Кеңес кезеңінде біздер Марксті, Энгельсті, Ленинді біртұтас ілім өкілдері ретінде қарастырдық. Бұл ілім «марксизм-ленинизм» деп аталды. Әрине, олар ойшыл-философтар ретінде әр түрлі тұлғалар еді. Маркс пен Ленин түгіл, Маркс пен Энгельс түсінігінде, ойшылдық деңгейінде елеулі айырмашылық бар. Маркс ғалым, философ ретінде бәрінен де тереңірек. Бірақ олардың алдына қойған мақсаттары – қоғамда теңсіздікті, қанаушылықты, басқаның еңбегін иемденуді, жекеменшікті революциялық жолмен жою, бәрі біреу үшін, біреу бәрі үшін деген коммунистік принципті ұстанатын қоғам құру – оларды бір ілімінің төңірегінде біріктірді.

Маркс іліміне байланысты күтпеген жағдай қалыптасты. Кеше біздер Маркске, Энгельске, Ленинге қандай сенсек, берілсек, қалай табынсақ, енді келіп 10-15 жылдан кейін бастан кешкен барлық қиындықтар мен қателіктер үшін оларды кінәлап, барлық пәлені соларға жауып, олардан бас тартып жатырмыз. Қазіргі оқушы жастарымыз Маркс, Энгельс, Ленин жөнінде бейхабар деуге болады. Мұның себебі – біздер, кешегі марксистер-лениншілдер, бүгін оларды ұмытып, олар жөнінде жастарға дұрыс мағлұмат бере алмағанымыз. Кешегі кеңестік республикаларда, Ресейде, бізде – Қазақстанда Марксті түсініп, бағалай білетіндерден гөрі оларды беталды, дәлелсіз сынаушылар көбейіп кетті. Кейде маған мынадай ой келеді: Маркс қандай, біз қандаймыз? Маркске қарағанда оның бүгінгі сыншылары – бейшаралар.

Қалайша біздің Маркс жөніндегі пікіріміз күрт өзгерді? Маркс, шынында да, қазір ілімі ескіріп, жарамсыз болған ойшыл ма? Мәселе, менің ойымша, біздің мәдениетіміздің шама-шарқында. Көбіміз сол кеңес кезіндегі психологияда, көзқараста қалып қойыппыз. Кеше біздер маркстік-лениндік тұрғыдан Платонды, Кантты, Берклиді, Махты, ХХ ғасырдағы Батыс философиясын елемей, қалай сынасақ, бүгін идеализм, дін жөніндегі пікірімізді өзгертіп, Маркстің, Лениннің өзін солай сынап жатырмыз. Тек бір шектен екінші қарама-қарсы шекке ауытқыдық. Бұл – әрине, мәдениеттілік, парасаттылық емес.

Біз кеше Маркс, Энгельс, Ленин деп қанша қақсағанмен, оларға сонша табынсақ та, кеңес кезіндегі қоғамтанушылар, ғалымдар оларды жете түсініп, меңгермеген болып шықты. Біз оларға үстірт, формальды қарап келген екенбіз. Кеңес Одағындағы марксистер Маркстен керек сабақтарды ала алмады. Маркстің, әсіресе, оның «Капиталының» ғылыми-практикалық құнды идеялары бізден гөрі Батыста, капиталистік елдерде нақты жүзеге асты. Капиталистік дүниенің өткен ғасырдағы оңды өзгерістеріне Маркс ілімінің де ықпалы болғаны сөзсіз. Біздің шалағайлығымыз мынадан көрінеді: біздің ойымызша, Маркстің «Капиталы» капиталистік елдердегі әр алуан қатынастарды, құбылыстарды суреттейді; біз болсақ, басқа, жаңа қоғамда өмір сүріп жатырмыз; «Капиталдағы» тауарлық қатынастар, қосымша құн өндірісі, бәсекелестік, қанаушылық социалистік қоғамға жат; сондықтан Маркстің «Капиталын» біз ғылыми-практикалық нұсқаулар ретінде пайдалана алмаймыз. Сөйтіп біз Маркстен ең керегімізді ала алмадық. Оның орнына Маркс ілімінің өтпелі, уақытша, саяси тұжырымдарына баса көңіл бөлдік. Маркс өзінің данышпандық шығармасы жөнінде: «бұл қашан болса да буржуаның басына атылған ең қауіпті снаряд» – деп айтып еді. Жоқ, олай болмады, керісінше, Маркстің «Капиталы» күйреп бара жатқан капитализмнің түрленіп, адами қалыпқа еніп, жыртқыштығын азайтып, өзгеруіне септігін тигізді.

Кеше біздер Марксті, Ленинді данышпан деп білдік. Құдайды жоққа шығарғанмен, оларға Құдайдай табындық. Олардың ілімі біз үшін абсолюттік ақиқат сияқты көрінді. Олардың ілімінде қателіктер болады-ау деген ой ешкімнің басына кіріп шықпады. Тек өткен ғасырдың аяқ кезінде көбімізге Маркстің, Энгельстің, Лениннің ет пен сүйектен жаралған қарапайым адамдар екені, олардың да қателесетіні айқын болды. Кеш те болса, олардың іліміне творчестволық тұрғыдан қарап, сын елегінен өткізіп, өзіміздің қоғам, қоғамдық қатынастар, адам, мемлекет, партия, идеология, демократия сияқты құбылыстар жөніндегі түсінігімізді қайта қараудың орнына біз Маркстен бас тарта бастадық. Үйреншікті әдетпен істің жеңіліне қарай ойыстық.

Маркс те, Энгельс те ешуақытта да өз іліміне абсолюттік ақиқат, догма деп қараған емес. Керісінше, олардың іліміне қандай сұраққа да әзір тұрған жауап ретінде емес, өмірде алға тартылатын мәселелерді қарастырудың тәсілі, жолы ретінде, іске басшылық ретінде қарау керектігін ескертумен болды.

Ойлау тарихындағы көптеген философтар сияқты Маркс те – классик. Одан бас тарту мүмкін емес. Ол ХІХ ғасырда өмір сүрді. Өз заманындағы қоғамдық практика, ғылым алға тартқан мәселелермен шұғылданды, оларды шешудің жолдарын, үлгілерін көрсетті. ХХ ғасырда қоғам өмірінде, мәдениетте, өркениетте, ғылымда бұрын-соңды болмаған жаңа құбылыстар, проблемалар пайда болды. Бұларды талдап шешу үшін жаңаша ойлау керек еді, Маркс сияқты жаңа ойшылдар, ғалымдар керек еді. Жаңа жағдайлар мен жаңа проблемалардан туындаған дағдарыстар үшін Марксті кінәлау – не болғанда да ақылға сыймайды.

Маркстік философияның ерекшеліктеріне тоқталайық. Батыс философиясынан әсіресе, классикалық неміс философиясынан шыққан, бірақ философиядағы өз жолын тапқан Маркс пен Энгельс философияны ғылым ретінде, теориялық танымның ең жоғарғы формасы ретінде дамытуға күш салды.

Объективтік шындықты – табиғатты, қоғамды және таным жүйесін ғылыми тұрғыдан танып, түсіндіре алатын философия, Маркстің пікірінше, материализм, бірақ бұрынғы тар өрісті, сыңаржақты материализм емес, дүниеге, шындыққа диалектикалық және тарихи тұрғыдан қарайтын жаңа материализм. Идеализм, – дейді Маркс, – шындықты бұрмалап, теріс түсіндіреді. Дүниедегі болып жатқан өзгерістердің, адам және қоғам өмірінің түпнегізі, Марксше, материалдық өндіріс, адамға, қоғамға қажетті материалдық игіліктерді өндіру. Ғылыммен, өнермен, дінмен, философиямен, саясатпен айналысу үшін, – дейді Энгельс, адамдар ең алдымен тірі жан ретінде өмір сүруі керек. Өмір сүру үшін оларға тамақ, киім, баспана, дүние-мүлік керек. Ал бұлар табиғатта әзір күйінде кездеспейді. Демек, мұндай материалдық игіліктерді өндіру керек. Адам болмысы сөзден, ойдан басталмайды. Болмысты сана анықтамайды, – дейді Маркс, керісінше, болмыс сананы анықтайды. Бұл, әрине, жалпы заңдылық. Өмірде сананың да рөлі артып, сананың болмысқа ықпал ететін кездері жиі болып тұрады. Әңгіме адам, қоғам өмірі жөнінде болып отыр ғой. Дей тұрғанмен, шешуші сәттерде адамдардың сана сезімінің, көңіл күйінің, пікірінің, көзқарасының түбірлі өзгерісі болмыстың өзгеруімен байланысты.

Идеализм тұрғысынан сана, субъект, «Мен», идея, рух – алғашқы, түпкі бастаулар; бұлар ештеңемен анықталмайды, керісінше, олар бәрін – табиғатты, адамды, қоғамды, қоғамдық қатынастарды анықтайды, өзгертеді, жасайды. Табиғаттан, тарихтан тыс өмір сүретін нәрсе – абсолют. Қарапайым санада ол Құдай деп аталады. Фейербахтың идеализм мен дінді қосақтап қатар сынайтыны осыдан. Гегель іліміндегі идеяның негізгі анықтамалары: абсолюттік идея, абсолюттік рух, әлемдік ақыл. Фейербахтың ізімен Маркс абсолюттік идея деген ұғымды шындыққа сәйкес келмейді деп қабылдамайды. Ақыл, рух, идея, материалистік тұрғыдан, нақты адамның анықтамалары, яғни қасиеттері. Идеяны дүниеге әкелетін және жүзеге асыратын – адам.

Гегельден шыққан Маркс материализмді өзіне дейінгі сыңаржақтылықтан, дәйексіздіктен арылтып, жаңа, биік сатыға көтерді. Маркстің материализмі, қайталауға тура келеді – диалектикалық материализм. Философия тарихында тұңғыш рет материализм мен диалектика бірікті, бірін-бірі толықтырып, байытты. Маркс Гегельдің «басымен төмен тұрған» идеалистік диалектикасын аяғынан тік тұрғызып, нақты заттар мен құбылыстардың, табиғаттың, қоғамның, тарихтың дамуы және осының арқасында рухтың, сананың, танымның дамуы жөніндегі ілімге, бір сөзбен, объективтік және субъективтік диалектикаға айналдырды.

Маркстің материализмі жаратылыстану және қоғамтану ғылымдарына арқа сүйейді. Дүние, дүниедегі әр алуан құбылыстар жөніндегі абстрактілі, құрғақ пайымдау олар жөнінде нақты түсінік бермейді. Сондықтан диалектикалық материалистік философияның міндеті – нақты құбылыстарды нақты зерттеу.

Дүниені объективтік реалдылық, материя ретінде қарастыра отырып және жаратылыстану, қоғамтану ғылымдарының басты жаңалықтарына сүйене отырып, Маркс пен Энгельс философияда тұңғыш рет дүниенің бірлігін, табиғаттың, қоғамның, адамның, танымның ортаникалық байланысын, материя мен сананың, болмыс пен ойлаудың, субъект пен объектінің қарым-қатынасын жан-жақты талдап, негіздеді. Бұл тұрғыдан объективтік дүниенің негізі болып табылатын материя – белсенді, өне бойы өзгерісте, қозғалыста болады, өзіндегі өзгерістердің субъектісі болып табылады. Табиғатты, қоғамды, адамды, қоғамдық институттарды дүниеге әкелетін, анықтайтын идея емес, материя. Қозғалыс, кеңістік пен уақыт – материяның өмір сүруінің қажетті тәсілдері, формалары болып табылады.

Маркстік философия материяның өмір сүруінің негізгі формаларын анықтап, бұрыннан белгілі механикалық, физикалық, химиялық, биологиялық түрлерімен бірге әлеуметтік форманы ашты, жан-жақты суреттеді.

Маркстік философияның тағы бір басты ерекшелігі – қоғамдық болмысты, қоғамдық қатынастарды, тарихты материалистік тұрғыдан қарастырып, түсіндіргені. Маркске дейін қоғам, тарих жөнінде Гегельден келе жатқан идеалистік түсінік орын алып келіп еді.

Маркстік философия саналы түрде қоғамдағы езілген, қаналған тап – жұмысшылардың мүддесін көздеп, қоғамдағы қанаушылықтың, әлеуметтік теңсіздіктің, жатсынудың көзін ашты, үстем тапқа – буржуазияға қарсы ашықтан-ашық теориялық және практикалық күреске шықты. Маркс әлеуметтік теңсіздікті, қанаушылықты жоюдың тиімді тәсілі ретінде тап күресін, тап күресінен туындайтын әлеуметтік революцияны қоғам заңдылығы ретінде таныды. Бәрі де относительді, уақытша, тарихи құбылыс, жекеменшік те, әлеуметтік езгі де, соған арқа сүйейтін капиталистік құрылыс та – уақытша; ерте ме, кеш пе өзгереді, өзінің қарама-қарсылығына айналады деген тұжырым жасады.

Кеңес дәуірінде бүкіл әлемдік философия – оның дамуының ең биік шыңы деп танылған маркстік-лениндік философияға барып тірелді. Философия тарихына, философия классиктерінің іліміне, туындыларына маркстік философия тұрғысынан қарау дұрыс деп танылды. Жоғары оқу орындарында ғылыми орталықтарда философияны оқып үйрену маркстік-лениндік философияның негіздерін білумен шектелетін болды. Маркстік философияның әлемдік философияны алмастыра алмайтыны, маркстік философияның әлемдік философияның даму тарихының белгілі бір сатысы екендігі ескерілмеді.

Маркс те, Энгельс те ауқатты әулеттен шыққан. Маркстің әкесі – адвокат, ал Энгельстің әкесі – кәсіпорындары Германияда ғана емес, Англияда да орналасқан бай фабрикант. Маркс те, Энгельс те есейе келе өздері шыққан үстем таптан қол үзіп, бүкіл өмірін, күш-жігерін, дарынын, бұрын айтқанымыздай, жұмысшы табына қызмет етуге жұмсады. Маркс Трир деген, Энгельс Бармен деген қалада дүниеге келген. Маркстің ұлты – еврей, Энгельс – неміс.

Карл Генрих Маркс 1818 жылы 5 мамырда дүниеге келіп, 1883 жылы 14 наурызда дүниеден озды. Фридрих Энгельс 28 қарашада 1820 жылы туып, 1895 жылы 5 тамызда қайтыс болды. Маркс те, Энгельс те ғұмырының көп бөлігін Англияда – Манчестерде және Лондонда өткізеді. Ағылшындар бұларды жерлестеріміз деп мақтан тұтады. Маркс пен Энгельс болса, өздерін дүние жүзінің азаматтарымыз деп есептеді.

12 жасынан Маркс Трирдегі гимназияда оқиды. Оқу оған қиынға түспейді. Ол әсіресе өздігінен ойлауды, творчестволық қиялды керек ететін пәндерді сүйіп оқиды, жете меңгереді. Жасынан тілді меңгеруге қабілеттілік танытады, гимназияда латын, ежелгі грек тілін үйренеді.

1835 жылы Маркс Бонн университетіне түсіп, заң ғылымдарын игере бастайды. Бір жылдан кейін Берлин университетіне заң факультетіне ауысады. Мұнда әлі де ұлы Гегельдің «рухы шарқ ұруда» еді. Гегельдің ықпалымен Маркс құқықтанумен, тарихпен, шет тілдерімен бірге философияны да мұқият зерттеуге ден қояды. Көптеген философиялық еңбектерді, соның ішінде Гегельдің шығармаларын оқып, зерттеумен шұғылданды. 1839 жылдан бастап, философия оның ең басты ісіне айналады. 1841 жылы Маркс философия тарихынан Демокрит пен Эпикурдің көзқарастарын салыстырған диссертация қорғап, философия докторы атағын алады.

Докторлық диссертациясында Маркс философиялық ойлаудың бастауларына ден қояды, Сократты, Платонды, Аристотельді зерттеуге кіріседі; көптеген ежелгі авторлардың: Диоген Лаэртийдің, Плутархтың, Симплицийдің, Цицеронның, Лукреций Кардың, Секст Эмпириктің жазғандарын оқиды. Антика философиясының көптеген өкілдері мен ілімдерінің ішінен Маркс Демокрит пен Эпикурге арнайы көңіл бөліп, ілімдерін талдайды. Осы таңдаудың өзі көп нәрсені аңғартып тұр: біріншіден, Демокрит те, Эпикур да өз ілімдерінде нақты материалдық дүниеге арқа сүйейді, саналы түрде материалистік көзқарасты ұстанады. Маркс болса, диссертация жазу кезінде әлі де Гегельге, яғни идеализмге арқа сүйеуде еді. Докторлық диссертациядан біз Маркстің идеализмнен бас тартып, материализмге бет бұрғанын аңғара алмаймыз. Бірақ та оның аталған ойшылдарға Гегельден басқаша қарайтынына куә боламыз. Гегель Демокриттің ілімі өзін қанағаттандырмайтынын ашық айтады (Қара: Гегель Г.В.Ф. Лекция по истории философии. Кн. 1. С. 302). Ал Эпикур жөнінде Гегель: Эпикур өз өмірінде көптеген шығармалар жазған, бірақ олардың бізге жетпегеніне өкінудің қажеті жоқ дейді (Қара: Гегель Г.В.Ф. Лекция по истории философии. Кн.2. – СПб.: «Наука», 1999. С.340). Екіншіден, Демокрит те, Эпикур да ашықтан-ашық адам, қоғам өміріндегі Құдайдың рөлін жоққа шығарады. Маркстің диссертациясында да атеистік идеялар жиі-жиі ұшырасады. Маркс өзін «адамдардың еркіндігі үшін азап шеккен және құдайларға қарсы шыққан Прометейдің жақтасымын» деп жариялайды. Үшіншіден, Маркс идеализмге де көңіл толмайтынын жасырмайды; идеализм, оның ойынша, философияны шындықтан алыстатып, «таза ойлау» дүниесіне бұрып әкетеді. Сөйтіп, философия мен «дүниенің» ойлау мен шындықтың арасында алшақтық пайда болады. «Дүние философияға жат, философия дүниеге жат» болып шығады.

Ф. Энгельс университетте оқыған жоқ. Ол тіпті гимназияны да аяқтап үлгермеген. Әкесі оны пасторлыққа әзірлеп, теологиялық факультетте оқытпақ болғанда, Энгельс оның бұл таңдауына қарсы болады. Баласына ренжіген әкесі оны 1838 жылы гимназиядан шығарып алып, саудагерлік іске салып қояды. Осы жанына жақпайтын, өзі «каторга» деп атаған сауда-саттықпен Энгельс 45 жылдай айналысуға мәжбүр болды. Әрине, пайда тауып, баю үшін емес, Маркстің жанұясын асырау үшін, Маркстің ғылыми жұмыстармен алаңсыз айналысуына жағдай жасау үшін Энгельс осындай жүкті өзіне артып алды. Сөйтіп, ол Маркстің жанұясына ұзақ жылдар бойы материалдық көмек көрсетіп тұрады. Маркс дүниеден озғаннан кейін Энгельс коммерциялық қызметті тастап, «құлдықтан босандым!» деп жариялайды.

Егер де біз осы кезге дейін Энгельсті ғұлама, ойшыл ретінде Маркстің қатарына қойып келсек, бұл дәрежеге ол өзінің асқан еңбекқорлығымен, дарындылығымен, уақытты ұқыпты және тиімді пайдалана білуімен жетті. 40 жылдай ол күндіз кеңседе сауда-саттықпен, есеп-қисаппен, ал кеште және түнде 5-6 сағат күн сайын ғылыммен, философиямен шұғылданып отырған. Әдебиетте Энгельстің энциклопедиялық білімі жөнінде сөз болғанда оны Аристотельмен, Леонардо да Винчимен, Гетемен, Гегельмен салыстырады. Шынында да, Энгельстің білімі жан-жақты еді: философ, экономист-теоретик, тарихшы, филолог, әдеби сыншы, аудармашы, публицист, әскери теоретик. Өзінің «Англиядағы жұмысшы табының хал-жағдайы» деген Маркске өте ұнаған еңбегінде нақтысоциологиялық зерттеулердің үлгісін көрсетті. Мұндай зерттеулер Энгельске дейін ғылымда болмаған еді. Ол физика, механика, химия, биология, математика, астрономия, кейбір техникалық пәндер саласынан өте хабардар болды. Соның арқасында «Табиғат диалектикасы» деген еңбегінде жаратылыстану ғылымдарының антика заманынан бергі дамуының қорытындыларын жасады. Ч. Дарвиннің «Табиғи сұрыптау жолымен түрлердің пайда болуы» (1859 ж.) деген әйгілі еңбегін топшылап, талдау арқылы Дарвин өзі жасай алмаған соны, терең тұжырымдарға келеді.

Университетте оқып жүргенде-ақ Маркс өзінің жан-жақты дарындылығын, дәйектілігін, заттың мәнін бірден аңғаратын сезімталдығын танытады. Оқытушылар да, қатарлас студенттер де Маркстің жетекшілік қабілетін мойындап, сол кездің өзінде оны «доктор Маркс» деп атап кетеді.

Университетте Маркске сабақ берген Мозес Гесс деген сол кезде аты танымал философ өзінің студентін философиялық дамуы жағынан өзінен жоғары қояды және оны ұлы болашақ күтіп тұрғанын көрегендікпен болжай біледі. 1841 жылы жолдасына жазған бір хатында Мозес Гесс Маркске өте жоғары сипаттама береді: «Бұл маған ерекше әсер еткен таңданарлық құбылыс, – деп жазады ол. – Қысқасын айтқанда, сен тірілердің ішіндегі ең ұлы, мүмкін бірден бір нағыз философпен танысуға әзір бол. Мақсаты, ұмтылысы және өзінің философиялық рухани дамуы жағынан ол Штраустан ғана емес, Фейербахтан да асып түседі. Ал бұл көп нәрсені аңғартады». Шынында да сол кезде Штраус та, әсіресе, Фейербах та неміс зиялыларының аузынан түспейтін аты шулы ойшылдар еді. Есімі көпшілікке аты таныс емес философтың Еуропаға аты әйгілі Гегельді сынауы сол кезде көптеген есті адамдарды таңырқатып еді. Гестің пікіріне оралайық: «Менің пір тұтқан адамымды, – деп жазады ол, – «доктор Маркс», деп атайды. Ол әлі жас, 24-ке де толған жоқ. Бірақ ол көп кешікпей ортағасырлық дін мен саясатқа соңғы соққыны береді. Онда терең философиялық түсінік орынды әзілоспақпен үйлеседі. Руссоны, Вольтерді, Гольбахты, Лессингті, Гейнені және Гегельді бір кісідей ғып көз алдыңа келтіріп көр, бұларды жай шатастыру емес, барлығының қабілеті бір адамның бойынан табылғандай көрші – міне, осы адам доктор Маркс болады». Университетті жаңа ғана бітірген жас адамға мұндай баға беру сол кездің өзінде-ақ Маркстің көзге түсе бастағанын аңғартады.

Университетті бітіргеннен кейін жас философия докторы Бонға қайтып, сондағы университетке доцент болып орналасады. Бірақ оқытушылық қызметі ұзаққа бармайды: университеттегі тәртіп, қатал цензура, оқыту ісіндегі формализм, діни догмаларды мойындау Маркстің бір жылдан кейін университеттен кетуіне себеп болады. Бұлай істеуге қосымша себеп болған нәрсе – жастар пір тұтқан жас профессор Бруно Бауэрдің дінді сынағаны үшін университеттен қуылуы болды. Онымен ынтымақтастық білдіріп, Маркс те өз еркімен университеттен кетеді.

Кейін Энгельспен бірігіп жазылған «Қасиетті әулет» деген еңбегінде Маркс Бруно Бауэрдің көзқарасын қатал сынға алады. Осы арада Маркстің мінезіндегі бір қасиетті атап көрсету керек сияқты. Ол өмірде қасындағы адамдармен, әріптестермен қарымқатынаста жұмсақтық, кешірімділік, түсіністік танытқанмен, дүниетаным саласында, философиялық, саяси ұстанымда бірбеткей, ымырашылдықты білмейтін қатал адам болған. Міне, өзінің пір тұтқан адамы Бауэрге қарсы шығып отыр. Өзінің ұстазы Гегельді идеалистік көзқарасы үшін өне бойы сынаумен болды. Өзінің көзін ашып, Гегель идеализмінен материализмге бетбұруына себепші болған Фейербахты да сыңаржақтығы, дәйексіздігі, тайыздығы үшін сынайды. Маркстің ілімін экономизм, тұрпайы социологизм тұрғысынан бұрмалаған, өздерін «марксистерміз» деп есептеген адамдарға Маркс былай дейді: «Егер сіздер марксизімді солай түсіндіретін болсаңдар, онда менің білетінім біреу – мен марксист емеспін».

Университеттен кеткесін Маркстің публицистикалық, журналистік және саяси қызметі басталады. 1842 жылы ол «Рейн газетінде» қызметкер, кейін редактор болып жұмыс істейді. Публицистикалық қызмет Маркстің философиялық теория биігінен жерге түсіп, өмірде орын алған қайшылықтарды, әлеуметтік топтар мен таптар арасындағы өз мүдделері үшін тартысты, әділетсіздікті, қанаушылықты өз көзімен көріп, сезінуге мүмкіндік береді. Марксті, әсіресе, қалың халық бұқарасының ауыр тұрмысы қатты қынжылтады. Аштық, жалаңаштық, қорлық, зорлық қоғамда кең өріс алғанын көріп, осы жөнінде газет бетінде ашық жазады.

Гегель өз ілімінде «шындық ақылға сыйымды» деп жариялап, өз кезіндегі монархияны ақтап еді. Маркс Германияда қалыптасқан құрылыста ақылға сыйымды ештеңе көре алмағанын жазады. Гегель ілімі шындықтан алшақ жатыр деген тұжырымға келеді. Осы кезде Фейербахтың «Христиандықтың мәні» (1841), іле-шала «Болашақ философиясының негізгі қағидалары» деген еңбектері жарық көреді. Фейербахтың Гегель идеализмі мен дінді өткір сынауы Маркстің Гегель ілімі, идеалистік философия жөніндегі күмәндарын күшейтіп, идеализмнен бас тартып, материализмге бет бұруына елеулі ықпал етеді. Маркс енді шындыққа, нақты өмірге идеализм емес, материализм жақын екен деген ойға келеді, өйткені, материализм абстрактілі ойлаудан гөрі нақты өмірге, қалыптасқан құбылыстарға арқа сүйейді, идеализм құсап шындықты бұрмаламайды, барды бар, жоқты жоқ деп көрсетеді.

Мынадай қызық сұрақ туады: егер де Маркс университеттен кетпесе, ол материалист, атеист, саясаткер, революционер болар ма еді? Әрине, ол атақты ғалым, профессор, философ болар еді, өз мектебін құрар еді, бірақ біз білетін теорияда да, практикада да революционер болуы екіталай болар еді.

1843 жылы маусымда Маркстің өмірінде бақытты оқиға болады: ол бұдан 7-8 жыл бұрын танысып, ұнатып, некелесіп қойған Женни фон Вестфален деген барон қызына үйленеді. Маркс пен Женни атааналарының, жақын-жуықтарының қарсылығына қарамастан ұзақ жылдар бірін-бірі күтіп, сөздерінде тұрып, бас қосады. Ұзақ жылдар бойы бақытты, сыйласқан, бірақ қиыншылыққа, жоқшылыққа толы ғұмыр кешеді.

Маркс өзінің атеистік, революциялық көзқарасы үшін қуғынсүргінге ұшырап, бір елден бір елді паналап, көшіп жүруіне тура келеді, өз елінде ғана емес, Францияда да, Бельгияда да тұрақтай алмайды. Ақыр соңында Англияны паналауға мәжбүр болады. Қайда барса да жұмыс таба алмай, өне бойы пәтер жалдап күн көреді, жиіжиі материалдық мұқтаждыққа ұшырайды. Әйелінің айтуынша, «цыгандар құсап босып жүрген» кездері жиі болады. Тек сенімді серігі, досы Энгельстің арқасында Маркс «аштан өлмей» (Ленин), өміршең ұлы туындыларын дүниеге әкелуге мүмкіндік алады.

Маркс өзінің аса құнды еңбектері үшін қаламақы алмаған бірден-бір ұлы ғалым болар. Маркстің досы, шәкірті Вильгельм Либкнехт жазады: «Германиядағы ең төменгі ақы алатын мердігер (поденщик) Маркстің қырық жылдай жазған ұлы ғылыми туындысы үшін алған қаламақысынан көп жалақы алған болар». Маркстің өзі бір хатында: бүкіл саналы ғұмырымды сарп еткен «Капитал», – деп жазады, – оны жазу үстінде шеккен темекіге жұмсаған шығынымды да қайырып әкелген жоқ». Маркстің анасы ұлын өмірден орнын таба алмаған бейбақ деп есептеген және күйінішпен: «балам капитал жөнінде жазғанша, капиталға ие болғаны ақылды болатын еді» – деген.

Маркс пен Энгельстің алғашқы кездесуі 1842 жылы Кельн деген қалада Маркс жұмыс істейтін «Рейн газетінің» редакциясында болады. Бірақ мұнда жөндеп танысудың сәті түспейді. Кейін екі жылдан соң Парижде кездескенде Маркс те, Энгельс те өздерінің әр түрлі жолдармен қоғам жөнінде, философия жөнінде, алдарында тұрған мұрат жөнінде ортақ көзқарасқа келгенін аңғарады. Содан кейін олар Маркс дүниеден өткенше өмірде де, ғылымда да, саяси күресте де жұбын жазып көрген жоқ. Марксизм бір кісінің есімімен аталатын ілім болса да, ол – шын мәнісінде екі адамның еңбегі. Маркс Энгельсті бірде өзінің «екінші Мені» деп таныстырады.

Энгельс ешқашан да өзін Маркспен қатар тұрмын деп есептеген жоқ. Өне бойы өзінің Маркстің серігі екенін, екеуінің қарымқатынасында жетекші рөл досына тиесілі екенін атап өтумен болады. «Мен әрқашан да теорияда Маркстен кейін «екінші скрипканы ойнадым» деп ағынан жарылады.

Философиядағы жаңа материалистік бағыттың, қоғамтанудағы жаңа ілімнің, негізінен Маркстің есімімен аталатыны туралы айта келіп, Энгельс төмендегідей түсінік беруді қажет деп біледі. «Менің Маркспен бірге істеген қырық жыл уақытымның ішінде де және соған дейін де сөз болып отырған теорияны негіздеуде де, әсіресе оны талдап жасауда да белгілі дәрежеде дербес қатысқанымды мен бекер дей алмаймын. Бірақ негізгі жетекші пікірлердің, әсіресе экономика мен тарих саласындағы пікірлердің басым көпшілігі Маркстікі, ал оның үстіне, оларды ақырғы түрінде тиянақты тұжырымдаған да Маркс. Бұларға менің қосқанымды, мүмкін екі-үш арнаулы саланы былай қойғанда, Маркс менсіз де оп-оңай істей алатын еді. Ал Маркстің істегенін мен ешқашан да істей алмас едім. Маркс біздің бәрімізден жоғары тұрды, алысты көрді, бізден көбірек және тез шолды. Маркс данышпан еді, ал біз, ең мықтағанда, талант қана болдық. Маркссіз біздің теориямыз қазіргісіндей мүлде болмаған болар еді. Сондықтан да оның Маркстің есімімен аталуы әбден орынды» (Маркс К., Энгельс Ф. Танд. шығ. 3т. … 400 б.).

Маркс пен Энгельстің бірлесіп жазған алғашқы еңбегі жоғарыда аталған «Қасиетті әулет». Сол 1845 жылы алты айда бұлар бірлесіп, «Неміс идеологиясын» жазады. Бұл – әлі де мәнін жоймаған құнды шығарма. Осы жылы бүкіл маркстік философияның бағдарламасын, негізгі нысаналарын айқындаған Маркстің «Фейербах туралы тезистері» жазылады.

1848 жылы Маркс пен Энгельс бірлесіп, өздері құрған революциялық жұмысшы партияның бағдарламасы ретінде «Коммунистік партияның манифесін» жазады. Бұл еңбектің басты тұжырымдары мен қағидалары қазір ескірді деуге әбден болады. 40-жылдардың ортасынан бастап, Маркс капитализімнің өзіндік даму заңдарын, саяси экономиясын тиянақты зерттеуге кіріседі. Оның ойынша, қоғам өміріндегі күрделі өзгерістер әуелі теорияда жан-жақты негізделуі керек. Маркс өзінің алдына жұмысшы қозғалысының теориялық негізін құру міндетін қояды. Бұл үшін капиталистік өндірістің қалыптасуы, дамып жетілуі, мәні ашылуы керек болды.

Маркстің әдейі атап өтуге тұрарлық, ғылыми жаңалықтарға, батыл идеяларға толы еңбегі – «1844 жылғы экономикалық-философиялық қолжазбалар». Мұнда ол таза теориялық, философиялық тұрғыдан қоғамдық теңсіздіктің, қанаудың түп тамыры жатсынуда деп атап көрсетеді. Қоғам дамуының, жетілуінің, игіліктерінің көзі – еңбек, өндіріс. Капиталистік қоғамдағы ең басты өндіргіш күш – жұмысшы. Ол бірақ сонымен бірге сол қоғамдағы ең жарлы, өз еңбегінің жемісін өзі пайдалана алмайтын сорлы адам. Мұндай жағдай өзгеруі керек және өзгереді де. Бұлай бола беруі мүмкін емес, – деген тұжырым жасайды жас Маркс. Бұл «Қолжазбалар» әлі мәнін жойған жоқ. Бұл еңбекті әлі қызығып, сүйсініп оқисың.

Маркс болмысында ең алдымен ғалым-зерттеуші, сосын ойшыл-философ, сосын барып саяси қайраткер, революционер болатын. Кеңес дәуірінде біз Марксты ең алдымен революционер етіп көрсетуге тырыстық. Маркс ілімінің осы саяси, таптық, идеологиялық жағын алға тарттық. Ал бұл Маркс ілімінің екінші кезектегі өткінші жағы еді.

Маркс ғылымда немен айналысса да, асқан ыждағаттылық, дәйектілік танытты. «Капиталды» жазу үшін ол, Лениннің, Н. Михайловскийдің пікірінше, Монблан деректерді, эмпириялық мағлұматтарды жинап, талдады. Экономика теориясы, тарих, құқық, философия саласында еңбектер жазғанда Маркс сол салада жарық көрген еңбектерді қай тілде жарық көрсе, сол тілде оқып зерттеді. Осы арада Маркстің көптеген еуропалық тілдерді жете білгенін айта кету керек. Ол жас шағынан мынадай ережені ұстанған екен: классикалық шығармаларды жарық көрген тілде оқу: Эсхилді ежелгі грек, Дантені – итальян, «Дон Кихотты» – испан, Бальзакты – француз тілінде оқыған. Француз философы П.Ж. Прудон Гегельдің диалектикасын түсінбей, бұрмалаған «Қайыршылық философиясы» деген кітап жазғанда оған жауап ретінде, оны сынаған «Философияның қайыршылығы» деген еңбегін Маркс таза француз тілінде жазады (1847 ж.). Көп жылдар Маркс Лондонда тұрды, ағылшындық капитализмді ішінде жүріп мұқият зерттеді; ол, әрине, ағылшын тілін өзінің ана тіліндей білді, Шекспирді ағылшын тілінде сүйіп оқыды. Елу жасында Маркс Чернышевскийдің экономика саласындағы еңбектерімен танысу үшін орыс тілін үйрене бастайды және жарты жылдың ішінде тым тәуір меңгеріп алады; Чернышевскиймен бірге Пушкинді, Гогольді, Салтыков-Щедринді ұнатып оқиды.

Энгельс те орыс тілін білген. Бір социалистің әзіл сөзіне қарағанда, ол «жиырма тілде тұтығады екен». Оның толқыған сәттерде аздап тұтығатыны болса керек. Маркс пен Энгельстің орасан зор еңбекқорлығын атап өткен жөн. Олардың қолжазбалары 40-50 баспа табақтан тұратын 100 томды құрайды екен. Солардың ішінен неміс тілінде 70 том, орыс тілінде 51 том жарық көрді. Көптеген құнды дүниелер, әсіресе, тарих саласындағы еңбектері әлі жарық көрген жоқ. Маркс тек экономикамен, саясатпен, философиямен ғана айналысып қойған жоқ. Сонымен бірге тарих, құқықтану, әлеуметтану, эстетика, саясаттану саласында да еңбектер жазды. Қоғамдық ғылымдар Маркстің арқасында ғана ғылым деңгейіне көтеріле алды. Маркс пен Энгельс идеологияның мән-жайын ашып берді. Маркс техника мен технология тарихын да тиянақты зерттеді. Маркстің «Математикалық қолжазбалары» математиканың философиялық мәселелерін шебер талдайды.

Маркс өзінің басты іргелі еңбегін шамамен қырық жылдай жазды: «Капитал» 4 томнан, 7 кітаптан тұрады. Автордың көзі тірісінде бірінші томы жарық көрді (1867 ж.). Екінші және үшінші томдары Энгельстің редакциясымен және әзірлеуімен 1885 және 1894 жылдары басылып шықты. Лениннің пікірінше, «Капиталдың» екінші, үшінші томдарының авторлары – екеу: Маркс пен Энгельс. Бұл екі томды әзірлеп шығарумен, – дейді Ленин, Энгельс өзінің досына өшпес ескерткіш орнатты. «Капиталдың» төртінші томы ХХ ғасырдың 30-жылдарында жарық көрді. Оны да Энгельс баспаға әзірлеп кетті.

Маркстің жазуы түсініксіз болған, оның жазғандарын оқи алатын Маркстің әйелі Женни және Энгельс болған. Маркс дүниеден озғасын Энгельс бар уақытын, күшін досының қолжазбаларын баспаға әзірлеуге жұмсайды, өз ойларын жүзеге асыруға, өз еңбектерін жазып шығаруға уақыты жетпейді.

Маркс Гегельдің абсолюттік идея немесе абсолюттік рух деген ұғымдарынан бас тартып, философиялық ойлаудың бастапқы принципі ретінде материалдық дүниені – табиғат пен қоғамды таниды. Адамзат тарихының анықтаушы күштері, оның ойынша, – қарапайым еңбек, өндіріс, өндірістік қатынастар.

Маркс философияға тұңғыш рет өзінің материалистік көзқарасын сипаттайтын басты ұғымдарды енгізді: қоғамдық болмыс және қоғамдық сана, базис және қондырма, қоғамдық-экономикалық формация, таптар, тап күресі, әлеуметтік революция, өндіріс тәсілі, өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастар, т.б.

Өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастар бірігіп, қоғамның экономикалық негізін құрайды. Материалдық игіліктерді өндіру тәсілі қоғамның әлеуметтік, саяси және рухани дамуының себебі болып табылады. Қоғамның дамуы барысында, Марксше, өндірістің материалдық күштері, яғни өндіргіш күштер өздерімен тығыз байланысты өндірістік қатынастармен қақтығысқа түседі. Себебі өндірістік қатынастар қалыптасқан қалпын сақтағысы келіп, өне бойы өзгеріп, жетіліп тұратын өндіргіш күштердің қарқынды дамуына кедергі болады. Өндірістік қатынастар мен өндіргіш күштердің арасындағы бара-бара шиеленіскен қайшылық адамдардың арасындағы наразылыққа – тап күресіне әкеліп соқтырады. Мұның аяғы, – дейді Маркс, әлеуметтік революцияға, төңкеріске ұласады.

Бірақ, – деп атап көрсетеді Маркс, барлық өндіргіш күштер бұрынғы өндірістік қатынастар аясында дамып жетілмей тұрып, қоғамдық тәртіп жойылмайды. Ескі қоғамның негізінде жаңа қоғамның материалдық алғышарттары пайда болмайынша жаңа жоғары деңгейдегі өндірістік қатынастар ешқашан да дүниеге келмейді. Мұнымен Маркс нені ескерткісі келеді? Революция деген адамдардың қалауымен қалай болса солай жүзеге асатын кездейсоқ нәрсе емес. Революцияның пісіп жетілуі, жүзеге асуы – тұтас дәуір. Революция – объективтік заңдылық, адам, қоғам тағдыры. Революциямен ойнауға болмайды. Революция жүзеге асуы үшін объективтік және субъективтік факторлар қатар қалыптасып, дамып жетілуі керек. ХХ ғасырда жүзеге асқан әлеуметтік төңкерістерде Маркстің осы тұжырымы ескерілмеді. Бір қоғамының орнына екінші қоғам, айталық, капитализмнің орнына коммунистік қоғам орнауы үшін, бұрынғы капиталистік қоғам өзіндегі бар мүмкіндіктерді жүзеге асырып, дамып жетіліп, дағдарысқа ұшырап, өзін-өзі жоққа шығаруы керек.

Өндірістік қатынастар, Маркс ілімінде – бұл жер иесі мен жалдамалы қызметшінің, зауыттар мен фабрикалардың иесі – капиталист пен жалдамалы жұмысшының арасындағы қатынастар. Өндірістік қатынастар объективтік фактордың қатарына жатады. Былайша айтқанда, капиталист пен жұмысшының арасындағы өндірістік қатынас олардың еркінен тыс қалыптасады: капиталистің кәсіпорны жұмыс істеу үшін ол жұмысшыларды жалдауы керек, ал жұмысшылар өздерінің отбасын асырау үшін капиталистке жалданып жұмыс істеуі керек. Басқа жол жоқ.

Маркстің материалистік көзқарасы бойынша, өмірдің қай жағы да материалдық факторлармен анықталады. Материалдық факторлар қалыптасып бар болған кезде рухани құбылыстардың сан алуан қимылдары, шарықтауы, материалдық құбылыстарға ықпалы жүзеге асып жатады.

Қоғам дамуын Маркс табиғи-тарихи процесс деп біледі. Қоғам дамуы да табиғаттағыдай объективтік заңдарға сай жүзеге асады. Бірақ табиғат дамуы стихиялы түрде жүзеге асса, қоғам дамуы адамдардың саналы іс-әрекеті арқылы жүзеге асады. Біз жоғарыда маркстік философияға сипаттама беріп, оның идеализмнен және Маркске дейінгі метафизикалық материализмнен негізгі айырмашылықтарын атап көрсеттік. Маркстік философияның диалектикалық және тарихи-материалистік ерекшелігін де көрсеттік.

Маркс өзінің «Капиталында» Гегель негіздеген диалектикалық тәсілді шебер қолдана білді. Бірақ бұл тәсіл Гегельдегідей идеалистік формада емес, материалистік тұрпатта қолданылды. Маркстік диалектика дүниедегі даму процесінің көзі, негізі деп табиғаттағы және қоғамдағы қайшылықтарды таниды. Осы негізде ғана рухтың, идеяның, танымның, ғылымның, мәдениеттің дамуы жүзеге асады. Өздігінен дамитын идея емес, табиғат және қоғам.

Энгельстің пікірінше, Маркс ғылымда екі ұлы жаңалық жасады: 1) қосымша құн теориясын құрды және 2) біз жоғарыда сипаттаған тарихтың материалистік түсінігін жасады. Қазір жалпы түрде Маркстің бірінші жаңалығын суреттеп көрейік.

Капитал деген құбылыстың ерекше қасиеті – өне бойы өсіп өніп отыратыны. Капитал қалай өседі? Бір капиталистің екінші капиталисті алдауының арқасында ма? Жоқ, бүйтіп капитализм өмір сүре алмайды. Капитал – тауар. Демек, капиталдың өсіп-өнуі тауар қатынастарына байланысты. Бір затты екінші затқа айырбастағанда, яғни бартерде өсім бола ма? Жоқ. Тауар айырбасы алғашқыда бартер түрінде жүзеге асты. Кейін ақша пайда болды: 20 метр матаны 2 фунт стерлингке, яғни тауарды ақшаға, сосын ақшаны қайтадан тауарға айырбастау: Тауар-Ақша-Тауар (Т-Д-Т). Мұнда да капитал, қосымша құн жоқ. Капитал ақшаға тауар сатып алып, сосын ол тауарды қайтадан ақшаға айналдырған кезде пайда болады. Адам, әрине, 100 фунтқа мақта сатып алып, мақтаны қайтадан 100 фунтқа сатпайды. Бұл қисынға келмейді. Капиталист сатып алынған мақтаны өңдеп, мата жасап, матадан костюм тігіп, сол костюмді қымбатырақ сатып пайда табады; 100 фунтқа емес, 400 фунтқа сатады. «Капиталда» бұл процедураның формасы Д (ақша) – Т (тауар) –Д1 (өскен ақша). Бұл арадағы Д1 алғашқыда жұмсалған ақшамен өңделген тауарды сатқандағы түскен өсім ақшаның қосындысы: Д1 = Д+делта Д. Қосымша құн, сөйтіп, осылай пайда болады. Бүйтіп пайда табуды Маркске дейінгі экономистер де (айталық, Адам Смит және Давид Рикардо) білген. Маркс мұнымен де шектелмейді. Капиталист, – дейді Маркс, – базардан айрықша тауар сатып алады. Бұл – зат емес, тірі жан, жұмысшы. Осы тауарды Маркс жұмыс күші деп атайды. Мұндай тауарды Смит және Рикардо білмейді. Капиталист жұмыс күшін жалдайды (сатып алады), оның жұмысын ойдағыдай жолға қояды, қажетті құрал-жабдықтармен жұмысшыны қамтамасыз етеді. Сөйтіп, жұмысшы нақты жұмыс барысында белгілі бір уақытта келісілген еңбекақысынан үш есе, төрт есе артық құны бар тауар өндіреді. Сөйтіп, капитал көбейеді, капиталист байиды. Жұмысшы бар күш-жігерін, қабілетін жұмсап еңбек еткенмен, – дейді Маркс, – ол байи алмайды, оның еңбегінің жемісін капиталист іскерлікпен пайдалана біледі. Бұл жағдай ерте ме, кеш пе жұмысшылардың наразылығын тудырады.

Енді қазіргі кезде өріс алып отырған Маркс ілімін сынаудың мән-жайына қайтып оралайық. Маркс те – қарапайым адам. Ғұламағалым болса да, Маркс те қателескен. Маркстің де елемеген, ескермеген, асыра сілтеп жіберген жайттарының болуы түсінікті. Оның үстіне ХХ ғасырда қоғам да, адам да, мәдениет те басқаша даму үдерістерін бастан кешті. ХХ ғасырдың екінші жартысындағы капитализмді біреу Маркске асқан көрегендікпен суреттеп берсе, Маркс оны утопист, романтик деп келеке қылар еді. ХІХ ғасырдағы капитализмде кейін болған өзгерістердің нышаны да жоқ.

Маркс ілімінде қазіргі күн тұрғысынан шындыққа сай келмейтін, ескірген қағидалар бар. Енді солардың кейбіреуін атап көрейік. Марксизмдегі пролетариаттың дүниежүзілік тарихи миссиясы жөніндегі тұжырым ескірді. Маркс пролетариатты асыра дәріптеп, оны капитализмнен коммунизмге өту ісін жүзеге асыратын революциялық күш ретінде таныды. ХІХ ғасырда мұндай тарихи миссияны атқара алатын пролетариаттан басқа қоғамдық күш жоқ болды: пролетариат – ірі өндіріс орындарында топталған, ұйымдасқан және меншігінде ештеңе жоқ, сондықтан капиталистік қоғамды өзгертуге ынталы тап болатын. Маркс пен Энгельс алдарына пролетариаттың сана-сезімін ояту, оның қоғамдағы қазіргі жағдайын суреттеп, қоғамдағы орнын, рөлін түсіндіру, оны революциялық идеялармен қаруландыру міндетін қойды. Маркстің пікірінше, әзірге пролетариат өзінің тарихи рөлін түсінбейді, өзінің мүмкіндігін білмейді; ол әзірге – «өзіндік тап» күйінде қалып отыр («класс в себе»); енді оны, өзін-өзі танитын тапқа («класс для себя») айналдыру керек. Пролетариат, – дейді Маркс, – философиядан өзінің рухани қаруын, ал философия пролетариаттан өзінің материалдық қаруын таба алады. Бұл ниеттен, бұл әрекеттен ештеңе шықпады. Мәселе бір қоғамдық құрылысты құлатуда ғана емес, сонымен бірге жаңа қоғамдық құрылысты құруда болатын. Париж Коммунасы да, Қазан төңкерісі де пролетариаттың мұндай істі атқаруға әзір еместігін көрсетті.

Маркстің Батыс Еуропаның дамыған елдерінде социалистік революцияны жүзеге асыруға мүмкіндік бар деген тұжырымы ертелеу, негізделмеген, пісіп жетілмеген болжам болып шықты. ХІХ ғасырда Батыстың ешбір елінде революциялық жағдай және революцияны ойдағыдай жүзеге асыруға қажетті объективтік және субъективтік факторлар қалыптасқан жоқ еді.

Маркс пен Энгельс қоғам дамуындағы революциялық жолдың рөлін тым жоғары бағалады. Маркс революцияны «тарихтың локомотиві», яғни шешуші, қозғаушы күші деп атайды. Жекеменшікті, әлеуметтік езгіні, адамның адамды қанауын тек революция арқылы жоюға болады. Маркс «жекеменшікті жою керек пе?» – деген сұрақ қоймайды. Оның ойынша, барлық пәле – жекеменшікте. Жекеменшік жағдайында адамды адам ететін, адам мәнін ашатын еңбек, керісінше, адамды құралға, затқа, хайуанға айналдырудың амалына айналады. Маркс «1844 жылғы экономикалық-философиялық қолжазбаларын» да жұмысшының атынан: «Менің еңбегім менің ерікті өмір сүруімнің айғағы болуы керек еді, сондықтан еңбек мені рахатқа бөлеуі тиіс-ті. Жекеменшік жағдайында еңбек өмірімнің маған жат болуына әкеліп соқтырады, өйткені мен адам болып өмір сүру үшін, адам атын ақтау үшін еңбек етпеймін, күнкөріс үшін еңбек етуге мәжбүр боламын. Демек, менің еңбегім менің өмірім емес», – деп жазады. Адам жекеменшік жағдайында өзіне-өзі ие бола алмайды.

Маркстің пікірі көңілге қонады. Бірақ ол жекеменшіктің, өзі айтқандай, теріс жағына ғана мән беріп отыр. Ол жекеменшікті коммунистік идеал тұрғысынан, яғни адам адамға дос, бауыр, жолдас болып табылатын жағдайға сай бағалап отыр. Біз қазір социалистік өмір салтынан бас тартқаннан кейін жекеменшік мәселесіне басқаша қарап жатырмыз. Жекеменшік адам үшін ауадай қажет, адам болып өмір сүрудің қалыпты шарты екен. Тек қана революцияға үміт артуға болмайтын себебі ол, қалай десек те әрқашан да адамға, халыққа, қоғамға жасалған зорлық. Революция бейбіт жолмен жүзеге аспайды: үстем тап еш уақытта өзінің артықшылықтарынан бас тартқысы келмейді. Маркс те, Энгельс те және Ленин де реформаны мойындамады, бағаламады, реформаны алға тартқан әріптестерін «реформистер» деп сынаумен болды. Реформаны Ленин «үстіндегі киімнің жыртық жерін жамап-жасқау» деп тәлкек етеді.

Маркс те, Энгельс те, кейін Ленин де өз шығармаларында капитализмді, капиталистік қатынастарды қатал сынға алады. Капитализм, олар үшін, адамдардың ар-ұятын, еркіндігін, құқықтарын таптайтын жыртқыш, қатыгез қоғам. Буржуа, – дейді Маркс, өзінің бас пайдасы үшін қандай қылмысқа да баруға әзір. Айталық, біздің заманымызда Америка Иракқа не үшін соғыс ашты? Ирак халқын диктатурадан азат етіп, алға бастыру үшін бе? Жоқ. Ирактың байлығын, мұнайын тонау үшін.

Әдебиеттен әркім біледі: капитализмді сынаушылар тек Маркс пен Энгельс болған жоқ. Диккенс, Фильдинг, Бальзак, Флобер, Голсуорси, Драйзер, Горький және басқалардың туындыларында капиталистік қоғам адамзаттың басым көпшілігін адам деп танымайтын, адамдарды алалайтын қоғам ретінде суреттеледі. Марксизм капитализмнің өзгеретінін, бір күйде қалмайтынын ескереді, бірақ бұл өзгерісті мұндай қоғамның түзелуі, жақсаруы деп білмейді, тек күйреуі, құрдымға кетуі деп есептейді.

Марксизм-ленинизм халық бұқарасын тарихтың шешуші күші деп таныды, халықтың мүддесін ту қылып көтерді. Шын мәнісінде, халық бұқарасы қай кезде де тарихи тұлғалардың қоғам мүддесі деп өз мүддесін көздеген пиғылдарын, харакеттерін жүзеге асырудың құралы болып қалып отыр. Халық тарихи күшке айналу үшін оны құрайтын әрбір адам тұлға, субъект деңгейіне көтерілуі керек.

Марксизм тарапына айтылып жүрген мына сынмен де келісуге тура келеді: ол қоғам, мемлекет, тап мүддесін жеке адамның мүддесінен жоғары қойды, адам қоғам өмірінде кейінгі қатарда тұрды. Батыста капитализм дара тұлғаның мүддесін алға қойды, сөйтіп, қарыштап дамуға мүмкіндік туғызды: адам өзі үшін қандай қиын қамалды да алады екен. Осыған орай қазақтың «өзім дегенде өгіздей қара күшім бар» деген дана сөзі ойға оралады.

Марксизм-ленинизм философияның таптық, партиялық, идеологиялық функциясын баса көрсетті. Маркс өз философиясын мақтанышпен «пролетарлық философия» деп таныстырды. Философия қоғамдағы бір жақтың, бір таптың ғана мүддесін көздесе, бұл оны қалай еткенде де сыңаржақтылыққа ұрындырады. Энгельс «бүкіл философияның негізгі мәселесі» ретінде ойлаудың болмысқа қатынасын ұсынады. Бұл – асыра сілтеушілік. Ойлаудың болмысқа, сананың материяға қатынасы – тек Батыс философиясында – немістің классикалық философиясында, марксизмде негізгі анықтаушы мәселеге айналды. Шығыс философиясында, орыс және қазақ философиясында мұндай мәселе тұрған жоқ. Қайталап айтамыз, философияның басты мәселесі – Адам және Дүние.

Маркстің Фейербах жөніндегі он бірінші тезисі философияның міндетін дұрыс анықтамайды: «Философтар дүниені түрліше түсіндіріп қана келді, ал мәселе оны өзгертуде жатыр» (Маркс К., Энгельс Ф. Таңд. шығ. 1 том, 9б.), – дейді Маркс. Бұл пікірмен келісуге болмайды: дүниені өзгерту, әуелі теорияда, соңынан практика жүзінде – ғылымның алдында тұрған міндет. Маркс бұл арада философияны ғылым ретінде ғана қарастырып отыр. Философияның дәстүрлі қызметі (функциясы) – дүниені түрліше түсіндіру. Оған осының өзі жетіп жатыр.

Маркс іліміндегі мұндай олқылықтар, ескіріп, мәнін жойған тұжырымдар ойлау тарихында болып тұратын түсінікті, түсінуге болатын жайттар. Ғылым да, ғылыми теория да, философиялық түсінік те қашанда относительді болып келеді. Маркске, марксизмге біздің жақта, атап өткеніміздей, сыңаржақты, теріс көзқарас орын алып отырғанмен, Батыста танымалы оқымыстылар, теоретиктер арасында, керісінше, түсіністікпен қарау байқалады. Сөз жоқ, олар да Маркс іліміндегі ескірген, бүгінгі күні күшін жойған қағидаларды, қателіктерді сынайды. Бірақ сонымен бірге Маркстің ғылымдағы, философиядағы ұлы жетістіктерін де дәлелді түрде көрсетіп отырады. Батыстағы белгілі Маркстің сыншысы Карл Поппердің пікірінше, Маркс, әрине, өзінің кейбір басты теорияларында қателіктерге ұрынған, оның болашақ туралы болжамдары шындықтан алшақ. Соған қарамастан, – дейді Поппер, ол көп нәрселерге біздің көзімізді ашты. Қазіргі әлеуметтік философия мәселелерін зерттеушілер Маркстің алдында қарыздар. Егер де біз марксизмнің ең алдымен метод екенін ескерсек, оның көптеген көзқарастарының өшпес мәні барын мойындауға тиіспіз, – деп жазады.

Макс Вебер Маркстің диалектикасын аса құнды ілім ретінде бағалайды; Маркс даму үдерісінің көптеген типтік-идеалдық заңдары мен конструкцияларын ашқан ұлы ойшыл деп таниды. Біздің бәріміз де, – дейді ХХ ғасырдағы Батыстың ірі теоретигі Даниэл Белл, Маркстің иығында тұрмыз. Біздің әр түрлі идеялық ұстанымымызға қарамастан, – дейді француз философы Раймон Арон, бәріміз де Маркстің тарихи түсініктерінен нәр алдық. Н.А. Бердяев Маркстің ұлылығын, данышпандығын ешкім жоққа шығара алмайды дейді.

Жан Поль Сартрдың мәлімдеуінше, марксизм – заманымыздың өшпес философиясы. Эрих Фромм Маркстің өзінің ойлауының маңызды бастауларының бірі болғанын мойындайды. Шынында да, Маркстің ұлылығын да, даналығын да дұрыс түсіну үшін оған әулие, пайғамбар ретінде қарамай, қарапайым тарихи тұлға, ғалым, ойшыл ретінде қарау керек. Сонда оның өлмес, өшпес идеяларымен бірге өткінші, уақытша түсініктерін де аңғара аламыз.

Авторлық сілтеме:
Рысқалиев Т.Х. Философия тарихы: Оқулық. / Т.Х. Рысқалиев, – Алматы: Экономика, 2015. 508 бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *