Листериоз — Листериоз — Listeriosis – орталық жүйке жүйесі (менингоэнцефалит), жыныс мүшелері (іш тастау, метриттер) зақымдануымен жəне жалпы безгек (септицемия) түрінде сипатталатын жұқпалы ауру. Ауру Қазақстанда қой мен сиыр арасында көп кездеседі. Қоздырушысы – листериоз (Listeria monocoytodenes) – грамм теріс таяқша тəріздес, мөлшері -05,-2 х 0,3-0,5 мкм, ұштары дөңгеленіп бітеді, спора жəне қауақша түзбейтін, қозғалымпаз бактерия. Кəдімгі қоректік орталарда өседі, ЕПА- да мөлдіреген шық тəрізді шоғыр түзеді. Шөгінді шайқаған кезде перде тəрізді көтеріледі. Өсу үшін ең қолайлы температура 30-37 0С, бірақ бөлме температурасында да, тіпті төменгі 4 0С температурасында да өсе береді.

Листерияның денесінде О-, қылшаларында Н- антигендері болады. Біріншісі жоғарға темпераиураға төзімді, 15 түрі белгілі. Екіншісі қыздыруға, формалинге төзімсіз. Егер микроб бөлме температурасында өсірілсе, қылшалары көп болып, перитрих ретінде орналасады, 37 0С –да өскен кезде қылшалары аз болып, бір шетінде ғана болады, немесе мүлдем болмайды. Нантигеннің 5 түрі бар: А, В, С, Д, Е. Антигендік құрамы бойынша бұл микроб 5 вариантқа бөлінеді. Бұлардың екеуінің індеттік маңызы жоғары: олар кемірушілердің жəне күйіс қайырушылардың листериялары. Біріншісі алғаш рет кемірушілерден, ал екіншісі сиырдан бөлініп алынған. Екеуі де жануарлардың барлық түрі мен құстарда кездеседі.

Төзімділігі. Листерия микробтары сыртқы ортада ұзақ уақыт сақталады, өлі ұлпаларда жəне сүрлемде төменгі температура жағдайында өсіп көбейе береді. Кебек пен сұлыда 105 күн, шөпте 134 күнге дейін сақталады; тұздалған етте төменге температурада ұзақ уақыт тіршілігін сақтайды. Шаруашылық қораларда 25-48 күн, мал қиы араласақан топырақта жазда 8 күн, қыста 115 күнге дейін, жерге көмілген өлекседе 2-4 ай сақталады. Листериялар 5 % лизол немесе крезол ертінділерінің əсерінен 10 минутта, 2 % формальдегид немесе натрий сілтісінің əсерінен 20 минутта өледі, ал құрамында 1 литрде 100 мг белсенді хлоры бар хлорланған əк – 1 сағатта өлтіреді. 100 оС қайнатқан суда -5 минутта өледі.

Індеттік деректер. Листериозға қой, ешкі, ірі қара, шошқа, жылқы, қоян, тауық, қаздар, үйрек, терісі бағалы аңдар бейім келеді. Сонымен қатар ит, мысық жəне маймыл да ауыратындығы белгілі болды. Жалпы алғанда листериялар 92 түрлі жабайы жануарлар, сондай-ақ иксод жəне гамза кенелері, бит пен бүрге, бөгелектің балаң құрттарынан да бөлініп алынған. Бұның бəрі листериоздың үй жануарларына жұғуы үшін қауіпті. Əсіресе кемірушілердің арасында байқалып, оқтын-оқтын тышқан тектестерді көп шығынға ұшырататын індет ауыл шаруашылық малдары үшін аса қауіпті.

Қазақстанда жəне көршілес елдерде басқа малдармен салыстырғанда əсіресе қой ауырады да, бұл түліктің ауруға шалдығуы жəне өлімі көрсеткіштері жоғары болады. Листериозбаен жануарлар кез келген жаста ауырады, əйтседе жас төл мен буаз малдардың бейімдігі жоғары болады.

Қазақстанда қойдың листериозы солтүстік облыстардың орманды жəне далалы аймақтарында жиі кездеседі. Бұған табиғи себептермен қатар ауру қоздырушысы үшін қолайлы орта болып табылатын сүрлемді мал азығын кеңінен пайдалану да əсер етеді. Қоздырушының бастауы – ауру жəне аурудан сауыққан малдар. Олар несеп, нəжіс, сүт жəне көзден, танаудан, жыныс мүшелерінен аққан сора (іш тастау кезінде) арқылы листерияларды бөліп, сыртқы ортаны ластайды. Листериоздың ең қауіпті таратушылары жəне негізгі табиғи қоймасы – тышқан тектес кемірушілер болып табылады.. Олардың бөлінділерімен жайылым, жемшөп су мен топырақ ластанып, одан басқа жануарларға жұғады. Ауыл шаруашылығы малдары үшін аса қауіпті жұғу факторына сүрлем жатады. Листериялар өсімдіктер мен сүрлемге түсіп, оның жоғарғы қабатында жинақталады да, көбінесе температурасы төмен жағдайда рН сілті жағына ауысып, зардаптылығын сақтап, өсіп-өнеді.

Өтуі жəне белгілері. Листериоздың жасырын кезеңі 7-30 күнге созылады. Ауру жіті, жітіден төмен, созылмалы түрде болады. Ауру клиникалық белгілері бойынша өлітиген, жүйке жүйесін зақымдайтын, генитальдік жəне желінді зақымдайтын, кəдімгідей емес, аралас түрлерге бөлінеді. Листериоздың өлітиген түрі жас малда, əсіресе 1-3 айлық төлде кездеседі. Төлдің дене ыстығы көтеріліп, күйзеліске ұшырап, жем-шөпке қарамай іші өтеді. Көбінесе бұзау мен қозыда байқалады, енесінен бөлінген 2-4 айлық торайларда кездеседі. Осы жастағы жəне енесін еміп жүрген торайлардың жүйке жүйесі зақымданады. Өлітиген жануарлардың ауызынан ақ көбік ағып, тынысы жиілейді, басын кегжитіп шайқай береді. Ауру 7-14. күнге дейін созылып, көбінесе малдың өлімімен аяқталады. Сауыққан мал жетілмей қалады Листериоздың жүйке жүйесін зақымдайтын түрі өте жиі кездеседі. Қой мен ірі қараның негізінен орталық жүйке жүйесі зақымданады. Ауырған малдың жағдайы төмендейді, күйзеліске ұшырайды, тəбеті нашарлайды, мінез-құлқы өзгереді. 1-7 күннен кейін тəлтіректеп, кейде айналшақтап жүреді, дірілдейді, тұла бойы мен аяқ еттері салданған жануар орнынан тұра алмай жатып қалады. Ауру 10 күнге созылады жəне көптеген жағдайда мал өлімге ұшырайды Жыныс мүшелерінің зақымдану түрі буаз малда кездеседі. Негізгі клиникалық белгісі – буаздықтың екінші жартысында іш тастау, шуы түспеу жəне жатырдың қабынуы байқалады.

Кəдімгідей емес түрінде: дене ыстығының көтерілуі, өкпенің қабынуы жəне катарлы гастроэнтерит байқалады. Ірі қара малында, сиырда листериоз көбінесе зілді катарлы қызба түрінде өтеді. Құстардың негізінен орталық жүйке жүйесі зақымданады. Ауруға жас балапандар жиі шалдығады. Листериоздан құстардың көпшілігі 1 апта ішінде өлімге ұшырайды.

Емі. Листериоздың өзіне тəн емдік биопрепараттары жоқ. Емдеу үшін антибиотиктер (тетрациклин, ампицилин, биомицин) қолданады. Аурудың клиникалық белгілерінің байқалуына байланысты бір мезгілде симптоматикалық ем (жүректің, ас қорыту жолдарының жұмысын жақсартатын дəрі-дəрмектер) жүргізген тиімді.

Иммунитет. Қазақстанда листериоздан сəтсіз шаруашылықтарда вирулентті емес АУФ штамынан дайындалған құрғақ тірі вакцина қолданылады. Сиыр, қой, шошқа бұл вакцинамен жылына бір рет тері астына егіледі. Иммунитет 10-14 күннен кейін қалыптасып, 1 жылға дейін сақталады. Күзен мен ұй қояндарында вакцинадан кейінгі иммунитет 6 ай бойы сақталады.

Сақтандыру жəне күресу шаралары. Листериоздан сақтандыру үшін малды бұл аурудан сау шаруашылықтардан ғана топтастырады.. Жемшөптің, əсіресе сүрлемнің сапасы үнемі бақыланып отырады. Кемірушілермен күрес жүргізіледі. Листериоз пайда болған шаруашылықта жануардың əр басын жеке тексеріп, дене қызуын өлшейді. Орталық жүйке жүйесінде зақымдану белгілері байқалған ауру малды союға жібереді. Ауруға қауіпті жануарды оқшаулайды жəне емдейді. Ауру мал ұсаталған қораларды 3 % күйдіргіш натрий ерітіндісі, 5 % ксилонафт эмульсиясы, 2 % белсенді хлоры бар хлорлы əк тұнбасымен дезинфекция жүргізеді жəне дератизация жұмыстарын іске асырады. Нəжістерді биотермикалық жолмен өңдейді. Шаруашылық маңайындағы, мал қораларындағы, азық қоймаларындағы кемірушілерді жояды. Листериоздан сауықтырылған шаруашылықтан соңғы ауырған мал жазылғаннан кейін 2 айдан соң қорытынды дезинфекция жəне дертизация шаралары жүргізіліп, шектеу алынады.

Авторлық сілтеме:
Ахметсадықов Н.Н, Омарбекова У.Ж., Хусаинов Д.М. Ветеринария негіздері (оқу құралы): — Алматы, «Агроуниверситет» баспасы, 2010. –338 бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *