Мәдениеттің пайда болуы

Сабақтардың мақсаты – алғашқы өркениеттердің пайда болуын, қалыптасуы мен құлдырауын оқып-үйрену, тарихи оқиғаларда, мәдениеттің материалдық және рухани объектілерінде әртүрлі өркениеттердің өзіне тән сипаттарын, сананың діни белгілерін көрсететін ерекшеліктерін, дамудың әртүрлі сатыларындағы ежелгі қоғамның мәдени өзіндік сипатының өзіне тән ерекшелігін айқындау. Сабақ барысында студенттер Ежелгі Шығыс өркениетінің де, сондай-ақ Ежелгі Грекия мен Ежелгі Римнің де мәдениеттерінің негізгі даму кезеңдері мен қол жеткізген жетістіктерімен танысуы тиіс.

Негізгі түсініктер мен ұғымдар: неолит, архаикалык мәдениеті, синкретизм, діннің алғышқы түрлері (тотемизм, фетишизм, анимизм, шаманизм), политеизм, ежелгі шығыс қала, шығыс деспотия, канон, конфуцийшылдық, даосизм, клинопись, глиптика, каста (варна), буддизм, фараон, сфинкс, пирамида, иероглиф, антика мәдениеті, космос (ғарыш), Эллада, эллиндер, полис, «грек кереметі», демос, одеон, трагедия, комедия, Олимпия ойындары, Рим империясы, Колизей, Пантеон, монумент, аквидук, виадук.

Мәдениетті тануды оның дамуының бастапқы негіздерін және негізгі тарихи сатыларын оқып-үйренуден ғана бастауға болады. Алғашқы қауымдық қоғам мәдениетінің тақырыбына назар аудару кездейсоқтық емес. Мәдениеттің пайда болуы тәрізді күрделі мәселенің мән-жайын жете ұғыну үшін қоғам қалыптасуының бастапқы сатыларына – оның бастауына мән беру керек. Адамзат тарихында ең ұзаққа созылған алғашқы қауымдық құрылыс (1 млн. жылдан астам) әмбебап қоғамдық-экономикалық формация болып табылады, жер шарының барлық халықтары сол арқылы өтті. Міне, осы арада біз көптеген сұрақтарға жауап таба аламыз: мәдениет деген не, мәдениеттің функциялары қандай, биологиялыққа әлеуметтік бастаудың үстемдігін қамтамасыз ететін жүйе ретінде мәдениет дамуының болжамдары және т.б. Оқытылатын тақырып бойынша материалдың үлкен бөлігі жазба тарихқа дейінгі кезеңді қамтитындығына мән беру керек. Әртүрлі деңгейдегі ғылыми түсіндірулердің (гипотезалар, теориялар) көптігі, пікірлердің саналуандығы, көптеген ғылымдардың мәліметтерін пайдалану (антропология, археология, этнография, тарих, өнертану және т.б.), зерттелетін құбылыстардың географиялық жағынан шашыраңқылығы белгілі бір дәрежеде таным үдерісін қиындатады, сонымен бір мезгілде мәдениеттің пайда болуы мен қалыптасуының мәселесі де қызықтыра түседі. Алғашқы қауымдық тарихын бірнеше кезеңдерге бөлу жүзеге асырылған. Әсіресе археологиялық кезеңдерге бөлу кең таралған, оның негізгі ұстаны еңбек құралдарының материалы мен техникасын есепке алу болып табылады.

Соған сәйкес: тас ғасыры (палеолит, мезолит, неолит); қола ғасыры, темір ғасыры болып бөлінеді. Бұл арада мынадай сұрақ туындайды: бұл археологиялық дәуірлер антропогенездің (адамның қалыптасуы) және әлеуметтік генездің (қоғамның қалыптасуы) әртүрлі кезеңдерімен қалай сәйкестенеді? Алғашқы қауымдық құрылыстың әр кезеңі материалдық және рухани мәдениеттің өзіне тән ерекшелігі бар нысандарымен ерекшеленеді және қоғамның қалыптасуы мен дамуындағы кезеңді білдіреді.

Ежелгі мәдениетті оқып-үйрену кезінде қазіргі заманғы адам үшін оны түсінудің қиындығы ескерілуі қажет. Алғашқы қауымдық мәдениетті бағалаудағы қателіктің бірі алғашқы қауымдық мәдениет дөрекі, өте қарапайым болды деген пікір болып табылады. Алғашқы қауымдық мәдениет “барлық адамзат мәдениетінің бесігі” болды, онда адамзат мәдениетінің одан әрі дамуының негіздері мен алғышарттары жатыр. Өз дамуының алғашқы кезеңдерінде алғашқы қауымдық мәдениет біртұтас және біртекті болды. Содан кейін неолит дәуірінде ол көптеген этникалық мәдениеттерге бөлініп кетеді, олардың әрқайсысы өзіндік айырмашылықтарымен, өзіне тән ерекшеліктерімен сипатталады.

Кейінгі палеолит дәуірінде адам өзінің басты қасиеттерін иеленеді, олар енді жануарлар әлемінің басқа түрлерінен еріктері, ойлауы, тілі арқылы ерекшеленеді. Бұл орайда мәдениет пен тілдің өзара байланысы мен өзара тәуелділігі ерекше маңызға ие болды. Тіл мәдениетті дамыту үшін негіз, қатынас, қоршаған әлемді тану мен меңгеру құралы болып табылады. Алғашқы қауымдық дәуірге бір адамнан екіншісіне, бір ұрпақтан келесі ұрпаққа тәжірибе барысында ақпаратты, білімді, өмірлік және өндірістік тәжірибені, діни салт-жоралғыдарды беру тән болды. Адам өзінің әрекеттерін, түйсінулерін бағаламады, оның ойлауы “бөлшектенбеген” түрде болды. Алғашқы қауымдық мәдениет үшін синкретизм тән – ежелгі адам қызметінің әралуан түрлерінің тұтастығы, бөлшектенбеуі. Өткен шақ, осы шақ және болашақ бір мезгілде қатар болды: қайтыс болған бабаларының рухы және әлі дүниеге келмеген ұрпақтардың жаны тірі адамдардың қасында болып, оларға әсерін тигізді. Оның бәріне дәстүр үстемдік етті, тұтастай ұрпақтардың өмір сүру кезеңінде өмір салтында өзгеріс бола қойған жоқ.

Қоғамдық дамудың бастапқы кезеңдерінде дүниені түсінудің тәсілі миф болды. Мифтің көмегімен өткен шақ қазіргімен және болашақпен байланысқа шықты, әртүрлі ұрпақтардың рухани байланысы қамтамасыз етілді. Мифтерде ауызша түрде рухани құндылықтар, білімдер, діни сенімдер, өнердің әралуан түрлерінің құпиялары және т.б берілді. Көптеген мифтер адамдардың еңбегіне, олардың тұрмысына, салттарына арналған. Космогониялық мазмұндағы мифтер тобы – дүниенің қалай жаратылғанына арналған. Сондай-ақ мифологиямен қатар дін адамның өзін-өзі және қоршаған дүниеге қатысты пайымдауында қажеттілікті білдірді. Діннің алғашқы нысандары (магия, тотемизм, анимизм, фетишизм) алғашқы қауымдық кезеңде пайда болып, кейін біртіндеп күрделілене түсті. О дүниелік өмір туралы сенімді ежелгі адамдардың жерлеу салтынан байқауға болады.

Адам пайда болған сәттен бастап өнер де дамыды, оның басым бөлігінің сюжеті жануарларға арналған. Адамның өзі онда өте сирек бейнеленді. Рухани мәдениет дамуының айқын мысалы жоғарғы палеолит дәуіріндегі үңгірде салынған суреттер, сүйектер мен тастарға қашалып салынған жануарлар мен адамдардың суреттері, рудың анасы- әйелді бейнелеген діни нанымдық мүсіндер болып атыбалды.

Біздің кезеңімізге дейін алғашқы қауымға жататын сурет өнерінің үлгілері Фон-де-Ром, Нио, Ласк (Франция), Кастичьи, Дела Пенья, Пасечья, Алтамира (Испания) үңгірлерінен табылған.

ХІХ ғасырдың аяғында қабырғаға салынған бейнелер алғаш табылғанда әлем бастапқы кезде алғашқы қауымдық құрылыс адамдарының жоғары мәдениеті мен талантын көрсететін тас ғасырының адамы соншалықты дамыған өнерді игергеніне сенбеді. Сөйтіп, адамзат тарихының алғашқы қауымдық кезеңі материалдық және рухани құндылықтарды “жинақтаудың”, “жинаудың” уақыты, бүкіл әлемдік өркениеттердің іргетасы болды.

Ежелгі өркениеттер әлемі жалпыға белгілі және жақсы зерттелген, сондай-ақ оның белгісіз тұстары да көп. Оның біріншісіне жататындар: 1) Ежелгі Египеттің өркениеті; 2) Месопотамияның өркениеттері; 3) Ежелгі Қытай, 4) Ежелгі Үндү өркениеті, 5) Ежелгі Грек өркениеті, 6) Эллинизм өркениеті, 7) Ежелгі Рим өркениеті, 8) Орта Азия өркениеті, 9) Закавказье өркениеті, 10) скифтер өркениеті. Екіншісіне жатқызуға болатындар: 1) Сахарадан оңтүстікке қарай Африка және Оңтүстік Арабия өркениеті, 2) Ежелгі Кіші Азия өркениеті, 3) Ежелгі Иран өркениеті, 4) Ежелгі Ауғанстан өркениеті, 5) Оңтүстік-Шығыс Азияның ежелгі өркениеттері, 6) ежелгі-жапон өркениеті, 7) Жаңа Дүние өркениеті.

Ежелгі Шығыс өркениеттерінің жетістіктерінің сақталуы, зерттелуі әртүрлі деңгейде. Ежелгі Египеттің мәдениеті — пирамидалар, сфинкстер, храмдар қалдықтары және т.б. жақсы зерттелген. Месопотамияда ондай ештеңе сақталмаған. Бұрынғы өткен заман туралы жазба әдебиеттер, қыш тақталардағы көптеген сына жазулары бойынша ғана пайымдауға болады. Ежелгі шығыс өркениеттерін зерттеу кезінде олардың мәдениетіндегі елеулі айырмашылықтарды, сонымен бірге ортақ нәрселерді атап өту керек: — Табиғатқа тәуелділік бар, ойлаудың, наным мен салтжоралғылардың мифологиялық нысандары басым. Ежелгі халықтардың діни сенімдеріндегі оқиғалар жылдың маусымы өзгеруімен, табиғаттың қайта жандануымен байланысты. Бұл адамдардың табиғат туралы білімдерінің артуымен, олардың өздерінің жеке қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін табиғи байлықтарды толық пайдалануға деген олардың ұмтылысымен байланысты. — Ежелгі Шығыстың әртүрлі аумақтары табиғи жағдайларына орай өздерінің ерекшеліктеріне ие, бірақ бұл аудандарда жазы өте ыстық, қысы жұмсақ субтропикалық климат болады; өзендердің аңғарлары құнарлы алқапты келіп, таулы-тасты шөлейттік, тау жоталарына ұласады. Ежелгі Шығыс халықтарының тарихи тағдырында Ніл, Евфрат және Тигр, Инд және Ганг, Янцзы мен Хуанхэ тәрізді ұлы өзендер үлкен орын алады. — Иелену шаруашылығынан (аңшылық, жиын-терім, балық аулау) өндірушілікке (егін және мал шаруашылықтары) көшу жүзеге асты, оны ағылшын ғалымы Гордон Чайлд “неолиттік революция” деп атады. — Алғашқы өркениеттердің экономикасы жергілікті суландыру жүйелерін қолданған егін шаруашылығына негізделеді. — Ежелгі шығыс өркениеттерінің экономикалық ерекшеліктері қазіргі заманғы түсінік бойынша жеке меншік болған емес. — Ежелгі шығыс мәдениетінің дамуы жеке тұлғаға, индивидке қысым жасау жағдайында жүрді, Шығыс адамы ерікті емес, ол бәріне міндетті, бірақ бұл міндеттілік оны азапқа түсірмейді, керісінше табиғи болып табылады. Ол белгілі салт-жоралғыларды сақтауы тиіс, бағынышты болуға көнеді, ал оны бұзғаннан гөрі оған өлген артық. Бұл әсіресе қытай мен жапон қоғамдарында айқын көрінеді. Ежелгі өркениеттер бөтенді қабылдамады және толық құқығы жоқтарды қолдамады. Бірақ сонымен бірге осы ежелгі заманда екі ұлы ұстын жария етілді – жалпыадамзаттық бірлік және жеке тұлғаның өнегелілік дербестігі, бұлар ежелгі өркениеттердің экономикалық, әлеуметтік, саяси, рухани өміріндегі көптеген оқиғаларда көрініс тапты. Ежелгі шығыс қаласы — бұл жерге меншіктен айырылған адамдардың қонысы, өйткені, қалалар мемлекеттік секторға жатқызылды, онда қауымдастықтан бөлінген адамдар (патшаның әскери және басқару әкімшілігі, абыздар, қолөнершілер, саудагерлер), сондай-ақ құлдар (жеке адамдардың, мемлекеттік және храмда қызмет ететіндер) тұрды. Шығыста қала мемлекеттік (патшаның) биліктің сүйенері болды.

Ежелгі Шығыс қоғамы тапқа бөлінген жоқ, онда сословие болды және мемлекетті құру үдерісінде ауыл шаруашылығынан басқару және абыздық функциялардың бөлініп шығуы (әскери функциялар әскери әкімшілік түрінде ғана ішінара бөлінді) үлкен рөл атқарды. Ежелгі қоғамдарда еркін қауымдықтар сонымен қатар әскер де болды. — Адамдар арасындағы қатынастар өзгереді, қоғамның әлеуметтік құрылымы күрделілене түседі, мемлекеттіліктің қалыптасу үрдісі жүреді. Бірақ бұл орайда Ежелгі Шығыстың түрлі халықтарында мемлекеттердің пайда болуының синхронды еместігіне мән беру керек. Месопотамия мен Египетте бұл ерте пайда болды. Ал, Қытайда кейінірек құрылған.

Ежелгі халықтар бір-бірінен оқшау дамымаған: біздің заманымызға дейінгі ІІ мыңжылдықтың ортасында Таяу Шығыстың әртүрлі аймақтарында экономикалық, саяси және мәдени байланыстар орнатылды, ал І мыңжылдықта барлық ежелгі шығыстық әлемнің баршаға мәлім бірлігі қалыптасты, бұл Ежелгі Шығысты адамзат тарихындағы сапалы өзіне тән ерекшелігі бар құбылыс ретінде қарауға негіз береді. Ондай байланыстардың болғанын археологиялық мәліметтер, сондай-ақ Қосөзеннің тұрғындары мен ежелгі египеттіктердің кемелеріне қатысты жасалған Тур Хейердалдың экспедицияларының нәтижелері растайды. Осы кезең ішінде біздің кезеңімізге дейін жеткен философиялық-этикалық ілімдер (буддизм, конфуцийшылдық, даосизм, легизм және т.б.) қалыптасты. Олардың айырықша сипаты «жаратылысқа», яғни табиғатқа оралуға деген ұмтылысы болып табылады. Осы ілімдерге сәйкес адам, қоғам, мемлекет, табиғи, жаратылыстық жолмен дамуы тиіс. Табиғатқа, жануарлар мен өсімдіктердің тіршілігіне бақылау жасаған шығыс халықтарына ежелгі кезде табиғатпен белгілі бір үйлесім құруға мүмкіндік жасалды. Шығыс адамы әлемді біртұтас деп қабылдады және өзін оның құрамдас бөлігі деп есептеді. Міне, осы кезде ақпаратты сақтау және беру тәсілдері өзгереді, жазу пайда болады. Көптеген ережелер, заңдар жазбаша түрде бекітіледі (мысалы, Хаммурапи заңдары).

Барлық шығыс өркениеттері үшін ортақ сәттердің болуына қарамастан халықтар арасында дәстүрлерінде, ойлау деңгейінде, даму жолдарында елеулі айырмашылықтар орын алды. Ежелгі үнді мәдениеті адам әлемінің ішкі дүниесіне мән берумен, махаббатты қастерлеумен ерекшеленсе, ал ежелгі қытайлық мәдениет неғұрлым рационалды және прагматикалықты болып келеді, жапон мәдениетіне уақытқа төтеп беру, басқа халықтармен байланыс жасау нәтижесінде олардың білімдері мен біліктерін меңгеруге деген қабілеттілік тән. Мәселен, егер Үндістан мен Қытай айырықша өзіндік жолмен дамыса, ал Жапония басқаларынан үлгі алып, оны мүлдем жаңартып, жетілдіріп басқаша түрге енгізді. Осы елдерге ортақ болып табылатын буддизмді олардың әрқайсысы ерекше, қайталанбас нысандарда қабылдайды. Ежелгі өркениеттердің көптеген жетістіктері қазіргі заманғы әлемдік мәдениеттің құрамына кіреді, адамзаттың одан әрі дамуы үшін негіз қалайды. Ежелгі Египеттің ғылымы белгілі бір жетістіктерге қол жеткізді. Астрономия дамыды. Біз бүгінде қолданып жүрген күнтізбе негізінде Египеттік күнтізбе жатыр: ол ай күнтізбесінен ерекшеленетін бірінші күнтізбе болып табылады. Еуропалық медицина өз бастауын Ежелгі Египет медицинасынан алады. Иероглифтер латын алфавитінің прототипі ретінде аталатын финик алфавитін құруға әсер етті. Адамзат тарихында ежелгі сағаттар – су және күн сағаттары ойлап шығарылды. Ежелгі өркениеттер мәдениетінің қазіргі заманғы мәдениетпен өзара байланысының мұндай мысалдарын көптеп келтіруге болады.

Ежелгі Шығысты оқып үйренгеннен кейін студент мына сұрақтарға жауап беруі тиіс: ежелгі дәуірде біртұтас Шығыс өркениеті болды ма немесе Шығыста ежелгі өркениеттердің әралуандығы болды ма? Бұл өркениеттер адамзатты немен байытты? Ежелгі Шығыс өркениеттерінің жетістіктері туралы жады неге ғасырлар бойы сақталып келген? Ал, оған деген қызығушылық уақыттың өткеніне қарамастан неге төмендемейді? Ежелгі Шығыс мәдениеті мен өркениеттерінің жетістіктерін жоққа шығармастан адамзат мәдениетінің тарихындағы антик (ежелгі) мәдениетінің ерекше орын алатындығын айта кеткен жөн.

Басқа да ұқсас мәліметтер

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *