Қоғамдағы қайшылықтар, кемшіліктер мен басқа да ауытқулардың түпкілікті себебі мемлекеттің нақты істердегі бағытына тәуелді. Мемлекет олигархиялық топтарға, жекелеген туыстық кланға, билік құрушы элитаға, немесе өзі тудырған чиновниктер армиясына ғана қызмет ететін болса ондай мемлекетте ұзақ болашақ болмайды. Мемлекетті басқаратын төбе топ өзінің ішкі эгоизмін негізге алып, жалпы халықтық мақсаттарды құндылықтарды іске асырумен байланысқан елде ғана келешек болады. Төбе топты да, тобырды да топтастыратын, ел мұратына ұйытатын заңның күші және дұрыстығы. Өмір шындықтарына сәйкес келетін заңдар қабылданған және олардың орындауын қамтамасыз еткен мемлекеттер ғана қалыпты дамуды қамтамасыз ете алмақ. Заңның күші оның болуында емес, басшыдан бастап, үй сыпырушыға дейін орындауында.

Заңдардың адамдардың түбегейлі міндеттеріне байланысты болуы, оның өміріне, еңбегіне, бостандықтарына қызмет етуі мемлекеттегі ахуалды сауықтыра түседі. Заңмен қорғалған азамат өз мемлекетінде шын мәніндегі жасампаз тұлғаға айналады. Мемлекет – билік – адам арасындағы осындай күрделі байланысты жүзеге асырған елдер өркениеттің биік сатыларына жетді. Мемлекеттің адамды өсіруі сол елдердің экономикалық өркендеуінің, әлеуметтік жаңаруының, саяси тұрақтылығының кепіліне айналады. Адамын аялаған, тәрбиелеген, оқытқан, кәсіпкерлігін ұштаған елдер байлықтарын еселей түсуі де, әлемдік бәсекелестіктің ғылымдағы, сападағы тиімділік пен үнемділіктегі жарыстарының қайсысында болмасын ешкімге есесін жібермейді. Қазақстанның мақсаты да мемлекетінің азаматарына қызмет ететін елге айналу.

Басшылығы адамға қамқор болатын мемлекет жасаудың міндеттілігін сезіне түсуде. Бірақ, сөз бен мақсат бар да оған жеткізетін істер мардымсыз болып тұр. Әрине, әр ұрпақ мақсатына, арманына асығады. Бүгінгі ұрпақ та осындай екені даусыз. Әзірше Қазақстан үшін адамға қызмет ететін мемлекеттің ауылы алыс болып тұр. Қазақстан мемлекеті елдің әр адамына емес олигархияға трансұлттық корпорацияларға, корпоративтік мүдделері басым топтарға қызмет етуде. Елдегі саяси-әлеуметтік ахуалдың қарапайым азаматтың мүддесі жағында болмауының, әрине объективті себептері бар. Қазақстан әлі жас мемлекет. Елде аз мерзім арасында әлеуметтік– экономикалық құрылыс пен саяси жүйелердің алмасуы жүріп өтті. Өтпелі кезеңнен кейінгі елдің капиталистік дамуы басталады. Капиталистік қорлаудың тағы, аяусыз басып – жаныштау сатысын елдің экономикалық жүйесі басынан кешіруде. Мүмкіншілігі мен билігі бар топтар баюдың, капитал жасаудың барлық мүмкіндіктерін пайдалануда. Мемлекеттік меншікті, жалпы халықтық байлықты өз меншігіндей пайдаланып жүргендер де жеткілікті.

Биліктің парақорлыққа жақындығы жағынан да Қазақстан әлемнің 150–дей мемлекетінің алдында. Ресей 143 – орында, Өзбекстан 175 – орында. Демократиялық институттар болып табылатын саяси партиялар, азаматтық қоғам оппозицияның қоғамдық қатынастарды реттеудегі әлеуеті әлсіз. Осы негативті үрдістер Қазақстанның толыққанды дамуына бөгет болып-ақ тұр. Әлі де ел халқының 25 пайызға жуығының кедейшілік күн кешуінің себептері осында. Қазақстан егемен ел болғаннан бергі 16 жылда шешілген мәселелерінен гөрі, шешімін таппаған мәселелері көп екені ақиқат. Алайда, осы уақытта табыссыз болдық десек мүлдем қателесеміз. Табыстар бар. Олар белгілі. Жетістіктерді айта берудің, олармен мақтана берудің қателігін біздің халық социализм кезінде басынан кешкен. Ондай қателіктерді қайталай беру тіптен зиянды.

Мәселенің өзегі дамудың тынысын ашуға, оны еселеуге келіп тірелуде. Дамудың пәрменділігін арттырудың жолдарын, стратегиялық бағыттарын пайымдасақ қана Қазақстанның келешегіне жол ашамыз. Егемен ел болу Қазақстанға тарихи тағдыр сыйлаған орасан зор бақыт. Қазақстан халқы осы бақыттан айырылып қалмауы керек. Басқаша болған жағдайда Қазақстан халқының 60 пайыздан астамын құрайтын қазақ ұлты болашағынан айырылады. Себебі, қазақ этносының ұзақ тарихы кеңістікте сақталуы және өсіп — өркендеуі, ұлттық болмысы мен ділін, тілін сақтай алуы оның өз мемлекеттілігін сақтай алуына тікелей тәуелді. Қазақ ұлтына мемлекеттің күшеюі және халық пен адамға қызмет етуге бетбұрыс жасауы аса маңызды. Сондықтан мемлекет – халық – ұлт – адам мәселелері өзара бітіскен байланыстағы, өзара тәуелді мәселелер. Әр қайсысы қаншалықты тәуелсіз болуға ұмтылса, өз тағдырын бірінші кезекке қоюға ұмтылса, басқалары соншалықты ұмтылыста болуы байқалады. Осы төрттіктің үйлесімді дамуы Қазақстан үшін тағдырлық маңызға ие. Қазақ ұлты өзінің болашағы үшін мемлекеттің, Қазақстан халқының және әрбір адамның дұрыс өмір сүруіне мүдделі. Ал мемлекет, халық және әрбір адам Қазақстанда өздерінің ойдағыдай дамуы қазақ этносының ұлттық мақсат–мұраттарының және құндылықтарының ойдағыдай дамуына байланысты, тәуелді екендігін ұғынуға тиісті. Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдарда Қазақстан ұзақ тарихи жолды аса зор жылдамдықпен өткені анық. Уақыттың тығыз болуы, эволюциялық үрдістердің сығылуы жағдайында Қазақстанда аса ауыр салдары қайшылықтардың қалыптасуы заңды. Ең алдымен басталған қайшылық социалистік жалпыхалықтық шаруашылық кешенінде жасалған материалдық, қаржылық қорлар ресурстары мен байлықтарының тым әділетсіздік жағдайында талан-таражға түсуіне жол берілді.

Мемлекетті билік иелері өздерінің жеке бағыттарын баю мақсатына пайдалану үрдісі басталды. Осы құбылыс мемлекет пен халықтың, ұлттың, жеке тұлғаның арасындағы алшақтауды бастады. Мемлекетті басқарушы элита негізінен өзіне ғана қызмет еткізе бастады. Мемлекет өзі қызмет етуге тиісті халықтың төбесіне шығып кетті, өкінішке орай, осы қайшылық әлгі күнге дейін сақталуда. Шенеуніктер армиясы мемлекетті халықты қанау үшін пайдалануда. Халықтың құқық қорғау орындарына, сот пен прокуратураға деген сенімнің жоғалуы қауіпті шепке жетті. Заң диктатурасының орнамай отырғандығы да мемлекеттік аппараттың жүгенсіздігінен. Мемлекет заңға бағынғанда құқықтық қоғам құрылатынын білсек те, осы талапты орнықтыра алмай келеміз. Мемлекеттің халықтан оқшаулануы жағдайында өркениеттілік белгілерін қалыптастыратын демократияландыру үрдістері шектелуде немесе жасандылық сипат алуда. Этатистік қоғам экономиканың біржақты шикізаттық сипатының сақталуына мүдделі болып отыр. Оған өзін-өзі асырай алатын, өзін-өзі қорғай алатын, заңдық кеңістікте ғана өмір сүретін бостандыққа ие, тәуелсіз тұлғасы бар адам қажет емес. Оған өзіне көзсіз бағынатын, мемлекет пен биліктің айтқаны ғана шындық болып саналатын көзсіз орындаушылар керек. Билік үшін қара нәрсе, ақ болса да қара, дейтін халық өркендемейді. Өтірікке, мақтаныш пен жалғандыққа негізделген қоғамда келешек болған емес. Билік иесінің бәтеңкесін мұртымен сүрткен жағымпаздар жарыса салған мақтау әні қоғам тынысын ашқан емес. «Қара қылды қақ жарған» шындық қана қателіктерді, кемшіліктер мен қайшылықтарды талдау, сараптау, олардың жолдарын табу ғана Қазақстанның барлық саладағы ойдағыдай модернизациялануын қамтамасыз ететіні ақиқат. Мемлекет адамды әділетке, ақиқатқа, еңбек пен талапқа бастауымен ғана жасампаз күшке айналмақ. Тәуелсіз мемлекетімізді толыққанды даму жолына түсіру үшін не істеуіміз қажет деген өзек-жарды сұрақ Қазақстанның әрбір патриотын толғандыратыны да шындық.

Әрине, дәйекті жүргізілудегі экономикалық модернизация, индустриалдық–инновациялық өзгерістер, саяси–конституциялық реформалар, әлемдік ақпараттық, технологиялық кеңістікке ену, әлемдік нарықтық экономикадағы елдің орнын анықтау міндеттерін шешетін реформалардың барлығы қажетті. Кешенді, жүйелі даму қандай мемлекет болмасын міндетті. Онсыз өркениет көшіне ілесе алмайсың. Қазақстанда дамыған мемлекеттер үлгісімен жүргізілген қоғамдық қатынастардың негізгі салаларын қамтитын реформалар нәтижесіз емес. Бірақ, барлық реформалар жабылып мемлекеттің әрбір тұлғаға, жеке адамға жағдай жасауына, қалыпты өмір сүруін қамтамасыз етуге әлі де шамасы келмей отыр. Қоғамдық дамудың ауқымды салаларын түгел дерлік қамтитын 1500-ден астам заңдар және заң күші бар президенттік жарлықтар қабылданды. Бірақ, олардың дұрыс орындалмауы мен бұрмалануы салдарынан Қазақстанда құқықтық мемлекет қалыптаспай отыр. Ел байлығын сорушы олигархиялық, корпоративтік топтар үшін құқықтық мемлекет қажет емес. Себебі, құқықтық мемлекет жеке топтық мүддеге емес, әр азаматтың мүддесіне, өміріне қызмет ететін мемлекет. Сондықтан Қазақстанның келешегі үшін, қазақ халқының келешегі үшін елде құқықтық мемлекеттің пәрменді қалыптасуы және тиімді жұмыс істеуі ауадай қажет. Заңның қасиеті мен қадірін Жүсіп Баласағұн бабамыз «Құтты білік» еңбегінде түбіне жеткізе айтып кеткен. Осындай рухани мұраны бүгінгі батыстық құқықтық білім тәжірибесімен байыта отыра Қазақстанның құқықтық мемлекетін қалыптастыратын кез келді. Құқықтық мемлекет қана жеке адамның ұлттық және халықтық байқуатты, тыныш және еркін өмірін заңдар арқылы қорғап отыруға мүмкіндік туғызады. Қазақстан халқының басым көпшілігі болып табылатын қазақ ұлтының қоғамдық өмірдің барлық салаларындағы құқықтарын жүзеге асырудың демократиялық жолдары ашылады. Тек күшті заңдар арқылы ғана мемлекеттік тілдің және қазақи рухани құндылықтардың елдің мәдени, ақпараттық және әлеуметтік өміріндегі басымдылықтарын қамтамасыз етуге болады. Заңның диктатурасы әділетті өмірге бастайды. Жеке адамның дамуы көпжақты және көпқабатты құбылыс. Ондай күрделі мәселені бір мақалада саралап шығу тіптен мүмкін емес. Мемлекеттің экономикалық жүйесі, саяси құрылысы да түбінде адамға қызмет етсе нұр үстіне нұр болары шындық.

Әлеуметтік саланы модернизациялау мәселесін шешудің маңызы тіптен зор. Қазіргі үкімет аталмыш міндеттерден мүлдем тысқары тұр деуден аулақпыз. Алайда, елдің экономикалық және шикізаттық қуаттарын адам мен халық игілігіне жаратудағы олқылықтар орасан. Сол себепті «адам келбетіндегі капитализм» ұранының Қазақстан үшін маңызы арта түседі. Байлық пен кедейліктің шектен тыс алшақтауы адамға да, ұлтқа да, халыққа да қауіп төндіретін жағдайда. Қазақстанды дамудың сара жолына бастайтын фактор – ауыл экономикасын қалпына келтіру. Ауыл мәселесін шешу арқылы Қазақстан стратегиялық адам мәселесін шешуге, қазақ ұлтының келешегі мәселесін шешуге қол жеткізе алатынына сенім күшті. Өкінішке орай, осы уақытқа дейін аграрлық секторды жаңартудың кешенді саясаты жүргізілген жоқ. Керісінше, «Келешегі жоқ ауыл» ұранымен ауылдың берекесін кетіру саясаты орын алады. Мұндай субъективизмнен бас тартуымыз пайдалы. Себебі, Қазақстан халқының 47 пайызы ауылда. Ауыл экономикасын өркендету арқылы қаладағы жеңіл өнеркәсіпті қалпына келтіріп, жұмыссыздықты түбегейлі азайтуға болады.

Ауылды өркендетуге, оның әлеуметтік инфра-құрылымын қалпына келтіріп ауыл адамының қалыпты және ыңғайлы өмірін қамтамасыз етуге елдің мүмкіндіктері де, қаржысы да бар. Ауылдың экономикасы мен әлеуметтік мәселесін стратегиялық ұзақ мерзімді міндет ретінде таңдау Қазақстанның мемлекеттік келешегін қамтамасыз етуге зор ықпал жасайды. Қазақстан мұнай, газ, түсті металдар, уран рудасы сияқты ел экономикасы зәру шикізаттарды азайтып әлемдік нарыққа астық, күріш, жүн, тері, күнбағыс майы, ет, сүт өнімдерін шығаратын мемлекетке айналса зор байлыққа кенелмек. Себебі, аталған өнімдер мен тамақтар әлемде қымбаттай түсуде. Сапалы ет пен астықты Қытай, Индия, Пәкістан, Иран рыноктарының ғана алуы Қазақстанды әлемдегі бай мемлекеттер қатарына көтерер еді. Ауыл шаруашылығының дамуы Қазақстанның баю көзіне айналуы үшін, әрине ірі, күрделі мәселелерді шешу керек. Үкімет банктер жүйесін қаржыландыруды азайтып, ауылға субсидиялар беруді бастаса, ұлттық қордағы 20 млрд. доллардан астам қаржының 20-25 пайызын ауыл экономикасына жұмсаса, бизнес қаржылары тағы бар. Осыншама қаржыны ірі мал бордақылау кешендерін салуға, құс фабрикаларын, сүт өнімдерін беретін алаңдарды, қой, шошқа, жылқы, түйе өсіру кешендерін салуға жұмсау қажет. Аталған кешендер болған, күйретілген. Өкінішке орай, шашылған шаруашылықтарды енді капиталистік экономика принциптеріне сәйкес қайтадан жасақтау міндетін шешуге тиістіміз. Осы міндеттер шешілсе, Қазақстан әлемдік нарық алаңынан өз орнын ойып алатыны анық. XX ғасырдың 80-ші жылдарында Қазақстанда 60 милионнан астам мал басы болды. Халық тәп-тәуір өмір сүрді. Қазір 1 адамға 1 ғана малдан әрең жетеді. Мал өсіруден, астық егуден тәжірибесі бар ауыл халқына жағдай жасау арқылы Қазақстанның бүкіл экономикалық кешені жанданады. Ауыл экономикасы елдің дамуын қамтамасыз ететін локомативке айналады, елді алға сүйрейді. Сондықтан капитал көздерін ауылға бұратын мезгіл жетті. Ол үшін Үкіметтің жан-жақты негізделген Қазақстанның ауыл экономикасын қалпына келтірудің және жаңа талаптарға сәйкес модернизациялаудың кешенді бағдарламасы жасалуға тиісті. Қазақстан жер асты су көздеріне бай.

Елдің әр аймағында 1-2 ауданнан бастап суландыру, суармалы ауыл өндірісін жасауды да жолға қоюға болады. Сумен бірге Қазақстанға береке мен байлық келеді. Мәселе тек ұйымдастыру мен қаржы бөлуге келіп тірелуде. Басқарушы элитаның осы түйінді міндетті шешуге бел шеше кірісетін уақыты келді. Ойды ой жетелейді. Қазақстанда мемлекет адамға қызмет етсе… деген тілекпен біз екі басымдылықты атадық. Олар заңдылықтың салтанат құрып, құқықтық мемлекет қалыптасуы және ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері. Аталған екі мәселе өзінше жеке мәселелер. Бірақ, біздің мемлекет үшін қазіргі таңда шешілмей тұрған түйінді мәселелер. Сол тұрғыдан біріне бірі тәуелді. Мемлекеттің азық–түліктік қауіпсіздігін ауыл экономикасы шешеді. Өзімізді толық асырап басқа мемлекеттерге ауыл өнімдерін экспорттап жатсақ, әрбір ауылдық елді-мекен гүлденері анық. Қалыпты өмір сүрудегі ауыл халқы қазақ тілін, мәдениетін, ділі мен салт-дәстүрлерінің өркендеуіне, демографиялық дамуға жаңа серпін берері анық. Өркендеудің заңдық кеңістігін құқықтық мемлекет жасап берері сөзсіз. Заңмен реттелетін қоғамда экономика мен саясат адамға қызмет етеді. Заңды құрметтеуші адамды тәрбиелеу жеке тұлғаның руханилығын, еңбекқорлығын, отаншылдығын тәрбиелеуге көмектеседі. Қазақстанда мемлекеттің адамға қызмет етуге бетбұрыс жасауы елдің өркениетке, қазақ ұлтының ұзақ кеңістікте өмір сүруге бетбұрыс жасауының бастамасы болады.

Авторлық сілтеме:
Борбасов С. М. — саяси ғылымдарының докторы, профессор. Қазіргі саяси процестер (саясаттанудан көмекші оқу құралы). — Алматы: ҚазҰАУ. 2010

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *