Жоспары:

  1. Лаостың тәуелсіздігіне қол жеткізуі.
  2. Тәуелсіз даму жолындағы алғашқы кезең (1954-1975 ж.ж.).
  3. Лаос халықтық-демократиялық республикасының дамуы.

Лаос (лаос. ປະເທດລາວ Патхет Лао немесе Патхет Лау), толық атауы – Лаос Халықтық-Демократиялық Республикасы (лаос. Сатхаланалат Пасатхипатай Пасасон Лао) – астанасы Вьянтян болған Оңтүстік- Шығыс Азиядағы мемлекет. Батысында Таиландпен, шығысында – Вьетнаммен, оңтүстігінде – Камбоджамен, солтүстігінде – Қытайдың Юньнань провинциясымен, солтүстік-батысында – Мьянмамен шектеседі. Лаос 16 провинцияға (кхвэнг), астаналық префектураға және астаналық муниципалитетке бөлінген.

  • Ресми тілі – лаос тілі
  • Астанасы – Вьентьян
  • Ірі қалалары – Вьентьян, Паксе, Саваннакхет, Луангпхабанг
  • Басқару формасы – социалистік республика
  • Президент — Тюммали Сайнясон
  • Вице-президент — Боун-Гнанг Ворачит
  • Премьер-министр — Тхонгсинг Тхаммавонг
  • Мемлекеттік діні – буддизм
  • Территориясы — 236 800 км² (дүние жүзінде 81-ші). Халқы — 6 500 000 адам (2012 ж.), тығыздығы — 25 адам/км² Ақша бірлігі – лаостық кип (=100 атам) (LAK, код 418)

1945 жылы 12 қазанда Лаос тәуелсіз мемлекет деп жарияланды. Бұл оқиға қарсаңында тәуелсіздікті жақтаушылар протекторат туралы келісімнің күшін жойды және барлық Лаос жерлерінің бірігуін жариялады. Корольдік билікке қарсы құрылған Халықтық комитетке Лао Итсала майданының қайраткерлері кірді. Король Луангпробанга биліктен түсірілді. Көп ұзамай ел, Патет-лао конституциялық монархия болып жарияланды.

Үндіқытайда өз билігін қалпына келтіруді бастаған Францияға тез арада осы режимді жойып жіберу мүмкін болды, ал оның белсенділері басқа жаққа жер аударылды, немесе партизандық отрядтарға кетті. 1946 жылы тамыз айында Франция және қалпына келтірілген корольдік режим келісімге қол қойды, ол бойынша Лаос автономия және конституция алды (1947 жылы мамыр айында күшіне енді). 1947 жылы тамыз айында Ұлттық жиналысқа сайлау өтті, онда потенциалдық сайлаушылардың шектеулі тобы ғана қатысты. Ол кезге қарай Лаоста алғашқы саяси париялар пайда болды.

1949 жылдың жазында, Үндіқытай соғысының қызған шағында, Франция Лаоспен оған Үндіқытай және Француздық Одақ құрамындағы мемлекет статусын сақтап, тәуелсіздік беру туралы келісімге қол қоя отырып, отарлық басқаруды реформалауда келесі қадамын жасады. Бұл қадам басшысы Лаосқа қайта оралып, мемлекеттік құрылымда жоғары қызметті алған Лао Итсала майданының іс жүзінде күйреуіне алып келді. Басында ханзада Суфановонг тұрған солшыл радикалдық қанат ғана ерекшеленді. Оның басшылары өз әрекеттерін вьетнамдық коммунистермен үйлестіре отырып, толық тәуелсіздік үшін күресті жалғастырды. 1949 жылы наурыз айында тағы бір коммунистік көсем – К.Фомвихан басшылығымен партизандық соғыс басталды. Біртіндеп Лаостың шығысында, вьетнамдық шекара маңынан азат етілген аудандар пайда болды.

1950 жылы Азат Лаос Майданы – АЛМ (Нео Лао Итсала) және басында Суфанувонг тұрған Қарсыласушы үкімет құрылды. 1951 жылы АЛМ Үндіқытай халқының Біріккен майданына кірді, бұл оның ықпалының одан әрі кеңеюіне ықпал етті. 1954 жылға қарай АЛМ Лаос территориясының жартысына жуық бөлігін бақылап отырды.

Бұл кезге қарай бірінші Үндіқытай соғысы аяқтала келді. Женева отырысында батыс елдері Лаос территориясынан «вьетнамдық еріктілердің» шығарылуын және АЛМ күштерінің капитуляциялануын талап етті. Нәтижесінде Лаостағы әскери әрекеттерді тоқтату және француздық және вьетнамдық әскерлердің кейіннен шығарылуы туралы келісімге қол жеткізілді. АЛМ қарулы күштері саяси реттеу аяқталғанға дейін екі ауданға шоғырланды. Олардың мүшелеріне қол сұғылмаушылық және азаматтық құқық кепілдендірілді. Келісімнің сақталуын бақылау үшін арнайы халықаралық комиссия құрылды.

Женевада Лаостың корольдік үкіметі халықаралық істерде бейтараптылық саясатын жүгізуге және ұлт-азаттық қозғалысқа қатысушылардың ізіне түспеу міндеткерлігін өз мойнына алды.

Тәуелсіз Лаос конституциялық монархия болып қалды. 1947 жылғы Конституцияға сәйкес мемлекет басында король тұрды. Тәуелсіздік алу кезінде және 1959 жылға дейін ол Сисаванг Вонг болды. Жоғары заң шығарушы орган 4 жылға сайланған Ұлттық Жиналыс болды. Жалпыхалықтық сайлау құқығы енгізілді, король құзыреттілігіне премьер-министрді тағайындау және Ұлттық Жиналысты тарату кірді.

Сол кездегі саяси париялардан неғұрлым ықпалдысы Прогрессивтік (ҰЖ сайлауда 1955 жылы желтоқсанда ол 39 орынның 21-ін иеленді), Тәуелсіздер партиясы, Демократиялық, Ұлттық одақ, сондай-ақ коммунистермен өз қызметін заңсыз бүркемелеу ретінде құрылған Лаостың патриоттық майданы (Нео Лао Хак Сат) болды. Лаостық комунисттердің өзі 1955 жылы Лаостың Халық партиясы (ЛХП) атауымен өз партияларын рәсімдеді. ЛХП басында К.Фомвихан тұрды. Оның орынбасары ЛПМ Төрағасы ханзада Суфанувонг болды (1975 жылға дейін партия қызметі заңсыз жағдайда өтті және оның өмір сүруі туралы ресми жарияланбады).

1956 жылы король қайтадан Лаостың премьер-мнистрі етіп бейтараптылық позициясын ұстанған ханзада Суванна Фуманы тағайындады. Оның белсенді қатысуымен, 1956 жылдың соңынан бастап, король үкіметі мен ЛПМ арасында коалициалық үкімет құру туралы келісімге қол қойылды. Бірақ бұл кабинеттің қызметінің тиімділігі лаостық саяси элита ішіндегі үздіксіз қарама-қарсылықтар жағдайында төмен болды.

1960 жылдың жазында елде әскери төңеріс болды. Шиеленісті реттеу үшін 1961 жылы көктем-жазда Лаос бойынша Халықаралық конференция шақыру талап етілді. Коалициялық үкімет қалыптастыру мәселесі қайтадан туындады. Негізгі пікірталас болашақ үкіметтегі министрлік портфельдерді бөлу бойынша орын алды. Нәтижесінде, 1962 жылы көктемде, ол Суванна Фумамен жасақталды және министрлік портфельдердің көпшілігі бейтарапшыларға тиді. Бұл елге бейтараптылық статусын бекіткен Женевадағы Лаос бойынша Халықаралық конференцияның сәтті аяқталуына мүмкіндік берді. 1962 жылдан кейін Лаоста батыс тарихнамасында трипартизм атауын алған жағдай қалыптасты. Жоғарыда айтылған үш саяси күш арасындағы үстемділік үшін күрес 1975 жылға дейін елдің саяси дамуының негізгі ерекшелігін құрады. Бұл кезеңде Лаос үндіқытай жанжалына тартылған болатын, бұл әрине оның ішкі саяси жағдайына да әсер етпей қоймады.

АҚШ елді Оңтүстік Вьетнамдағы өз саясатын қолдауға мойынсұндыруға тырыса отырып, оңшылдарға сенім артты. ЛПМ Лаосты өздерінің басым одақтастарының қатарынан көрген КСРО, ҚХР және ВДР-нан қолдау тапты. Лаостағы өз билігінің сақталуына қызығушылық танытқан Франция Суванна Фума мен оның жақтастарына көмектесті.

1963-1966 ж.ж. әртүрлі саяси топтар арасында өткір қақтығыстар орын алды, нәтижесінде бейтарапшылдар ішінде ЛПМ- мен ынтымақтастық болашағы туралы мәселе бойынша ыдырау болды және үкіметте оңшылдардың позициясы нығайды. Нақ осы кезде ЛПМ бақылауымен «азат етілген аудандарға» және «вьентьяндық аймаққа» территориялық бөлінуі бекітіледі. Соңғысында Ұлттық жиналысқа тұрақты сайлаулар өткізілетін. Суванна Фума парламенттегі көшілікке арқа сүйей отырып, «вьентьяндық аймақта» өз беделін нығайтты.

60 ж.ж. соңына қарай ішкі күштер қатысқан екі аймақ арасында әскери шиеленіс артты. Бұл кезеңде ЛПМ радикализациясы күшейді. 1968 жылы қабылданған оның бағдарламасында («12 пункт») «ұлттық сатқындармен» күрес талаптары қаралды.

1972 жылдың қысында өткен ЛПМ-ның заңсыз өткен съездінде капитализмді елемей елдегі билікті басып алуды тез аяқтау және социализм жолына көшу міндеті қозғалды. Партия Халықтық-Революциялық болып аты өзгертілді. Оның көсемі формальды түрде ЛПМ-да Суфанувонг орынбасары болып жүрген, сол кезге қарай неғұрлым маңызды роль атқарған К.Фомвихан болды.

1973 жылы қаңтар айында Вьетнамдағы әскери қимылдарды тоқтату туралы Парижде келісімге қол қойылғаннан кейін Лаоста түбірімен жаңа саяси жағдай қалыптасты. Суванна Фума басшылығындағы бейтарапшылдар қайтадан ЛПМ қызығушы- лықтарымен жақындастыратын нүктелерді іздей бастады. Бірақ енді бастама 1975 жылы ақпанда Вьентьянда қол қойған келісімде көрініс тапқан соңғылардың жағында болды. Ол бойынша Лаоста Уақытша үкімет және бірқатар басқа органдар құрылуы тиіс болды. Уақытша үкіметтің премьер-министрі Суванна Фума болды. Суфанувонг көп ұзамай үкіметтен де неғұрлым ықпалды орган болған Ұлттық саяси коалициялық Кеңесті (ҰСКК) басқарды. Олардың екеуі де 1968 жылғы ЛПМ-ның саяси бағдарламасы негізінде әрекет етті. Алайда, тактикалық мақсаттарда, монархия институтын және ескі мемлекеттік басқару жүйесін тез арада жою міндетін ҰСКК жақтастары қарастырған жоқ.

1975 жылы сәуірде оңшылдар көпшілікті құраған Ұлттық жиналыс таратылды. Сол кезге қарай коммунисттер Шығыс Вьетнам мен Кабоджада жеңіске жеткен болатын. Олар біртіндеп саяси аренаға ресми күш ретінде шыға бастайды, ал олардың көсемдері Лаос басшылығында үлкен рөл атқара бастады.

1975 жылы күзде жергілікті билік органдарына сайлау өтеді, және ел әкімшілік-саяси қатынас тұрғысынан қайтадан қосылды. Заңды түрде биліктің ауысуы 1975 жылы желтоқсан айының басында Вьентьяндағы Халық өкілдерінің Ұлттық Конгресінде рәсімделді. Ресми түрде монархия жойылды және Лаос Халық-Демократиялық Республикасының құрылуы жарияланды. Уақытша үкімет пен ҰСКК орнына Жоғарғы Ұлттық жиналыс (ЖҰЖ) пайда болды. Оның төрағасы және бірмезгілде ел президенті Суфанувонг болды. Жаңа үкіметтің премьер-министрі болып қолына Лаостағы шынайы саяси билік шоғырланған К.Фомвихан тағайындалды.

Өз тархында тұңғыш рет 1975 жылдың желтоқсанынан бастап Лаос республикалық басқару формасындағы мемелекет болды. Билікке социалисттік модель бойынша елді дамытуға бағытталған күштер келді. Конституцияны қабылдау ұзаққа созылып, оны халық өкілдерінің Ұлттық Конгресінің Декларациясы және 1975 жылы желтоқсанда қабылданған ЛХДР үкіметінің әрекет ету Бағдарламасы алмастырды. Барлық саяси билік 1979 жылдан бастап Лаостың ұлттық құрылысының Майданы (ЛҰҚМ) деп аталған ЛХРП қолына көшті.

Әлеуметтік-экономикалық дамудың төмен деңгейінде болған елде басқарудың әкімшілік-командалық жүйесі құрылды. Мұндай тәжірибе камбоджалық нұсқаға қарағанда либералдық болды, бірақ ол маңызды салдарларға, әсіресе эмиграцияның өсуіне алып келді. 70 жылдардың соңына қарай Лаос үкіметі Францияны, оның экономикада маңызды бастамаларына қарсылық жасауға айыпты деп есептеп, онымен қатынасын үзеді.

80 жылдардың басында жағдайды жақсартуға бағытталған әрекеттер жасалды, әсіресе шаруаларды күштеп бірлестіруді жойды, бірақ бұл қолжетімді нәтижелер бермеді. 1985 жылдап бастап екінші әрекет жүзеге асырыла бастайды, ол өмірге нарықтық механизмдерді ендіруді және АСЕАН елдерімен ынтымақтастық бағытын білдірді.

80 жылдардың соңында Лаоста саяси өмірді либерализациялау басталады, бірақ билік басында бұрынғысынша К.Фомвихан болған ЛХРП қолында болуын жалғастырды. Оның өлімінен кейін 1992 жылы үкімет басшысы мен билеуші партия төрағасы Кхамтай Сипхандон болды. 1991 жылы тамыз айында К.Фомвиханның тірі кезінде Лаоста елдің саяси және экономикалық жүйесін демократия- ландырған конституция қабылданды. ЛХРП, конституцияға сәйкес, «саяси жүйенің жетекші ядросы» жалғыз саяси партия болып кала береді. Жүзеге асырылып жатқан нарықтық реформалар халықтың өмір сүру деңгейін арттырды, ол 1996 жылы ақшалай есептеуде 350- ге жуық американдық долларын құрады (бұл Вьетнамдағы осындай көрсеткіштен бір жарым есеге жоғары болатын). Экономикалық саясаттың негізіне лаос үкіметі тең құқылы жеке меншіктің түрлі формаларын, шетелдік инвесторларды тарту және аралас компаниялар және концессиялар құру принципін қалады. Алайда экономика біркелкі дамымайды және ел негізінен аграрлық сипаты басым нашар дамыған елдер категориясына жатқызылуын жалғастыруда. Сыртқы саяси басымдылық ретінде ең алдымен қатарына Лаос жетекшілігі көрші Вьетнам, ҚХР, Солтүстік Кореяны, сондай-ақ Кубаны жатқызатын «стратегиялық достармен» достық және ынтымақтастық бағыты жарияланды. Соған қарамастан, Лаос басқа елдермен де, АҚШ, Жапония, Франция және Ресеймен, тең құқылы өзара тиімді ынтымақтастығын кеңейтуге өзінің мүдделілігін жоққа шығармайды.

Авторлық сілтеме:
Азия және Африка елдерінің қазіргі заман тарихы (ХХ ғ. екінші жартысы — ХХІ ғ. басы): Оқу–әдістемелік құрал / Б.М. Мырзабаева — Орал: М.Өтемісов атындағы БҚМУ Баспа орталығы, 2013. — 340 б.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *