Қазақстан Республикасының көкейкесті мұраты, стратегиялық мақсаты — өркениетті, құқықтық, демократиялық және әлеуметтік мемлекет құру. Осы биік меже алынған жағдайда еліміз дамыған мемлекеттердің әлемдік қауымдастығына енеді. Қазақстандықтардың басым көпшілігінің материалдық әл-ауқаты ойдағыдай болып, адамдардың өмір сүруі ұзарады, ел халқының тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына бөгет болып тұрған көптеген негативті құбылыстар ауыздықталады. Еңбекке жарамды азаматтардың барлығына дерлік жасампаз қызметпен айналысуына мүмкіндік жасалады. Осылай болуы нәтижесінде білім мен біліктілік, кәсіпкерлік пен еңбек, ғылым мен жаңашылдық экономиканы толассыз алға тартатын өндіргіш сапаларға айналады. Халықтың өрелі өндіргіш еңбекпен шұғылдануы олардың адами қасиеттерін ұштайды. Әлеуметтік ауытқулар: қылмыскерлік, нашақорлық, алкоголизм, жөзекшелік, парақорлық т.б. қауіпті шектен аспайтын болады. Девианттық құбылыстардың әлсіреуі адамдардың өмір сүру сапасын жақсартып мәдениеттің, өнердің, озық этникалық қасиеттердің өркендеуіне жағдай жасайды. Білім мен мәдениеттілік демократиялық үрдістерді нығайтып, азаматтық қоғам элементтері қалыптасады. Осындай қоғамдық қатынастар қалыптасуы барысында адам мемлекетке емес, мемлекет адамға қызмет ететін ахуал жасалынады. Билік иелері конституциялық принциптер мен заңдық актілер шеңберінде ғана елді басқаруға тиіс болады. Заңның құзырына барлық қоғам мүшелері бағынатын талап шындыққа айналады. Әсіресе табиғат, финанс, қуат ресурстарының ел халқының мұқтажы мен мүдделеріне қызмет етуі әлеуметтік әділеттілік принципінің басым болуына әкеледі. Ел байлығының халық мүддесіне бұрылуы ғылым мен техниканы, ақпарат пен технологияны барынша жылдам дамытуға ықпал жасайды. Осылай болғанда Қазақстан индустриалдық қоғамды жылдам орнатып постиндустриалдық қоғамға аяқ басады. Елдің шаруашылығы табиғатпен үйлесетін, шикізат ресурстарын үнемдейтін, экологияны сауықтыратын құрылым жасауға жетіседі. Жаңа экономикалық инфрақұрылым адам демалысы, денсаулығын жақсарта түседі.

Экономиканың модернизациялануы, жұмыссыздықтың күрт азайуына жеткізеді. Құрылымдық өзгерістер нәтижесінде экономиканың шикізаттық құрылымынан біртіндеп арылып, өндірушілік сипатқа ие болуы күшейеді. Соның арқасында елдегі ұсақ және ортақ меншік иелерінің саны еселеп өседі. Экономикалық өркендеу нарықтық қатынастардың әлеуметтік тірегі орта таптың қалыптасуына ықпал етеді. Байлығы бар, білімі бар, кәсіпкер мамандардан тұратын орта тап елдегі тұрақты дамудың қайнар көзіне айналатындығы даусыз. Қазақстан халқының тең жарымынан астамы орта тап өкілдері болғанда мемлекеттің әлеуметтік саладағы мақсат — мұраты іске асты деп айтуға болады.

Саралап тарата берсек өркениетті, демократиялық қоғамның позитивті сапалары мен игіліктерін тағы да жалғастыра беруге болады. Жоғарыда аталған мақсат-мұраттардың іске асуының өзі Қазақстан халқы мен мемлекеті үшін аса үлкен игілік пен табыс. Айтылған мемлекеттің мұраттары утопия мен елес емес. Осы құндылықтарды шындыққа айналдыру үшін Қазақстан Республикасында нақты мүмкіндіктер мен қажетті потенциал бар. Мәселе өркениетті қоғам құруға бағытталған ғылыми негізделген саясат жасай білуге және оны орындау мақсатындағы саяси элитаның шын ниетіне келіп тіреледі. Мақсатты саясат пен іс-қимылдың бірлігі арқасында өркениетті қоғамды Қазақстанда орнатуға болатындығына сенім мықты. Алдыға қойылған мемлекеттік стратегиялық міндеттерден ауытқымай қоғамдық күрделі құрылысының әрбір механизмін өркениетті ел болу мақсатына жұмыс істету маңызды. Ол үшін билік пен халықтың бірлескен еркі керек. Саяси элита, бизнес элита мақсаты жеке топтың мүдделері емес мемлекеттік өркениетті қоғам орнату мүдделеріне қызмет ету болуы шарт.

Өркениетті қоғам орнату ең алдымен экономикалық міндет екендігін естен шығармау абзал. Елді өркениетке бастау үшін саяси басымдылықтарды экономикалық басымдылықтарға бағындыру міндет. Бұл дегеніміз ел қуатын, қаржы ресурстарын, саяси билікті нығайтуға, саяси элитаның мұқтажын қаржыландыруға жұмсау емес, керісінше ортақ экономиканы дамытуға жұмсау деген сөз. Шикізаттық сфераны дамытуды қаржыландырудан тауар өндіруді қаржыландыруға бетбұрыс жасау пайдалы. Елдің Бүкіләлемдік сауда ұйымына енуі алдағы кезеңде тек бәсекелестікке қабілетті тауарлар өндіруді талап етеді. Біздің пікірімізше елдің тауар рыногының әлемдік тауарлар тасқынына ашық болуы жағдайында Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындаумен, немесе шикізат ретінде сатумен әлемдік нарық кеңістігінен өз орнын таба алады. Сондықтан ауыл шаруашылығы тауарларының сапасын жақсарту ел экономикасының жаңа тынысын ашатын негізгі басымдылық ретінде үнемі бірінші кезекте тұруы қажет. Ауыл экономикасын Қазақстан экономикасының тірегі ретінде бағалап, оны дамытуға барлық күш-жігерді жұмсасақ қана әлемдегі нарық рыногында беделге ие бола аламыз. Азық-түлік өнімдерін сатып алатын Қытай рыногының өзі ұшан-теңіз. Қытайға ет те, астық та, тері мен жүн де ұдайы қажет. Мәселе, оларға әлемдік нарық бағасымен сапалы өнім сатуға келіп тіреледі. Осыған қоса дәстүрлі Ресей рыногі, көршілес Индия мен Пакистан рыногтарын меңгеру арқылы Қазақстан ауыл экономикасын дамытудың сара жолына түсуіне болады. Ауыл халқының материалдық әл- ауқатының жақсаруы, оның жаңарған әлеуметтік инфрақұрылымы елдегі жаңа демографиялық дүмпуге жол ашар еді. Ауыл халқының өсуі арқылы 20 миллиондық халық саны межесіне жету тез арада болатын құбылыс. Оны 60-70 жылдардағы ауыл экономикасының дамуы жағдайында болған демографиялық дүмпу дәлелдеп кеткен. Әрине, қазіргі психологиялық ахуалдың өзгешелігін ескере отыра жүргізілген демографиялық саясат өз нәтижесін берері даусыз. Ауыл экономикасының дамуына Қазақстандағы демографиялық ахуал тәуелді деп айтуға негіз бар. Себебі, урбанизацияланған қала халқының әл-ауқаты қанша жақсарғанымен қалада халық санының айтарлықтай өсуі болмайтындығын әлемдік әлеуметтік тәжірибе үнемі дәлелдеп келеді. Сондықтан ауыл өмірін жаңарту арқылы демографиялық өсімге қол жеткізе аламыз. Ауылда қазақ ұлты өкілдерінің санының еселеп өсуі этностың тілін, мәдени кеңістігін, ақпараттық ұясын, ұлттық ділін сақтауға және дамытуға көмектеседі. Қазақ ұлты тағдыры ауыл тағдырымен бірге түйіншіктелген. Ауыл мәселесін шешу арқылы ұлт тағдыры мәселелерін қат-қабат шеше бастаймыз.

Демек, өркениетті қоғам құруда бірінші басымдылық өркениетті экономика құру. Ол үшін экономикалық тұрақтылықтан ұдайы болатын тұрақты экономикалық дамуға қол жеткізу шарт. Қазіргі Қазақстан экономикасында мұндай бетбұрыс жасауға негіз бар деп сенімді айтуға болады. Қазақстан өтпелі кезеңде 1991-1994 жылдар аралығында болған экономикалық дағдарыстан шыға алды. Экономикалық дағдарыстың тым ауыр болғанын мына деректер көрсетеді. 1989 жылы республиканың әр жанбасының табысы 2600 американ доллары болса 1994 жылы ол 620 долларға дейін кеміген. /1/. Сол кезде Гиллер институты жүргізген әлеуметнамалық зерттеулерге қарағанда 1994 жылы қала тұрғындарының 69 пайызының жағдайы нашарлап және тым нашарлап кеткен. 18 пайыз қала жұрты бұрынғы өмір деңгейін сақтай алса, жағдайы жақсарғандар мөлшері 11,2 пайыз ғана болған /2/. Дағдарыстың ауыр жылдарында Қазақстан халқының 70 пайызы кедейленіп және қайыршыланып кеткен болатын.

Қазақстан үкіметінің экономиканың негізгі салаларын қамтитын құрылымдық реформалары сәтті болады. Сонымен қатар әлемдік шикізат рыногындегі бағаның Қазақстанға қолайлы болуы ел экономикасын дағдарыстан шығаруға көмектесті. Соңғы 1999-2003 жылдар аралығындағы 4 жылдағы ішкі жиынтық өнім (ІЖӨ) өсуі 49 пайыз болды /3/. 1994 жылы жан басына шаққанда 620 АҚШ доллары болған ІЖӨ мөлшері 2003 жылы 1649 долларға көтерілді /4/. Қазақстан экономикасы жоспарланған межеден 1 жылға жуық жылдам дамуда. 2003 жылы ІЖӨ 2000 жылмен салыстырғанда 31,9 пайызға артуы тиіс болса, ол соңғы үш жылда 36,6 пайызға дамыған. /5/. Әлемдік қаржылық дағдарыс жылдарында даму тежелді. Алайда қиыншылықтарға қарамастан, ел халқының әл-ауқаты елеулі мөлшерде жақсарғанымен бұл деңгей дамыған мемлекеттер деңгейінен әлі де төмен. ІЖӨ-нің өсуінің қазіргі қарқыны жаман емес. 2009-2010 жылдары оның көлемі 7500 АҚШ долларына жетуі қамтамасыз етілді. Қазіргі Қазақстан экономикасының дамуы дәрежесі бойынша ТМД елдерінің барлығының алдына шығуға тақау. Әзірше Ресей ғана Қазақстаннан бір қадам ғана алда тұр. Қазақстан экономикасының дағдарыстан шығып, дамудың сара жолына түсуі оның алдағы тұрақты дамуының кепілі болмақ. Ресей сарапшылары, халықаралық сарапшылар Қазақстан экономикасының даму келешегіне сенімділікпен позитивті баға беруде.

Алайда тұрақты дамуды ХХІ ғасырда ұдайы үрдіске айналдыру міндеттерін шешу үшін маңызды шараларды іске асыру қажет. Бірінші міндет, ел экономикасының шикізаттық бағытын тауар өндірісі бағытына ауыстыру болмақ. Себебі ел табысының 27 пайызын қазір шикізат ретінде сатылатын мұнай мен газ беріп отыр. Бұлар келешекте аса қымбаттайтын стратегиялық ресурстар. Оларды үнемдеу ел келешегін қамтамасыз етеді. Дамыған елдерде мұнай табысының үлесі осыншама үлкен емес. Мысалы, АҚШ –та 8 пайыз, Норвегияда 8,6 пайыз, Біріккен Араб Эмиратында 18,2 пайыз /6/. Ел байлығы мен мемлекет табысын тек мұнай мен газ секторына тіреп қою қателік. Бұл шектеулі ресурстар. Оны аса сақтықпен, үнемшілдікпен және тиімді пайдаланған жөн. Сондықтан Қазақстан табиғат қойнауы мен стратегиялық ресурстарына зиянын тигізбейтін өнеркәсіп салаларына бетбұрыс жасауы дұрыс.

Мысалы, сарапшылар Каспий теңізінің биоресурстарын дұрыс пайдалану арқылы мұнайдан да артық пайда табуға болатындығын айтуда. Бекіре мен уылдырық өндіруді өндірістік жолға қою маңызды. Ол үшін бекіре тектес балықтардың шабақтарын миллиондап жасанды өсіретін балық шаруашылықтарын ұйымдастыруға және оның сапасын жақсартуға көп қаржы бөлген жөн. Мемлекет кірісінің үштен бір бөлігіне жуығын шикізатқа тәуелді етіп қою қауіпті. Шикізатқа тәуелділіктің осы шегінен шығуға болмайды. Мемлекеттік бюджетке кірістің ең сенімді және қауіпсіз көзі-дәстүрлі астық шаруашылығын дамыту. Әлемдік жаһандық табиғат өзгерістері Қазақстанның астық өндіретін аймақтарында қолайлы климат туатындығын болжауда. Қазақстан астығы сапасына тек Канада мемлекеті астығының сапасы ғана пара пар. Клейковинасы мен қамырлылығы жоғары Қазақстан астығын келешекте Европа, Қытай, Индия сияқты мемлекеттер жоғары бағамен сатып алуға мүдделі болады. Осы әлемдік табиғат өзгерістеріне жауап беретін астық шаруашылығы мен мал шаруашылығын ғылыми жолмен ұйымдастырсақ Қазақстан ХХІ ғасырдың екінші жартысында әлемдегі ең бай мемлекетке айналады, шикізатқа сатуға тәуелділіктен толық құтылады деп болжауға болады. Мәселе, жерді дұрыс пайдалануға, астық өнімдері мен мал тұқымдарын асылдандыруға, ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын жақсартуға келіп тіреліп отыр. Ауылшаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыру арқылы Қазақстан экономикасы жаңа деңгейге көтерілері даусыз. Ол үшін жаңа аграрлық саясатты жасау және оны іске асырудағы үкімет табандығы қажет. Бұл кешенді міндетті шешу ісі енді ғана басталды. Ол үшін 2003-2005 жылдары ауылшаруашылығын дамыту жылдары деп жариялау тек зор шаралардың бастапқы кезеңі ғана. Ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру, оны өңдеу және сапасын жақсарту арқылы әлемдік азық-түлік рыногынан беделді орын алуы ең келелі міндет ретінде үкімет назарында болуы керек. Осындай стратегиялық міндет шешілгенде Қазақстан әлемдік қауымдастықтағы өркениетті және өзін-өзі толық қамтамасыз ететін мемлекетке айналды. Дайын техникалық құралдар, автомашиналар, күнделікті тұтыну тауарларын өндіріп, әлемдік рынокта жеңіске жету қиын. Сондықтан, Қазақстан астық, ет, тері, жүн, алтын, мыс, балық пен уылдырық өнімдерін сапалы өндіру арқылы ғана үлкен табысқа, байлығымен әлемдік беделге ие бола алады. Себебі адамға керекті өнім түрлерінің барлығын бір елде және оны сапалы өндіру тіптен мүмкін емес. Әр ел қандай өнім өндіруге күші келеді, кәсіпкерлігі оның сапасын қамтамасыз етуге жетісетіндігін білу маңызды. Қазақстанға автомобиль өндіру қажет емес, өйткені Жапонияға, Германияға және Оңтүстік Кореяға біз жете алмаймыз. Олардан автомобилдер алып, дайын азық-түлік сатсақ пайдалы болар еді. Шикізат ресурстарын сатудан құтылып, дайын өнімдер мен, азық- түлікті сыртқа шығару Қазақстан халқының өмір сапасының жақсаруының айғағы болар еді. Әрине табиғат байлықтары Қазақстанның әлемдік бәсекелестікте басымдылығы, артықшылығы. Шикізат сатуды тоқтатып тастауға да болмайды. Мәселе, мұнай, газ ресурстарын үнемдеу, оның ұлттық табыстағы мөлшерін төмендетуге келіп тіреледі. Алдағы 30 жылда Қазақстан мұнай, газ сатуға қабілетті. Ал осы басымдылықты шикізат көздерін үнемдеу арқылы ХХІ ғасыр аяғына дейін сақтауға болады сонда біз бүгінгі ұрпақты ғана емес, қазақстандықтардың келер ұрпақтарының бай — қуатты өміріне плацдарм жасаймыз.

Кеңес Одағы кезеңінде Қазақстан жылына 20 тоннадан артық алтын өндіргенмен оған қожалық ете алмады. Қазір 1989 жылғы 9,5 тоннадан алтын өндіру 2002 жылы 17 тоннаға көтеріледі, 2005 жылы 25 тонна алтын өндірілмек. Соңғы жылдар жылына 900 тоннадан астам күміс өндірілуде. Сонымен бірге Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 2003 жылдың соңында 30 млрд. АҚШ долларына жуықтап, оның жыл сайынғы өсімі 10-13 пайызды құрап отыр. Бұл әлемдегі үздік көрсеткіштердің бірі. Банктердің активі 8 млрд. доллардан асып, ұлттық қорға 3,5 млрд. доллар жинақталды. Білім мен денсаулықты сақтау реформалау ең алдымен бұл салалардың материалдық базасын бүгінгі заман талаптарына сай дәрежеде жарақтауға келіп тіреледі. Ғалымдардың, мұғалімдердің, дәрігерлердің жалақысы өспей, мектеп пен ауруханалар жаңа керек–жарақпен қамтамасыз етілмей, жасалған реформалардың барлығы жалған, көзбояушылық. Жасанды реформалар қаржы шағындап қана қоймайды. Олар Қазақстан халқына психологиялық, моралдық соққы беріп, келешекке деген оптимизмін, мемлекетке деген сенімін әлсіретеді. Сондықтан мемлекеттік мәселелерді шешуде асығыстық пен ұраншылдық зиян. Реформаларда сол реформа жүргізілетін саланың материалдық базасымен үндестік болуы шарт. Оқулықтар, әдіснамалық құралдар, кең және жылы мектептер мен компьютерлік база болмай, білім сапасы жақсармақ емес.

Қазір Қазақстан мемлекетінің басты мұраты елдің экологиялық қауіпсіздігін жақсарту. Қоршаған орта жақсармай, табиғат дұрысталмай ел экономикасын әрмен дамыту және халықтың әл-ауқатын жақсарту қиын. Демократиялық мәселе, минералдық – шикізат өндіруді шектеуге келіп тірелуде. Түсті металл мен мұнай өндіру табиғи ортаны күйрете береді. Миллиардтаған тонна жер қазылып, ауа мен су ластанады. Мысалы, республикада 20 млрд. тонна токсинді, улы заттар жиналған. Әр қазақстандыққа орта есеппен 16 тонна керексіз қалдықтар қордаланған. Ірі мегаполистер Алматы, Қарағанды, Өскемен қалаларындағы зиянды қалдықтар қоры қауіпті деңгейде. Бұдан әрмен қоршаған ортаны улай берсек техногенді апатқа ұшырауымыз сөзсіз.

Республикадағы жауып кеткен қоқыстар мен қалдықтардан құтылу үшін дамыған елдер тәжірибесін пайдалану қажет. Бірінші кезекте, табиғат қорғайтын қатал заңдар пайдалы. Оларды бұзғандарға үлкен мөлшерде айыппұл төлету, тіптен бас бостандығынан айыру жазаларын қолдануға болады. Әрине, экономикалық ахуалды сауықтандырудың магистральды жолы шикізат өндірудің үлес салмағын азайтып, экологиялық таза технологиялық процестерге көшу. Шетел инвесторларының мұнай, химия, металлургия, тау-кен өндірісі орындарындағы қызметі қатаң бақылауда болғаны дұрыс. Шетел инвесторларымен жасалатын келісім-шарттарда бұл компаниялардың өндірістік қызметі барысындағы экологиялық шаралары және міндеттемелерін жан- жақты белгілеп беру ел табиғатын қорғау жолы. «Ластаушы» технологиялар мен жұмыс істейтін шетелдік және отандық компаниялардың жұмыстарын тоқтатуға дейін барған жөн. Осындай шараларсыз Қазақстан табиғаты, халқының денсаулығы оңалмайды.

Евразиядағы басым державалар – Қытай, Ресей сияқты мемлекеттермен көршілес болу Қазақстаннан жылдам демографиялық өсуді талап етеді. Республиканың шөлейт және далалық аудандары бос кеңістіктер болып иесіз қалуда. Қазір жүздеген шақырым далалық өлкеде үлкен ауылды кездестіру қиын. Келешегі жоқ деп тасталған ауыл, селоларды шетел босқындары мен кездейсоқ келімсектер иемденген жағдайда, оларға бөгет болар ешкім жоқ. 15 млн.-ға жуық қана қазақстандықтар 2,7 млн. шаршы шақырым кең байтақ жерге ие бола алуы қиын. Қазір 1 шаршы шақырым жерге 5,5 адамнан ғана келеді. Бұл өте аз. Мысалы, Қытайда 1 кв.км. жерге 130 адамнан келеді. Өзбекстанда 53 адамнан, Қырғызстанда 23 адамнан келеді, ал Ресейде 1 кв.км. жерге 8,5 адамнан ғана келеді. Демек, бізбен көршілес елдердің ішінде Ресейде ғана жер жетіспеушілігі мәселесі жоқ. Қытай мен Өзбекстан халқы өте тығыз орналасқан елдер. Әсіресе, Орта Азиядағы Ферғана жазығында өзбектер, қырғыздар, тәжіктер сыймай отыр. Қазақстанда жағдай мүлдем керісінше. Ел тәуелсіздігі жерге иелік ететін халық санының өсуіне тәуелді.

Мемлекет мұраты елді өркениет көшінің қозғалысына қосу. Әлемдік ғаламдасу, ортақ ақпараттық, экономикалық, саудалық кеңістіктер Қазақстанда да өркениетті елдерге тән өмір сүру салттарын, дүниетанымы мен мәдениеті әлеуметтік қарым- қатынастарды қалыптастыратыны анық. Демек, өркениеттен жылжу жолында ұлт өміршеңдігі бәсекеге түсетіндігі де ақиқат. Мемлекет мұраты мәселесі кешенді мәселе. Ол ел өмірінің негізгі салаларына тікелей қатысты. Солардың сапалы дамуы арқылы шындыққа айналады. Қазіргі ел экономкасының дамуындағы оңды үрдістер, Қазақстан халқының материалдық әл-ауқатының оңалуы, елдің экологиялық сауығуы, демографиялық дағдарыстан шығуға бет алыстың басталуы Қазақстан мемлекетінің өзінің түпкілікті бағыты деп бағалауға болады.

Авторлық сілтеме:
Борбасов С. М. — саяси ғылымдарының докторы, профессор. Қазіргі саяси процестер (саясаттанудан көмекші оқу құралы). — Алматы: ҚазҰАУ. 2010

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *