Мартин Хайдеггер 1989 жылы дүниежүзі философиялық қауымы Мартин Хайдеггердің дүниеге келгеніне 100 жыл толуын атап өтті. Ол бірауыздан ХХ ғасырдың аса көрнекті ойшылдарының қатарына жатқызылады, ал кейбір зерттеушілер оны заманымыздың ең алдыңғы сапында тұрған философ ретінде таниды. Мерейтойлық шаралар Хайдеггер философиясының дүние жүзіндегі беделінің өте зор екендігін көрсетті. Мерейтойға байланысты ұйымдастырылған конференциялар Батыстың да, Шығыстың да көптеген философиялық орталықтарында өткізілді.

Хайдеггердің негізгі еңбектері: «Болмыс және уақыт» (1927 ж.), «Кант және метафизика проблемалары» (1929 ж.), «Метафизика деген не?» (1930 ж.), «Метафизикаға кіріспе» (1935 ж.), «Платонның ақиқат туралы ілімі» (1942 ж.), «Жалған жолдар» (1950), «Ницше» (1961 ж., 2 том), «Өнер туындыларының пайда болуы», т.б. Хайдеггерден қалған ғылыми мұра орасан көп: өлгеннен кейінгі жарияланған еңбектерін қосқанда 100 томды құрайды.

Хайдеггер қарапайым қолөнершінің отбасында дүниеге келіп, тәрбие алады. Отбасының материалдық жағдайы баланың жақсы білім алуына мүмкіндік бермес еді. Бірақ шіркеу көмекке келеді. Шіркеу қаражатына болашақ философ реалдық мектепте, Констанца деген қаладағы католиктік гуманитарлық гимназияда оқиды. Кейін гимназиядағы бір тәрбиешісіне жазған хатында Хайдеггер былай дейді: «Мен Констанцада бастаған оқуымды әрқашан да ілтипатпен еске алып отырамын. Сол кезден бастап, «Болмыс және уақытқа» (философтың ең басты шығармасына – Т.Р.) бара-бара кеңейе түскен сара жол алып келді».

Гимназияны бітіргесін де Хайдеггер шіркеудің жолдамасымен Фрайбург университетінің теология факультетіне түседі. Алғашқы кезде ол шіркеу тағайындаған стипендияны алып тұрады. Университетті бітіргеннен кейін жазған бір хатында ол тағы да католик ұстаздарын еске алады: «Алғашқы теологиялық тәрбиесіз мен ешқашан да ойлау жолына түспеген болар едім». Бұл сөздердің өзіндік астары барын айта кету керек. Ойлау жолы Хайдеггердің түсінігінде, бірте-бірте адамды теологиядан, діннен алыстатып, философияға алып барады. Діни көзқарас ойланып-толғануды, күмәндануды керек етпейді. Дін қағидаларына тек сену керек.

Теология факультетінде оқып жүрген кезде-ақ Хайдеггер философиямен, философия тарихымен, әсіресе, антика және орта ғасыр философиясымен жақынырақ танысады. Теологиямен, философиямен, тарихпен бірге тілдерді, физика мен математиканы тиянақты оқып меңгеруге бар күшін салады. Студенттік шағында оқуға берілгендігі сонша, қатты шаршап, шалдығып, 1910-1911 оқу жылының қысқы семестрінде оқуда үзіліс жасап емделуіне, кейін үйде демалуына тура келеді. Стипендиат Хайдеггердің денсаулығы бұзылғаны шіркеу иелерін алаңдатады. Хайдеггер саулығын түзеу мақсатында өзін әр түрлі дене жаттығуларымен қинайды. Ақыры өмір бойы белгі берген жүрек ауруына тап болады. Осыған қарамастан Хайдеггер ұзақ өмір сүреді және жүрек ауруының арқасында ол екінші дүниежүзілік соғыста да әскер қатарында қызмет етуден босатылады.

Мартин ауырып қалған кезде шіркеу оған қаржылай көмектесуін тоқтатады. Енді оған университетте оқуды жалғастыру қиын мәселеге айналады. Хайдеггер басына түскен осы жайды кейін алғашқы экзистенциалдық дағдарыс деп бағалады. Кейін ол «ұлылардың жұмбағын» шешпек болған «кішкентай адам» жөнінде көп ойланып, осы тақырыпқа өз шығармаларында қайта-қайта оралады. Басынан өткен осы дәрменсіздіктің, кіріптарлықтың зардабын ол өмір бойы ұмытпайды. Ұлы философ ретінде танылған кезде де осы кемтарлық таңбасы оның атына да, ісіне де теріс ықпалын тигізумен болады. Осының салдары Хайдеггердің 1933 жылы нацистермен ымыраласуына, Гитлер құрған нацистік партияға мүше болып кіруіне әкеліп соқтырады. Мұны әдебиетте «Хайдеггердің күнәға батуы» деп атайды.

Кішкентай адам, деп жазады Хайдеггер, әрқашан да ұлы атақты адамның өзінен жоғары тұрғанын мойындайды және қалайды. Өзін кішкентай, елеусіз адам ретінде сезінетін адам, қалай болғанда да басқаға бағынуға әзір тұрады, «өзінің үстінде үлкен адам тұрғанын жақсы көреді». Сонымен бірге кішкентай адам, Хайдеггердің ойынша, «қулық жасап» (Хайдеггерде: трюк), өзінен жоғары тұрған адамдарды мүмкіндігінше өзінің қатарына қоюға, биігінен түсіруге, кішкентай етуге тырысады. Кішкентай адамға әрдайым көре алмаушылық, қызғаншақтық тән. Өмірде мұндай жағдай жиі кездеседі; ал үлкен адам пейілі жағынан кең болып келеді. «Болмыс және уақытта» жиі ұшырасатын man ұғымы осындай кішкентай адамдардың психологиясын дәл бейнелейді. Мұндай адамның кім екені белгісіз, ол ештеңесімен көзге түспейді. Ницше де, Ортега да, Хайдеггер де қазіргі қоғамда осындай ұсақ адамдардың көбейіп, ірі, кең адамдардың азайып бара жатқандығын қоғамның кері кетуінің айқын белгісі деп есептеп, дабыл қағады.

Мұндай жағдайға назар аударып отырған себебіміз – Хайдеггер шығармаларында осындай ауыр экзистенциалдық ахуалдар жиі қарастырылады және оларға мән бермеу небір қиындықтарға ұрындыратыны ескертіледі. Шіркеу тарапынан қаржылай көмек тоқтатылғаны және жаратылыстану ғылымдары мен философияға ден қою Хайдеггердің теологияға немқұрайды және салқын қарауына, теологияны тастап, ғылымға және философияға баса көңіл бөлуіне себеп болды. Университетте оқуын жалғастыру үшін арнаулы емтихан тапсырып, Хайдеггер физика және математика факультетіне ауысады. Мемлекет тарапынан оқуға мүмкіндік алады. Жаратылыстану ғылымдарымен, логикамен, салыстырмалық теориясымен айналысу Хайдеггерді алғашқы күрделі проблемаға – уақыт проблемасына алып келді.

Университетті бітіргеннен кейін Хайдеггер приват-доцент ретінде философия факультетінде жұмысқа қалдырылады. Осы кезден бастап ол философиядағы өз жолын табуға тырысады. Докторлық диссертациядан кейін бірнеше жыл Гуссерльдің ассистенті болып істейді. 1923 жылдан 1928 жылға дейін Марбург университетінде профессор, 1929 жылдан бастап отставкаға шыққан Гуссерльдің орнына кафедраны басқарады. Өзінің орнына Хайдеггерді ұсына отырып, Гуссерль оған өте жоғары баға береді: «Менің көз алдымдағы үміткерлердің ішіндегі ең лайықтысы Хайдеггер деп есептеймін. Егер де, бақытсыздыққа орай, түсініксіз бір жағдай болып қалмаса немесе тағдыр кеселдік етпесе, ол ұлы стильдің философы болары сөзсіз…» (Қара: Мотрошилова Н.В. Драма жизни, идей и грехопадений Мартина Хайдеггера //Квинтэссенция: Филос.альманах. 1991. – М.: Политиздат, 1992. С.177). Гуссерльдің айтқаны келді: Хайдеггер ұлы стильдің философы болды, сонымен бірге бақытсыздық та – иррационалдық (түсініксіз) жағдай да тап болды: Хайдеггер нацистерді қолдауға мәжбүр болды; он жылдан астам уақыты босқа кетіп, ол өзінің біртума ойларын ашық жариялай алмады.

1924 жылы Гуссерль өзінің шәкірттерінің бірі Гадамерге: «Феноменология – бұл мен және Хайдеггер» деген шәкіртіне риза болған пікірін білдіреді. 1927 жылы Хайдеггердің классикалық шығармасы «Болмыс және уақыт» жарық көрді. Кітабын ол асқан ізеттікпен ұстазы Гуссерльге арнайды. Алайда осы кітаптан бастап, Хайдеггер мен Гуссерльдің қарым-қатынасында салқындық белең ала бастайды. Гуссерль шәкіртінің тура өзінің жолымен жүрмей, феноменологияны өзінше түсініп, өзінше дамытпақ болғанын аңғарады.

Аталған кітапта дәстүрлі философиялық проблема – болмыс өзекті, күрделі проблема ретінде алға тартылады. Хайдеггердің ойынша, бұл мәселені философия тарихында оның мазмұнына сай қоя білген, түсінген бірден-бір философ Парменид болған. Гегельдің «Энциклопедиясында», «Логика ғылымында» болмыс жөнінде көп айтылады, бірақ шындықтың, идеяның ең абстрактілі, бастапқы анықтамасы ретінде. Болмыс ұғымын Гегель ең кедей, бастапқы ұғым деп есептейді, өйткені ол бірдеңенің бар екендігінен басқа мағлұмат бере алмайды.

Болмыс мәселесін қарастыра отырып, Хайдеггер оны тек категория күйінде қалдырып қоймайды, нақты дүниенің (қоршаған ортаның), нақты заттардың (әр түрлі мағынасы, мазмұны бар, әр түрлі қызмет атқаратын заттардың), нақты тарихи адамның (белгілі бір заманда, белгілі бір әлеуметтік жағдайда өмір сүретін адамдардың) болмысы – қарекеті, ізденісі, күресі, үміті, үрейі, ұмтылысы етіп көрсетеді, нақты өмірмен байланыстырады. Хайдеггердің іліміндегі «болмыс» жөнінде, Гуссерльдің сөзімен, бұл – «жизненный мир», яғни нақты өмір дүниесі деп айтуға болды. Болмыс мәселесін қойып, дәйекті қарастыру арқылы Хайдеггер феноменологияны да, герменевтиканы да (ол болмыстың нақты философиялық түсінігін ұсынды) және экзистенциализмді де байытты.

Адам аты бар да, заты жоқ мылқау бірдеме емес, ол өзінің де, қоршаған дүниенің де, өзі жасаған заттардың да, құбылыстардың да (мемлекет, құқық, мораль, дін, ғылым, бір сөзбен бүкіл мәдениет) болмысын, не үшін өмір сүретінін паш етеді. Болмыс ұғымы зат, құбылыс ретінде бар болуды ғана білдірмейді, сонымен бірге заттың, құбылыстың санада, теорияда, ғылымда, философияда бейнеленуін де аңғартады. Хайдеггер өз ілімімен, аталған еңбегімен әрбір адамға: «адам болсаң, адам ретінде өзіңді таны, басқаларға өзіңді таныт, көрсет, адам атыңды ақта, не үшін өмір сүріп жүргенің жөнінде өзіңе-өзің есеп бер» дегендей болады.

Хайдеггер классикалық философияны, ХХ ғасыр философиясын болмыс ұғымына, осы (мәселеге) жете көңіл бөлмегені үшін сынайды. «Болмыс» ұғымын өте кең мағынада және абстрактілі тұрғыдан түсініп, адамнан тыс рух және қоғам болмысы ретінде ғана қарастырғаны үшін Хайдеггер Гегельді де, Марксті де сынайды.

Хайдеггердің ойынша, болмыс тек адам болмысы ретінде ғана философиялық деңгейде қойылып, терең мәнге ие бола алады. Адам болмысын философ болмыс-сана деп атайды. Бұл арада ол бар нәрсенің болып қана қоймай, бар екендігін өзі білетінін паш ететінін еске салып отыр. «Тек қана адам болмысы (болмыс-сана) арқылы болмыс деген таныла алады, проблемаға айналады» (Мотрошилова Н.В. Аталған шығ… Квинтэссенция… С. 179). Болмыссананы Хайдеггер дәстүрлі «Dasеin» деген ұғыммен бейнелейді. Мағынасы – болмыстың мән-жайын түсіну: «da» – келісу, «sein» – болмыс, екі сөз қосылып: «осы – болмыс» «мұнда – болмыс» – деген ойды білдіріп тұр. «Да»-ның арқасында абстрактілі, белгісіз болмыс көз алдымыздағы, өзіміздің болмысқа айналып отыр. Болмыс экзистенциямен, нақты тіршілікпен байланысты болып шығады. Dasein – бұл біздің өзіміз, біздің болмысымыз, жай-күйіміз. Болуболмау, қандай күйде болу – бізге сырттан таңылмайды, өзімізге байланысты болады. Dasein болмысты уақытпен байланыстырады: біздің болмысымыз – уақытша (временно). Біз өзіміздің болмысымызға үңіліп, оның уақытша екендігін, уақыттың зымырап өтіп бара жатқанын түсініп, бейқамдықтан арылып, ойға қаламыз. Әр адам, Хайдегердің ойынша, біртума (уникальды) құбылыс, әркімнің дүниеде ізі қалуы керек. Адамның болмысы оның өзіне байланысты. Адам өз болмысы үшін жауапты. Хайдеггер осыны қайта-қайта адамның есіне сала береді.

Болмыс және уақыт деген сөз болмыстың кеңістікпен емес, уақытпен байланысты екенін, уақытпен анықталатынын көрсетеді. Болмыстың мән-жайын, адамды тек уақыт арқылы түсінуге болады. Уақыт бәрінің бағасын береді. Хайдеггердің «Болмыс және уақыт» деген шығармасы – өте күрделі, терең мағыналы дүние. Оны оқып түсіну үшін, игеру үшін көп тер төгуге тура келеді. Ал түсінген адамға Хайдеггер адам, өмір, қоршаған дүние, сана, мақсат, уақыт, т.б. туралы көп жайды ашып береді.

Хайдеггер болмысты экзистенцияға айналдыра отырып, болмыстың бұрын-соңды қарастырылмаған қырларын ашады, талдайды: бәрі де тарихи құбылыс, тарих шеңберінде өмір сүреді (тарихилық); қам жеу (забота) – сен өзің үшін де, басқалар үшін де, болмыс үшін де жауаптысың; елеусіз қалу, ешкімге, ештеңеге керексіз болу, еленбеу (заброшенность, покинутость); төмендеу, көптің бірі болу (усредненность); жалғыздық; үрей, т.б. Хайдеггер адамдарға әзір тұрған жауаптарды ұсынбайды, керісінше, белгілі үйреншікті нәрселерді де сұраққа айналдырып, күмандандырып, ойландырады. Басқа оқымыстылар неге болса да бірден жауап беруге, жауап табуға тырысады. Хайдеггер болса өзіне де, басқаларға да сұрақ қояды. Хайдеггердің философиясы, өзінің және оның шығармашылығын зерттеушілердің ойынша, – сауалдама философиясы (философия вопрошания). Бәріне де сұрақ қою керек, тіпті техникадан да сұрайтын нәрселер көп: адам қолынан, ақыл-ойынан шыққан нәрсе ол қалай өз алдына өмір сүрмек болады, өзін адамға қарсы қояды? Қалайша техниканы ойлап тапқан адам оны өз қалауынша, өз игілігіне орай пайдалана алмайды?

Ойшылдардың бәрі де – Батыста да, Шығыста да Хайдеггердің философиясы жөнінде айтады, таласады, қырын-сырын ашпақ болады. Ал оның өзі: ешқандай Хайдеггердің философиясы деген жоқ, – дейді. «Міне, – дейді ол, – мен алпыс жыл бойы философия дегеннің не екенін түсінуге тырысып келем…» (Хайдеггер М. Разговор на проселочной дороге: Сборник: – М.: Высш.школа, 1991. С.154).

Авторлық сілтеме:
Рысқалиев Т.Х. Философия тарихы: Оқулық. / Т.Х. Рысқалиев, – Алматы: Экономика, 2015. 508 бет.