қайтымды болып табылады, бірақ жас балалардағы перифериялық және орталық нерв жүйесінің бұзылыстары негізінен қайтымсыз болады. Қорғасынның шамадан тыс деңгейі ізбестенген шеміршектің қайтадан қалпына келуіне және сүйек тығыздығының жоғарылап кетуін туғызатын жас балалардың эпифизіндегі негізгі сүйек трабекуласына нұқсан тигізеді, бұл рентгенограммада рентген тығыздығы бар «қорғасын сызықтары» ретінде табылады (8.4-сурет). Қорғасын сызықтарының әр түрлері қызылиекте де орын алуы мүмкін, бұл жерлерде қорғасынның шамадан тыс деңгейі тістерге көршілес орналасқан қызылиек тінінің гиперпигментациясын туғызады. Қорғасын, хондрогенезді жоғарылату және шеміршектің минералдануын кешеуілдету арқылы сынықтардың бітуін тежейді. Қорғасынның экскрециясы бүйректер арқылы жүзеге асырылады, сондықтан жіті улану проксимальды түтікшелердің зақымдалуын туғызуы мүмкін.

Қорғасынның сульфгидрил топтарына туыстығы өте жоғары, сондықтан геме синтезінде қатысатын энзимдерге (аминолевулин қышқылы дегидратаза мен дельта феррохелатаза) нұқсан келтіреді. Геме ішіне темірдің кіруі бұзылады, бұл микроциттік, гипохромдық анемияға алып келеді. Өзіне тән белгіге эритроциттердің базофилдік түйіршіктілігі жатады. Қорғасын, сонымен қатар жасуша мембраналарындағы натрий- және калий-тәуелді аденозин трифосфатазалардың белсенділігін тежейді, бұл әсер қанның қызыл жасушаларының сынғыштығын жоғарылатып жібереді, сөйтіп гемолиздік анемияны туғызады. Қорғасынмен улануға диагноз қою оның таралуы туралы тұрақты түрде хабардар болуды талап етеді. Оған күдік жас балалардағы неврологиялық өзгерістерге немесе қызыл жасушалардың базофильдік түйіршіктілігі бар түсініксіз анемияға негізделуі қажет. Дәл диагноз қою үшін қандағы қорғасын мен еркін эритроцит протопорфирин деңгейлерінің жоғарылауы (>50µg/dL) немесе өз кезегінде цинк-протопорфирин деңгейі анықталуы қажет. Қорғасынның әсеріне шалдығудың жеңіл түрлерінде табылатын ең айқын бұзылысқа анемия жатуы мүмкін.

Сынап

Тарих барысында адамдар сынапты қуыстарды бояулау үшін пигмент, косметика, мерезге қарсы дәрі және диуретиктердің компоненті ретінде қолданудың көптеген жолдарын тапқан болатын. Сынап буының ингаляция болуы арқылы улану ежелден бері белгілі, ол тремор (діріл), гингивит және Льюис Кэрролдың Таңғажайып елдегі Алиса ертегісіндегі «Жынды қалпақ сатушы» кейіпкерінде байқалатындай оғаш мінезбен сипатталады. Бүгінгі күнде сынаппен уланудың негізгі көздеріне сынап буын бөліп шығаратын ластанған балық пен тіс амальгамалары (қоспалары) жатады. Дүниежүзінің кейбір аймақтарында, алтын кендерінде қолданылатын сынап өзендер мен жылғаларды ластайды. Жердің қыртыс қабатының табиғи газсыздандырылуы кезінде немесе индустриялық ластанудан кейін пайда болатын бейорганикалық сынап бактериялар арқылы метилденген сынапқа айналып кетеді. Метилденген сынап тағам өнімдерінің тізбегіне және семсер балық, акула, көк балық сияқты етқоректілерге енеді, ал олардағы сынаптың деңгейлері қоршаған сумен салыстырғанда миллион есе жоғары болуы мүмкін. Жапониядағы Минамата мүйісінде және Агано өзенінде орын алған метилденген сынаппен ластанған балықты, сонымен қатар Иракта метилденген сынап бар фунгицидтермен өңделген астықтан дайындалған нанды қолдану кең таралған өлім-жітімге және асқынуларға алып келді. Минамата мүйісінде орын алған жағдаймен байланысты пайда болған медициналық аурулар «Минамата ауруы» деген атпен әйгілі және ол церебралдық сал (паралич), кереңдік, соқырлық, нәрестелерде жатыр ішінде дамитын орталық нерв жүйесінің үлкен кемістіктері секілді өзгерістермен сипатталады. Өсіп келе жатқан ми метилденген сынаптың әсеріне өте сезімтал болады сондықтан жүкті әйелдерге құрамында сынап бар екендігі белгілі балықты қолданудың ең аз мөлшерге дейін жеткізілуіне кеңес беріледі. Тимеросал (құрамында этилденген сынап бар қоспа, ол жақын уақытқа дейін кейбір вакциналардың стабилизаторлары ретінде қолданылып келді) мен аутизм арасындағы байланыс болуы мүмкіндігі туралы көптеген мақалалар жарияланған болатын, бірақ дәлелі өте аз.

Италияда ренессанс дәуірінде мышьяк ең таңдамал у болып есептелген және Бургас пен Медичи адамдары арасында оны у ретінде қолданудың дағдыланған тәжірибелі практиканттары болған. Бүгінгі күнде мышьякпен қасақана уландыру өте сирек кездеседі, бірақ дүниежүзінің көптеген аймақтарында мышьяктың әсеріне шалдығу денсаулықтың маңызды мәселесі болып отыр. Мышьяк табиғи түрде топырақ пен суда табылады, сонымен қатар ағаштан жасалған бұйымдардың стабилизаторларында, гербицидтерде, басқа ауыл шаруашылығы өнімдерінде қолданылады. Мышьяк қоршаған ортаға шахталардан және қорыту өнеркәсіп орындарынан шығарылуы мүмкін. Бейорганикалық мышьяктың жоғары концентрациялары Бангладеш, Чили және Қытай сияқты елдерде ауыз су үшін қолданылатын жерасты суларында байқалады. Бангладеш мемлекетінде ең кем дегенде, 20 миллион адам мышьякпен ластанған суды ішеді. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау Ұйымы мәліметіне сәйкес, бұл қоршаған ортаның қатерлі ісікке алып келетін қауіптерінің ішіндегі ең жоғарғысы болып есептеледі.

Мышьяктың ең уытты түрлеріне сынап триоксидінің үшвалентті қоспалары, натрий арсениті және мышьяктың трихлориді жатады. Көп мөлшерде жұтылған жағдайларда мышьяк асқазан ішек жолы, жүрек-қантамырлары мен орталық нерв жүйесінің ауыр бұзылыстарымен сипатталатын жіті уыттылықты туғызады, олар жиі өліммен аяқталуы мүмкін. Бұл әсерлер митохондриялық тотығулық фосфорлану үдерісі нашарлауының салдары деп есептеледі. Мышьяктың созылмалы түрде әсер етуі терінің гиперпигментациясы мен гиперкератозы секілді өзгерістерін туғызады. Бұл өзгерістер кейінірек терінің базальдық және жалпақ жасушалы карциномаларының (бірақ меланомалар емес) дамуымен аяқталуы мүмкін. Терінің мышьякпен туғызылатын ісіктерінің күн сәулесімен туғызылатындардан өзгешелігіне олардың алақан мен табанда орналасуы және көптеген ошақтар түрінде пайда болуы жатады. Мышьяктың әсеріне шалдығу, сонымен қатар өкпе карциномаларының қаупі жоғарылауымен де сипатталады, бірақ тері мен өкпенің мышьякпен туғызылатын карциногенезінің механизмдері әлі де анықталған жоқ.

Кадмий

Осы бөлімде талқыланған басқа металдармен салыстырғанда, кадмий біршама болса да жаңа уытты агент болып есептеледі. Ол негізінен никель-кадмий батареяларында қолданылады және әдетте, үй қоқысы ретінде қарастырылады. Ол топырақ пен өсімдіктерді тікелей немесе тыңайтқыштар мен суарма су арқылы ластайды. Жалпы халық үшін кадмий әсеріне шалдығуының ең маңызды көзі болып тағамдық заттар есептеледі. Кадмийдің шамадан тыс концентрациясының денсаулыққа әсерлеріне өкпенің обструкциялы аурулары және бүйректің зақымдалуы жатады, соңғы жағдайда алғашқыда орын алатын түтікшелердің зақымдалуы бүйрек ауруының соңғы сатысына дейін үдеуі мүмкін. Кадмийдің әсеріне душар болу, сонымен қатар кальцийдің жоғалуымен сипатталатын қаңқа сүйектерінің бұзылыстарын туғызуы мүмкін. Жапонияда күріш плантацияларын суару үшін құрамында кадмий бар судың қолданылуы менопаузадан кейінгі әйелдердің «итаи-итаи» (ой!-ой!) ауруын туғызады, ол бүйрек ауруымен қабаттас байқалатын остеопороз бен остемаляцияның бірге орын алуымен сипатталады. Жақын арада жүргізілген зерттеу Құрама Штаттардағы 20 жасқа жеткен және одан асқан адамдардың 5%-ында несептегі кадмий деңгейлері жоғары екендігін анықтады, зерттеу мәліметтеріне сәйкес, осы жағдай бүйректің жеңіл зақымын және кальций жоғалуының күшеюін туғыза алады.

Ауыр металдардың уыттық әсерлері

• Қорғасын, сынап, мышьяк пен кадмий адамдарда уытты әсерлер туғызатын ауыр металдардың арасындағы ең жиі кездесетіндері болып табылады. • Жас балаларда жұтылған қорғасын ересектермен салыстырғанда көбірек абсорбция болады; жас балаларда қорғасынның әсеріне шалдығудың негізгі көзіне қорғасыны бар бояу жатады. • Қорғасынның шамадан тыс жиналуы жас балалардың орталық нерв жүйесінің кемістігін, ал ересектерде перифериялық нейропатияны туғызады. Шамадан тыс байқалатын қорғасын сүйектегі кальциймен бәсекелес болады, сондықтан шеміршектің қалпына келуін нашарлатады; ол сонымен қатар анемияны да туғызады. • Сынаптың әсеріне шалдығудың негізгі көзіне ластанған балық жатады. Өсіп келе жатқан ми метилденген сынапқа өте жоғары сезімтал келеді, ол мида аккумуляция болады да, ион каналдарын жауып тастайды. • Сынаптың жоғары деңгейлерінің әсеріне шалдығудан пайда болатын Минамата ауруына церебралдық паралич (сал), кереңдік пен соқырлық жатады. • Мышьяк табиғи жағдайда топырақ пен суда табылады және ол ағаштан жасалған кейбір бұйымдардың стабилизаторлары мен гербицидтердің компоненті болып табылады. Шамадан тыс жиналатын мышьяк митохондриялық тотығулық фосфорлануды нашарлатады және асқазан-ішек жолына, орталық нерв жүйесі мен жүрек-қантамырлары жүйесіне уыттық әсер етеді; оның әсеріне ұзақ уақыт бойында шалдығу тері аурулары мен карциномаларын туғызады. • Никель-кадмий батареяларынан және химиялық тыңайтқыштардан шығатын кадмий топырақты ластайды. Шамадан тыс жиналған кадмий обструкциялы өкпе аурулары мен бүйректің зақымдалуын туғызады.

Авторлық сілтеме:
Дерттану негіздері (жеке ағза мен жүйелердің аурулары): Оқулық / Кумар В., Аббас А. К., Фаусто Н., Р. Н. Митчелл / ауд. Қ. Қарымбаев – Алматы, 2016. – 732 бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *