Марксизм — неміс ғалымдары Карл Маркс (1818-1883) пен Фридрих Энгельстің (1820-1895) капитализмнің жойылуын жəне коммунистік қоғаммен ауысуын ғылыми негіздеген ілімі мен көзқарастар жүйесі немесе ғылыми коммунизм теориясы. Марксизм – тарихи миссиясы қанау мен қинауды жою, өзге мəдени құндылықтар жүйесіне негізделген тапсыз, жекеменшіксіз жаңа қоғам құруды мақсат еткен пролетариаттың теориялық дүниетанымы немесе идеологиясы. Революциялық тап ретінде пролетариатқа тарихи оптимизм, терең прогресс сезімі тəн, ол гуманизм мен адамзат ақыл-ойының күшіне сенеді. Пролетариаттың идеологиясы ретінде марксизм жұмысшы табының тарихи аренаға саяси күш ретінде шығуына байланысты пайда болды. Жұмысшы табы саяси күш ретінде Франциядағы Лион көтерілістері, Англиядағы чартистік қозғалыс, 1848 жылғы Париждегі маусым баррикадалары кезінде көрінді.

Марксизмнің негізгі теориялық ережелері XIX ғасырдағы Еуропадағы үш идеялық ағымдарды шығармашылықпен дамыту негізінде жасалды. Олар: классикалық неміс философиясы, ағылшынның саяси экономиясы жəне француздың утопиялық социализмі марксизмнің құрамдас бөліктері болып табылады. Классикалық неміс философиясы тарихқа материалистік көзқарасты қалыптастырады, яғни экономикалық қатынастардың қоғамдағы басты рөлі туралы тұжырымға əкелді. Классикалық буржуазиялық саяси экономия қосымша құн теориясы негізінде адамдардардың өндірістік қатынастары қоғамның негізі екендігін дəлелдеді. Утопист социалистер əділетті қоғам құрудың үлгілерін көрсетті. Бұлар жеке-жеке алғанда марксизмге сəйкес келмейді. Себебі неміс философиясы тарихи құбылыстарды ішкі байланыстарын (диалектикасын) тарихтың бір мистикалық идеяларын жүзеге асыру мақсатымен байланыстырды. Саяси экономия капиталистік өндіріс қатынастарын адам табиғатына сəйкес, мəңгі құбылыс деп қарастырды. Утопистер қоғамды өзгертуді адам санасының өзгеруімен немесе философиялық, ғылыми көзқарастардың діни жəне адамгершілік принциптермен байланыстырды. Марксизм осы үшеуін синтездеп, жаңа деңгейге көтерді.

К. Маркс и Ф. Энгельс табиғаттың даму заңдары туралы ілім (диалектикалық материализм) жəне қоғамның даму заңдары туралы ілім (тарихиматериализм) негіздеді. Тарихтыматериалистіктұрғыдан түсіну XIX ғасырдағы қоғамдық ойдың дамуындағы бетбұрыс болды. Ол əлемдік тарихи үдерістің жүрісін ғылыми негіздеп, бұрынғы тарихи-философиялық концепциялардың теориялық проблемаларына өзінше жауап берді. Тарихи материализмнің негізгі ережелері мынада: табиғат пен қоғам үнемі дамуда болып, органикалық жəне заңды үдерісті құрайды. Адамзат қоғамы – қарапайымнан күрделіге, төменнен жоғарыға қарай дамитын, сандық өзгерістерден сапалық сипатқа айналатын органикалық үдеріс. Маркс пен Энгельс өндірістік қатынастарды басты жəне алғашқы фактор ретінде санап, материалистік тұрғыны қалыптастырды. Нəтижесінде тарихи құбылыстың ішкі қорғаушы күштері мен себептерін тапты. Басты тұжырым – өндіріс қатынастарының өзгеруі қоғамның өзгерісіне əкеп соғады. Осының негізінде қоғамдық-экономикалық формация ұғымы пайда болып, оның төменгі формаларынан жоғары формаларына өту арқылы қоғам прогресс жолымен дамиды деген басты тұжырым пайда болды. Қоғам негізгі 5 кезеңнен тұрады: алғашқы қауымдық, құл иеленушілік, феодалдық, капиталистік жəне социалистік (коммунистік). Қанауға негізделген 3 формация (құл иеленушілік, феодалдық, капиталистік). Алғашқы қауымдық пен коммунистік формациялар – тапсыз қоғамдар. Ең жоғары түрі – коммунистік қоғам – содан бүкіл адамзат тарихы басталуы керек деді.

Өндіріс қатынастарының басты рөлі əлеуметтік таптар туралы түсінікті түбегейлі өзгертті. Таптардың пайда болуын еңбектің қоғамдық бөлінісі мен өндіріс құрал-жабдықтарына жекеменшіктің пайда болуымен тікелей байланыстырды. Сөйтіп, қоғам тап күресінің негізінде дамиды. Ең басты жаңалық осы. Оның буржуазиялық тарихшылары пікірінен айырмашылығы – тап күресі антагонистік қоғамдық формациялардың қозғаушы күші.

Марксизмнің тағы бір жаңалығы – пролетариаттың ерекше рөлі туралы теория. Таптар өндіріс дамуының белгілі бір кезеңдерінде болады. Тап күресі пролетариат диктатурасына əкеледі. Бұл диктатура таптарды жоюға жəне тапсыз қоғам құруға өтпелі кезең болды.

Тарихты материалистік тұрғыдан түсіндіру Маркс пен Энгельстің осы тарихи тұжырымдары «Неміс идеологиясы» (1845- 1846), «Философия қайыршылығы» (1847), «Коммунистік партия манифесі» (1848) еңбектерінде көрініс тапты.

Тарих дамудыңдиалектикасыбойынша, тарихизаңдар объективті сипатта жəне кері жүрмейді. Адамзат қоғамы – өте күрделі құбылыс, солай болса да, оның мəнін тануға болады. Тарихи материализм тарихи үдерістің идеалистік схемаларының тану мүмкіндігін жоққа шығаруына (агностицизмге) қарсы шығады. Тарихи материализмнің негізгі ережелерінің бірі – дүниежүзілік тарихтың біртұтастығы туралы теория, яғни барлық халықтардың (мысалы, египеттіктер, гректер, римдіктер, германдар, т.б.) дамуы бір бағытта, бір заңдар, бірдей сатылардан өтумен жүзеге асады. Соған қарамастан, əлемдік үдерістің тұтастығы оның біркелкілігі деген сөз емес. Тарихты материалистік тұрғыдан түсіну тарихи үдерістің жекелеген аймақтар мен елдердегі көптүрлілігі мен көпнұсқалығын мойындайды.

Тарихи материализмнің іргелі идеясы – қоғамдық-экономикалық формациялар туралы теория. Бұл тұрғыдан дүниежүзілік тарихи үдеріс біркелкі аморфтық емес, іштей бір-бірінен сапалық жағынан ерекшеленетін кезеңдер мен сатыларға бөлінеді. Қоғамдықэкономикалық формация белгілі бір кезеңдегі адамзат қоғамын оның көптүрлілігін жəне өзіндік құрылымымен сипаттайды. Маркс пен Энгельс еңбектерінде адамзаттың дамуының негізгі кезеңдері: алғашқы қауымдық, құл иеленушілік, феодалдық, капиталистік жəне коммунистік қоғамдық-экономикалық формациялар.

Қоғамдық-экономикалық формациялар ұғымы құрылымы жағынан күрделі болғанмен, тар шеңбердегі мына ұғымдардың: материалдық игіліктер өндірісінің тəсілі, азаматтық қоғам, саяси ұйым жəне мəдениет ұғымдарының органикалық тұтастығын береді. Бұлардың бəрі формация жүйесінде бірдей рөл атқармайды. Маркс пен Энгельс материалдық өндіріс тəсілінің шешуші рөлін айқындап, оның осы экономикалық жүйенің мəнін тарихнамада бұрын қолданылған «шаруашылық», «өндіріс», «экономикалық тұрмыс» терминдеріне қарағанда, неғұрлым толық жəне дəл көрсететініне назар аударады. Қоғамдық-экономикалық формацияда өндіріс тəсілі шешуші рөлі атқарып, ол таптық жəне əлеуметтік бөліністің, ол арқылы қоғамның саяси ұйымының ерекшеліктерін айқындайды. Өз дамуының белгілі бір сатысында «қоғамның материалдық өндіргіш күштері өндірістік қатынастармен қайшылыққа түседі.

Өндірістік қатынастар өндіргіш күштерді тежей бастайды. Сол кезде əлеуметтік революция басталады. Экономикалық негіздің өзгеріске ұшырауы бүкіл қондырғыны төңкеріске ұшыратады. Өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастардың диалектикалық тұтастығы таптық жəне əлеуметтік құрылымның қайшылықты дамуында жүзеге асады. Барлық қоғамдық қайшылықтардың айқындаушы күші таптық күрес болғандықтан, ол тарихи материализм теориясында қоғам дамуының негізгі қозғаушы күші саналады. Бұл жағдайда тарихи зерттеудің басты объектісі материалдық құндылықтарды, тап күресінің қатысушысы халық бұқарасы болады. Осылайша марксизмде жеке тұлға жəне халық бұқарасының орны туралы тарихи мəселе түпкілікті шешілген. Халық бұқарасы тарихты жасаушылар, ал тарихи тұлғалардың сұраныстары мен мүдделерін көрсете алатындар саналады. Тап күресі мəселесімен тығыз байланыста революция проблемасы қаралады.

Француз буржуазиялық революциясы кезінен бастап, «революция» термині танымал болды. Революция деп ірі қоғамдық қозғалысты да немесе ұсақ сарай төңкерісін де айтады, мұның өзі бұл ұғымның нақты жəне айқын өлшемдерінің жоқ екенін көрсетті. Бұл Маркстік ілім критерийлерді (өлшемдер) жасақтап, оны бір жағынан, тарихи даму туралы іліммен, екінші жағынан, қоғамдықэкономикалық формация ұғымымен байланыстыра қарастырады. Енді революция күні өтіп бара жатқан формацияны күшпен жою жəне жаңа формацияға қажетті əлеуметтік саяси жағдайлар жасау процесі жəне қоғамның сапалық кезеңдерін бір-бірінен айыратын шек ретінде түсінілді. Ал «революция» термині əлеуметтік немесе əлеуметтік-саяси революцияны білдіретін болды. Революциялық үдерістің жоғары формасы – қарулы көтеріліс. Революция белгілі бір жағдайларда бейбіт жағдайда жүзеге асады, оны өмір бірнеше рет дəлелдеді. Қандай жағдайда болмасын революция қоғамның сапалық өзгерісін көрсетеді. Оның басты мəселесі – билік туралы проблема. Билік революцияның сипатын да, оның қозғаушы күштерін де айқындайды.

Тарихи материализм бір формацияның екіншісіне өту жолдары сияқты күрделі тарихи проблеманы былайша түсіндіреді: жаңа формация элементтері ескі формация ішінде пайда болып, дамып, өндіріс тəсілінің басым формасына айналады. Оның пісіп-жетілуі революцияның алғышартын жасайды. Осылайша тарихи материализм қоғамдық-экономикалық формация ұғымы арқылы дүниежүзілік тарихи үдерісті күрделі, көпнұсқалы, көпқырлы, өзінің дамуында құрылымдық жағынан бірқатар ірі кезеңдерге бөлінген құбылыс етіп қарастырады.

Тарихи материализм, яғни маркстік ілім ұсынған дүниежүзілік тарихи үдерістің жалпы теориясы əлемдік тарихнаманы теориялық жағынан байытты. К. Маркс «Франциядағы 1848-1850 жж. тап күресі» (1890) «Луи Бонапарттың 18 брюмері» (1852) еңбектерінде француз қоғамындағы əлеуметтік таптар, олардың көзқарастары мен қайшылықтары талдап, ұсақ буржуазияның тұрақсыздығы, шаруалардың реакцияшылдығы туралы тұжырымдар жасайды. Ірі буржуазияның контрреволюцияшылдығы Франциядағы екінші республика кезіндегі бонапартизмнің жеңісіне əкелегеніне назар аударды. 1948 жылғы революцияда негізгі қарама-қарсы таптар шаршаған кезде Бонапарт сияқты «таптан тыс тұрған күш» билікке келіп, диктатура орнатты дейді. Ф. Энгельс «Германиядағы шаруалар соғысын» зерттеп, оның жеңілісінің себептерін: бюргерлердің опасыз саясатымен, шаруалар қозғалысының бытыраңқылығымен жəне буржуазияның басшы бола алмағандығымен түсіндірді. Бұдан олар буржуазиялық демократиялық революцияда буржуазия басшылық рөл атқара алмайды, ол жұмысшы табы қолынан келеді деген тұжырым жасап, пролетарлық революцияның буржуазиялық революциядан ерекшелігін көрсетті.

Пролетарлық революцияның мақсаты – қанауды жою, тапсыз қоғам орнату, буржуазиялық мемлекеттік билікті жою, оны билікке келген жұмысшы өкіметі пролетариат диктатурасы жүзеге асырады деген тұжырым жасалды. Капиталистік қоғамды талдап, оның басталуын географиялық жаңалықтар мен халықаралық сауданың дамуымен байланыстырып, алғашқы қорлану үдерісінің мəнін ашты: 1) меншіктен зорлап айыру, өндірушілерді (шаруалар мен қолөнершілер); 2) отарларды тонау; 3) байлықтың бір қолға жиналуы.

Маркс пен Энгельс еңбектерінде Германия тарихы тұрғыдан талданып, оның Пруссия айналасына бірігудің себептерін ашады: ХІХ ғ. 60-жылдары Германияның бірігуі қажеттігі буржуазия экономикалық өрлеу жағдайында ортақ рынок қажеттігіне əкелді. Сондықтан Бисмарктың «жоғарыдан жасалған революциясы» осыны жүзеге асырды. Бисмарк «ұлттық идеяны» жүзеге асыруда ұлтқа, не халыққа сүйенген жоқ, құпия дипломатия мен интригаға сүйенді дейді. Олар Ресей тарихына да назар аударып, «орыстың қауымдық жер меншігі коммунистік дамуға негіз болады» деген тұжырым жасады.

Маркс пен Энгельс 1877 ж. американдық тарихшы Морганның «Ежелгі қоғам» еңбегін бағалай отыра, мемлекеттің тап жойылғанда жайылатынын дəлелдеді. Олар тарихты жазу əдістемесіне көңіл аударды. Өздерінің тарихи тұжырымдарында салыстырмалық, эволюциялық əдістерді қолданды. Фактілерді белгілі бір мақсаттарға үйлестіруге қарсы болды. Тарихилық – байланыстылықты тəжірибемен ұштастырды. Макс пен Энгельс антикалық тарихнама мəселесін жаңаша қарастырды. Маркс пен Энгельс классикалық білім алғандықтан антикалық тарихпен жақсы таныс болды, ежелгі авторлар еңбектерінің қолжазбаларын ғана емес, антикалық тарихты зерттеуші европалық ғалымдар Г. Нибур, Дж. Грот, Т. Моммзен, Г. Морган жəне басқалар еңбектерін оқыды. Мысалы, Ф. Энгельс өзінің «Отбасының, жекеменшіктің жəне мемлекеттің пайда болуы» деген еңбегінде деректерді талдаудың үлгісін көрсетті.

Авторлық сілтеме:
Жұмабаева Ж.К. Дүниежүзілік тарих тарихнамасы (ежелгі замандардан ХХ ғ. дейін). І бөлім. ЖОО тарих мамандығы студенттеріне арналған оқулық. / Алматы: 2014. – 408 б.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *