Қошмұхамбет Кемеңгерұлы — ХХ ғасырдың 20-шы жылдары ғалым, жазушы, драматург, журналист, педагог, тіл маманы, әдебиетші ретінде танылған алаш қайраткері. Ол ұлт әдебиетіне, оның драматургиясына, журналистикасына, ғылымына айрықша үлес қосты. Болашақ қайраткер 1896 жылы 15 шілдеде Ақмола облысы, Омбы уезінің Қаржас ауылында дүниеге келді. Ата-бабасы Баянауылдың Сарытау деген жерін қоныстанған. Сол өлкенің атақты байы Шорман би мен қайраткердің атасы Кемеңгер Атанұлы ағайынды адамдар болған. Шорман бай мен Кемеңгер екеуі Омбыдағы кадет корпусында балалары оқитындықтан, әрі өздерінің де түсетін үйі болмағандықтан, 1849 жылы Ертістің сол жақ бетінен 250 сомға жер сатып алып, қызметшілері тұратын үй мен қора-қопсысын бөлек етіп, екі үй салдырады. Сондықтан да 1915 жылдан басталатын шығармашылық жолында оның «Қошке Кемеңгерұлы» деп қол қоюы атасына деген құрметін көрсетеді. Ал Шорманның баласы Мұса туралы Г.Н.Потанин: «…был очень влиятельный человек в степи, пользовался уважением степных властей, имея чин полковника, подолгу живя в Омске два раза ездил в Санкт-Петербург и вообще был один из наиболее европеизированных казахов», – деп жазған. Ата-баба дәстүрі бойынша Мұса да өз қаражатымен Баянауылда мешіт салдырып, медресе ашқан. Ол Г.Потанинмен ғана емес, Шоқан Уәлиханов арқылы орыстың ұлы жазушысы Ф.М.Достоевскиймен, шығыс фольклорын зерттеуші Н.Ф.Костылецкиймен, белгілі этнограф Н.М.Ядринцевпен араласып, тығыз қарым-қатынаста болған. Мұның бәрі Қошке Кемеңгерұлының өскен ортасынан белгі береді.

Әуелі ауылдағы Белгібай деген молдадан сауатын ашқан Қошкені әкесі Дүйсебай Омбы қаласындағы приходская школасына береді. Мұнан кейін Қошке Омбының ветеринарлық-фельдшерлік школына түседі. Арнаулы оқу орны болғандықтан, мұнда ол зоотехника, медицина негіздері бойынша сабақ алады. 1913 жылы аталған школдың 2-класын бітіргенде, Омбы ауылшаруашылық училищесіне ауысады. Оның алғашқы жазған өлеңдері мен аудармалары 1915 жылы «Айқап» журналына басылады. А.С.Пушкиннің «Пайғамбар» атты шығармасын аударды. «Пайғамбар» өлеңі алғаш рет 1985 жылы ақын-ғалым Сағынғали Сейітовтің «Пушкин лирикасын қазақ тіліне аудару дәстүрі» атты зерттеуінде қарастырылды.

Бұдан кейін 1919 жылы Омбы политехникалық институтына түсіп, бірінші курсты ғана аяқтайды. Себебі 1920 жылы Ақмола облысына (орталығы – Омбы) қарайтын Петропавл (Қызылжар) уезіне мұғалімдікке шақырылады. Мұнда ол жаңадан құрылған «Қызыл мұғалімдер курсында» дәріс оқиды. Бұл кезде Қызылжарда «Әулие тәуіп» секілді пьесасын сахналатып үлгерген Қ.Кемеңгерұлының қаламынан «Қасқырлар мен қойлар», «Бостандық жемісі» атты қос пьеса дүниеге келеді. Бұл екеуі де Қызылжардағы қалалық бақтың сахнасында қойылады. «Қасқырлар мен қойлар» пьесасында өзі – урядник рөлін, ал Сәбит Мұқанов – болыстың шабарманы рөлін ойнайды. Бұдан кейін «Ескі оқу», «Күнәсіз күйгендер», «Парашылдар» пьесаларын жазады. Бірақ кейбір пьесалары туралы дерек болғанмен, түпнұсқасы сақталмай қалған.

Қошке студент күнінен бастап, әуелі Ақмолада жаңадан ашылған «Жас қазақ» ұйымының жұмысына қатысады, бірақ облыстық қазақ комитеті мен уездік қазақ комитеті арасындағы келіспеушілік, әрі «Жас қазақ» басшылары Алашордадан бойын аулақ салғаннан кейін, Омбыға қайтып, Ақмола облыстық Алаш партиясы комитетін ашуға күш-жігер жұмсайды. 1917 жылы Орынборда әйгілі Алашорда үкіметін жариялайтын ІІ жалпықазақ съезіне делегат ретінде қатысады.

1915-16 жылдары Омбыдағы қазақ жастарының жасырын ұйымдарына қатысса, 1917 жылғы төңкерістен кейін, қала ішінде ашық мәжілістер ұйымдастырады. Осындай бас қосулардың нәтижесі – 1918-19 жылдары «Жас азамат» ұйымы мен газетінің ашылуына ұйытқы болады. Қызылжарда шығып тұрған «Жас азамат» газетінің редакторы болған Қошке Кемеңгерұлы «Қазақ», «Сарыарқа», «Абай» сынды ұлттық басылымдар ізімен газет бетінде алаштың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын мақалаларды көптеп бастырады. Жастарды заман ағымын түсінуге жетелеп, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығаруға шақырды.

1921 жылы ол үзіліп қалған оқуын қайта жалғастырып, Батыс Сібір мемлекеттік медицина институтында, сосын 1924 жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің медицина факультетінде оқиды. Бірнеше мамандықты меңгерген Қошке Кемеңгерұлы сол тұстағы әдеби, мәдени өмірге де, әлеуметтік істерге де белсене араласады. Бұл кезде Ташкентке орныға бастаған Алаш зиялыларымен тығыз қарым-қатынас жасап, Халел, Мұхтар, Мағжан, Жүсіпбектерге жақын жүреді. Осы кезде ұлт тағдырына арналған «Отаршылдық ұсқындары», «Қанды толқын», «Тұтқынның ойы», қорғансыздар өмірі туралы «Момынтай», «Қойшы бала», «Жетім қыз», әйел теңдігіне арналған «Ерлік жүректе», «Қазақ әйелдері», «Дүрия», «Назиха», «Қарашаш» тәрізді көркем әңгімелер жазды. Бұлар – сол тұстағы шағын жанрда жазылған қазақ әдебиетінің үлкен табысы.

Омбыда бастаған «Қазақ тарихынан» атты зерттеу еңбегін де Ташкентте аяқтап, Мәскеудегі «Күншығыс» баспасынан 1925 жылы шығарады. Бұл еңбекте қазақтың Ресейге қосылудан бұрынғы тарихынан бастап, 1923-24 жылдарға дейінгі кезеңді сөз етеді. Ол қазақ әдебиетіне еңбегі сіңген көрнекті тұлғалар туралы да дөп басып, Абай, Шоқан, Ыбырай, Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек, Мұхтар туралы алғашқылардың бірі болып, әділ бағасын берді. М.Әуезов өзінің «Әдебиет тарихы» (1926) атты еңбегінде: «Тарихтың дәл суретімен толығырақ танысамын деген кісі болса… Қошмұхамбет Кемеңгерұлының «Қазақ тарихынан» еңбегін қарап өтсін дейміз», – деп жазды.

Аталмыш баспадан 1925 жылы «Бұрынғы езілген ұлттар» атты ғылыми еңбегі мен «Қазақша-орысша тілмашы» атты кітаптары жарық көреді. «Жабыропалықтар үшін оқу құралының» біріншісі 1928 жылы Ташкентте, екіншісі 1929 жылы Қызылордада басылды.

1925 жылы Қазақстан астанасы Ақмешітке көшкеннен кейін бұрынғы аты өзгеріп, Қызылорда деген жаңа атауды иемденеді. Осында 1926 жылы 13 қаңтарда мемлекеттік ұлт театры Қошке Кемеңгерұлының «Алтын сақина» пьесасымен тұңғыш шымылдығын ашты. М.Әуезов «Жалпы театр өнері мен қазақ театры» атты мақаласында осы пьеса туралы жоғары баға берді. Смағұл Садуақасұлы «Әдебиет әңгімелері» атты мақаласында Қошкенің көркемдік әлемін Мұхтар, Жүсіпбектермен қатар қойды. Осы қойылымға берілген жылы лебіздер драматургке игі әсер етіп, ол 1926 жылы «Парашылдар», 1927 жылы «Ескі оқу», 1930 жылы «Күнәсіз күйгендер» атты пьесалар жазып, көрерменге ұсынды.

1926 жылы «Көркем әдебиет туралы» айтысқа Алаш қайраткерлерімен бірге қатысып, Абай шығармашылығын тұрпайы сыннан арашалауға қатысты. Қошмұхамбет Кемеңгерұлы қарымды қаламгер ғана болып қойған жоқ, ағартушы-педагог ретінде 1926 жылы Орта Азия университеті мен Түркістан әскери училищесінде, САГУ-дың рабфагында, даярлық бөлімінде, шығыстану факультетінде, кеңестік шаруашылық пен құқық факультетінде, педагогика факультетінде қазақ тілінен дәріс оқыған.

1930 жылы 13 қазанда Қ.Кемеңгерұлы «Кеңес өкіметіне қарсы әрекет жасаушы» деген жалған айыппен Ташкентте ұсталып, абақтыға жабылады. Осы жылдың қазан айының соңында Қошке Ташкенттен Алматы абақтысына айдалды. Ол Алматы түрмесінде 1932 жылдың сәуір айының соңына дейін отырады. 20 сәуірде үштіктің шешімімен 5 жылға бас бостандығынан айырылып, Украинаның Валуйки қаласына жер аударылады. Қаламгер мұндағы темір жол жүйесінде дәрігер болды. Дәл осы жол құрылысында 1932-33 жылдары С.Садуақасұлы инженер болып қызмет жасаған еді. Сондай-ақ Валуйки, Воронеж бағытында Х.Досмұхамедұлы, Ж.Досмұхамедұлы, Ж.Ақбайұлы, Е.Омарұлы, С.Қадырбайұлы, К.Тоқтыбайұлы, М.Тынышбай, Ж.Күдеріұлы, М.Мырзаұлы сынды азаматтар жер аударылған еді.

1935 жылы Қошке Кемеңгерұлы жазалану мерзімін толық аяқтағанмен, елге тигізетін әсерінен қорыққан НКВД қызметкерлері саяси тұтқындарды қазақ жерінен жырақ ұстауға тырысты. Сол себепті өз еркі өзіне тимеген Қошке Кемеңгеров Омбының Шарбақкөліне қоныс аударуға мәжбүр болады. 1937 жылы ол осындағы аудандық денсаулық сақтау бөлімінде қарапайым қызмет атқарып жүрсе де, репрессия құрығынан құтыла алмайды. Ол 1937 жылы 21 қарашада Омбыда ату жазасына кесіледі.

Зерттелуі. 1957 жылы бірсыпыра Алаш зиялыларымен бірге Қошке Кемеңгерұлы да ақталады. 1965 жылы қаламгердің зайыбы Гүлсім апай мен баласы Нармамбет Қошкеұлы көп қиындықпен «Алтын сақина», Бостандық жемісі», «Ескі оқу» атты пьесаларымен бірді-екілі әңгімесін жарыққа шығарады. Бұл драматургтің аз да болса, зерттелуіне түрткі болды. 1964 жылы Сейділда Ордалиев «Қазақ драматургиясының очеркі» деген монографиясында Қошмұхамет Кемеңгерұлының «Алтын сақина» пьесасы туралы: «…келін мен ененің арасындағы араздықтан туған ұрыс-керістің шиеленісе келіп, кісі өлімімен тынғанын тәп-тәуір суреттейді» деп жазды.

1968 жылы академик Рымғали Нұрғалиев «Трагедия табиғаты» және кейіннен шыққан «Айдын» атты зерттеу еңбегінде «Алтын сақина» драматургиясын М.Әуезовтің «Бәйбіше-тоқал» пьесасымен қатар қойды. 1975 жылы «Қазақ театрының тарихы» атты жинақтың І томына жазған мақаласында өнертанушы-ғалым Бағыбек Құндақбаев оның драматургиясына талдау жасап, жоғары баға берді. Бірақ кеңес өкіметі тұсында Қошке шығармаларының жариялануы да, зерттелуі де кең өріс ала алмады. Тек тәуелсіздік таңымен ғана қаламгер шығармашылығы толық танылды. Көрнекті ғалымдар С.Қирабаев, М.Базарбаев, Т.Кәкішев, Т.Қожекеев, Д.Ысқақұлы зерттеулерінен де орын ала бастады. Ал Қошке шығармашылығының зерттелуі мен шығармаларының толық жинағын шығару жолындағы Дихан Қамзабекұлы еңбегін атап айту керек. Ал 1996 жылы филол.ғ.д. ГүлжаҺан Орда «Қошке Кемеңгерұлының әдеби мұрасы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Қошке Кемеңгерұлы туралы зерттеу жұмысын жүргізгісі келген талапкерге қаламгер шығармашылығын бес салаға бөліп қарастырудың жобасын ұсынған Д.Қамзабекұлының төмендегі «Сын» журналына жарияланған мақаласын қарауды ұсынамыз.

Авторлық сілтеме:
Зайкенова Р. ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиеті Оқулық. – Алматы: Қыздар университетінің баспасы, 2014. – бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *