Людвиг Андреас Фейербах — 1804 жылы Баварияда дүниеге келген. 1823 жылы Людвиг Гейдельберг университетінің теология (дінтану) факультетіне түседі. Фейербах, алайда, бір жылдан кейін Гегельдің атын шығарған Берлин университетіне ауысып, діннен гөрі философиямен тиянақты айналысуға бел буады. Әкесіне жазған хаттарында Фейербах өзіне Гегель дәрістерінің орасан зор ықпал еткенін атап көрсетеді. 1825 жылы Фейербах әкесіне: «Мен теологиядан бас тарттым. Менің рухым енді қасиетті елдің шекарасынан асып, мені алыстағы дүниеге қарай бастап барады. Мен табиғатты жүрегіме қысып аялағым келеді… Мен адамды сүйгім келеді, адамды діндар, анатом немесе заңгер емес, тек философ қана түсіне алады, – деп жазады. – Мен үшін қуана беруіңе болады, мен үшін жаңа дәуір басталды; мен енді діндарлардың қоғамынан қашып, Аристотель, Спиноза, Кант және Гегель сияқты данышпан достар таптым» (Қара: Мусский И.А. 100 великах мыслителей. – М.: Вече, 2003. – С.412).

1840 жылы жазған Гегель туралы еңбегінде Фейербах жазады: «Гегельдің арқасында мен өзімнің неге ұмтылып, нені қалайтынымды білдім: маған керегі теология емес, философия, діни сенім емес, теориялық ойлау деген тұжырымға келдім». «Гегельдің, яғни философияның арқасында, – дейді Фейербах, мен өзімді таныдым, дүниені таныдым. Ол – менің екінші әкем, ал Берлин – рухани отаным болды» (Қара: Фейербах Л. История философии: В. 3 т. – М., 1974. Т.3. С.273). Фейербах өзін ұлы философтың шәкірті болғаны үшін мақтан тұтады.

1828 жылы университетті бітіргеннен кейін Фейербах «Біртекті, шексіз және әмбебап ақыл жөніндегі» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғайды. Гегель шәкіртінің диссертациядағы пікірлерін құптайды.

Диссертация қорғағаннан кейін приват-доцент Фейербах Эрланген университетінде философия пәнінен дәрістер оқуға мүмкіндік алады. 1830 жылы Фейербахтың «Өлім және мәңгілік өмір туралы ойлар» деген еңбегі жасырын атпен жарық көреді. Мұнда автор христиан дінінің кейбір қағидаларына қарсы шығады. Адам мәңгі бақи өмір сүре алмайды; оның өмірі шектеулі. Мәңгілік жан (бессмертная душа) деген болмайды. Адамға о дүниедегі (жұмақтағы) рахат өмірді айтып, алдарқатудың керегі жоқ. Мәңгілік өмір адамзатқа ғана тән. Кітаптың авторы анықталып, Фейербах университеттен қуылады. Жас, талантты, өзіндік пікірі бар философ бұдан кейін қалған ғұмырын ғылыми орталықтардан алшақ жердегі Брукберг деген деревняда өткізуге мәжбүр болады. Дүниедегі, қоғамдағы, ғылымдағы әр түрлі жаңалықтардан Фейербах хабарсыз қалады.

Фейербах Гегельден сабақ алды, үйренді, бірақ шын берілген гегельшіл болған жоқ. Өз жолын іздеумен болды. Бір суретші, дейді ол, қанша талантты болса да, өнердің барлық мәнін ашып бере алмайды. Сол сияқты бір философ, мейлі ол аса дарынды, терең ойшыл болса да, дүние жөніндегі адамзат білімін тегістей қамти алмайды. Демек, философияны игеруде жалғыз Гегельмен шектеліп қалуға болмайды. Университеттен қуылғаннан кейін Фейербах бар зейінін, күшін философия тарихын, әсіресе, Жаңа дәуір философиясының тарихын зерттеуге бағыштайды. Оның философия тарихына арналған еңбектері бірінен соң бірі жарық көреді: «Бэкон Веруламскийден Бенедикг Спинозаға дейінгі жаңа дәуір философиясының тарихы» (1833 ж.), «Лейбниц философиясын баяндау, дамыту және сынау» (1837 ж.), «Пьер Бейль. Адамзат және философия тарихы жөнінде» (1838 ж.) т.б.

1839 жылы Фейербахтың «Гегель философиясын сынауға» деген еңбегі жарық көреді. Мұнда ол идеализмнің барлық түрінен біржолата бас тартады. Фейербах Гегельге оның ілімі Германияда емес, бүкіл Еуропада үстемдік құрып тұрған кезде қарсы шықты. Гегель ілімі, Фейербахтың ойынша, бастан аяқ «таза ойлау әлемімен» шектеледі; Гегель нақты өмірді, табиғат дүниесін білмейді, білгісі келмейді. Оның ілімі, – дейді Фейербах, – спекулятивтік философия.

«Немістің спекулятивтік философиясы дегенде, – деп жазады Фейербах, – мен қазір үстемдік құрып тұрған Гегельдің философиясын айтып тұрмын» (Фейербах Л. Избранные философские произведения: В 2т., – М., 1955. Т.1. С. 53). Спекулятивтік ойлау (лат. speculatio – пайымдау, ойлау) – нақты өмірге, тәжірибеге сүйенбей, абстрактілі пайымдау. Мұндай философиядан табиғатқа да, адамға да алып баратын жол жоқ. Өйткені ол – Гегель түсінігінде – жабық, жетілген, аяқталған жүйе. Идеализмге қарсы шыққан Фейербахты Виндельбанд «адасып жүрген неміс идеализмінің түлегі» деп атады.

Фейербах алдына табиғатқа және адамға қарай дәйекті бетбұрыс жасау керек деген міндет қояды. Табиғатты табиғаттан басқа ешнәрседен шығаруға және түсіндіруге болмайды; табиғат – адамның да, қоғамның да, тарихтың да, ғылымның да түпнегізі. «Табиғат, – дейді Фейербах, – қарапайым асқазан шеберханасын ғана жасап қойған жоқ, сонымен бірге мидың ғибадатханасын да тұрғызды» (Сонда, С. 96). Философияның міндеті – табиғат пен адамның бірлігін неғұрлым толығырақ, неғұрлым жан-жақты бейнелеу. Бұл идеализмнен материализмге бетбұрыс болатын. Фейербах идеализм кең тараған неміс жерінде материализмді жандандырмақ болады. Бұл жоспар Фейербахтың «Христиандықтың мәні» (1841 ж.) деген іргелі еңбегінде жүзеге асады. Мұнда, – дейді Энгельс, – Фейербах «турадан тура материализмнің салтанат құруын жариялады. Табиғат қандай философиядан болсын тәуелсіз өмір сүреді. Табиғат біздердің, адамдардың… өсіп шыққан негізі. Табиғат пен адамнан тыс еш нәрсе жоқ… Бұл кітаптың азат етуші әсерінің қандай болғанын осы жайды бастан кешіргенде ғана түсінуге болады… біздің бәріміз де бірдей фейербахшылар бола қалдық» (Маркс К., Энгельс Ф. Таңд. шығ. – 3том, 381-382бб.).

Шынында да, Фейербах өзі ғана идеализмнен бас тартып қойған жоқ, Маркс пен Энгельсті де өзімен бірге ала кетті. Бұл кезге дейін Маркс те, Энгельс те Гегельдің идеализміне ден қойып келіп еді. «Христиандықтың мәнінде» Фейербах екі күрделі және сол заманда өзекті болған мәселені бірге қарастырады: иделизмнің және христиан дінінің мәнін ашу. Идеализм мен дінді Фейербах тығыз байланысты, бірін-бірі қолдайтын көзқарастар деп есептейді. Сондықтан идеализмді сынау сонымен бірге дінге де соққы беру болатынын ойшыл түсінеді. «Менің алғашқы ойым, – деп жазады Фейербах, – Құдай болды». Сондықтан ол теологиялық факультетке түсті. «Екінші ойым – ақыл еді». Фейербах теологияны тастап, Берлин университетіне ауысып, Гегельге, философияға ден қойды. «Үшінші және соңғы нысанам, – дейді Фейербах, – адам». Фейербахтың Гегельге де, дінге де қояр негізгі кінәсі – бұлардың нақты адамға көңіл бөлмеуі.

Гегель ілімінің тұтас, дәйекті және жүйелі түрде негізделгенін Фейербах түсінеді. Оның ішінен олқылық табу қиын. Бірақ Гегель ілімінің бастапқы принциптері – теріс, – дейді Фейербах. Идея да, рух та дербес субстанциялар емес. Оларды абсолюттік және объективті дүниеге айналдыру – қате. Нақты адамнан, ол өмір сүретін нақты орта – табиғаттан және қоғамнан тыс идея да, рух та жоқ. Идея да, рух та, қала берді, Құдай да – адамның, адамдардың мәні, анықтамалары, абстракциясы.

Фейербахтың Гегельді сынауы, нақты адам мен табиғатқа жүгінуі орынды және дәлелді болды. Бірақ Фейербах идея мен рухтың табиғатын, мүмкіндігін, адам, қоғам өміріндегі, мәдениет, ғылым саласындағы рөлін терең, жете түсіне алмады. Идея және рух жөніндегі оның түсінігі тайыз болды. Бұл арада Фейербах – Маркстің замандасы бола тұрса да – Маркстің деңгейіне көтеріле алмады. Фейербах Маркске дейінгі метафизикалық, пайымдаушы материализмнің шеңберінде қалып қойды. Идеяны адаммен, объективтік материалдық дүниемен, табиғатпен байланыстыру дұрыс. Бірақ идея идея болғандықтан, нақты, бар нәрсені бейнелеп қана қоймайды. Идея болашақтағы құбылыстардың үлгісі болғандықтан нақты адам мен табиғаттың аясында қалып қоймайды, идеалдыққа айналып, адамдардың іс-әрекетіне ықпал етеді. Идеалистер идеяның, рухтың осындай белсенділігін, творчестволық мүмкіндігін тілге тиек етеді, әсірелейді, сөйтіп, идеяның табиғи тарихи түп тамырын елемейді. Фейербах сияқты материалистер, керісінше, идеяны объективтік дүниенің субъективтік (санадағы, танымдағы) бейнесі екендігін ғана алға тартады.

Фейербахтың тайыздығы оның Гегель диалектикасына көзқарасынан да көрінеді: ол Гегельдің диалектикасын оның идеалистік жүйесімен ғана байланыстырып, жете бағаламады, түсінбеді. Энгельс дұрыс айтады: Фейербах «Гегельді сын қаруымен жеңбеді, қолдануға жарамайтын бірдеңе сияқтандырып жай лақтырып тастады» (Маркс К., Энгельс Ф. Таңд. шығ. – 3 том, 399б.).

Фейербах табиғат құбылыстарын материалистік тұрғыда қарастырып, қоғамдық қатынастарды суреттегенде материализмнен ауытқып, идеализмге бой ұрады: қоғамда бәрі ақылға, санаға, адамдардың қалауына байланысты анықталады деген пікірде болады. Фейербах, – деп атап көрсетеді Энгельс, «төменде материалист, жоғарыда идеалист болды» (Сонда.). Табиғатты ол дұрыс түсіндіреді, бірақ қоғамтануда идеализм аясында қалып қояды.

Фейербахтың дін жөніндегі тұжырымдары да батыл болғанмен тайыз, сыңаржақты болды. Діннің жайын ол: «Құдай емес адамды жаратқан, керісінше, адам Құдайды белгілі бір жағдайларда өзіне ұқсас етіп жаратқан» деген қағидамен білдіруден аса алмайды. Фейербах дінді жою идеясын ұсынбайды. Дінмен адамның лайықты өмір жөніндегі сенімі мен үміті тығыз байланысты. Фейербах жаңа дін – махаббат діні жөнінде пайымдайды: адам дүниеде жоқ Құдайға табынбай, өзі сияқты адамға табынуы керек. Адам өзін-өзі сыйлап, бағалай білуі керек.

Фейербахтың философиялық ілімі логикалық немесе гносеологиялық принциптерден емес, антропологиялық принциптен бастау алады, яғни философияның негізгі нысанасы – нақты, тірі адам деп тану. Фейербах философиясының басты ұғымдары және мәселелері: өмір, өлім, махаббат, бақыт, ар, намыс, сенім, үміт, т.б. Фейербах әдебиетте антропологиялық материализмнің негізін қалаушы ретінде бағаланады. Бірақ, Энгельстің пікірінше, адамтануда ол адамның табиғи-биологиялық тұрпатын сипаттаудан әрі аса алмады: Фейербах «бар күшімен табиғатқа және адамға жармасады. Бірақ табиғат та, адам да оның айтуында сөз ғана болып қала береді. Ол шын табиғат жөнінде де, шын адам жөнінде де нақтылы еш нәрсе айта алмайды».

Авторлық сілтеме:
Рысқалиев Т.Х. Философия тарихы: Оқулық. / Т.Х. Рысқалиев, – Алматы: Экономика, 2015. 508 бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *